Жұма, 19 Сәуір 2024
Ой түрткі 5562 19 пікір 4 Мамыр, 2021 сағат 11:54

«Үш отаудың» түтіні бір шаңырақтан шықса...

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясын өткізіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған ұйымға басшылық етіп келген өкілетін тоқтату туралы шешім қабылдады. Ол Ассамблея төрағалығын Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізіп берді.

Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап Елбасы үнемі айтып келе жатқан бір сөз бар. Ол – тыныштық.

Сол тыныштықтың басты бір кепілі ұлтаралық татулық. Біз көп этносты мемлекетпіз. Алғаш Тәуелсіздікті жариялағанда мемлекет құраушы ұлттың үлесі өте төмен болды. Тіпті, елу пайызға да жетпеді. Қазір, Құдайға шүкір, сексен пайызға таяп қалдық. Өзге этнос өкілдері де Қазақстандағы осынау мамыражай тыныштыққа, жарасымды қоғамдық ортаға үйлесіп, сіңісіп барады. Өзге этнос өкілдері Елбасыны арқасүйер қорғаны, тіпті туған әкесіндей көріп, бауыр басып кеткені шындық. Біртектілікке қарай көш түзеген еліміз үшін бұл иститут өз міндетін өте жақсы атқарып келеді.

Елдің көзінің құрты болған қазақтың жері бар. Соған көз алартқан ішкі-сыртқы күштер осы ұлт аралық қатанасқа сызат түсіріп, тұрақсыз жағдай қалыптастыруға тырысып баққаны да жасырын емес.

Міне, осындай қиын өткелдерген біздің елімізді аман алып қалған бірнеше фактордың біреуі – осы – ұлт аралық татулығымыз болды. Әрине, оның басында Қазақстан халқы Асссамблеясы тұрды.

Демек, әу баста Тұңғыш Президенттің Қазақстан халқы Асссамблеясын құруы жас мемлекет үшін аса маңызды қадам болғанын атап өтуіміз керек.

Қазір мемлекеттік билік Президенттің қолында. Ұлт аралық қатынасты, татулық пен тұрақтылықты сақтаудың кепілі – Президент.

Сол үшін Асссамблея билігі де Президенттің қолында болғаны дұрыс. Сыртқы күштер біздің елімізді басып ала алмайды. Ол анық. Бірақ, әлі де іштен ірітуге, бүлік тудыруға әр түрлі жолмен әрекет ете берері сөзсіз.

Елбасы дәл осы жағдайларды ескере отырып, Қазақстан халқы Асссамблеясын онан әрі басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген болуы керек. Өте дұрыс шешім деп бағалаймын және Қасым-Жомарт Кемелұлын жаңа қызметімен шын жүректен құттықтаймын!

Құдайға шүкір, Елімізде мемлекеттік емес ұйымдар аз емес. Бірақ, солардың ішінде Қазақстан халқы Асссамблеясы – ерекше мәртебеге ие. Біреулер «Асссамблеяның керегі жоқ, тарату керек!» деп жатады. Мен ондай одағай пікірлермен мүлде келіспеймін. Мен үшін қазақстан халқы асссамблеясының орны бөлек. Керек болса, бұл ұйымды мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығынан да жоғары қоям.

Неге десеңіз, Елбасы жетекшілік етіп келген қоғадық ұйымдар бірнешеу. Солардың ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы арнай заң бар. Одан бөлек, Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Оның бұл құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясымен бектілген.

Мұндай мәртебе Елбасы төрағалық ететін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында жоқ. Заң былай тұрсын, Үкіметтік деңгейде бекітілген жібі түзу жаңа бағдарламаға қол жеткізе алмай отыр.

Заң дегеннен еске түседі, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның 6-бабында 5) демография және көші-қон саласындағы жоспарлар мен іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу, сондай-ақ 10) шет елдердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту, оның тарихи Отанымен байланыстарын нығайту мәселелерінде қолдау көрсету – Ассамблея қызметінің негізгі бағыттары ретінде көрсетілген. Көші-қон, шеттегі қазақтар үшін аталған екі норманың екеуі де табылмас мүмкіндік. Егер, осы нормаларға сүйеніп жұмыс істеймін десең, ешкім қолыңды қаға алмайды.

Өкінішке орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының осы керемет мүмкіндігі өз деңгейінде олық пайдаланылмай келеді.

Ал, көші-қон саясаты және шеттегі қандастар мәселесімен арнайы айналысатын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қорының» көсіліп жұмыс істеуіне осынлдай көзге шұқып тұрып көрсетілген заңдық негіздің жоқтығы қол байлау болып тұр деп ойлаймын.

Елбасы ерте жолға қойған көші-қон саясатын одан ары қарқынды жалғастыру керектігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып келеді. Қазірге дейін алыс-жақын шетелдерден Жалпы, 1 млн 74,3 мың қандасымыз көшіп келіп, Атажұртына қоныстанды. 6-7 млн қазақ әлі сыртта жүр. Көп келіп жатқан Өзбекстан мен Қытайдағы ағайындар. Пандемия аяқтап, шекара ашылса, Қытайдағы қандастарымыз ағылғалы тұр.

Шеттен келген ағайын тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алып, қашан қатарға қосылғанға дейін, өздерін өзгеше сезінеді, жатырқап тұрады. Былайша айтқанда, «Қандас» деген заңды мәртебесі бар бір әлеуметтік топ.  Оларды жаңа ортаға бейімдеу, заңдар мен бағдарламалардың өз деңгейінде орындалуын, іске асуын бақылап отыру өте қажет. Сонымен бірге, шеттегі қазақтармен байланыс жасап отыру мәселесі тағы бар. Міне көріп отырсыздар, бұл міндеттер Ассамблияға заңмен жүктелген. Біле-білсек, бұл көші-қон, шеттегі қандастар мәселесімен арнайы айналысу  үшін құрылған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен "Отандастар қорының" да ортақ міндеті осы емес пе?!

Ара-тұра ұйымдастырылатын дөңгелек үстел жиналыстары мен конференцияларда біріне бірі қонаққа келгені болмаса, Ассамблея  Қауымдастық пен «Отандастардан» бойын үнемі ұстап жүреді.

Ендеше, бұл үш ұйымды жақындастыру керек!

Қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ұсынған жобаларды негіз етіп, саяси және экономикалық реформалар жүргізу үстінде. Мемлекет басшысының бұл реформалары көші-қон саясатын да айналып өтпейді деген ойдамын. Шыны керек, бұл сала қазір уақыт талабына сай етіп бастан-аяқ жаңғыртуды талап етіп тұр.

Мен алдағы жерде  Қазақстан халқы Ассамблеясы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдасты және «Отандастар қоры» сынды осы үш отаудың түтінін бір шаңырақтан шығарып, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның осынау мүмкіндіктерін ортақ пайдалануға жағдай жасалса, жақсы болар еді деген ойдамын.

Ауыт Мұқибек,

ҚР Президенті жанындағы

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Abai.kz

19 пікір