Сенбі, 20 Сәуір 2024
6281 26 пікір 7 Мамыр, 2021 сағат 12:54

Қазақ әскерінің қуаты қандай?..

7 мамыр Отан қорғаушылар күні. Кез келген мемлекеттің тұтастығы мен тәуелсіздігінің мығымдығы әскери қуатының күштілігімен өлшенеді. Біз геосаяси ойындар ушыққан заманда күн кешіп келеміз. Соғыс отының әлемнің қай түкіпірінде бұрқ ете қалары белгісіз кезең орнады. Бұл әскери қуатты күн сайын арттыруға итермелеп отыр. Қазақстан әскерінің қуаты қандай? Әлеуеті неге жетеді? Жаңа заманның талабына саймыз ба?

Қазақстан тәуелсіздік алған соң, әскери қуатты қайта құруға тура келді. Себебі КСРО тараған соң, көптеген мамандар басқа елдерге қоныс аударды. Елімізде әскери мамандар тапшылығы байқалды. Экономикалық тоқырау жаңа қаруды сатып алуға мүмкіндік бермеді. Соған қарамастан Қазақстан өзінің әскери қуатын қалпына келтіруге барын салды.

1991 жылы 25 қазанда Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Комитеттің төрағасы болып Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Кейіннен Сағадат Нұрмағамбетов қорғаныс министрі лауазымына тағайындалғанын білеміз. Бұл Қазақстанның әскери әлеуетін қалпына келтірудің алғышарты болатын.

1992 жылы 7 мамырда тәуелсіз Қазақстанның әскері ресми түрде құрылды. Қазақстан әскері осы уақытқа дейін талай сыннан өтті. 1992-1997 жылдары бұрқ ете қалған Тәжікстандағы соғысқа араласты. Бұл геосаяси қауіпсіздік пен Орталық Азияда тыныштық орнату мақсатында жасалған шара болатын. 2000-жылға дейін Тәжікстанда 10500 отандасымыз бітімгерлік миссияларына қатысты. 54 қазақстандық оққа ұшып, көз жұмды. Осылайша Қазақстан әскері құрылған сәттен бастап қатаң сынақты бастан өткізді.

2001 жылы еліміз Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс болып 4 әскери округке бөлінді. Ал 2003 жылдан бастап өңірлік қолбасшылықтар құрыла бастады. Елімізде «Астана», «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтары бар.

2003 жылы Иракта соғыс басталып, Батыстық коалиция араласты. Қазақстан Иракты жарылғыш заттардан тазарту миссияларына қатысып, 4 миллионнан астам минаны залалсыздандырды. НАТО аясындағы бейбітшілікті қалпына келтіру операцияларына да бітімгерлік негізде қатысып келеміз. Бітімгерлеріміз Ливан мен Африканың бірқатар елдерінде адамзат алдындағы борышын абыроймен өтеуде. Бұл біздің қарулы күштерімізге тәжірибе жинауға мол мүмкіндік бермек.

Қазақстан қарулы күштерді заманауи негізде модернизациялауға мүдделі. Сондықтан көпвекторлы саясаттың принципіне сай қимылдар жасауға тырысады. Еліміз ҰҚШҰ ұйымына мүше, оның басында Ресей тұр. Ұйымның мақсаты біреуге агрессия жасау емес, агрессия жасалғанда ортақ қорғанысқа көшу болып табылады. Дей-тұра біз бұл ұйымға мүше бола отырып, өзге елдермен де қорғаныс саласындағы әріптестікті арттырудамыз.

Күні кеше ғана Түркиямен әскери сала бойынша 2022-2023 жылдарға арналған ортақ іс шаралар өткізу келісіміне қол қойдық. Келісім аясында арнайы жаттығулар, тәжірибе алмасу, әскери өнеркәсіп саласындағы әріптестік, дрондарды игеру бойынша үйрену және тағы басқа шаралар бар.

Түркия соңғы бес жылдықта әскери әлеуетін арттырып, НАТО құрамындағы ең беделді ойыншыға айналды. Сирия мен Ливиядағы геосаяси тартыста Ресейге соққы жасап, Қарабақ соғысында шешуші рөлді ойнады. Түркия аймақтық әскери державадан ауқымы артып, әлемдік ойындардың басты ойыншыларының біріне айналуға ниетті. Қазақстан бұл тұрғыдан Түркиямен әскери әріптестікті арттыру арқылы, қорғаныс саласының әлеуетін көтереді.

Қазақстан өз әскерін гибридтік соғыс қаупіне дайындауда. Себебі жаңа заманның соғысы жарияланбаған соғыс. Оны біз Шығыс Украина мысалында айқын көріп отырмыз. Украинаға көрші Ресей бізбен де шекаралас. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараны агрессиялық саясат ұстанатын мемлекетпен бөлісу әскери қуатты арттыруға итермелеуде. Соңғы уақыттағы Ресей саясаткерлерінің аумақтық тұтастығымызға қарата айтқан сөздері қорғаныс министрлігін батыл шешімдер қабылдауға негіз болуда. Түркиямен әскери байланысты арттырудың бір себебі де осы.

Қорғаныс саласында өнеркәсіпті дамыту басты міндеттің бірі болып қала бермек. «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы бронды әскери көліктер шығарудамыз. «Steel Manufacturing» зауытында патрон өндірудеміз. Алайда ол жеткіліксіз. Ендігі таңда зымыран кешендері мен соққы жасаушы дрондарды өндіру маңызды. Себебі жаңа заман соғысының сипаты сондай.

«Global Firepower» рейтингі бойынша. Қазақстан 62 орынды иемденді. Қазақстанның қарулы күштерге бөлетін қаржысы 4 млрд доллар. Бұл аз қаражат емес. Әрине алпауыттардың қорғаныс саласына бөлетін қаржысымен салыстыруға келмейді, дегенмен Орталық Азия деңгейінде өте көп қаржы.

Қаруды өзіміз шығарудың маңызды екенін жіте түсініп келеміз. Сондықтан артиллериялық құрылғылар, соққы жасаушы және барлаушы дрондар, брондалған әскери көліктерді шығарып келеміз. Мысалы «Арлан» бронды көлігін осыдан он жыл бұрын өндіріп, сынақтан өткізе бастадық.

Қазақстанда бұл техниканың сынақтары 2013 жылы жүзеге асырылды. Алғашқы сынақ автомобильдің жүруін және техникалық сипаттамаларын тексеру болды. Бронды машина теңіз деңгейінен 3800 метр биіктікте қатты және таулы жерлерде жолмен және жолсызбен 6000 шақырым жүріп өтті. Ол қашықтықты жақсы жеңе білді, қозғалтқыш биіктікте сирек кездесетін ауада тұрақты жұмыс істеді. Мысалы «Hammer» және «Sherpa Light Scout» сияқты брондалған машиналар мұндай сынақтарға әрең төтеп береді.

Сынақтар кезінде «Арлан» бронетранспортеры 120 шақырым/ сағ жылдамдықпен кірпіш қабырғаға тиген соққыға төтеп бере алды және пластикалық жарылғыш заттардың жарылуынан аман алып, корпусына аз ғана зақым келді. Автокөліктің ішінде он адамдық бригадаға арналған орын бар. Жарылыс сәтінде ішіндегі экипажға айтарлықтай жарақат әкелмейтіні дәлелденді.

Жаттығу алаңында автокөлік «оққа төзімділікке» тексерілді. Ол 5,45 мм АК-74 пен 7,62 мм АКМ-ден 50 метр қашықтықтан атылды. Нәтижесінде әйнекте жарықар пайда болды, бірақ әйнек тесілмеді. Осыдан кейін «Арланға» 7,62 мм SVD және 12,7 мм Миланнан 100 метр қашықтықтан оқ атылды. Нәтиже шамамен ұқсас болды: әйнекте жарықтар пайда болды, бірақ әйнек бүтін күйінде қалды. Осылайша, ол атыс қаруының атуына төтеп берді, бұл нақты ұрыста экипаждың 100% қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деген сөз. Әйнек тұтас бұзылмағандықтан, көлік әскери миссиясын ары қарай жүргізуіне мүмкіндік алады деген сөз.

Автокөліктің корпусы қосымша «аралық броньмен» жабдықталған. V-тәрізді төменгі жағы STANAG 4 деңгейіне дейін көтерілу мүмкіндігі бар STANAG 3 деңгейінің баллистикалық қорғанысын қамтамасыз етеді. Минаның жарылуынан қорғаныс деңгейі корпустың астында 8 келі тротил және әр доңғалақтың астында 14 келі тротилге дейін шыдас береді. Сонымен қатар астына қосымша сауыт орнатуға болады. Бүйірлік жарылыстар мен мина жарылыстарынан болатын жарылыс толқынына қарсы тұру үшін жарылысқа қарсы орындықтар бар. Персоналдың және экипаждың тірі қалуына және ауыр жарақат алмауына аталмыш брондар кепілдік береді.

Жауынгерлік қабілеттілікті бағалау кезінде, броньды автокөлікке ұсынылған қару-жарақтан жылдамдық пен атыс жылдамдығы тексерілді. Оқтар нысандарға 50, 200, 300 метр және одан да көп қашықтықта атылды. Арланның қару-жарағы 1380 метрге дейінгі қашықтықтағы тікұшақ нысанын ату бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Күндізгі атыс кезінде 10 оқтың 10-ы нысанаға дәл тисе, түнде жарық түсіргішті қолданған кезде 20 оқтың 15-нысанға тиді.

«Арлан» БТР-нің жауынгерлік модулі кез-келген калибрмен ауыстырылуы мүмкін. Мұның бәрі тапсырыс берушінің қандай мақсат пен міндет қоятындығына байланысты.

Жауынгерлік модульдің мүмкіндіктері көліктің күндіз 15000 метр, түнде 6000 метр қашықтықта «автомобиль» түріндегі нысандарды анықтай алатындығын көрсетті; «адам» түріндегі нысандар күндіз - 6500 метр, түнде - 2000 метр. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның Қарулы Күштерінде мұндай атыс қабілеті бар басқа жүйе жоқ.

Келесі қару түрі ол «Барыс» брондалған көлігі. Барыс 8x8 - бұл озық технологиялық шешімдермен жабдықталған көп мақсатты бронды көлік. Бронетранспортер аймақтағы көпфункционалдылыққа, жоғары мобильділікке қойылатын талаптардың артуын және минаға қарсы платформаларды орнату қажеттілігін ескере отырып жасалған. «Барыс 8х8» миналардан, қолдан жасалған жарылғыш құрылғылардан, жол бойындағы снарядсыз миналардан қорғанысты қамтамасыз етеді. Минаға қарсы жалпақ түбі силуэтті 2,4 метрге дейін азайтуға мүмкіндік береді, бұл бетпе бет ұрыста және кейбір қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларға қарсы қосымша артықшылықтарға ие болмақ. Арнайы «минаға қарсы» орындықтар STANAG 4569 4A және 4B деңгейлері бар көлік құралының жанында немесе оның астында тікелей жарылыс нәтижесінде экипажды қатты жарақаттанудан қорғауға арналған. Дизайнерлердің айтуы бойынша, «Барыс» жылдамдығы сағатына 100 шақырымға дейін жетеді, ал оның жүк көтергіштігі 9 тоннаға дейін, қуаты 800 шақырымға дейін барады. Оның сыртқы және ішкі дизайндық мүмкіндігі өте көп мөлшерде қару-жарақ жүйесін орнатуға мүмкіндік береді, бұл оны әлемдегі кез-келген қарулы күштердің қажеттіліктері үшін тиімді әскери көлік деңгейіне дейін көтереді. Сонымен қатар, бронетранспортерде атқан сәтте оғы 2 шақырымнан асатын 30 мм Шипунов 2А42 автоматты зеңбірегі және қазақстандық КАЕ-мен бірлесіп жасалған 7,62 мм пулеметі бар.

Қазақстан АҚШ-пен «Дала қыраны» бірлескен әскери жаттығуын жасап келеді. Биыл да ұйымдастырылмақ. Біз үшін Батыстық стандарттарға жақын, қуатты әскер құрудың маңызы артып келеді.

Қазақ әскерінің қуаты айтарлықтай мықты. Ол Орталық Азия елдерінің ішінде көшбасшы, ал гибридтік соғыстарға дайындығы мығым қуатқа ие.

 

Abai.kz

26 пікір