Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 3800 12 пікір 11 Мамыр, 2021 сағат 11:57

Қазақстандағы 1237 қытайлық кәсіпорын не істеп жүр?

Қазақстандағы Қытай инвесторлары

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы келген батыстық энергетика алыптарын санамағанда, дәстүрлі әріптес Ресейді есептемегенде, ғасыр басталғалы бері Қазақстанға ат шалдыратын Қытай инвесторларының жиілеп кеткені жасырын емес.

Атамекен ұлттық кәсіпкерлік палатасының мәліметінше, 2020 жылдың 1 қарашасындағы санақ бойынша еліміздегі шетел кәсіпорындарының саны 22 100-ге жетіпті. Соның 1237-і қытайлық кәсіпорындар екен. Қытай кәсіпорындары негізінен мұнай, тау-кен қазбалары, мұнай-химия, электр, машина жасау, құрылыс материалдары, транспорт және ауылшаруашылығы салаларына ыңғайланыпты. Мысалға айтар болсақ, қазірге дейін дау-дамайдың білтесіне айналып, халық қанша сұраса да билік жөнін айтпай отырған Қытаймен арадағы 55 кәсіпорынның 27-і өнеркәсіпке, 20-ы энергетикаға, 7-і агроөнеркәсіпке, 1-і финансқа бейім көрінеді. Жалпы инвестиция құны 27,4 млрд долларға бағаланып отырған осы 55 жобаның күдігінің көбейіп, жұрттың шамына тиіп отырған себебі де олардың мемлекеттік деңгейде шешіліп келгендігінде. Мұндағы сұрақ, тіптен, мәселенің қай деңгейде кесіп-пішілгендігінде емес, неге қоғамға жариялы түрде, келер-кетері түсіндіріле іске асырылмағандығына қатысты туындап отыр.

Мемлекеттік деңгейде - үкіметтік, бәлкім, минстірлік деңгейінде қаралып, қабылданған шешімнің құжаттарының арасына жасыл қағаздар қыстырылып кетпеді ме екен, сөйтіп болашақ буынның несібесін «мысық аралап» кетпеді ме екен дейтін күдіктен туындап отыр. Өйткені инвестор серіктесіміздің осындай мемлекеттік деңгейдегі контракттарды мемлекеттік деңгейде паралап сындырудың хас шебері екендігі халықаралық практикадағы сансыз мысалдармен әшкере болып келе жатыр. Мұнда Қытай тарапынан көбінеки мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекттік үлесі бар акционерлік қоғамдар, билікке аса жақын және мемлекеттің субсидиясымен қоректенген жекелік кәсіпорындар алдыға шығады. Бұл еліміздегі Қытай инвесторларының алғашқы әм қарымды шоғыры. Жоғарыда атлған 1237 кәсіпорынның ішінде 36-сы осы санатқа жатады. Олар құрығы ұзын, қалтасы қалың, қимылы күңгірт, Қытайдың мемлекеттік геосаяси-экономикалық мүддесінің нағыз жоқтаушыларынан саналады. Қазақтың сайын даласының бұрыш-бұрышында Қытайдың «Қытаймұнай», «Қытай мұнай-химия», «Қытай түсті меттал», «Zhongxing» сынды энергетика, тау-кен аждаһаларының жортып жүруінің себебі де осында-дүр.

Қытай инвесторларының екінші шоғыры жеке кәсіпорындардың өкілдерінен. Жеке кәсіпорын дегенде ол жеке бір кісінің бизнесі болмауы мүмкін, көбінесе әулеттік бизнес, болмаса бірнеше кәсіпкерден құралған акционерлік бірлестік түрінде ұйымдасқан кәсіпорындар саналады. Бұлар нағыз тума іскерлер тобына жатады. Олардың мақсаты өздерінің Қытайдағы бизнесін әлемдік нарыққа кеңейту, шетелдерден өз ішкі бизнестеріне керекті шикізат немесе энергия көздерін іздеу, іскерлік серіктестер табу. Олар жоғарыдағыларға қарағанда нағыз прагматик, бір тиыннан екі тиын құраудың шеберлері. Олардың көбінің Еуропада, Түстік-шығыс елдерінде, Африкада бизнес практикалары бар. Сондықтан олар Қазақстанға шынайы бизнестік мақсатта келеді. Бизнес қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың Қазақстаннан сұрайтыны үкіметтің кепілдігі. Яғни олар Қазақстан үкіметінен немесе жергілікті биліктен, немесе қазақстандық серіктесінен өзінің жобасын, инвестициясын мемлекеттік немесе жергілікті жоспарлар категориясына кіргізуін талап етеді. Келіп тұрған инвестиция ағыны, біздегі жүйенің ойын тәртібімен, осы жерден «лайлана» бастайды. Бастабында психологиялық тіксінгендерімен, бизнестің мүддесі тұрғысынан олар қалай болмасын мұндағы жазылмаған ережелерге көне отыра өз жобаларын қорғап шығады. Қазақстандағы сәтті әм табысты жүріп жатқан қытайлық инвестициялық жобалардың, іске асып жатқан өндірістердің, ұсынылып жатқан жұмыс орындарының бірқыдыруы осы топтың еңбегіне бағалануы керек.

Мұнан кейінгі және ең орнықсыз, баянсыз қытайлық инвестиция жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Олар да жеке бизнесмен немесе бірнеше мүдделестердің уақытылы бірлестігі болуы мүмкін. Олар қаржылық әлеуеті шамалы, жобалық қоры шанақты, мақсаттары ұшқары топ. Олар да Қазақстан үкіметінің кепілдігінен үмітті. Бірақ жобаларының стратегиялық мәнсіздігі мен инвестиция ауқымының шанағына байланысты Қазақстан үкіметінде немесе обылыстық деңгейде назар аудара алмасы анық. Десе де ішінара өңірлерде жергілікті биліктің ымырасы және мұндағы серіктестерінің қоян-қолтық сәйкесуімен тұрғындарды жұмыстандыру, жергілікті нарықты игеру, бөгенайлы жетіспеушіліктерді жою сықылды бағыттарда әжептәуір өнегелі жұмыстар атқаруда.

Қазақстанды заманнан мүлде қалып кеткен мекен санап, оған біраз нәрселерді «үйрету» үшін келетін ақылмандар, «қараңғы елден» алтын шайқап қайтқысы келетін қиялилар, күн аралатып мүлде басқа «бизнестің» әңгімесін бұрқыратып, айлап жүріп жоқ болып кетер қуғынбайлар, тек қана Қазақстанның қазба метталдарымен жұмыс жасағысы келіп, қай жерде қандай қазба қоры барын барлап, мүмкіндігінше солардың құжаттарын қолына түсірген соң тайып тұратын күдіктілер, Қазақстаннан бидай, бұршақ, жүгері, жоңышқа, бал сынды агроөнімдерін іздеп, табанынынан таусылғандар өз алдына бір-бір төбе.

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

12 пікір