Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Өзгелер 9559 11 пікір 26 Сәуір, 2021 сағат 16:40

Сион тауына қайту...

Басы: Оралғандар елі – Израиль

Жалғасы: Босқындық өмір. Отансыз тағдыр

ХІХ ғасырдың соңында Еуропада жаңа бір ұлттық нәсілшілдікті негіз еткен еврейлерге қарсы толқын бас көтерді. Еуропадағы өнеркәсіп-сауда капитализмінің еркін дамуы еврейлер үшін өз ақыл-парасатын армансыз жұмсауға кең бір әлемнің есігін ашқандай болып еді. Еврейлердің экономикалық жақта қол жеткізген таңғажайып табыстары, ең алдымен, өзге ұлттардан шыққан элиталық топтың қызғанышын қоздырды. Ал аш-жалаңаш, қарапайым халық та бай еврейлерге өшпенділікпен қарайтын болды. Тең құқылы, «азаттыққа» қол жеткізген еврейлер оларға көзге шыққан сүйелдей көрініп, орайы келсе, талап-жеп, жұтып қоюға оқталып тұратын. 1881 жылы Ресей патшасы Александр ІІ қастандыққа ұшырады. Сыныққа сылтау іздегендер осы қаскүнемдікке еврейлердің қатысы бар деп кінәлады. Артынша, күллі Ресейде еврейлерді аяусыз өлтіру толқыны белең алды. 1894 жылы желтоқсанда Франция армиясының капитаны еврей Альфред Дрейфус Отанға опасыздық жасады деген күдікпен өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл нақақ іс 12 жылдан соң (1906 жылы) барып, ақталды.

Бұл жағдайлар Мозес Гесс, Карл Маркс, раввин Иехуда Алкалай, раввин Цви-Гирш Калишер қатарлы еврей ойшылдарын еврейлердің ұлттық мәселесін түбірінен шешу жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Ойшылдардың қатары үздіксіз толыға берді. 1981 жылы Ресейдің Одесса қаласында тұратын еврей дәрігер Лев(Леон) Семёнович «Өзімізді азат етейік» деген кітап жазып, еврейлерде басқа да езілген отар халықтар сияқты өз мемлекетін құру арқылы өздерін азат ету керек деген ойын ортаға салды. Ол осылай істегенде ғана еврейлер басқалармен иық тіресіп, ел санатындағы ұлтқа айналады деп дәріптеді. Оған жалғас, еврей мемлекетін құру және оны іс жүзіне асырудың жүйелі бағдарламасын ұсынған 1860 жылы Будапештте туылған әйгілі саяси тұлға Теодор Герцль болды. Ол бұрын еврейлердің өзі тұрған елдерінде ассимиляциялануын батыл жақтаушылардың бірі болатын. Ол еврейлердің шоқынуы мен басқа ұлттарға некелесуі арқылы өзі тұрған елдеріне сіңісіп кетуін армандады. Бірақ, Франция армиясының капитаны еврей Альфред Дрейфустің ісі оның көзқарастарын түбірімен өзгертіп жіберді. 1894-1895 жылдары ол Венадағы ықпалды бір газеттің тілшісі болатын. Сол арада ол Альфред Дрейфустің ісін тергеудің барысын толық қадағалап, еврейлерге сайланған қастандық спектаклінің қисынсыз сценарийін өз көзімен көрді. Сот залындағы тыңдаушылар ауық-ауық «еврейлерді өлтірейік!», «еврейлердің көзі жойылсын!» деген ұрандарды ет құлағымен естіп, қатты түршікті. Ол ассимиляциялану, кірменің күнін көру еврейлерге қол емес, еврей мәселесін шешудің кілті және бірден-бір шығар жолы еврейдің өз тәуелсіз мемлекетін қалыптастыру деген шешімге келді. Ол өз күнделігінде: «Альфред Дрейфустің ісі мені   еврей мемлекетін қайтарушылардың санатына қосты» - деп жазды.

Еврей мемлекетін құрушыларды «Сионизмшілдер» деп те атайды. Сол кезде олардың ойлап тапқаны Иерусалимнің жанындағы ежелгі еврей патшалығының билеушісі Дәуіт Пайғамбар жатқан қасиетті жер Сион тауға қайту ұраны болды. Оның басты мақсаты - Палестинадағы еврейлердің ежелгі ата қонысынан өздеріне экономикалық және рухани тірек тауып, сол араға топтасу арқылы тәуелсіз еврей мемлекетін қалыптастыру еді.

1896 жылы Теодор Герцлдің «Еврейлер елі» деген еңбегі басылып шықты. Ол өз әлінше еврей мемлекетін қалыптастырудың жолдары мен айла-тәсілдерін тәптіштеп түсіндірді. Бұл кітап еврейлердің кейінгі тарихына ерекше ықпалын тигізді. Кейін келе еврей мемлекетін құрушылар қозғалысының көсемі Хаим Вейцман осы кітапты оқығандағы әсерін: «Бұл кітаптың жарық көруі аспаннан найзағай түскендей әсер етті. Теодор Герцль еврей халқының жүрегінде өздерінің Мұса Пайғамбарымен қайта қауышқандай сезім тудырды»-деп жазды.

Теодор Герцль белсенді әрекеті мен үгіт-насихатының арқасында 1897 жылы Швейцарияда тұңғыш реткі еврей мемлекетшілдерінің бірінші құрылтайы шақырылды. Құрылтайға шығыс Еуропа, батыс Еуропа, Англия, Америка және Алжириядан келген 197 делегат қатысты. Құрылтайда Теодор Герцль өзінің «Еврей мемлекеті» деп аталатын кітабындағы айтылған жоспарларымен бөлісті. Ол Палестинада немесе Аргентинада еврей мемлекетін құру жоспарын айтты. Ол Лев(Леон) Семёнович сияқты әйтеу еврей мемлекетін құратын жер табылса болды, мемлекет тек Палестинада ғана шаңырақ көтеруі шарт емес деген ойын ортаға салды. Бірақ, жиналғандар бір ауыздан болашақ еврей мемлекеті өз атамекендері Палестинада құрылуы шарт деп шешті. Құрылтай еврей мемлекетін қалпына келтіру қозғалысының бағдарламасын бекітті. Аталған бағдарламада: «Еврей мемлекетін қалпына келтірушілердің мақсаты Палестинадан еврей ұлтына жалпыға бірдей заңдардың қорғауындағы еврей елін қалыптастыру. Осы мақсат үшін құрылтай төмендегі әдіс-тәсілдерді ұсынады:

  1. Еврей ұлтынан шыққан шаруаларды, жұмысшыларды, ұсталар мен қолөнер шеберлерін Палестинаға қоныстанып, сол арада тірлік кешуді үздіксіз үгіттеу;
  2. Әр елдердің заңдары мүмкіндік беретін көлемде әрбір жерде жергілікті сипаты бар ұйымдар құрып, сол арқылы барлық еврейлермен бірлесе әрекет ету;
  3. Еврей ұлтының өзара туысқандық сезімін күшейтіп, ұлттық сананы ояту;
  4. Түрліше әдіс-тәсілдермен ішінара елдердің үкіметтерінің қолдауына ие болу. Бұлар еврей мемлекетінің қалпына келтірудің сөзсіз қажеттілігі».

Құрылтай әлемдегі еврейлердің мемлекетін қалпына келтіру қауымдастығын құрып,  Теодор Герцлді тұңғыш төраға  етіп сайлады. Құрылтай және еврей мемлекетінің туын, мемлекеттің әнұранын бекітті. Құрылтай шешіміне сәйкес Венада қауымдастықтық қимылын үйлестіретін атқару комитетінің тұрақты өкілдігі жұмыс істейтін болды. Еврей мемлекетін қалпына келтірушілердің мақсаты күллі әлемге тарыдай шашылып кеткен еврейлерді бірлікке шақырып, қоныс аудару жолымен Палестинада мемлекет құруды мұрат тұтты. Алғашында бүкіл еврей табанынан тік тұрып, бұл ұсынысты іліп әкеткен жоқ. Бастабында қолдаушылардың қатары айтарлықтай аз болды. Кейбір бай-манаптар еврейлердің ассимиляция болуын дәріптеп, еврей мемлекетін құрушыларға қарсы болды. Әсіресе, Яһуди раввиндері сол баяғы дінни кербақпалыққа басып, мұндай зайырлы бағыттағы еврей мемлекетін құру арқылы еврейлерді құтқаруға үзілді-кесілді қарсы болды.

1903 жылы Англия үкіметі Теодор Герцльге Англияның отары болған Угандаға еврейлерді көшіріп-қоныстандыруға ұсыныс жасады. Теодор Герцль бұл ұсынысты қабылдауға бейім болды. Кейін бұл ұсыныс еврей мемлекетін құрушылардың алтыншы құрылтайында делегаттардың талқылауына шығарылды. Бірақ, шығыс Еуропадан келген делегаттар Англияның ұсынысына қатаң қарсылық танытып, бұл еврей мемлекетін қалпына келтірушілерді бөлшектеп тынады деп қарады. 1904 жылы еврейлер Мұса Пайғамбардай әспеттеп, қадірлейтін Теодор Герцль небәрі 44 жасында бақилық болды. Ол болашақ Израиль мемлекетінің іргетасын қалай бастағанда өмірден озды. Оның мүрдесі 1949 жылы Израильге әкелініп, Иерусалимдегі кейін келе Теодор Герцль аталып кеткен тауға жерленді.

Еврей мемлекетін қалпына келтірушілердің бірінші құрылтайының шақырылуы және әлемдік еврей мемлекетшілерінің қауымдастығының құрылуы еврей мемлекетінің қиялдан шынайы әрекетке айналғандығының белгісі еді. 1899 жылы қауымдастыққа мүше болғандардың саны 114 000 адамға жетті. Ал 1921 жылы 770 000 адамнан асты. ХІХ ғасырдың ортасында бүкіл әлемдегі еврейлердің саны 4 млн 750 мың болатын. Олардың басым көпшілігі шығыс Еуропа мен батыс Еуропада қоныстанды. ХХ ғасырдың басында әлемдегі еврейлердің саны 15 млн жетті. 1845 жылы Палестинадағы еврейлер небәрі 12 000 адам болатын. 1882 жылы 24 000 адамға жетті. Әйгілі Базель құрылтайының қарсаңындағы  1882 жылы Ресей еврейлерінен 50 ер, 1 әйелден құралған Ресейлік алғашқы топтағы қоныстанушылар Палестинаға табан тіреді. Олар бірінші топтағы өркениетті елден келген қоныс аударушылар болатын. Оларды кейінгілер атамекенге бет түзеген көштің көшбасшылары есебінде құрметтеді. Осыдан соң дүниежүзілік еврей мемлекетшілдер қауымдастығының үндеуімен Палестинаға қоныс аударушы еврейлердің көші толастаған жоқ. Мұндай қозғалыстарды «оралушылар» деп атайтын. 1882 жылдан 1914 жылдар аралығында екі мәрте ауқымды түрде оралушылардың көшімен мөлшермен 65 мыңдай адам Палестинаға табан тіреді.

1901 жылы еврей мемлекетшілдерінің бесінші құрылтайында «Еврейлердің ұлттық қоры» құрылды. Оның міндеті Палестинадан жер және үй-жайлар сатып алу, орман отырғызып, топтасқан еврей қоныстарын қалыптастыру. Кейін келе ауылшаруашылық бағытындағы Мошав, Кибуц елді-мекендері еврейлердің ұлттық қорының қаржысына сатып алынған болатын. Бұл жерде ақшасы бар еврей Палестинадан қалаған жерін сатып ала береді деген жаңсақ ұғым тумауға тиіс. ХІХ ғасырдың соңында Осман түрік империясы зауалға бет алды. Қазынаның қоржынын толтыру үшін Түркия үкіметі тұз, темекі, арақ-шарап және жібектің кедендік салығын кепілге қою арқылы дамыған елдерден көп мөлшерде қарыз ала бастады. «Қарыз түбі – борыш» дегендей, шет ел алпауыттары түрлі сылтаулармен мемлекет ішінде мемлекет құрып, өз құрылымдарын Түркия иеліктеріне тықпалай бастады. Олар ең алдымен Түркияның пошта жүйесі сенімсіз деген сылтаумен Осман империясының аумағынан өздеріне бағынатын пошта қызметі жүйесін қалыптастырды. Бұл қызметті Палестиналықтар, Түркия азаматтары және шет елдіктер қалағанынша пайдаланатын болды. түркия үкіметі амалсыздан шет елдіктерге түрлі-түсті ерекше құқық беретін шарттарға қол қоятын болды. Бұл өз кезегінде Түркия аумағындағы шет елдіктердің құқығын Түркия заңдарына бағынбайтын мемлекет ішіндегі мемлекетке айналдырды. Мұнда азаматтардың екі түрлі құқығы болды. Бірі – Түркия азаматтары, екіншісі – ерекше құқықтық мәртебеге ие басқа елдердің диаспорасы. Түркия азаматтары өз биліктеріне шартсыз бағынуы шарт. Ал шет ел диаспоралары Түркия билігіне бағынбайды. Олар өз құқықтары бұзылды деп санаса, дереу консулға арызданып, қорғауды талап етеді. Осы жағдайды еврейлер де оңтайлы пайдаланды. Олар қит етсе болды, өзі шыққан елдің консулдарының қолдауына жүгіретін. Әрине, белгілі өркениетті құқықтық жүйе қалыптасқан  батыс елдері өз азаматтары саналатын еврейлерді қолдап-қолпаштайтын. Тек қана, Ресейдің дипломатиялық өкілдіктері нем кетті, салқын қабылдайтын. Бір қызығы, жер мәселесіне келгенде, Осман империясының сұлтандары тым ақымақ болған жоқ. Олар түрлі заң-жарлықтар шығарып, еврейлердің жер сатып алуына кедергі жасады. Бірақ, еврейлердің қомақты парасы түріктердің жергілікті билеушілерін заңды үнемі белден басуға итермелейтін. Олар өз парасын алған соң, еврейлердің жер сатып алуына көз жұмбайлықпен қарап үйренді.

Мемлекет құру үшін басым көпшілік халық біртұтас қолданатын ұлттық тіл-жазу болуға тиіс. Бірақ, еврейлерде ондай мүмкіндік атымен жоқ болатын. Ежелгі ирбит тілі 2000 жылдан бері жалпы беттік қолданудан шеттетіліп, Яһудилердің діни тәпсірлерінде және діни рәсімдерде ғана қолданылатын. Палестинаға оралған еврейлер әрқайсысы өзі келген елдің тіл-жазуын пайдаланатын. Сырт көзге қарағанда, оларды бір ұлт деп айтуға келмейтін еді. Себебі олардың ортақ тіл-жазуы болған жоқ. Элиезер Берковиц деген еврей бұл жағдайды өзгертуге бел байлады. Ол 1881 жылы Палестинаға көшіп келгеннен кейін, ирбит тілін тірілту  жұмысын толығымен аяқтап, ирбит тілін еврейлердің күнделікті өмірде ортақ қолданатын тіл-жазуына айналдырды.

1909 жылы екінші реткі Палестинаға оралу науқаны кезінде Тивериад көлі жағасындағы Деганьядан тұңғыш реткі ұжымдық ауыл шаруашылық ұйымы Кибуцты құрды. Ол тез арада дамып, ауыл шаруашылық ұжымдық қозғалысына айналды.

1913 жылы 11-кезекті еврей мемлекетшілдерінің құрылтайы Венада шақырылды.  Құрылтайда әйгілі ағылшын химигі Хаим Вейцман жұрт арасынан суырылып шығып, ерекше көзге түсті. Ол одан бұрын төраға ретінде сайланбаған болса да, еврей мемлекетшілдерінің іс жүзіндегі көсеміне айналып, еврей мемлекетін құру қозғалысын түпкілікті жеңіске жеткізді. Содан бастап, еврей мемлекетшілдер қозғалысының екінші кезеңі басталды (1913-1946 жж). Бұл дәуір «Хаим Вейцман дәуірі» деп аталды. Оның ерекшелігі ол барлық күшімен Англия билігінің қолдауына арқа сүйеу арқылы еврей мемлекетшілдерінің мақсатын жүзеге асыра алды.

1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс тұтанғанда еврей мемлекетшілдері бастабында Антанта елдері мен Үштік Одақ елдерінің арасында бейтарап бағыт ұстанды.  Кейін келе Хаим Вейцман бастаған еврей мемлекетшілдері Антанта Одағы елдеріне біржолата бет бұрып, Англияға жақындасу саясатын ұстанды. Олар Англияда белсенді қимыл жасап, Англия үкіметінің қолдауына қол жеткізуге талпынды. Хаим Вейцман Ресейде туылған еврей болатын. Кейін ХХ ғасырдың басында Англияға қоныс аударып, Манчестер университетінде химиядан сабақ берді. Ол «Манчестер» газетінің редакторы және бас шолушысымен танысып, аталған газетте  еврей мемлекетшілдігін барынша дәріптеуге қол жеткізді. Кейін ол Англия Теңіз армиясының химиялық зертханасына жұмысқа орналасып, Англия үкіметіне құны айтарлықтай арзанға түсетін жарылғыш дәріні сәтті жасап беріп, Англия үкіметінің ерекше құрметіне бөленді. Ол Англияның саясат сахнасы мен қаржы саласындағы беделді тұлғалармен кең көлемді достық орнатты. Мысалға, онымен жақын қарым-қатынаста болғандардың ішінде Герберт Луис Сэмюэл (еврей, 1916 жылы Англияның ішкі істер уәзірі), Артур Бальфур (1914 жылы соғыс кезіндегі үкімет мүшесі, 1916 жылғы сыртқы істер уәзірі), Дэвид Ллойд Джордж (1908 жылы қаржы министрі, 1915-16 жылдары әскери қамтамасыз ету министрі, 1916 жылдың соңында бас уәзір) және еврейлердің қаржы алпауыты банкир Ротшильд әулетінің адамдары болды. Ол барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, аталған тұлғаларға еврей мемлекетін қалпына келтіруді дәріптеді. Бұл адамдар түрлі дәрежеде оның ықпалына ұшырады. Хаим Вейцман еврей мемлекетшілдерінің тағдырын Англияның мүддесімен байланыстыруға күш салды. Ол  Палестина болашақта Англияның ықпал-көлеміне кіруге тиіс.  Тіпті, Англияның отарына немесе қорғауындағы елге айналуы мүмкін деп үміттенді. Ол кезде Англияның қолдауы Палестинаға еврейлердің көптеп қоныс аударуының кепілі болады. Сол арқылы еврейлер Палестинада топтасып өз мемлекетін құруға мүмкіндік алады деп сенді.

Хаим Вейцманның бұл ойлары Англия үкіметінің орта шығысқа ірге кеңейту жоспарына үйлесе кетті.  Англия 1882 жылы Египетті басып алды. Ол Жерорта теңізінің оңтүстік аймақтарының стратегиялық орнын бекемдеу үшін Англиядан Индияға баратын транспорттық дәлізді ерекше қорғауға мәжбүр болды. Ол үшін Англия үкіметі Палестинаны өз иелігіне алуға тиіс. Бірінші дүниежүзілік соғыста Түркия Үштік Одақ елдеріне  мүше болғандықтан, Англияға түріктердің қолынан Палестинаны тартып алуға сылтау табылды. Белфорт жарнамасы осындай тарихи жағдайда қабылданған болатын. Белфорт жарнамасы жарияланудан бұрын (1917 жылы маусым) Англия үкіметі өзінің Египеттегі алысқа жорық армиясының қолбасшысы генерал Алленбиге Түркияға қарсы сұрапыл шабуыл ұйымдастыруға, сол арқылы Иерусалимді басып алу үшін дайындалуға бұйрық берді. 1917 жылы 2-қарашада Англияның сыртқы істер министрі Артур Бальфур еврей мемлекетшілдерінің басшысы Ротшильдге хат жазу тәсілімен аталған жарнаманы жария етті. Жарнамада: «Мәртебелі Англия Королі үкіметі Палестинада еврей халқының ұлттық мемлекетін қалыптастыруға қолдау білдіреді және барлық мүмкіндікті пайдаланып, осы мақсатты іске асыруға күш салады. Бірақ, мына жағдайды айқын түсінулеріңіз керек. Сіздер ешқандай әрекеттеріңізбен Палестинадағы еврейлерден өзге қоғамдық топтарға жататын азаматтардың құқығы мен діни сенім құқығына зиян келтірулеріңізге болмайды. Сонымен бірге, еврейлердің басқа мемлекеттерден игіліктенетін құқытары мен саяси орнына зиян тигізбеулеріңіз керек» деп жазылды.

Артур Бальфурдың жарнамасы жарияланғаннан кейін, көп өтпей тоғызыншы желтоқсанда Англия армиясы Иерусалимді басып алды. Осыдан-ақ Англия үкіметінің Артур Бальфур жарнамасын жариялаудағы ең басты себебі сол кездегі Англия үкіметі мен еврей мемлекетшілдерінің Палестина мәселесіндегі мүддесі мен арман-тілегі толықтай үндескендігін көрсетті. Сол себепті Артур Бальфур жарнамасы еврей мемлекетшілдері мен Англияның өз мүдделері үшін бір-бірін шебер пайдалануының жемісі деп қабылдаған жөн. Кейбір еңбектерде Англияның Артур Бальфур жарнамасын жариялауы АҚШ, Ресей және Германиядағы еврейлердің қолдауына алып, Антанта елдерінің Үштік Одаққа қарсы соғысында пайдалануды мақсат тұтты деседі. Меніңше, Англия тарабында ондай ойлардың болуы әбден мүмкін. Бірақ, бұл түпкілікті себеп емес.

Артур Бальфурдың жарнамасының жариялануы еврей мемлекетшілдерінің қозғалысының дамуы мен Израиль мемлекетінің құрылуында ерекше маңызды мәнге ие болды. Бір кездері Израильдің  сыртқы істер министрі болған Абба Эвеннің «Еврейлердің тарихы» атты кітабында: «Артур Бальфурдың  жарнамасының жариялануы Израиль мемлекетінің құрылуында шешуші сипаттағы оқиға болды. Тіпті, оның мән-мағынасы  1948 жылы Израиль мемлекетінің құрылуынан да асып түсті» -  деп бағаланған болатын. Оның көзқарасынша  Артур Бальфурдың жарнамасы болмағанында осы заманғы Израиль мемлекеті де болмауы мүмкін еді деп қарайды. Әрине, бұл көзқараста аталған жарнаманың әсерін әсіре әспеттеу басым. Меніңше, еврейлердің Израиль мемлекетін құру үшін ғасырға жуық уақыт жан қиярлықпен жасаған күресін саяси қажеттіліктен туындаған бір елдің жарнамасына түгелдей теліп жіберу жансақтық болады. Дау жоқ, Артур Бальфурдың жарнамасы еврейлердің Палестина жеріне мемлекет құруына халықаралық негіз қалады десек, әлдеқайда әділетті болады деп ойлаймын.

1920 жылы Англия Палестинада өз өкілетті билеушілерін тағайындау құқығына ие болды. Демек, осыдан бастап Палестинаның билеушісі Осман түріктері емес, енді ағылшындар болды. 1922 жылы халықаралық одақ Англияға Палестинаны билеу құқығын беретін шешімінде еврейлерді Палестина тарихы мен біртұтастығын мойындай отырып, олардың Палестина жеріне өз мекендерін қайта құру құқығын жомарттықпен сыйға тартты. Халықаралық одақтың шешімінде Англия үкіметінің еврейлердің Палестинаға қоныс аударына қолдау білдіруіне, сол арада шоғырлана қоныстануына және өздерінің автономиялық құрылымдарын құруына мүмкіндік беруге шақырды. Шешімде тағы арнайы еврейлердің іс басқармасын құрып, еврейлердің мемлекет құру ісінде Англия билігімен істестік орната отырып, Палестина аймағының дамуы мен өркендеуіне есе қосу мәселесі де қарастырылған. Әрине, еңбек сүйгіш еврейлердің дамуы мүлде кенжелеп қалған осы аймақтың тамырына қан жүгіртіп, дамуына серпін беретіндігі даусыз. Бірақ, ол сол арқылы сол аймақты сан ғасырлар бойы мекендеп келген арабтардың тоз-тозын шығарып, бостырып жіберудің есебінен жүзеге асатындығы да шындық еді. Халықаралық одақтың шешімі Англия үкіметінің орта шығысты толықтай өз уысында ұстау стратегиясына үйлесетін. Одан да маңыздысы, аталған шешім  еврей мемлекетшілдерінің көктен сұрағанын жерден бергендей олар үшін ерекше маңызды мәнге ие болды. Еврей мемлекетшілдер ұйымының  басшылары бұл шешімде тайға таңба басқандай анық жазылған Англия үкіметінің еврейлердің Палестинаға қоныс аударуына және еврей іс басқармасын құруына қолдау көрсетуін өздерінің Палестина жерінде ұлттық мемлекет құру үрдісіне Англия үкіметі міндетті және жауапкершілікті өз мойнына алды деп қабылдады.

1922 жылы еврей іс басқармасы ресми құрылды. Ол Палестинадағы еврей қоғамдық ұйымдарының бірі ретінде Англия билігімен, халықаралық ұйымдармен және әлемдегі еврей ұйымдарыменен байланыс жасау өкілеттілігіне ие болды. Былайша айтқанда, болашақ Израиль мемлекетінің сыртқы істер министрлігінің қызметін атқарды. Ол Израиль мемлекетін қалыптастыруда өз кезегінде ерекше маңызды рөл атқарды.

Артур Бальфурдың жарнамасы жарияланған 1917 жылдан 1939 жылғы екініші дүниежүзілік соғыстың тұтану қарсаңына дейін еврей мемлекетшілдер қоғалысы қарыштап дамыған алтын дәуір болды. Ол, негізінен, мына екі бағыттағы дамудан айқын көрінді:

1. Палестина жеріне қоныс аударған еврейлердің қатары қомақты түрде көбейді және еврейлер ұлттық қоры тарабынан сатып алынған жер көлемі де айтарлықтай кеңейді. 1918 жылы Палестинадағы еврейлердің саны 55 мың болып, сол аймақ жан санының оннан бірін ғана құрайтын. Ал, 1939 жылы Палестинадағы еврейлердің саны 450 мың адамды құрап, аймақ жан санының үштен бірінен асты. Сонымен бір уақытта еврей ұлттық қорының сатып алған жер көлемі 1939 жылға барғанда 47 000 гектар аумақты құрады. Еврей жан санының қауырт артуы мен меншігіндегі жер көлемінің үздіксіз кеңеюі іс жүзінде аталған аймақтағы еврей ұлтының ұлттық потенциалының бекемделе түскендігін көрсетті. Міне, бұл Израиль мемлекетінің құрылуындағы ең басты алғышарт болатын;

2. Еврейлер құрған саяси партиялар мен түрліше баламалы мемлекеттік құрылымдардың қалыптасуы болды. 1918 жылы еврей жұмысшыларының бірлескен партиясы мен еврей жас жұмысшылар партиясы құрылды. 1930 жылы екі партия бірлесіп Палестина жұмысшылар партиясы (бұл Израиль мемлекеті құрылғаннан кейін ұзақ жыл билік басында болған Израиль жұмысшылар партиясының бастауы еді) болып, қайта құрылды. Палестина жұмысшылар партиясын алғашқы құрушылардың бірі Израиль мемлекеті құрылғаннан кейін ұзақ жыл осы мемлекеттің премьер-министрі қызметін атқарған Давид Бен-Гурион болды. 1920 жылы құрылған еврей бас жұмысшылар ұйымы баламалы мемлеккеттік құрылымдардың күллі қызметін бір өзі атқарды. Еврей бас жұмысшылар ұйымының өнеркәсіп-сауда ксәпорындары мен ауыл шаруашылығындағы Кубицтер желісі мемлекет құрылғаннан кейінгі Израильдің жалпы халықтық меншіктегі экономикалық құрылымдарының негізін құрады. 1920 жылы еврей жұмысшыларының бірлескен партиясының құрылтайы еврейлердің әскери құрылымы хагананы құруға шешім қабылдап, Палестинадағы еврейлер қоныстанған аумақтың амандығын қорғауды міндеттеді. Кейін бұл құрылым Израиль мемлекеттік қорғаныс армиясына біріктіріліп, Израиль армиясының басты тірегіне айналды. Мемлекетті құрайтын адамдар, қоныстанатын меншікті жерлері, саяси, экономика, әскери және дипломатиялық ұйымдардың құрылуымен бір уақытта еврейлердің өз меншігіндегі кемелді ұлттық білім беру құрылымы да қалыптасты. Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында еврейлердің өз мемлекетінің Палестина жеріндегі алғашқы нобайы дәл осы мезгілдерде қалыптасып үлгерді. Аталған аймақты басқаруды өз міндетіне алған Англия үкіметі еврей ұлтының Палестинадағы күн санап күшейген өмір шындығына  бей-жай қарай алмайтын деңгейге жетті.

Әрине, басынан қырсық арылмаған еврей халқының ылғи да желі оңынан тұрған жоқ. Артур Бальфурдың жарнамасы жарияланғаннан бастап, Палестинада қоныс аударған еврейлер сол арадағы жергілікті арабтармен қайшылығы  барған сайын асқына берді. Тіпті, қарулы қақтығыстар да жиі орын алатын болды. 1921, 1929 және 1936 жылдары арабтар үш мәрте Англия билігіне қарсы көтеріліп, еврейлерге зорлықты күш қолданды. Қақтығыс кезінде еврейлерден 400-ден астам адам ажал құшты. Ал арабтардан 3000-нан аса адам өмірмен қоштасты. Тіпті, Англия армиясының өзінен 100-ден аса сарбаз оққа ұшты. Үшінші реткі Англияға қарсы тұрып еврейлерді қудалау оқиғасынан көп өтпей, Англия үкіметі 1936 жылы Уильям Роберт Пиль бастаған арнайы тексеру үйірмесін Палестинаға жіберіп, арабтардың дүрбелең тудыру себептерін зерттей бастады. Аталған үйірме осы оқиғадан нақты қорытынды шығарып, шешу жолдарын табуға да міндеттелген болатын. 1937 жылдың шілде айында Роберт Пильдің комитеті өз баяндамасын жариялап, онда арабтардың дүрбелең тудыруының басты себебі ұлттық дербестікке ұмтылған еврейлердің ұлттық мемлекет құру әрекетіне арабтардың өшпенділігі мен қорқыныш сезімінің түрткі болғандығы айтылды. Роберт Пильдің комитеті Англия үкіметіне аталған аймақты басқаруды аяқтап, оны үшке бөліп, автономиялық басқаруға беруді ұсынды. Мұнда бір бөлігінде арнайы еврей мемлекетін құрып, оның құрамына Палестинаның үштен бір территориясын беруді, мұнда 300 000 еврей мен 290 000 арабтарды қоныстандыру жөн деп шешті. Бұдан тыс, Яффодан темір жолды бойлап, Иерусалимге дейінгі, мұнда қасиетті Иерусалим, Вифлеем мен Назаретті қамтыған ұзыннан-ұзаққа созылып жатқан тарғалаң және кішкентай бір бөлігін Англияның өз басқаруына қалдырып,  қалған бөлігінде араб мемлекетін құруды ұсынды. Осыдан соң, Англия үкіметі арнайы ақ тысты кітабын жариялап, Палестинаны бөліп басқаруға келісімін берді.

Еврей мемлекетшілдері Роберт Пиль комитетінің ұсынысы еврейлер үшін түңілу сезімін тудырғанымен, бірінші рет ресми түрде еврей мемлекеті деген ұғымды қолдынсқа енгізді. Бұл да болса еврей мемлекетшілдік қозғалысы үшін жеңіс деп санады. Сол жылы тамызда Цюрихте еврей мемлекетшілдерінің 20-құрылтайы Роберт Пильдің жоспары еврейлер үшін өз жоспарын орындаудың баспалдағы деп есептеді. Құрылтай Палестинадағы еврей іс басқармасына Англия үкіметімен жалғасты келіссөз өткізіп, бұдан да көңілге қонымды бөліп басқару жобасын қолға келтіруді тапсырды.

Сол кездегі халықаралық одақтың сенімді басқаруға беру комитеті арабтар мен еврейлерді автономиялық басқаруға дайын емес және мемлекет басқаруға машықтанбаған деп қарап, Англия үкіметінің бөліп  басқару жобасын қабылдаудан бас тартты. Оған жалғас, араб мемлекеттерінің кеңесі де Роберт Пильдің жоспарын қабылдауға қарсылық танытты.

1939 жылдың басында Англия өкіметі Лондонда арабтар мен еврейлердің өкілдері қатысқан Палестина мәжілісін шақырып, арабтар мен еврейлерді татуласуға шақырды. Мәжілісте арабтар мен еврейлердің талаптары бір-бірінен мүлде алшақ болғандықтан татуластыру мүмкін болмай, мәжіліс сәтсіз аяқталды. 1939 жылдың мамыр айында Англия үкіметі өзінің Палестинаға қаратқан саясаты жөніндегі ақ тысты кітабын жариялап, өзінің Палестина мәселесін шешудегі жоспарын ортаға салды. Ақ тысты кітап үш негізгі мазмұннан тұрады:

1. Палестинаның келешегі жайлы. Мұнда Англия үкіметі Палестинаны болашақта еврей мемлекетіне айналдыру саясатының жоқ екендігін ашық мәлімдеді. Бұлай істеу халықаралық одақтың сеніп басқару шешіміндегі өзінің арабтар алдындағы міндеттемелеріне қайшы келеді деп есептейді. Англия үкіметінің мақсаты он жыл ішінде Англиямен шартты келісім жасасқан тәуелсіз екі ұлтты бірдей қамтыған Палестина мемлекетін құру.

2. Еврей қоныс аударушылары жайлы. Мұнда 1939 жылдың сәуір айынан 1944 жылдың наурыз айының соңына дейінгі 5 жыл ішінде 75 000 еврейдің ғана Палестинаға қоныс аударуына рұқсат беріп, еврейлердің Палестинадағы салыстырмасын сол бұрынғы үштен бір мөлшерінен асырмауды міндеттеу. 5 жылдан кейін еврейлер Палестинаға қоныс аударғысы келсе, міндетті түрде арабтардың келісімін алу қажет болады.

3. Жер пайдалану құқығын өткермелеу мәселесі. Мұнда Англияның жоғары дәрежелі өкілетті губернаторына барлық билікті беріп, арабтардың өз меншігіндегі жерлерді еврейлерге сатып жіберуін немесе басқа бір жолдармен өткермелеп беруін болдырмау қажет деп шешті.

Англия үкіметінің ақ тысты кітабындағы айтылған ұстаным Артур Бальфурдың жарнамасында айтылғандармен мүлде қабыспайтындығы ап-айқын еді. Англия үкіметінің бұлай аяқ-астынан сырт беруі төніп келе жатқан  дүниежүзілік соғыста Жерорта теңізінің стратегиялық өткелдік рөлінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен орта шығыстың мұнайына болған мұқтаждығынан туындаған болатын. Англия үкіметі осы саясат арқылы арабтардың көңілін аулап, олардың Англияға болған тілеулестік сезімін оятуды мақсат тұтқан еді. Ағылшындардың бақай есебі, еврейлерді қолдап, арабтарды осылай шапқа түрте берсек,  соғыс майданында өзіміз ырықсыз жағдайда қаламыз деген алаңдаушылықтан туындады. Әрине, еврейлер ақ тысты кітапта айтылғандармен үзілді-кесілді келіспеді. Еврейлер Англия үкіметінің саясаты Артур Бальфурдың жарнамасы мен халықаралық одақтың Палестинаны басқару, сеніп тапсыру шешімдеріндегі  айтылған мақсаттармен қабыспайды. Англия мен еврейлердің ұзақ уақыттық ынтымақтастығына кесірін тигізеді және болашақта құрылуға тиіс еврей мемлекетін жөргегінде тұншықтырады деп қарады. Англия үкіметі еврейлердің Палестинаға қоныс аударуын тежеп, еврейлердің Палестинадағы үлесін мәңгілікке үштен бірден асырмай еврейлерді қиямет қайымға дейін арабтарға бағынышты аз санды ұлт ретінде ұстау саясаты атымен қате және ешқашан қабылданбайды деп өз қарсылықтарын қарша боратты. Ақ тысты кітап жарияланғаннан кейін еврейлер  тек ауыз жүзінде ұрандатып, жер текпілеп, улап-шулап қана қалған жоқ. Олар енді қолына қару алып, Англия қарулы күштерімен қақтығыса бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстың өн бойында еврейлер мен Англияның қарым-қатынасы қайшылықты және ерекше күрделі кезең болды. Сол кезде өз тәуелсіз мемлекетімізді құрмай тынбаймыз деп бекінген  еврейлер қандай айқасқа болса да баруға дайын болатын.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы 

Abai.kz

11 пікір