Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4145 0 пікір 26 Сәуір, 2012 сағат 07:17

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: НҰРЛАН ОРАЗАЛИН ТАЛҒАМДЫ АЯҚҚА ТАПТАП, ӘДЕБИЕТТІ ҚОЛДАН ҚҰЛДЫРАТЫП ОТЫР

Қазақ руханиятының қара шаңырағы, қаламгерлердің қасиетті ордасы Жазушылар одағының маңайында тағы бір «күңкіл» пайда болды.  Бұл жолы Қабдеш Жұмаділов, Бейбіт Қойшыбай, Мырзан Кенжебай, Сағынгерей Бәйменов сынды бір топ зиялы: «Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин орнынан кетсін», - деп отыр. Осыдан бір-екі жыл ілгеріде «Нұрлан Оразалин «Мәңгілік төраға» болғысы келе ме?» деген әңгіме тағы қоздап, біраз жерге барып басылған еді. Бұл жолы білек түрген бір топ жазушы: «алдағы Жазушылар құрылтайында Оразалиннің орнында қалуына жол бермеуіміз қажет», - дейді.  Біз осы бастаманың басы-қасында жүрген Қабдеш Жұмаділовпен кездесіп, көк үй туралы «күңкілге» құлақ түріп, жазушылардың талап-тілегін тыңдап қайтқан едік.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, жазушы:

- Аға, бір топ жазушы Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің жұмысына көңіл толмайтындықтарыңызды жеткізіп, жұмыстан кетуін талап етіпсіздер. «Оразалин әдебиетті қорлаумен келеді», - деп қалдыңыздар. Осы туралы таратып айтыңызшы...

Қазақ руханиятының қара шаңырағы, қаламгерлердің қасиетті ордасы Жазушылар одағының маңайында тағы бір «күңкіл» пайда болды.  Бұл жолы Қабдеш Жұмаділов, Бейбіт Қойшыбай, Мырзан Кенжебай, Сағынгерей Бәйменов сынды бір топ зиялы: «Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин орнынан кетсін», - деп отыр. Осыдан бір-екі жыл ілгеріде «Нұрлан Оразалин «Мәңгілік төраға» болғысы келе ме?» деген әңгіме тағы қоздап, біраз жерге барып басылған еді. Бұл жолы білек түрген бір топ жазушы: «алдағы Жазушылар құрылтайында Оразалиннің орнында қалуына жол бермеуіміз қажет», - дейді.  Біз осы бастаманың басы-қасында жүрген Қабдеш Жұмаділовпен кездесіп, көк үй туралы «күңкілге» құлақ түріп, жазушылардың талап-тілегін тыңдап қайтқан едік.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, жазушы:

- Аға, бір топ жазушы Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің жұмысына көңіл толмайтындықтарыңызды жеткізіп, жұмыстан кетуін талап етіпсіздер. «Оразалин әдебиетті қорлаумен келеді», - деп қалдыңыздар. Осы туралы таратып айтыңызшы...

- Жазушылар одағы, оның төрағасы Нұрлан Оразалин туралы әңгіме қаламгерлер арасында көптен бар. Ал қазір тіпті қызып жатыр. Себебі, биыл маусым айында  жазушылардың бес жылда бір рет болатын құрылтайы өтуі тиіс. Маусымда өтуге тиіс съезд қыркүйек айына шегеріліпті. Бейбіт Қойшыбай бар, Мырзан Кенжебай, Сағынгерей Бәйменов, Әмірхан Меңдеке - бәріміздің басымыз жиылып, алдағы съезде  Нұрлан Оразалиннің қайта сайланбауын қалап отырмыз.  Оразалиннің одақтың төрағасы болғанына биыл  16 жыл болды. Одақтың тарихында 16 жыл басшы болған ешкім жоқ. Екі мәрте сайланған Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқановтардың өзі  бірі сегіз жыл, бірі тоғыз жыл ғана басқарған.  Мәселе Оразалиннің орынтақта көп жыл отырғанында емес, әрине. Егер жақсы басшы болып, дұрыс іс тындырса мейлі ғой.  Бұл кісінің іс басқаруына, жазушыларға деген қамқорлығына көңіліміз толмайды. Қаламгерлердің аға буыны ақсақал жазушылармен санасуды қойды. Бұрындары «Ақсақалдар алқасы» деген бар-тұғын. Оны мүлдем таратып жіберді. Халықаралық «Алаш» сыйлығын беретін комиссияның құрамын өзінше өзгертті. Мен  де сол комиссияның құрамында едім. Бірнеше жылдан бері мені де сызып тастады. Әділетін айтатын біраз адам комиссиялыққа кірмей қалды. Қысқасы, Оразалин өз маңайына өзінің «сыбайлас» адамдарын топтап алды. Талғаммен санасуды қойды. Қазір  Жазушылар одағында 700-ге жуық жазушы бар десек, соның қақ жартысы осы Оразалиннің тұсында одақ мүшелігіне қабылданды. Бір-екі шығарма жазып, жазушымын деп кеуде соғып жүргендерді де, зейнетке шыққасын естелік жазып жазушы болып кеткендерді де мүшелікке өткізіп жіберді.  Жазушылар оларды «Оразалиннің жазушылары» деп атайды сырттай. Жазушы мен журналистің арасындағы ара жік те жойылып кетті. Талғамның төмендеп кеткенінің тағы бір көрінісі биыл Халықаралық «Алаш» сыйлығын 42 адамға ұстата салды. «Алаш» сыйлығын алғандардың қатарында, сыйлық  алмақ түгілі Жазушылар одағына мүше болуға шарты  толмайтын адамдар жүр. «Бұл Оразалиннің съезд алдында өзіне дауыс берушілердің санын арттыру үшін жасап отырған әрекеті», -  дейді менімен үндес жазушылар. Әйтпесе бір жылда 42 адамға сыйлық үлестіру ешбір елде болмаған шығар. Сұмдық қой мұнысы. Әдебиетті қорлау дегеніміз - осы. «Алаш» деген ұлы ұғымның атындағы үлкен халықаралық сыйлықты қорлау. Одан бөлек, Оразалин Жазушылар одағының ғимаратындағы біраз кабинетті жалға беріп, одақ қазір сонымен күн көріп отыр.  Жазушылардың 40 бөлмелі шығармашылық үйін де қытайларға жалға беріп жіберді. Қазір ол үй әркімдер түнеп шығатын қонақүйге айналды. Одан түсіп жатқан табыс жайында жазушыларға есеп бермейді. Жазушылар одағының атында жер телімі, базар да бар көрінеді. Қысқасы мен білмейтін нәрселер де көп екен. Өткенде жігіттер айтып отыр. Мені қозғағаны биылғы «Алаш» сыйлығын тағайындауда талғамның ескерілмеуі. Қарап отырсаң, одақты басқарған әр басшы  артына із қалдырған.  Мәселен, Әнуар Әлімжанов кезінде жазушыларға бар жағдайды жасады. Шығармашылық үй салдырып, жазушылардың  шығармашылықпен еркін айналысуына мүмкіндік туғызды.  Елу шақты жазушыға баспана  алып берді. Ал ертең Оразалиннің қандай ісін айтамыз? Қайдан шығарғанын білмейміз,  ана жылы өзінің жақтастарын жиып алып, «Құрметті төраға» деген устав жасап алды. Ол уставпен мен, мәселен, таныс емеспін. Жиынына шақырған да жоқ. «Құрметті төраға» дегені - ертең одаққа басқа біреу басшы болса да, билік Оразалиннің қолында болады екен.  Бұл қалай  сонда? Нұрлан «мәңгілік төраға» екен деп соның аузына қарап отыру керек пе? Қысқасы, бізге өзгеріс қажет. Осы съезде 16 жылдық қызметіне рахмет айтып, Оразалинді жолға салуымыз керек.

- Жаңа бір сөзіңізде «Алаш» сыйлығын 42 адамға беруі алдағы съезде дауыс жинау үшін жасаған әрекеті  дедіңіз. Нұрлан Оразалиннің бұдан бұрын да съезд алдында осындай қадамдарға барғанын байқадыңыздар ма? Дегенмен барлық кезде әділетсіз өтті дей алмассыз. Әу баста Жазушылар одағының төрағалығына бұл кісі қалай келді?

- Нұрланды 1996 жылы өзі де шығармашылық адамы болғандықтан, жазушылардың жағдайын дұрыстар деген үмітпен сайлап едік. Оның үстіне  депутат болды. Жоғары жақпен қарым-қатынас жасай алады. Қанша дегенмен істің адамы ғой деп ойлағанбыз. Бес жылдан кейін қайта сайланды. Одан кейін тағы бес жыл орнынан жылжымады.  Соңында жағдай осындай болды. Жыл сайын Оразалин Жазушылар одағына мүшелікке жазушыларды көп тартты. Оны әр съезде сол жаңа жазушылар қолдап отырды.  Өткен съезде де Оразалинді кетіреміз дегендер болыпты. Ол кезде мен араласқан жоқ едім. «Оразалин жоғары жақтың келісімін алып келіпті, жоғары жақ оның орнында қалғанын құптайды екен», - деген әр түрлі әңгімелермен, әрі қарсы шыққан біраз жазушыны жиып алып, басу айтып, ырақайластырумен қайта сайланған көрінеді.

- 16 жыл бойы ешбір өзгеріс жасамады дейсіз. Жалпы зиялы қауым қандай өзгерісті қалайсыздар сонда?

- Бұрын Жазушылар одағының беделі керемет-тұғын. Кеңес үкіметі тұсында тіркелмеген ұлттық партияның рөлін атқаратын. Орталық комитет пен Өкіметтің өзі Жазушылар одағына  жалтақтап отыратын. Қазір Жазушылар одағының беделі түсіп кетті. Бедел дегеніңіз басқарушыға байланысты ғой. Басшымыз үндемей тұрғасын жазушылармен кім санассын?! Оразалин көп істі «жағыну» жолымен шешемін деп ойлайды. Өзі жоғары жақпен, биліктегілердің біразымен жақсы. Олар тұрғанда мені кім алады дейтін болуы керек. Өзі билікке бейім адам. Сондықтан бұл жігіттің бағын байламай, өзінің бейімі бар жаққа жіберу керек. Депутат бола ма, жоқ әлде басқа қызмет атқара ма, жоғарылаймын десе өзі біледі. Олай дейтінім, Жазушылар одағы мемлекеттік мекеме статусынан айрылып, қазір қоғамдық ұйым болып қалды. Қаламгерлерге бір тиын қаламақы төленбейді. Ақын-жазушылар кітабын шығару үшін кім көрінгенге алақан жайып, қайыршының күнін кешіп жүр. Төраға болған соң Оразалин осы үшін күресуі керек қой. Қоғамдық ұйымға жатқызатындай емес, жазушылар ұлттың рухани байлығын жасап отырған адамдар ғой, біле білсе. Біз - еңбекшілерміз. Еңбекшілердің еңбегі өтелуі тиіс емес пе? Үкіметтің жыл сайын бірнеше жазушыға тағайындаған Президенттік стипендиясы бар еді. Сол стипендияға да сұрыптап, өзіне жағымды адамдарды кіргізеді. Ләббай тақсыр деп өзіне де, билікке де бір ауыз қарсы сөз айтпайтындарды стипендияға жақындатады. Кейінгі үш жылда мені мен Мұхтар Мағауинді осы стипендиядан сызып тастапты. Мақтанғаным емес, қазақ прозасында  Мағауин екеуіміздің алдымызға түсетін қайсысы бар?! Еңбек етпей жатқанымыз жоқ, Мұхтар қазір «Шыңғыс хан»  атты төрт томдық роман жазып жатыр. Мен 2011 жылы «Көкжал»,  2010 жылы «Тозақ оты», 2008 жылы «Мәңгілік майдан» атты үш кітабымды жарыққа шығардым. Қазір «Абылайдың ақырғы күні» атты тарихи хикаят жазып жатырмын. Соны көріп тұрып, қалай стипендиядан қағады? Мәселе стипендияда да емес. Еңбекті елеу, бағалау керек. Мен өзім Нұрланды шығармашылықта да жолы болған адам деп ойламаймын. Жасы, міне, алпыстан асты ғой. Бірде-бір есте қалатын өлеңі жоқ. Бір жағынан олай айтайын десең обал. Шығармашылығын қалыптастыра алмауы - трагедия.  Оразалинмен ешбір  жеке бас араздығым жоқ. Мұның бәрін әдебиеттің айналасында жүріп, шығармашылықтың қазанында күйіп-піскендіктен айтып отырмын.

- «Алаш сыйлығын» 42 адамға ұстата салды дедіңіз. «Алашты» негізсіз алғандар кімдер? Атын атап беріңізші?

- Атын ашық түрде атай алмаймын. Бірақ кімнің лайықты, кімнің лайықсыз екенін сол сыйлықты иемденген жазушы да, оқырман да біледі.  42 адамға бірден сыйлық үлестіру дегенің әдебиетті аяққа басушылық, талғамды аяққа таптау. Осыдан кейін кімнің «Алаш» сыйлығын алғысы келеді дейсің?! Тәп-тәуір салмағы бар сыйлықты кім-көрінгенге беріп, бір-ақ күнде беделін түсірді. Одақта әр түрлі әдеби кештерді жүргізіп жүрген жастар да «Алаш» сыйлығын алыпты. Сол ақындардың творчествосы қаншалықты дәрежеде екені белгісіз. Ондай жігіттер одаққа мүшелікке өткенінің өзіне тәубе деу керек қой. «Алаш» алу қайда әлі оларға? Менің өзім Жазушылар одағына мүшелікке өтуде бір рет секретариаттан құлап барып әрең өткенмін. Әйтпесе сол кезде бір үлкен романым, бір кітап әңгімелерім, бір кітап болып өлеңдер жинағым шыққан.  Жазушылар одағын біз кезінде қасиетті орын санап, қағбаға кіргендей именетінбіз. Ал қазір кім көрінген  есігінен еніп, мүшелікке өтіп, «Алаш» сыйлығын иемденіп жатыр. Бүйте берсек не болғанымыз? Әдебиетті  қорлау, қолдан құлдырату ғой мұнымыз. Өзіміз қорлап отырған әдебиетті осыдан кейін сыйламадың деп кімге өкпелейміз?

- Аға, өзгеріс пен жаңашылдықты қалап отырғандарыңызды түсіндік. Сіздіңше жазушылардың арасынан бұл орынтаққа кім лайық? Кім келсе Жазушылар одағында жаңашылдық жасай алады деп ойлайсыз?

- Оразалинді орнынан алу керек дегеніме жұрт Қабдеш өзі төраға болуды көксеп  жүрген жоқ па деп ойлауы мүмкін. Ондай ойым жоқ. Мұның бәрін әдебиетке деген шын жанашырлықпен айтып отырмын. Әрбірден соң мен өзім  жетпіс алтыға келгенше үш кісінің үстінен қарайтын бөлім бастығы да болып көрмеппін. Бастық болуға икемім де жоқ. Жетпістен асқан адамды бұл орынға қоймау керек.   Кәрілік желкесінен тартып тұрған кісі не бітіреді? Ал төрағалыққа кім лайық дегенге келер болсақ,  басшы болуға Нұрланнан басқа кім бар дейтіндей емес. Төраға болуға жарайтын 50 мен 60-тың ішінде талантты жігіттер бар.

- Осы әңгіме шыққалы  «Одақтың төрағалығына кім лайық?» деген сауал ғаламторда қызу талқыланып жатыр. Біреулер төрағалыққа Дулат Исабеков барады екен деп жазыпты. Енді бірі бұл орынға Ұлықбек Есдәулет пен Есенғали Раушанов лайық дейді. Тағы біреулер Оразалиннің орнында орынбасары Ғалым Жайлыбай қалатын шығар депті. Сіз жазушылардың арасында басшы болуға лайық адамдар бар деп отырсыз. Сіздің ойыңыздағы тізімде осы азаматтар бар ма еді?

- Дулат - жақсы драматург, жақсы прозаик. Шығармашылығын қалыптастырған, жұртты мойындатқан жазушы. Егер төраға болып жатса, бес жыл отыруына болады. Жасы жетпіске келіп қалды ғой өйткені.

- Бірақ  бұл орынға лайық көргенімізбен Дулат ағамыз Президентпен кездесіп келгеннен кейін пікірін өзгерткендей болды ғой. Президентпен жолыққаннан кейін әр түрлі әңгімелер айтылып, біраз адам Дулат Исабековты жақтырмай қалғандай болды емес пе?

- Бола берсін, айтыла берсін. Дулат та пенде ғой. Оны айтпағанның өзінде мен Дулатты творчествосы бар адам ретінде қолдаймын. Өзің айтып отырған Есенғали да Мемлекеттік сыйлық алған жақсы ақын. Өзі «Жазушы» баспасының директоры. Есенғалидың тіршілігінен аса хабарым жоқ. Сондықтан қалай болар екен білмеймін... Бірақ творчество жағынан жаман ақын емес, жақсы ақын. Ұлықбек Есдәулет те бір кездері «Қазақ әдебиетінің», қазір «Жұлдыз» журналының бас редакторы. Одақтың ішкі жұмыстарымен таныс адам. Ғалым Жайлыбайды да ұсыныпты дейсің, Ғалым соңғы 5-10 жылда Оразалинмен бірге келе жатыр. Оразалиннің қалпағынан шыққан адам ғой. Қалай болар екен... Бірақ Нұрланға қарағанда творчествосы бар. Өлеңдері мықты. Творчество жағынан Нұрланнан биік тұр. Жазушылар одағында істеген адам ретінде кандидаттардың қатарына  Ғалымды да қосуға болады. Сосын Темірхан Медетбек бар. Бұрын одақта істеген. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қолынан іс келетін жақсы жігіт. Ең бастысы Темірханда да творчество бар. Мен өзім шығармашылыққа қатты мән беремін. Одақтың төрағасы шығармашылық адамы болғанда ғана қалам ұстаған қауымның жайын түсінеді.

Әңгімелескен Қарлыға - ИБРАГИМОВА

Рухани ортада дүмпу тудырған әңгіменің ұзын-ырғасы осындай. Нұрлан Оразалиннің адресіне бағытталған осы сұхбаттан кейін  біржақты болып кетпейік деп, Оразалиннің өзіне де  хабарласып, Қабдеш Жұмаділов айтқан біраз жайттың анығын білуге талаптанғанбыз. Алайда Жазушылар одағының төрағасы іссапарда жүр екен де, жауап беруге қауырт жұмыстарынан босай алмады.  Ол кісіден: ««Сіз не дейсіз?», - деп хабарласып жатқандарыңа рақмет. Сұхбатты жариялай беріңдер. Қолым тиіп жатса, алдағы сандарыңа жауап берермін», -  деген жылы жауап естідік. Жауап айтамын деп жатса, газетіміздің алдағы санында Нұрлан Оразалинмен сұхбаттасуға әзірміз.

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553