Сенбі, 20 Сәуір 2024
Өзгелер 6516 9 пікір 3 Мамыр, 2021 сағат 12:26

Қиялдан шындыққа дейін...

Басы: Оралғандар елі – Израиль

Жалғасы: Босқындық өмір. Отансыз тағдыр

Жалғасы: Сион тауына қайту...

1939 жылдың 3-қыркүйегінде Англия Германияға қарсы соғыс жариялады. Сол күні еврей іс басқармасының төрағасы Хаим Вейцманн мәлімдеме жариялап: «Нацистік Германияның Англияға зорлап таңған бұл соғысын біз еврейлерге де қаратқан соғыс деп қабылдаймыз. Сондықтан, еврейлер Англия армиясы мен халқына қалтқысыз қолдау білдіреді» - деп жариялады. Хаим Вейцманның бұл мәлімдемесі бір қырынан еврейлердің Англияның қолдауына жалғасты ие болуды мақсат етсе, енді бір қырынан соғыс қимылдары кезінде орайды пайдаланып, еврей қарулы күштерінің қатарын көбейтіп, әлемдік соғыс аяқталғаннан кейінгі ықтимал соғыстарға дайындалу мақсатынан туған болатын. Соғыс қимылдарының қажеттілігіне сай Англия үкіметі Хаим Вейманның еврей қарулы күштері мен жас сардарларды соғыс қимылдарына машықтандыру талабын бірден мақұлдады. 1940 жылы Англия үкіметі 22 000 адамнан тұратын еврейлердің ерекше жасағын Англия армиясының құрамына қосып алды. 1944 жылы Англия үкіметі 35 000 жасақтан құралған еврей бригадасын құруға келісімін беріп, оны Моше Шарет басқаратын болып белгіленді. Еврейлер соғыс қимылдарына қатысу арқылы қару ұстауды меңгеріп, соғыс қимылдарын басқару өнерін шебер меңгерді. Сонымен бір уақытта өздері де қаруланып, болашақ соғыстар үшін мол қару-жарақ пен оқ-дәріні ұрдап жасырып та үлгерді. Еврейлерде Хаим Вейцманн басшылық еткен Англияшылдар Англиямен одақтасып, өз қарулы күштерін жасақтап жатқан кезде енді бір жағынан әсіре радикалды еврей ұлтшылдары Англияның 1939 жылғы ақ тысты кітабына қарсы тұрып, Англияға қарсы террорлық әрекеттерді де тынымсыз жүргізіп отырды. 1939 жылы қазанда еврейлерден құралған террорлық ұйым «Израильдің бостандығы үшін күрес жасағын» құрды. Оның басында әйгілі ақын Авраам Штерн тұрды. Сол себепті бұл жасақты «Штерн тобы» деп атайтын. Олар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англия мен арабтарға қарсы террорлық қимылдармен шұғылданды. 1921 жылы еврей мемлекетшілдері тарабынан Иргун жасағы құрылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұл ұйым да Англия мен арабтарға қарсы террорлық қимылдарды үдете түсті. Англия үкіметі еврей қоныс аударушыларына шектеу қойған кезде бұл ұйымдар заңсыз әдіс-тәсілдерді қолданып, құпия түрде теңіз жолдары арқылы еврей қоныс аударушыларын Палестинаға үздіксіз тасумен айналысты. 1939 жылдың шілде-қыркүйек айларының өзінде Англия әкімшілігі 6323 еврейдің Палестинаға заңсыз жолдармен кіріп үлгергенін анықтады.

Екінші дүниежүзілік соғыс мезгілінде Англия үкіметі еврейлерді шектеу саясатын ұстанды. Ал Америка, керісінше, Англияның ақ тысты кітабына қарсы шығып, еврейлердің Палестинаға қоныс аударуына қолдау білдірді. Сол мезгілде АҚШ-тағы еврейлердің күші қарқынды өсті. Көптеген еврей саясаткерлері АҚШ-тың қолдауына ие болудың да айрықша маңызды екендігін танып-білді. Бұл өз кезегінде АҚШ-қа бүйрегі бұратын еврей күштерінің қатарын молықтыра түсті. 1942 жылдың мамыр айында АҚШ-тағы еврей мемлекетшілдерінің құрылтайы Нью-Йорктегі Билтмор қонақ үйінде салтанатпен ашылды. Құрылтай Давид Бен-Гурионның бағдарламасын қабылдады. Бағдарламаның мазмұны:

- Англияның Палестинадағы үстемдігін ақырластырып, тұтас Палестина аумағында (қазіргі Иорданияны қоса алғанда) еврей мемлекетін құрып, еврей армиясын қалыптастыру;

- Англияның 1939-жылғы ақ тысты кітабындағы шешімдердің күшін жою;

- Палестинаға қоныс аудару және жер сатып алу мәселесінде толықтай еркіндікке кепілдік жасау;

Міне, бұл сол кездегі «Билтмор бағдарламасы» болатын. Бұл бағдарлама сол кезде АҚШ үкіметінің қолдауына ие болды. АҚШ-тан қолдау табу еврей мемлекетшілдік қозғалысының халықарада қолдау орталығы Англиядан АҚШ-қа қоныс аударғандығын  білдіретін еді. 1946 жылдың желтоқсанында Хаим Вейцманн дүниежүзілік еврей мемлекетшілдер қоғамының төрағалығымен қоштасты. Содан бастап, еврей мемлекетшілдік қозғалысының үшінші кезеңі басталды. Бұл АҚШ-шыл «Давид Бен-Гурион дәуірі» деп те аталады.

Екінші дүниежүзілік соғыс күллі адамзатқа орны толмас апат әкелгені шындық. Ал еврейлер үшін ең қасіретті қырғынға толы дәуір болды. 1933 жылы билікке келген Гитлер нәсілшілдік теориясын насихаттап, нацистік Германия үкіметі еврейлерді қудалай бастады. Генрих Гейне, Зигмунд Фрейд, Эйнштейндердің кітаптары өртелді. Зигмунд Фрейд пен Эйнштейн қатарлы еврейдің таңдаулы перзенттері қудалаудың кесірінен шет елдерге қашуға мәжбүр болды. 1935 жылы нацистік Германия үкіметі Нюрнберг жарлығын шығарып, ағзасында төрттен бірден жоғары еврей қаны бар адамдарды азаматтық құқықтан айырды. Оған жалғас еврейлермен некелесуге тыйым салынды. Еврей ғибадатханалары қиратылды және 500-600 мың еврей Германиядан қуалап шығарылып, олардың бүкіл мүлкі тәркіленді. 1938 жылдың 9-10 қарашасының кешінде нацистік Германия еврейлерге қарсы жазалау шарасын жүргізтіп, бұл тарихта «Жақұт кеші» операциясы деп аталды. Осы кештерде көптеген еврей ғибадатханалары қиратылды, еврейлер топ-тобымен қырғынға ұшырады, тұтқындалды немесе адам айтқысыз айыппұлдар төледі. Сол кезден бастап, Германияда еврейлер заңның қорғауына жатпайтын жексұрындарға айналды. 1942 жылдың қаңтарында Гитлер соңғы рет еверей мәселесін шешу  жоспарын бекітті. Бұл дегеніміз күллі Еуропа құрлығындағы еврейлерді түп-тұқиянымен құрту болатын. Неміс фашистері еврейлерді түрлі өлім лагерлеріне айдап тықты. Освенцим, Треблинка, Майданек қатарлы жаза лагерлеріне сан миллиондаған еврей ұлтының өкілдері тоғытылды. Бір ғана Освенцим жаза лагерінде 1940 жылдың өзінде бір-ақ жылда 2 млн 500 мың еврей өлтірілді. Одан тыс, бес жүз мыңы ауру мен аштықтан көз жұмды. Міне, осылай 3 млн еврей бір-ақ жылда ажал құшты. Еврейлер өлтірілер алдында алтын тісінен тартып, ілікке алар барлық заттары тонап алынатын. Олардың сүйектерінен фосфорлы тыңайтқыштар жасалып, терілері жарық лампасына пайдаланылып, майларынан сабын жасалатын. Міне, осылай Еуропа құрлығы еврейлердің қанына боялды. 1945 жылы соғыс аяқталғанда Польшаны мекендеген 3,5 млн еврейден 75 000 адам, Чехословакиядағы 356 000 еврейден 14 000 адам ғана қалған болатын. Тарихшылар күллі Еуропада 6 млн еврейдің ажал құшқанын, оның 1 млн кәмелетке толмаған жас сәбилер болғандығын айтады. Бұл сандар сол кездегі бүкіл әлемдегі еврейлердің үштен біріне тең болатын.

Ел туралы сай-сүйегім сырқырап, осылай жазып отырғанда, тең жарымынан астамы Кеңестік ашаршылықтан ажал құшқан біздің қазақтарға қарағанда еврейлер бізден бақыттырақ па деп қалады екенсің. Гитлер еврейлерді қанша қырғанымен бір ұлттың сорпа бетіне шығар қаймағын түгелге жуық құртып жібере алған жоқ қой.

Гитлердің қан-қасап қырғыны бір қырынан еврейлерді өзінің тәуелсіз мемлекетін құруға асықтырған құдыретті күшке айналды. Күллі әлемдегі еврейлер, тіпті, ешқандай қудалау мен қысым көрмеген оңтүстік пен солтүстік Америкадағы еврейлердің өзі кім көрінгеннің қылышына туралып, қырғынға түсудің себебі  өздерінің дербес мемлекеті болмағандықтан деген танымға келген болатын. Қырғыннан аман қалғандардың өзі өзінің байрығы мекеніне қайтқысы келмей, Палестинаға ағылуының себебі де өзінің дербес мемлекетін қалыптастыру арманынан туған еді. Шынында, өзінің дербес Отаны жоқ кім көрінгеннің есігінде телім болған пақырды ертең тағы біреу мылтықпен атып, қылышпен турамасына кім кепілдік береді?! Бүгінгі күнде Қытайдағы ұйғырлар мен өз қандас қазақтарымыздың тағдыры да осыған ұқсайды. Әрқандай ұлттың ұлт ретінде жойылып кетпей, өмір сүруінің бірден-бір жолы - тәуелсіз мемлекет. Басқа жолдың бәрі де баянсыз, бұлыңғыр. Тіпті, мүмкін емес.

Өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізді құрамыз деген сенім мен тәуекелдің жетегінде еврейлер әлемнің түкпір-түкпірінен Палестинаға тоқтаусыз ағыла бастады. Олар Палестинаны өздерінің соңғы табан тірер тиянағы деп білді. «Олар сол араға көшіп барғанда әлі де құрыллып үлгермеген мемлекеттің болашағы бар ма? Ол арада оларды не күтіп тұр? Тұрмысына қандай кепілдік бар?» деген сұрақтар жан кешті еврейлерді енді мазаламайтын болды. Тіпті олар  сүйегіміз Палестинаға жетсе, сол арада өлсек те Еуропада қалғаннан артық деп білді. Сол себепті де екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және соғыстан кейін де Еуропада аман қалған еврейлердің Палестинаға түп қотарыла бет түзеуінің сыры да осында еді. Англияның отаршыл әкімшілігі мұндай көші-қонға өз әлінше кедергі жасады. Ал есесіне еврейлер түрлі заңсыз жолдармен жасырын түрде Палестинаға ағылып жатты. 1945 жылдың шілде айынан 1948 жылдың мамыр айына дейін 56 кеме заңсыз қоныс аударушылардан 70 000 адамды Еуропадан Палестинаға жеткізген. Оның елу мыңын ағылшындар қолға түсіріп, жазалау лагерлеріне қамағанымен, кейін Израиль мемлекеті құрылғанда амалсыз босатуға мәжбүр болды.

Гитлердің еврейлерге салған лаңы мен қанды қырғыны күллі әлемді түршіктірді. Бұл өз кезегінде бүкіл әлемде еврей мемлекетшілдеріне тілеулестік сезімді оятып, олардың мемлекет құруына халықаралық дәрежеде жұртшылық үнін әзірлеп берді. Міне, бұл 1947 жылы БҰҰ Палестинаны екіге бөліп, арабтар мен еврейлерге жеке мемлекет құруға шешім қабылдауына да түрткі болып еді. Сол себепті, қырғынға ұшыраған 6 млн еврейдің әруағы еврей мемлекетінің өмірге келуіне елеулі есе қосты десе де болады.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-тағы еврейлердің ықпалы бұрын-соңды болмаған дәрежеде арта түсті. Республикашылдар мен демократияшылдардың бәрі де еврейлердің бюллетендері мен ақшаларына ерекше мұқтаж еді. Сол себепті де АҚШ үкіметі еврей мемлекетшілдерінің қозғалысын қолдауда ерекше белсенді болды. Олар арабтар мен еврейлердің дау-дамайы кезінде Англия үкіметімен қайшылықтасудан қаймықпай еврейлерді қолдап, орта шығыс мәселесіне тікелей араласып, соңында Англияны ығыстырып, өз ықпал-күштерін орта шығысқа орнатуға қол жеткізді. 1945 жылдың 22-мамырында Палестинадағы еврей іс басқармасының төрағасы Хаим Вейцманн Черчильге хат жазып, 1939 жылғы ақ тысты кітаптың күшін жоюды талап етіп, Палестинаның қақпасын айқара ашып, еврей мемлекетінің құрылуына қолдау көрсетуді өтінді. Англия үкіметі «ақылдасайық, зерттеп талқылайық» деген сылтаумен сөз бұйдаға салып, жүріп алды. Ал еврей мемлекетшілдері осымен бір бағытта АҚШ-тың қолдауына белсенді түрде арқа сүйеді. Сол кездегі АҚШ Президенті  Гарри Трумэн 1945 жылдың 31-тамызында Англияның бас уәзірі Энтони Иденге хат жазып, «Еуропада қуғын көрген еврейлердің тағдырына адамгершілік тұрғыда көмек көрсетуді» талап етіп, Англияға қысым жасай бастады. Англия үкіметі дереу 100 000 еврей босқындарының Палестинаға қоныс аударына рұқсат берді. Сонымен бір уақытта 1945 жылдың желтоқсанынан кейінгі бір жыл ішінде АҚШ 7767 еврейдің АҚШ-қа қоныс аударуына мүмкіндік беретіндігін жариялады. АҚШ-тың бұл әрекеті еврейлерді өздерінің байырғы ата қонысына келтірмей отырған Англия үкіметінің қылығымен салыстырғанда халықаралық қауымдастықтың алдында АҚШ-тың жүзін жарық етіп, Англияны ырықсыз жағдайға түсірді. Еврейлер де қарап жатпаған еді. Олардың әскери қосындары арт-артынан жарыстар ұйымдастырып, Англия үкіметіне қысымын үдете түсті.

Мұндай жағдайда Англия үкіметі АҚШ-тың қолдауы мен әріптестігіне иек артуға мәжбүр болды. Англия үкіметі  АҚШ-тың Англиямен бірлесіп, арнайы тексеру-зерттеу тобын құрып, Еуропадағы еврейлердің жағдайын зерттеп, Палестинаның саяси болашағы мәселесін ақылдасып, шешуді ұсынды. 1946 жылдың 30-сәуірінде АҚШ пен Англияның бірлескен жұмыс тобы өз баяндамасын ұсынды. Оның негізгі мазмұны мынадай төрт тармақтан тұратын:

1. Арабтар мен еврейлер тең құқылы, толық автономиялы бір мемлекет құру. Бірақ ол арабтарға да, еврейлерге де басы бүтін тиесілі емес. Екеуіне ортақ бір мемлекет. Осы мемлекет құрылуынан бұрын Палестина жалғасты Англия үкіметінің қамқорлығында болады.

2. Шұғыл түрде Еуропада тұрып жатқан 100 000 еврей босқынына көші-қон куәлігін беріп, Палестинаға көшіру.

3. Еврейлердің жер сатып алуына жасалған түрлі шектеулерді түбірімен жою.

4. Палестинаға бейбітшілік қажет. Арабтар мен еврейлердің қай-қайсысы да зорлықты күш, қорқытып-үркіту және террорлық қимылдар арқылы аталған жоспардың орындалуына кедергі жасағандары қатаң жанышталады. Палестинадағы еврей іс басқармасы шұғыл түрде Англия әкімшілігімен байланысын қалпына келтіріп, жергілікті әкімшіліктермен бірлесе отырып, еврей содырларының террористік әрекеттерін жаныштау және еврейлердің заңсыз түрде Палестинаға қоныс аударуына тоқтау салу.

Аталған баяндама негізгі жақтан АҚШ пен еврей мемлекетшілдерінің талабына үйлескенімен, арабтар бұған үзілді-кесілді қарсы болды. Англия үкіметі де мұндай жобаны орындауда қиындықтар барын, оған АҚШ-тың қолдауы керектігін сылтау етіп, орындаудан бас тартты. Тек қана АҚШ Президенті Гарри Трумэн ғана комиссияның баяндамасын бекітті. Сол жылдың маусым-шілде айларында еврей мемлекетшілдері қол қусырып қарап отырмастан батыл әрекеттерге кірісті. Оларға шын мәнінде шегінерге жол да жоқ болатын. Сол себепті олар террорлық сипаттағы бүлдіру әрекеттерін толассыз жүргізтіп, Англия үкіметіне қысымын күшейте түсті. Маусымның 18-күні хагана жасақтары сыртпен байланысатын шекарадағы сегіз бірдей көпірді жарып жіберіп, Палестинаның сыртқы елдермен байланысын мүлде туралап тастады. Шілденің 22-күні иргун жасақтары Иерусалимдегі Дәуіт Патша қонақ үйінің бір бұрышында орналасқан Англия армиясының қолбасылық штабын күйретіп, жүздеген адамды жарылыс құрбанына айналдырды.

1946 жылы шілденің соңында Англия мен АҚШ дипломаттары Палестина мәселесін шешудегі Грэди-Моррисон жобасын жариялап, АҚШ-Англия бірлескен жұмыс тобының күні өткен жобасымен орнын ауыстырды. Аталған жобаға сәйкес Палестинаны төрт өлкеге бөлінетін болды. Оның біреуі еврейлер автономиялы өлкесі деп аталып, Палестина жерінің 17% меншіктене алатын болды. Енді біреуі - араб автономиялы өлкесі. Ол  Палестина жерінің 42% иеленеді. Қалған екеуі Англияға тиесілі өлкелер болып, олардың құрамына Иерусалим өлкесі мен Негев өлкесі еніп, төрт өлкеден құрам тапқан Палестина федеративтік мемлекеті құрылатын болды. Бұл жобаға еврейлер үзілді-кесілді келіспеді. Себебі, оларға бөлінген жер аумағы тым мардымсыз деп есептеді. Бұл жоба арабтарды да қуанта қойған жоқ - Палестинада өздеріне тиесілі тәуелсіз мемлекеттің құрылмағаны олардың көңілінен шықпапты. АҚШ үкіметінің ішіндегі еврейлерге бүйрегі бұратын саяси күштер де бұл жобаға өз қарсылықтарын танытып, Гарри Трумэн үкіметіне қысым жасап, АҚШ билігін бұл жобадан бас тартуға мәжбүр етті.  Бұл кезде еврей мемлекетшілдер ұйымының көсемдері де тұтас Палестина аймағында (Иорданияны өз ішіне алған) еврей мемлекетін құрудың шындыққа жанаспайтындығын сезіне бастады. Себебі, еврейлердің жан саны әлі де басымдыққа жете қоймапты. Бұл жерде ең шындыққа жанасатын жоба Палестинаның бір бөлім аймағында мемлекет құрып, еврейлердің дербестігін тез арада жүзеге асыруды армандады. Сонымен, еврей мемлекетшілдер ұйымы Палестинаның «ыңғайлы аймағынан» еврей мемлекетін құрудың жаңа жоспарын ұсынды. Олардың «ыңайлы аймақ» деп отырғаны Галилея, Тель-Авивтен Аккоға дейінгі теңіз жағалауы өңірлері, оған қоса Негев шөлін өз ішіне алған аумақтар қамтылатын. АҚШ Президенті Гарри Трумэн бұл жобаға бірден қолдау білдірді. Осы кезде Англия арабтармен ынтымақтасып, өзінің орта шығыстағы отарлық үстемдігін сақтап қалу мақсатында бұл жобаға қарсылық білдірді. Англия үкіметінің бұл қылығы еврей мемлекетшілдерін қатты шамырқантып, Палестина аймағындағы террорлық қимылдарын одан бетер үдете түсті. Англия үкіметі оларға түк те істей алған жоқ.

Ағылшындар Палестина мәселесін оңтайлы шеше алмағандығы былай тұрсын, араб пен еврейлердің бірдей наласына тап болды. Еврейлер мен арабтар да оларға болған өшпенділігін үдете түскен соң, Англия үкіметі ендігәрі осы бір мазасыз аймақта тұрақтап қалу қажет емес деп шешті. Сонымен, «аш бәледен қаш бәле» деп, 1947 жылдың ақпан айында Англия үкіметі Палестина мәселесін БҰҰ қарауына беріп, Палестинадан тездетіп қашып құтылуға асықты. Англия үкіметінің талабына сәйкес, сәуірдің 28-нен мамырдың 18 дейін БҰҰ арнайы мәжіліс шақырып, БҰҰ тұрақты мүшелерінен тыс, 11 елдің өкілі қатысқан арнайы комиссия құрып, Палестина мәселесін зерттеп, сол жылдың қыркүйек айына дейін БҰҰ жалпы жиналысына арнайы баяндама ұсынатын болды. Сол жылы 31-тамызда ерекше комиссия БҰҰ жалпы жиналысына өз баяндамасын ұсынып, Англияның Палестинадағы үстемдігін тез арада аяқтау арқылы Палестинаны қысқа мерзімде дербес мемлекет деп тануды ұсынды. Бірақ, Палестина саяси формасына байланысты ерекше комиссиядағылардың пікірі екіге жарылды. Бір-бірімен келісе алмаған екі жақ екі түрлі жоба ұсынды. Канада, Чехословакия, Гватемала, Голландия, Перу, Швеция және Уругвай қатарлы жеті мемлекет көпшілік жақ болып Палестинаны экономикалық жақтан біріктіріп, саяси жақтан бөліп басқаруды ұсынды. Демек, олардың жобасы бойынша Палестинада бір-бірінен тәуелсіз екі мемлекет құрылуы керек болатын. Ал Индия, Югославия және Иран бастаған 3 мемлекет азшылық топ болып Палестинада үш жылға созылған өтпелі дәуірден соң барып, федеративті мемлекет құрып, федерацияны араб және еврей аймағы етіп құруды ұсынды. Олардың жобасы бойынша арабтар қоныстанған аймақ еврейлерден көлемдірек болады, әр аймақ өзін-өзі басқарады. Федералдық үкімет тек қана мемлекет қорғанысы, дипломатиялық қарым-қатынас және көші-қон мәселелеріне жауап беретін болсын дегенге саяды. Екі түрлі жобаға Австралия ғана қалыс қалды.

Аталған жобаның екеуіне де арабтар жағы келісім берген жоқ. Ал еврейлер көпшілік мемлекеттер ұсынған жобаны қабылдауға дайын екендіктерін білдірді. Екі үлкен держава АҚШ пен Кеңес Одағы көпшілік жақтың жобасын қолдап шықты.

1947 жылдың 29-қарашасында БҰҰ екінші кезекті мәжілісі көпшілік жақтың жобасын дауысқа салды. Нәтижесінде, АҚШ, Кеңес Одағы бастаған 33 ел қолдап дауыс берді. 13 ел қарсы болды. Оны қалыс қалды. Сонымен, Палестинаның болашақ тағдырына байланысты БҰҰ 181(2) қарары өмірге келді. Қарар төрт бөлімнен тұрады:

1. Палестинаның болашақтағы ұйымдық және басқару құрылымы;

2. Палестинаның шекарасы;

3. Иерусалим қаласы;

4. Биліктен тысқары құқықтары;

Қарарда мыналар белгіленді:

- Англияның Палестинадағы үстемдігі 1948 жылдың 1-тамызынан кешікпей ақырласуы тиіс;

- Англияның билігі ақырласқаннан кейін екі айдың ішінде араб және еврей мемлекеті құрылуы керек;

- Арабтарға тиісті жер аумағы 11203 шаршы км аумақты қамтып, оған солтүстік Галилея, Иордан өзенінің батысындағы аймақтар және Яффо қаласындағы арабтар қоныстанған аудандар кіреді. Ол жалпы Палестина жер аумағының 42,88% құрайды. Бұл аймақтағы арабтардың жан саны 725 мың және 10 мың еврей бар;

- Еврей мемлекетінің жер аумағы 14942 шаршы км. Бұл Палестина жерінің 56,47% иелейді. Бұл аумақта 498 000 еврей, 407 000 араб болды. Бұдан тыс, Иерусалим мен оның іргесіндегі ауылдар дербес құрылым ретінде БҰҰ басқарылуына қалдырылды.

БҰҰ жер аумағын бөлу жөніндегі қаулысы арабтар мен еврейлердің жан санына мүлде сәйкес келмеді. Сол кездегі еврейлер Палестина жан санының небәрі үштен бір бөлігн құрайтын. Ал, олардың меншігіндегі жер көлемі небәрі 6-ақ пайыз еді. Нәтижесінде, оларға 56,48% жер тиесілі болды. Оның үстіне, оларға бөлінген жерлер экономикасы дамыған аймақтар мен теңіз жағалауындағы шұрайлы алқаптар еді. Ал жан санының үштен екі бөлігін құрайтын арабтар небәрі жер аумағының 42,88% иеленді. Ал оларға бөлінген жерлер негізінен қыраттар мен қу медиан құнарсыз тақыр далалар еді. Араб мемлекеттері мен Палестиналық арабтар бұл қарарға тыс-тырнағымен қарсы болды. Арабтардың ұғымынша, еврейлер Палестинада мемлекет құруға тіптен құқысыз, тек қана аз санды ұлт ретінде өмір сүруіне болады. БҰҰ еврейлерге мемлекет құруға құқық беруі арабтарға жасалған шапқыншылықпен парапар. Бұл арабтардың иелік құқығы мен кісілік құқығын өрескел түрде аяққа таптау деп қабылдады. Ал еврейлердің танымында БҰҰ бөліп басқару жөніндегі қарары еврейлердің сан ғасырлық арманының жемісі және ұлы дәуірдің басталуы. Тіпті, еврейлердің өз ата-қонысына болған иелік құқығын қайтарып алуы деп атады. Шындап келгенде, ірі елдердің бөліп басқару жөніндегі қарарға қолдау білдіруі өздерінің мемлекеттік мүддесінен туындаған болатын. Еврейлерді жарылқай қояйық деген ой олардың санасына кіріп те шықпайтын. Одан тыс, бөлу жұмыстары кезінде де көптеген мәселелердің көрініс тапқаны да жасырын емес. Сол себепті, қарар жобасын орындау кезінде орта шығыстың тыныштылығы мен бейбітшілігіне және арабтар мен еврейлердің ұзақ уақыттық қақтығысына себеп болатын даулы мәселелерді мұраға қалдырып кетті.

1947 жылдың 29-қарашасында БҰҰ бөліп басқару жөніндегі қарары қабылданғаннан кейін арабтар мен еврейлердің бейресми соғысы басталып кеткен болатын. Екі жақтың қарулы күштері бір-біріне шабуылдап, өлім-жітім күн өткен сайын көбейе берді. 1948 жылдың наурыз айына дейін 1200 еврей ажал құшты. Бастапқы кезде арабтардың күші басым түскендей көрінген. БҰҰ қарары да тек қағаз жүзінде қалатын сияқты еді. Ақылды еврейлер мәселенің ауырлап бара жатқандығын бірден сезінді. Жағаласпай  жан қалмайтындығын біліп, тек қарудың күшімен ғана мемлекет құру болатындығын танып-білді. 1948 жылдың наурыз айында хагана қарулы күштері «Даррет» деп аталатын жоспар жасап, арабтарға қарсы кең көлемді  қайтарма соққы жасады. Ондағы мақсат арабтардан өш алу ғана емес, бөліп басқару қарарында белгіленген еврей мемлекетіне тиесілі территорияны қайтарып алып, еврейлер қоныстанған елді-мекендерді аман сақтап қалу болатын. Еврейлер біртіндеп күш алып, соғыста ырықты жағдайға қол жеткізді. Иргун жасағы асқан қатыгездігімен көзге түсті. Сәуірдің тоғызыншы күні олар Иерусалим маңындағы Дежер Ясин қыстағын қанға бояп, сол елді-мекендегі 250 арабты ер-әйел, бала-шаға деместен түп-түгел тігерге тұяқ қалтырмай қырып салды. 1948 жылы сәуір айының соңында 300 000 араб өздерінің туған жерін тастап, басы ауған жаққа босып кетуге мәжбүр болды.

Арабтар мен еврейлердің бейресми соғысы басталғаннан кейін көп өтпей АҚШ үкіметі арабтардың жеңіске қол созым қалғаныдығын көріп, бөліп басқару жоспары жүзеге аспайды деп топшылады. Оған қоса, АҚШ-тың мұнай алыптары үкіметке қысымды күшейтіп, үкіметтің бөліп басқару жоспарынан бас тартуын талап етті. Сайқал саясаттың кесірінен АҚШ-тың еврейлерді қолдау жоспары құрдымға кетуге шақ қалып тұрды. 1948 жылдың 19-наурызында АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Уоррен Остин қауіпсіздік кеңесіне жаңа бір қарар жобасын ұсынып, бөліп басқару қызметін толықтай доғаруды, сондай-ақ БҰҰ тағы бір мәжілісін шақырып, Палестинаны уақытша сенімді басқаруға беруді ұсынды. АҚШ позициясының бұлайша құбылуы еврейлердің ерекше ашу-ызасын тудырды. Олардың мемлекет құру арманы күл-талқан болатындай қауіпті шекке беттеп бара жатты. Сол себепті, еврейлер 19-наурызды «қара түнек жұма» деп атайды. Сәуірдің 16-күні БҰҰ шұғыл жиналыс шақырып, АҚШ-тың Палестинаны сенімді  басқаруға беру жобасын талқылады. Бірақ, нәтиже болған жоқ. Еврейлер Палестинада тоқтаусыз қарулы қақтығыс болғанда ғана сенімді басқарудың орындалмайтындығына көзі жетті. Сол себепті, олар арабтарға болған қарулы шабуылдарын үдетіп, АҚШ-тың сенімді басқаруға беру жобасының күл-талқанын шығарды. Оған қоса, АҚШ-тағы еврейлерге бүйрегі бұратын қаржы алпауыттары үкіметке қысым жасап, Президент Гарри Трумэнді қайта-қайта мазалап жүріп, бөліп басқару жобасын қолдауға көндірді. Сондай-ақ, егер, еврей мемлекеті құрыла қалса, оны бірден мойындауға шешім қабылдатты.

Сол жылдың 14-маусымында Англияның 7-кезекті губернаторы сэр Алан Каннингем Палестинадан кетіп, Англияның аталған аймақтағы үстемдігін аяқтатты. Сол күні түстен кейін сағат 16.00-де еврей мемлекетшілдерінің бүкіл мемлекеттік комитеті шұғыл жиналыс шақырып, Тель-Авива өнер мұражайында Израиль мемлекетінің құрылғандығын жариялады. Жиналыс тәуелсіздік декларациясын қабылдап, Давид Бен-Гурион бастаған атқару комитетін құрып, уақытша үкіметтің билігін өз қолына алды. Осыдан бастап, еврейлердің тарихында жаңа бір бет ашылды. Тель-Авивада Израиль мемлекетінің құрылғандығын жариялаған соң, он минут өткенде АҚШ Президенті Гарри Трумэн Израиль мемлекетін мойындайтындығын жариялады. Содан үш күн өткен соң, 17-мамырда, Кеңес Одағы да Израиль мемлекетін танитындығын жариялады.

Израиль мемлекеті қазірге дейін әлемде бірден-бір БҰҰ-ның қарары негізінде құрылған мемлекет ертінде аталады. Еврейлер де 2000 жыл сергелдеңдік өмірді бастан өткізіп, жұтылып-жойылып кетпей, қайта мемлекет құрған ерекше бір ұлт саналады. Олар 3000 жылдың алдына-ақ ежелгі Палестина жерінде мемлекет құрды. Бірақ, еврейлердің тәуелсіздік тарихының уақыты олардың күллі әлемге тарыдай шашылып, кісі есігінде күн көрген уақытынан әлдеқайда қысқа. Мыңдаған жылдарға созылған босқындық өмір кезінде еврейлер әлемді кезіп, босып кетті. Олар көп жағдайда бөлшектеніп, шағын көлемде топтанып  тұрмыс кешірді. Олардың дербес елді-мекендері мен қалалары болған жоқ. Ортақ тілі, айқын ұлттық келбеті, біртұтас психологиялық ерекшеліктері де болмады. Былайша айтқанда, олардың бойында біртұтас ұлтқа тиесілі ерекшеліктердің жұрнағы да қалмаған еді. Таяу заманға келгенде кейбір еврей оқымыстыларының еврей мемлекетін құру идеясын ортаға салғанда ұзақ уақыттар бойы тұншығып жатқан ұлттық сана-сезімдері ғайыптан тайып, таңғаларлық жағдайда бұрқанып шыға келді. Олардың бұл бастамалары алғашында күлкілі және адамдардың мүсіркеу сезімін қозғайтындай бейшара тірлік еді. Бірақ, біртіндеп жанданып, күш алып, ең соңында қиялдан шындыққа айналды. Әрине, Израиль мемлекетінің құрылуы ірі державалардың қолдауынсыз жүзеге асқан жоқ. Бірақ, сол қолдауды қолға келтірген еврейдің ерекше дарынды және жан кешті ұл-қыздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі болатын. Еврей мемлекетшілдерінің көсемдері күллі әлемді кезіп жүріп, үгіт-насихат жүргізіп, өзіне тілеулестер тауып, күштілерден қолдау іздеді. Олар Германия патшасы мен Түркияның сұлтандарынан, Англияның бас уәзірлерінен, Америка президенттерінен, алпауыт елдердің дипломаттарынан, депутаттар мен қаржы алпауыттарының тілін тауып, қолдауына ие болып отырды. Еуропаның көптеген еврейлері бұрындары  шетінен саудагер, өсімқорлар болатын. Олар өз ғұмырында қолына күрек алып, иығына жүк көтеріп те көрмеген. Дене еңбегінің қалай болатындығын тіпті де білмейтін. Бірақ, олар еврей мемлекетшілдерінің үндеуімен Палестинаға барып, осы бір құнарсыз жерде егіншілікті кәсіп етті. Басы ауырып, балтыры сыздады. Аштық пен жоқшылықтың, ауру мен азып-тозудың азабын бір кісідей тарта жүріп, қала-қалашықтарды салды. Өздерінің қан-терімен Израиль деген мемлекеттің негізін қалады.

1948 жылдың 14- мамырында Израиль мемлекетінің құрылуы еврей ұлтының тарихындағы дәуір бөлгіштік мәнге ие тарихи күн болды. Олар өз ұлтының Отансыз күй кешкен тарихына нүкте қойды. Бірақ, Израиль мемлекетінің құрылуы еврейлердің Израиль мемлекетін құрудағы астамшылдық, ашқарақ сезімдерін оятып, көршілерін бөрідей талады. Израиль мемлекеті құрылған 70-жылдан аса уақыттан бері айналасымен жауласып, соғыс жағдайында өмір сүріп келеді. Былайша айтқанда, Израиль әр күнін соғыспен немесе соғысқа дайындалумен өткізуде. Сол себепті, күні бүгінге дейін Израильдің іргесі бекемделіп, әлем мойындаған тұрақты шекарасы сызылған емес.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы 

Abai.kz

9 пікір