Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3179 0 пікір 26 Сәуір, 2012 сағат 04:52

Әмірхан Балқыбек.Николай Рубцов. Ажалын болжаған ақын (жалғасы)

Есениннiң iзiмен

ХХ ғасырдың екiншi жартысындағы орыс поэзиясы туралы әңгiме болғанда Николай Рубцовтың есiмiн айналып өтуге ешкiмнiң де қақысы жоқ. Ал Рубцов поэзиясын бiлмейтiн жырқұмар оқырманның орыс поэзиясын да бiлiп жарытпайтыны анық. Нағыз орыс поэзиясы өз табиғи дамуының жаңа бiр кезеңiн Рубцов шығармашылығында жан-жақты көрсеткенi бүгiнде әдебиет тарихы, орыс рухының тарихы мойындап отырған шындық. Тiптi осы бiр ақын поэзиясын орыс жандүниесiнiң жалауы десек те болады.

Жиырмасыншы ғасырдың басы, Кеңестiк дәуiрдiң алғашқы жылдары орыс поэзиясында екi ақынның - Есенин мен Маяковскийдiң текетiресiнен басталды. Есенин Маяковскийдi «орыс поэзиясының жолына кес-кестеп жатып алған жансыз бөренеге» теңесе, Маяковский Есенинге «соншалықты жақсы көретiн Отаныңды нанға май қылып жағып же» дедi. Сөзсайыс ерегес үстiнде айтыла салғандай көрiнгенiмен, бұл өзара қыжыртпалардан екi ақынның ақындық болмысы да, рухани ұстанымдары да мен мұндалайды.

Есениннiң iзiмен

ХХ ғасырдың екiншi жартысындағы орыс поэзиясы туралы әңгiме болғанда Николай Рубцовтың есiмiн айналып өтуге ешкiмнiң де қақысы жоқ. Ал Рубцов поэзиясын бiлмейтiн жырқұмар оқырманның орыс поэзиясын да бiлiп жарытпайтыны анық. Нағыз орыс поэзиясы өз табиғи дамуының жаңа бiр кезеңiн Рубцов шығармашылығында жан-жақты көрсеткенi бүгiнде әдебиет тарихы, орыс рухының тарихы мойындап отырған шындық. Тiптi осы бiр ақын поэзиясын орыс жандүниесiнiң жалауы десек те болады.

Жиырмасыншы ғасырдың басы, Кеңестiк дәуiрдiң алғашқы жылдары орыс поэзиясында екi ақынның - Есенин мен Маяковскийдiң текетiресiнен басталды. Есенин Маяковскийдi «орыс поэзиясының жолына кес-кестеп жатып алған жансыз бөренеге» теңесе, Маяковский Есенинге «соншалықты жақсы көретiн Отаныңды нанға май қылып жағып же» дедi. Сөзсайыс ерегес үстiнде айтыла салғандай көрiнгенiмен, бұл өзара қыжыртпалардан екi ақынның ақындық болмысы да, рухани ұстанымдары да мен мұндалайды.

Иә, екi ақын да шексiз атаққұмар болды. Ол дерттерiн (асылы, бұл дерттi ақындарға тән қасиет деген дұрыс шығар) екеуi де жасырған жоқ. Бiрақ Маяковский өз атағын ескiнi түгелiмен қиратып-қопару арқылы жасағысы келсе, Есенин өз даңқын ескiнi бұзып-жармай, дәстүрмен сабақтастыра сомдауға ұмтылды. Оның Пушкин ескерткiшiне жыр арнауының, өз өлеңдерiн халық әндерiндей сазды қылып жазуының осындай астары бар-ды. Иә, Есенин өз өлеңдерiнiң қайсыбiр сарындарын Пушкиннен алғандығын ешкiмнен жасырмаған, қайта мақтаныш көрген. Өзiн Кольцовқа теңегенде бақыттан басы айналған кездерi де болған. Бiрақ ол Кольцов та, Пушкин де, Блок та емес, тек Есенин - тамырын тереңнен, төл тiлiнiң сан ғасырлық әуездi де әуендi даму тарихынан тартқан орыс поэзиясының жаңа белесi болатын. Бұл отызда қыршынынан қиылған белес едi. Ал осы белестен жаңа белестер бастау алатындығына күмән жоқ-ты. Ол белестердiң бiрi, бiрегейi Николай Рубцов болды.

Бiздiң бүгiнгi әңгiмемiз осы ақын туралы болмақ.

Ақын туралы замандастарының бiрi Глеб Горбовский былай деп жазады: «Николай Рубцов - көптен күткен ақынымыз. Блок пен Есенин жыр сүйер қауымды табиғи, шынайы поэзиясымен тамсандырған соңғы ақындар болды. Олардан кейiн әртүрлi формалық қалыптарды және де ақиқатты iздеумен жарты ғасырдай уақыт өттi. Орыс поэзиясында бұл жылдары табылды деген жаңалықтардың көбi кейiн түкке жарамсыз болып қалды. Ендi бiреулерi оны қоюландыра, салмақтандыра түстi. Түбiне тұнған, интеллектуалдық шөгiндi болғандары да аз емес. Ара-тұра кеңес поэзиясының алып хорында қайталанбас жарқын дауыстар естiлiп қалатын. Дегенмен Рубцовтың келуi керек едi. Уақыт соны талап еттi. Оның өлеңдерiнсiз рухани ашаршылықтың жақындап келе жатқаны аңғарылатын... Көп күттiрген ақын. Сонымен бiрге күтпеген де ақынымыз. Мен оны алғаш көрген күннiң ертесiне-ақ есiмнен шығарып алдым.

Оның сырт бейнесiнен ешқандай да «ақындықтың ерекше таңбасы» сезiлмейтiн. Осындай бiр «мұжықты» өлең жазады деуге, тiптi, кейiн нақтыланғанындай, орыстың тамаша ақыны болады деуге сенудiң өзi тым қиын едi...»

Мiне, бұл өзi де ақын замандасының пiкiрi. Көп күттiрген ақын. Күтпеген ақын. Николай Рубцовтың күтпеген жерден жарқ ете қалған ақын болғандығын бiр замандасы, орыс поэзиясы мен тарихының бiлгiрi Вадим Кожиновтың мына бiр естелiгi де айғақтай түсетiндей. Кожинов 1965 жылдың жаңа жылын достарымен бiрге өз үйiнде қарсы алмақ болғандығын жазады. Әрине, ол достарының iшiнде Коля Рубцов та бар едi. Бiрақ Кожинов әлдебiр шаруалармен сыртта кешiгiп қалады да, Рубцов Кожиновтың әкесiнiң үйiне қараңғы түсе өзi келедi. Әлде сырт киiмi, әлде өңi, әлде жүрiс-тұрысы ұнамайды ма, Кожиновтың әкесi Рубцовты iшке кiргiзбей, есiктiң табалдырығынан аттатпай керi қайтарып жiбередi. Шамасы, арғы аталары орыстың тағы бiр ұлы ақыны - Тютчевтiң өзiмен аралас-құралас болған қарияға Николай Рубцов деген есiм ешнәрсенi аңғартса керек. Кешiгiп келген Кожиновтың аулада жүрген Рубцовты көргенде шәт-шәлекейi шығады. Үйiне анасын құттықтауға кiредi де қайта ытырылады. Сосын бiрге келген орыстың тағы бiр мықты ақыны Анатолий Передреев үшеуi Әдебиет институтының жатақханасына тартып кетедi. Жаңа жылды сонда қарсы алады. «Ертесiне таңертең бiз Анатолий Передреев екеумiз жатақхананың төменiне түсiп, әкемнен қалайда «өш алу» үшiн оған автоматтан телефон соқтық. Әкемнiң көңiл-күйi де кешегiдей емес, қайта келуiмiздi, т.т. өтiндi.

- Сен өз үйiңнiң табалдырығынан кiмдi аттатпағаныңды бiлесiң бе,- деп жауап бердiм мен. - Тiрi Есениннiң өзiн...

Ол кезде, 1965 жылдың 1 қаңтарында бұл ақиқат шындық едi...»

60-ыншы жылдар. Эстрадалық поэзия

Жоқ, Кожинов әкесiн кiнәламайды. Оның бiлместiгiн кiнәлайды.

Ал бұл кездерi қарапайым интеллигент қандай жас ақындарды бiлуi мүмкiн едi? Дау жоқ, Евгений Евтушенконы. Сосын Андрей Вознесенскийдi, Булат Окуджава немесе Роберт Рождественскийдi. Әйел ақын десе Белла Ахмадуллинаның есiмi аталатыны анық. Өйткенi, бұл эстрадалық поэзияның дүркiреп тұрған кезi болатын. Поэзия стадиондарды жаулап жатқан-ды. Әлде шынайы поэзияның стадион толы халықтың шапалақ даусы астына көмiлiп жатқан кезi ме? Бәлкiм, екеуi де болуы. Жоқ, шындығын айтуымыз керек, Кеңес поэзиясында Маяковскийдiң iзбасарлары салтанат құрып жатқан кез едi бұл кез. Есенин тағы да тасада қалған. Оның оқырмандары алыстағы түрмелерден ендi-ендi қайтып келiп жатқан немесе сау басыма сақина тiлеп алармын деп үндемей қалуды дұрыс көретiн. Бiрақ олар Есенин мен Маяковскийдiң тайталасында түбi Есениннiң жеңетiнiн анық сезетiн. Себебi, Есенин поэзиясы халықтық рухпен астасып кеткенiн әлдеқашан дәлелдеген-дi. Ал Кожиновтың әкесi қабылдамай жiберген Рубцов Есенин поэзиясының бұтағынан бүр жарып шыққан жаңа өскiн едi. Ондай жаңа өскiндi танымай қалу, әрине, Кожиновтай қарттың кiнәсi емес.

Бүкiл бұқаралық ақпарат құралдары бұл кездерi эстрадалық поэзияның өкiлдерiн жарнамалап жатты. Бабий Ярдағы еврей қырғынын ашына жырлаған, Сталиндi алдымен мақтап, кейiн даттаған Евтушенко бұл кездерi «Известия» мен «Правданың» бiрiншi бетiнен түспеуге айналса, ал оның өлеңдерi бас мақалалардың орнына жүрсе (Шын өлең ешқашан мақала деңгейiнде бола алмайды), Вознесенский де түрлi жыр формаларын табуға әуестiгiмен жырсүйер қауымды арбап алған-ды.

Ал Белла Ахмадуллинаны «көркiне қылығы сай» көп қыз ақынның бiрi деуге ғана болады. Ол туралы орыстың ұлы жазушысы Шукшиннiң: «Белла асфальттi тесiп шыққан гүл. Одан арыға оның шамасы жетпейдi» дегенi бар. Мiне, Ахмадуллинаға берiлер кесiмдi баға осы болуы керек.

Дегенмен «эстрадашыл» ақындарды таланттан жұрдай жандар деуге әсте болмас. Олар күнделiктi күйбең тiрлiктiң байқампаз жыршылары бола бiлдi. Өз уақытының алдында жүрдi. Тек өз уақытының ғана.

Маяковский «Бар даусымен» «Лениндi» жырласа, бұлар да одан, оның «темiр сауытты» төлеңгiттерiнен кем түскен жоқ. Бүгiнде Маяковскийдi «өз поэзиясының кеңiрдегiне өзi аяғымен басқаннан қаза тапты» дейдi. Асылы, «эстрадашылар» туралы да осыны айтуға болатын болар. Ақын әлеуметтiк яки саяси проблеманы емес, рухани проблеманы шешкенде немесе шешуге талпынғанда ғана ақын. Бұл тұрғыда бiздiң бәрiмiз, ақынымыз бар, жазушымыз бар, оқырманымыз бар, ұлы Гомерден үлгi алуымыз керек. Оның Ахиллдей қаһарманды мадақтай отырып, оның Гектордың өлi тәнiне жасаған озбырлығын, ақыр-аяғы Гектордың әкесi Приамның алдында жас баладай өксiп жылағанын ешқандай бұлталақ боямасыз жырлағанын ұмытпауға тиiстiмiз. Өмiр «эстрадалық» поэзия түсiндiргiсi келетiндей тек ақ пен қара бояудан ғана тұрмайды. Бiз осы қағидаттың жетегiмен ғана шынайы поэзия әлемiне, Рубцов поэзиясына дендеп ене аламыз. Әрине, бұл Рубцовты пұтқа айналдыру керек деген сөз емес.

Есенин секiлдi оның да өз кемшiлiктерi болды. Өйткенi, ол да ет пен сүйектен жаратылған тағдырлы адам болатын.

Өмiрi туралы шағын мәлiмет

Николай Михаилович Рубцов 1936 жылдың 3 қаңта­рын­да Архангельск облысының Емецк селосында дүниеге келдi.

Ол 1935 жылы Вологдадан Емецкке қоныс аударған отбасыдағы төртiншi бала едi. Кейiн тағы екi бала дүниеге келедi. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда ақынның үй-iшi Вологдаға қайтып оралады. 1942 жылы анасы қайтыс болғанда, әкесiнiң бұларға қарауға шамасы болмағандықтан, Николай, тағы бiр бауыры екеуi, жетiм балалар үйiне тапсырылады. Қалған бауырларын туған-туыстары бөлiп алып кетедi. Осылайша, жетiм балалар үйi орналасқан Никола селосы оның, кейiн өзi айтқанындай, «кiшi Отанына» айналады.

Бұл жердегi өмiрдi соғыс кезiнде де, соғыстан кейiнгi мезгiлде де жеңiл болды деуге болмайды. Жетiм балалар үйiнде әр кереуетке екi баладан жатқызылатын. Ал қыстың суығы еркiн сабақ өткiзуге мүмкiндiк бермейтiн. Мектеп бөлмесiнде балалар қолдарын уқалап, ысқылап жылытып отыруға мәжбүр едi.

Кейiн жаңа отбасы құрған әкесi бұлардан хабар алуды қояды. Николадағы жетi жылдық мектептi жақсы тәмамдаған болашақ ақын 1950 жылы Ригаға, сондағы теңiзшiлер училищесiне түсуге асыққан. Бiрақ онда тек он бес жасқа толғаннан кейiн қабылдайтын болғандықтан, Тотьмадағы орман шаруашылығы техникумына түсуге мәжбүр болады. Ақыры теңiзге деген махаббаты оны тағы бiр қалаға, Архангельскiге 1952 жылы алып келедi. Мұнда балық аулайтын кемеде көмiршiнiң көмекшiсi болып жұмыс iстейдi. Ал 1955 жыл Солтүстiк флотта әскери борышын өтеуге шақырылады. Әскери кемеде өткен осы төрт жылды, шамасы, оның өмiрiндегi ең бақытты кезеңдер деуге болатын шығар. Осындағы әдебиет үйiрмесiнде араласқан әскери қызметтестерiнiң бiрi, кейiн өзi де қаламгер болған Валентин Сафонов ақынның: «Төрт жыл бойы менi қалай тамақтандырып, киiндiруге старшина бас қатырды. Ендi өзiмнiң бас қатыруыма тура келедi...» деп мұңайғанын еске алады. Өлерiнiң алдындағы бiр жарым жылы болмаса, жетi жасынан бастап өмiрi жатақханаларда өткен ақынның расында да қайғыратындай жөнi бар-ды. Ақын әскерге дейiн де өлең жазғанымен, әдебиетпен шындап айналысуды осы әскери теңiзшiлердiң әдебиет үйiрмесiнде бастайды. Бұл жылдарды Рубцовтың Есенинмен «ауырған» кезi деуге де болатындай. 1959 жылы, әскери қызметiнiң соңғы жылында Николай Рубцов: «Арнасынан асып-тасып төгiлiп жатқан сезiм толқыны - өлеңнiң ең басты қасиетi осы...

Өлеңде, Блок айтқандай, «он еселенген өмiрге құштарлық сезiмi» жатуға тиiс... Бiздiң көптеген флот ақындарының өлеңдерiнде (тек бiздiң ғана емес ең алдымен, мiне, осы қасиет жетiспейдi. Бiртүрлi құрғақ, қолдан жасалған өлеңдер. Оларды тiптi өмiр сүрмейдi деп айтудың керегi жоқ: олар өлi туған»,- деп жазады. Мiне, өлең туралы, оның табиғаты туралы осы ұстанымына ақынның өзi өмiр бойы адал болып өттi.

Ақын армиядан соң Ленинградтағы Киров зауытына (бұрынғы Путилов) жұмысқа тұрды. Осындағы әдебиет үйiрмесiне араласты. Ал 1962 жылы Мәскеудегi әдебиет институтына оқуға түстi. Ақынның поэзиядағы өз бағытын анықтауына осындағы ақындардың шағын үйiрмесiнiң ықпалы мол болғандығы анық. Бұл арада кейiн орыс поэзиясында «Тұнық лирика» («Тихая лирика») деп аталған поэзиялық бағыттың осы үйiрме мүшелерi iзденiстерiнiң негiзiнде қалыптасқанын да айта кеткен жөн.

Поэзиядағы бұл бағыт «эстрадалық поэзияға» бәсекелес бағыт ретiнде кейiн өзiн-өзi толықтай дәлелдей алды. Оның жарқын көрiнiсi ретiнде Рубцов поэзиясын тiлге тиек етсек те жеткiлiктi болатын шығар.

Бiрақ ақынның Әдебиет институтын iштей оқып бiтiруiне мүмкiндiгi болмады. Оған мiнезi кедергi келтiрдi деуге болады. Әдебиет институтының тарихында Рубцовтың студент кезiнен сыр шертетiн мынандай бiр өтiрiк-шыны аралас әңгiме де бар: «Студент жатақханасының, оның iшiнде кiлең болашақ ұлы ақын-жазушылар жататын жатақхананың түннiң бiр уағына дейiн тынши қоюы мүмкiн емес нәрсе. Әйтеуiр бiр тыншыды-ау деген уақытта кiре берiс вахтада отыратын кемпiр анық жатақхананың ұйқыға кеткенiне көзiн толық жеткiзу үшiн жоғары көтерiледi. Кезектi қабаттағы фойеге көз тастаса қабырғадағы ұлы классиктердiң бiрқаншасының суреттерi жоқ. Таң-тамаша болады. Есiкке өзi қарап отыр, сыртқа алып шығып кеткен ешкiм болған жоқ. Қайтсе де осындағы бөлмелердiң бiрiнде болуға тиiс. Осындай ойға келген кемпiр дәлiздi бойлап сәл жүредi. Кенет қайсыбiр бөлмеден күбiр-күбiр еткен дауыс шығады. Әлдекiм сөйлеп отыр. «Александр Сергеевич Пушкин, келiңiз, қағыстырып iшiп қояйық». «Сергей Александрович, ғафу өтiнемiн, келiңiз, қағыстырып iшiп қояйық»дейдi. Өзiнiң есiгi сәл ашық тұр. Кемпiр саңылаудан көз тастаса Николай Рубцов кiл классиктердiң портретiн төңiрегiне жинап алып, майхана ұйымдастырып отыр екен».

Әрине, мұндай мiнезбен жоғары оқу орнын iштей бiтiру қиын нәрсе. 1965 жылы сырттай бөлiмге қайта тiркелгенiмен, ендiгi жерде ақынның «әр бұрышта бiр қонған» кезбе өмiрi басталады. Мұндай өмiр әбден жалықтырған ол ақыры туған жерiне қайтқан. Осында ол 1969 жылы ғана өз баспанасына, бiр бөлмелi пәтерге қол жеткiздi. Ал бiр жарым жылдан кейiн осы үйiнде әйел қолынан қаза тапты.

Алдын ала болжаған өлiм

Орыс әдебиетiнiң тарихында өз өлiмiнiң қалай келетiндiгiн алдын ала сезiнген ақындар аз емес. «Бiздiң заманның қаһарманындағы» Грушницкий мен Печориннiң жекпе-жегi Лермонтовтың ажалынан хабар берсе (оның өз өлiмiн суреттейтiн өлеңi де бар), Николай Гумилев түсiнде 5 және 3 сандарын көрiп өзiнiң 53 немесе 35 жасында өлетiндiгiн болжаған. Әйтсе де 53-ке көбiрек ден қойған. Есенинде де ерте өлетiндiгi туралы жолдар жеткiлiктi. Ақыры солай болып тынды. Бiз әңгiме етiп отырған Николай Рубцов та осындай көрiпкел ақындардың қатарына жатады.

Қаңтарда қарлы көз жұмам,

Қайыңдар қақ-қақ айырылған.

(Я умру в крещенские морозы,

Я умру, когда трещат березы)

Ақынның жер бетiндегi тағдыры дәл осылай, өлеңiнде өзi жазғандай, қыстың қатты аязды күндерiнiң бiрiнде, 1971 жылдың 19 қаңтарында адам қолынан үзiлдi.

Иә, ақын бұл қайғылы оқиғадан бiр жарым жыл бұрын ғана баспаналы болып едi. Өзiнiң ала-құла тұрмыс-тiршiлiгiн бiрiздiлiкке, сабырлы тұрақтылыққа түсiрудiң сәтi ендi туғандай болған. Ал оның жолы, әрине, отыз беске келген салтбасты, сабау қамшылы еркек үшiн шаңырақ көтеру болып табылмақ. Жар сүю, сәби сүю - одан артық бақыт бола ма, сiр-ә!

Егер бiз Рубцовты өмiр бойы етегiне намаз оқыған тақуа едi десек, онымыз күнә болар едi. Бiрге тұрмады демесек, бұл кездерi оның әйелi және қызы бар-ды.

Мiне, заңды некеге тұрмаған осы әйелi Генриетта Михаиловна және қызы Ленамен оның жаңа 1971 жылды бiр шаңырақ астында қарсы алғысы келген. Бiрақ қарлы боран басталып, алыс деревняда тұратын әйелi мен қызы жаңа жылға үлгерiп келе алмай қалады. Қызымен бiрге сәндемек болған шыршасы жасаусыз қалады. Ал бесiншi қаңтар күнi ақын үйiне ескi мәскеулiк танысы, өзi де өлең жазатын Людмила Дербина кiрiп келедi. Бiр кездерi екеуiнiң арасында махаббат машақаты болғандығын ескерсек, әрине, бұл келiстiң сырын түсiнуге де болатындай. Ақынды бiр кезде жоғалтқан музасы өзi iздеп тапты. Қандай әдемi! Дегенмен бұл ешқандайда қуаныш емес, болашақ трагедияның басы едi.

18 қаңтар күнi Рубцов Дербина екеуi тұрғын үй конторына, Людмиланы тiркеттiруге барады. Бiрақ ондағылар Людмиланың Рубцовтың бiр пәтерлi баспанасына тiркелуiне үзiлдi-кесiлдi қарсылық бiлдiредi. Дербинаның баласына тиiстi пәтер алаңы жетiспейтiндiгiн айтады. Ал Рубцовтың қалайда шаңырақ құрғысы келген. Мұндағылармен болған бiраз айғай-шудан кейiн онсыз да алдында жүрегi сыр берiп жүрген ақын жора-жолдастарына кетедi. Жора-жолдас iздеудiң соңы үйде iшкiлiк iшуге ұласады. Кешке Дербина оралғанда мұндағылардың бәрi де удай мас болатын. Дербинаны көрiп Рубцов ұрыс шығарады. Бiр тықырдың таянғанын сезген жора-жолдас жан-жаққа қашып тынған. Арғы жағы болашақ ерлi-зайыптылардың кикiлжiңiне ұласқан кеш ақыры ұлы ақынның ажалымен аяқталған. Кейiн, сотта мәлiм болғанындай, Дербина ыза үстiнде Рубцовты жаялықпен қалай қылғындырып өлтiргенiн сезбей қалған.

Мiне, осылайша ақынның өз өлеңiндегi болжамы шындыққа айналды.

Ақын ажалының себебi туралы алып-қашпа әңгiме көп. Ақынның қайсыбiр көзсiз берiлген оқырмандары Дербинаны Рубцовтың көзiн құрту үшiн «қаһарлы үш әрiптiң» өзi жiберген деген де сөз қозғайды. Әйтпесе, адам өлтiрген адам, құр адам емес, ұлы ақынды өлтiрген қылмыскер түрмеде жазасын түгел өтемей жатып қалай жылдам босанып шығады дейдi олар. Тiптi бұл өлiмдi «эстрадашылар» мен «тұнықшылардың» өзара бәсекесiмен байланыстыратындар да кездесiп қалады. Олар ақынның ажалы себебiн тағы сол баяғы Есенин мен Маяковскийлердiң текетiресiнен iздейдi. Мәскеулiк, ленинградтық поэзия еркетотайларының орыс провинциясының саф алтын таланттарына жасаған құпия қастандығы деп қисындайды. Әйтпесе, алпысыншы жылдардағы эстрадашылардың шашбауын көтерушiлiгiмен мәлiм Дербинаның алыс түкпiрге, Вологдаға, Ресей түгiлi әлi өзiнiң өңiрi де түгел танып мойындап үлгермеген ақынға iздеп келiп қосылмақ болуына не себеп? Ал Рубцовтың өлеңдерiн баланың шимайы көретiндiгiн оның өзi де кейiн ашу үстiнде ағынан жарылып айтып қойды емес пе! Жоқ, Дербина ақынды мойындамаған. Демек, келуiнде басқа бiр гәп бар. Иә, оқырмандарына ақын ажалының шынайы себебiне күдiкпен қарауға жосын көп. Әрине, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, оны бiр Жаратқан ғана бiледi.

Дегенмен бiздiң де өз пайымымызды айтқанымыз жөн болар. Дербинаны Вологдаға әкелген Рубцовқа деген махаббаты емес, өз тұрмыс халiн бiршама уақыт болса да жөндеп алсам деген кәдуiлгi әйелге тән бақай есеп қана секiлдi. Есеп нобайы «Бiр оқпен екi қоян атып алмақ» - бай да бар, баспана да барға саяды. Ал осы есептiң соңғы нәтижесi өзi ойлағандай болмауы Дербинаны адам өлiмiне, мұнда ақын ажалына соқтырған әрекетке апарған секiлдi. Әрине, бiздiкi тек болжам ғана.

P.S. Рубцов дүниеден өткелi 30 жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт iшiнде оның оқырмандары көбеймесе азайған жоқ. Туған жерiнде ескерткiш орнатылды, атынан ашылған арнайы мұражайы да бар. Вадим Кожинов айтқандай, оның шынайы поэзиясы ешқандай бұқаралық ақпарат құралда­рының атсалысуынсыз-ақ жаңа орталарды, жыр­құмар жүректердi бағындыруда. Қазақ оқырмандары Рубцов поэзиясымен Ұлықбек Есдәулетов, Ибрагим Исаев секiлдi ақындарымыздың аудармалары арқылы таныс. Болашақта да жаңа аудармалар жасала беретiндiгiне бек сенiмдiмiз.

Бiр таң қалатынымыз, Рубцов поэзиясын айналып өте алмаған Есенин - Маяковский текетiресiнiң қазақ поэзиясында да өзiнше көрiнiс беретiндiгi. Жазушы, сыншы Бекдiлдә Алдамжаров бұл текетiрестiң ауқымын бiр ғана Мұқағали Мақатаев поэзиясы арқылы жақсы көрсетiп бердi. Бiзде де Есенин - Маяковский текетiресi жүрiп жатыр, мұны ендi ашық айтуымыз керек. Бұл дала мен қала, топырақ пен тас көшенiң тайталасы. Қайсысы басым түспек, поэзиямыздың болашағы, оның халқымыздың рухани қазынасына қосатын үлесi де сонымен анықталмақ. Көзге көрiнiп тұрған ештеңе жоқ демесеңiз, ақиқат осы. Рубцов тағдыры мен творчествосынан өрбитiн әңгiменiң бiр парасы осындай.

2005 жыл.

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"

0 пікір