Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 3875 0 пікір 30 Сәуір, 2021 сағат 12:59

Қазақ әскері не киіп, не ішіп жүр?

Қазақстан қарулы күштеріндегі сарбаздар қалай тамақтанады? Бұл сұрақ өте өзекті. Себебі соңғы уақытта әлеуметтік желілерде тарап кеткен сарбаздардың тамақтануына қатысты жалған бейнелер мен ақпараттар елді екіұай ойға қалдырды. Әрине, ол ақпараттар ешқандай қисынға сай келмейді. Сонымен қазақ сарбаздары қалай тамақтанып жүр? Не киіп, не ішуде? Қарны тоқ па, көйлегі көк пе? Киімі бүтін ба? Қанша қаржы бөлінуде?

Қазақстан қарулы күштерінің қалыптасуынан бастап сарбаздарға берілетін тағам түрлері (паек) үш мәрте өзгерген. Бұл еліміздің экономикалық жағдайына байланысты құбылып тұратын дүние. Аталмыш өзгеріс жайлы арнайы брифинг барысында Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары айтты.

«Биыл Бас Қолбасышының тікелей қолдауының арқасында орта есеппен алғанда сарбаздарға берілетін тағам құны 40%ға артты. Орта есеппен айтқанда жалпысарбаздарға арналған тағамның құны  1225 теңгеден 1713 теңгеге дейін өсті. Бұл тағам сапасын арттыруға да өз септігін тигізіп отыр», - деді Таласов.

Бүгінгі таңда Қазақстан қарулы күштерінің тағамдары бірнеше типтен тұрады. Олардың ішінде 61 түрлі азық-түлік түрлері бар. Ет, балық, ірімшік, сыр, жұмыртқа, құс еті мен шұжық, жеміс-жидек пен көкөністер, нағыз табиғи шырындар мен дәрімендер қоспасы, тәттілер мен мерекелік дастарханға арналған ерекше тағамдар бар. Қазіргі таңда ол тағам түрлерінің ішіне жылқы еті мен қой етін қосу, балық түрлерін арттыру мен жаңа тағамдарды енгізу арқылы ассортиментті байыту жағы жоспарланып отыр.

Биыл сарбаздарды тамақтандыру үшін қорғаныс министрлігіне  22 млрд теңге бөлінген. Бұл ауқымды қаражат. Әр сарбазға бөлінетін тамақтың құнын соның арқасында 1713 теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік туып отыр.

Мухамеджан Таласовтың мәліметінше биыл жеке тамақтану рационының комплектісі жаңа реторт-пакеттер қолданылатын болады. Бұл пакеттерді қолдану Батыстық үлгіге сай жасалып келеді. Пакеттер тағамның сақталуын арттырады, сапасына мін келтірмейді. Құрамын бүлдірмейді әрі әлемдік жетекші елдердің стандарттарына сай келеді.

2021 жылы сынақ ретінде алғашқы  8000 комплект пакетті сатып алу жоспарланып отыр. Егер оның тиімділігі нақты байқалса, тасымалдау мен тағам сақтаудағы артықшылығы айқын көрінсе, онда Қазақстан осы пакеттерді сатып алатын болады. Яғни осы пакеттерді сатып алуға толық көшеді.

Сонымен қатар министрлік өкілі тағам сатып алу бойынша да жаңа өзгерістер болып жатқанын айтты.

«Тамақтану нысандарын заманау жетілдіру мақсатында алдағы үш жылда барлық әскери бөлімшелердегі асханаларды жөндеуден өткізіп, жаңа құрал жабдықтармен қамтамасыз ету жағын жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда барлық тамақтану нысандарында халыққа қызмет көрсету орталығының үлгісі негізінде тамақтанып болғаннан кейін бағалау жүйесін планшеттік негізге ауыстырып жатырмыз», - деді генерал.

Министрлік өкілі тамақтанудан бөлек қазіргі таңда әскери форманың да үлкен өзгеріске ұшырап жатқанын айтты. Тәуелсіз Қазақстан тарихында әскерилердің формасы сан мәрте өзгерді. Жыл өткен сайын түрлі әскери операцияларға арналған әскери киімдердің түстері пайда болуда. Әскери формалар ыңғайлы әрі төзімді, сапалы болып өзгеруде.

«Жедел әскери қызметті атқаруға арналған сарбаздар үшін әскери формалар да ауыстырылып жатыр. Мысалы шинель енді жылы күртешеге ауыстырылды. Керзі етіктер енді былғары етікке аусып жатыр. Жаздық және қыстық, күздік киімдер бар. Былайша айтқанда маусымдық киімдер саны артты. Енді мақта және жүннен тоқылған нәскилер киіп жүр сарбаздарымыз», - деді ол.

Сонымен қатар енді әскери бөлімшелерде жұмыс істегенде, бөлімшені тазарту, қар күреу және әскери техникаларды жасау, жөндеу, маусымдық кезеңге дайындау сәтінде де арнайы формалар бар көрінеді. Оның ішінде жұмыс киімдері де жеткілікті. Олар қыстық және жаздық деп бөлінеді.

Енді әскерилердің денсаулығын тексеру жағы да артып келеді. Ол туралы Мухамеджан Талапов айтты.

«Әскери адам үнемі медициналық тексеруден өтіп тұруы тиіс. Бүгінде әскерилердің денсаулығын тексеру бойынша барлық жағдай жасалған. Бүгін әскери салаға арналған 15 аурухана мен 130 медициналық орталық бар. Олардың барлығы да керекті медициналық жабдықтармен жарақтанған», - деді министр орынбасары.

Біздің әскерилеріміз коронавируспен күресуде өз үлесін қосып жатыр. Оның ішінде әскери медицина қызметкерлерінің еңбегі зор.

«Сатционарлар әскери госпитальдарға айналдырылды. Олардың саны төртеу еді. Сонымен қатар  24 әскери дәрігер бригадалары құрылды. Әскери дәрігерлер коронавирустан 1573 адамды жазды. Қазір Алматы мен ел астанасында әскери госпитальдарда вируспен күресу шаралары жүріп жатыр. Әскери бөлімшелердің маңында  4 ПЦР тест алатын зертхана құрылған», - деді министр орынбасары. Қазіргі таңда вируспен күресуге Қазақстан қарулы күштерінің әскери дәрігерлері орасан зор үлес қосып келеді.

Әскерилерді вирусқа қарсы вакцинамен егу де қарқынды түрде жүріп жатыр. Бүгінде 12 мыңнан астам сарбаз вирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын да алып үлгерген. Бұл жақсы көрсеткіш. Әскерилер вируспен күресуде тек қана дәрігерлер арқылы емес, сонымен қатар басқа да жандар арқылы қол ұшын созуда. Мысалы былтыр жаппай карантин енгізген сәтте мыңдаған сарбаздарымыз карантиндік шараларды сақтауды қадағалау мақсатында республика бойынша қызмет етті. Оның ішінде қала мен ауылдық аймақтарды сақтау, жолды күзету шаралары да бар.

Қазақстан әскерилерінің не киіп, не ішіп жүргенімен таныс болдыңыздар. Ғасырлар бойы ат үстінде, түйе қомында туған жердің әр тасын қорғап өткен балалардың батыр ұрпақтары бүгінде кез келген жағдайға дайын. Елдің ұйқысы тыныш болуы үшін, 24 сағат отанымызға мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Қызметтің жемісті болуына үлес қосып жатқан мемлекеттік аппараттың қызметін де айта кету керек. Сарбаздың киімі жылы да бүтін, қарны тоқ, уайымы жоқ. Өйткені біздің мемлекет "өз әскерін тамақтандырмаған ел өзгенің әскерін тамақтандырады" деген қағиданы жақсы біледі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511