Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алаң 3468 15 пікір 4 Мамыр, 2021 сағат 11:23

Вакцина да саясатқа айналды ма?

Қазіргі таңда бүкіл адамзат басына түскен үлкен ауыртпалық - коронавирус індетіне қарсы күреске ірісі бар, ұсағы бар, барша әлем болып жұмылып жатыр. Осынау пандемиядан тезірек арылу жолындағы арпалыстан біздің елдің де қалыс қалмайтындығы белгілі. Алайда, біз онымен қалай күресіп жатырмыз, бұл аурудан құлан-таза арылудың жолын дұрыс таңдап алдық па, жұртты жаппай егуге шақырып жүрген вакцинамыз қаншалықты  әсерлі әрі қауіпсіз деген сұрақтардың кім-кімді де алаңдатары сөзсіз.

Басы ашық жайт мынау: Қазіргі таңда біздің елімізде негізінен Ресейдің «Спутник V» атты вакцинасы. Өзіміздің ойлап тапқан «CazVac» атағын алған вакцинамыз тым мардымсыз болғандықтан, әрі оны жаппай шығаруға қауқарымыз жетпей, сонау Түркияға барып, құйдырып әкелетіндіктен ол жайлы көп тоқтала қоймаймыз. Оның әңгімесі әлі алда. Сондықтан да біз орыстардың «Спутнигі» жайлы кейбір ойларымызды ортаға салмақпыз.

Әрине, «бұл вакцина іске жарамайды, сондықтан оны қолдануды доғару керек» деген тым үстірт те шолақ пікір түюден аулақпыз. Алайда көкейіміздегі кейбір түйткілді жайттарды да айта кетпесек, шындыққа қиянат жасармыз.

Жалпы, қандай жаңа дүние, әсіресе медицина саласындағы енді шыққан емдік дәрі-дәрмек жан-жақты тексеріліп, оның адамды сауықтырудағы жағымды әсерімен қатар болашақта тигізер зияны да әбден екшеліп, терең сарапталуы керек. Ал, ең бастысы, ондай факторлар халықтан жасырылмай, ашық айтылуы тиіс. Дамыған, демократиялық елдерде бұл қалыптасқан әрі үйреншікті жайт. Алайда, мұндай ашықтықты Ресей тарапынан мүлдем байқай алмадық. Тек қана асыра мақтау, шектен шыға дәріптеу, шашасына шаң тигізбеу секілді сиықсыз әрекеттер осы елдің баспасөз құралдарын түгел жаулап алған. Оны біздегі орыстілді порталдар жерден жеті қоян тапқандай, жарыса басады. Мәселен, жақында ғана Ресейдің «Лента.ру» деген порталы қасындағы дамыған Еуропа елдерінен емес, сонау аш-жалаңаш күй кешіп отырған, оның диктататорлық режимін Ресей үнемі қолдап отырған Венесуэла жайлы «алақайлап», «тамаша» хабар таратты. Сөйтсе, осы елдің денсаулық сақтау министрі Карлос Альварадо сол жергілікті телеарнаға берген сұхбатында осы орыстың вакцинасын әлемдегі ең үздің вакцина қатарына қосыпты. Сонда, дейміз-ау, өздері ештеңеге жарымай отырған кедей елдің министрі «Спутниктің» теңдесі жоқ дүние екендігін өзінше бал ашып білген бе? Әйтпесе, қандайда бір зерттеу орталығының қорытындысына сілтеме жасау қайда немесе белгілі бір ғалымның айтқанына неге сүйенбейді? Осындай хабарсымақты көшіріп басқан журналистердің көздеген мақсатын түсіну де қиын емес шығар.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей күлкіге қарқ қылатын қызық жайт әлі алда. Жалпы, Ресей журналистерінің «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» етіп көрсетуде алдына жан салмайтындығын амалсыз мойындайсың. «Бояушы-бояушы дегенге, сақалын бояйды» дегендей бұлар қыза-қыза келе, «Спутнигінің» былайғы жұртқа күлкі болатындығын да байқамай қалады. Жақында ғана «Ресейдің тікелей инвестиция қоры» дегеннің мамандары қазіргі әлемдегі белгілі дейтіндей бес вакцинадан қанша адамның өлгендігін салыстырыпты. Сөйтіп өздерінше мынадай мәлімет беріпті. Олардың болжауынша «Pfizer и BioNTech»  вакцинасынан 39,4 адам, «Moderna» вакцинасынан 20,2 адам, «AstraZeneca» вакцинасынан 12,8 адам, «Johnson & Johnson» вакцинасынан 7,5 адам ажал құшыпты. Ал «атақты әрі бұл дүниеде теңдесі жоқ» орыстың вакцинасынан небәрі 2-ақ адам көз жұмыпты. Біздің пайыдауымызша бұлар сірә, араққа сылқия тойып алған сол орыстың мұжықтары шығар деген ой келеді. Өйткені біріншіден әлгіндей медицицнамен емес, шетелден инвиястиция тартумен айналысатын бұл қордың мамандарының аталмыш вакциналарға баға беретіндігін қалай түсіндік? Мұның өзі ешбір сараптамаға сүйенбеген, ойдан шығарылған мәліметтерді пайдаланылатын таза жарнама екендігі сөзсіз. Баяғы сол, орыстың вакциясын өзгелерден артық екендігін қайтсе де дәледеп бағуға ұмтылған тыраштанушылықтан басқа түк те емес. Әйтпесе, анау АҚШ секілді алып елден басқа, Еуропаның барлық елдері пайдаланып отырған, оларға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде рұқсат берген вакциналарды құбыжық етіп көрсетудің астарында өзгеше қандай қулық жатуы мүмкін? Ал енді әлемнің саусақпен санаулы ғана елдері егіп жатқан, оның өзі де толық сараптамалық кезеңдерден түгел өтпеген вакцинаны өзгелерден биік қою - өздерін медицина саласында өзгелерден әлдеқайда озық екендігін көрсетуге ұмтылған таза саяси әрі идеологиялық шара екендігі көзге айқын көрініп тұрғандығын байқау қиын емес.

Ал енді қайтсе де керемет екендігін көрсетіп қалуға ұмтылған орыстың вакцинасы әлем елдерінде еркше сұранысқа ие болып отырмағандығы белгілі. Қайта керісінше, алдында осындай жарнамаға сеніп қалған кейбір елдер енді ғана есін жинап жатыр. Өткенде Словакия вакцинамын бірген оның техникалық мінездемелерін қоса бермегендігі үшін орыстың бұл вакциналарын қайтарып жіберді. Сербияда да осы вакцина үлкен жанжалға себепші болды. Ал жақында ғана Бразилия да бұл вакцинадан толық бас тартты.

Енді осы өз елімізде шығатын «Время» газетінің өткен айдың аяқ кезінде жарық көрген «Кто чем колется» деген мақаласындағы бірер фактілерге көз жіберелік. Бұл басылымның жазуына қарағанда, Ресейдің журналистері жаппай жамандап, «жұрт қырылып жатыр» деп өсек таратқан «Pfizer и BioNTech» пен «AstraZeneca» мен «Moderna»  вакциналарын әлемнің алпауыт елдері - АҚШ, Ұлыбританя, Канада, Швейцария, Израиль, Еуроодақ елдерімен қатар Индия, Мексика, Пакистан секілді мемлекеттер жаппай егіп жатыр. Ал «әлемді таң қалдырған» орыстың вакинасын жаппай Ресейдің өзінен басқа, Белоруссия мен Қазақстан ғана егіп жатыр екен. Сонымен қатар, бұл вакцинаны анау Алжир, Аргентина, Боливия, Палестина, Түркіменстан мен Венесуэла секілді елдер енді ғана ресми түрде тіркеген. Міне, осы мәліметтерден-ақ, әлем елдерінің қай вакцинаны таңдап алғандығын айқын түсінуге болады.

Тағы да айтамыз, біз Ресейдің вакцинасынан мүлдем бас тартуға үндеп отырған жоқпыз. Тек қандай да вакцинаның жарнамасына толық сеніп қалмай, оның адамдарға тигізетін әсерін толық біліп алмай жаппай пайдаланудан сақтандырып отырмыз. Тек қана орыстың вакцинасына ғана құлдық ұрмай, Америка мен Еуропа елдері егіп жатқан вакциналарды да қосымша сатып алып, пайдалансақ ұпайымыз түгел болады. Мәселен, жақында ғана біздің елдің көршіміз Қытайдан 1 миллион дозалық вакцинанаы сатып алғандығын естіп, осы бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатқандығына қуандық. Қайткенде де біз үшін алдымен өз еліміздің адамдарының денсаулығы қымбат.

Жайберген Болатов

Abai.kz

15 пікір