Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алаң 4926 14 пікір 22 Сәуір, 2021 сағат 14:27

Жер реформасының мақсаты қазақты жерден айыру ма?

Бұдан бір ғасыр бұрын Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың: «Жердің үстіндегі, астындағы...барлық байлығы-халықтікі, ол және қатаң мемлекет иелігінде болуы керек.. Жеке қолға берсе, сатылып кетіп, башқұрт, ноғай ағайындар сияқты еліміз жерсіз қалады!», - деген ұстанымға шақыруы бүгін де тым өзекті, сабақ боларлық.

Сол бір аласапыран тұста Алаш арыстары: «Оян, қазақ!», - деп ұран тастағанда қараңғы қазақ ояна қоймаған, оянбағаны қандай зардаптар әкелгені белгілі. Шүкір, қазір «қалғыған» қазақ аз. Оянған. Ашынған. Ашынатыны - сол ағалар арманы, сан ғасыр бабалар аңсаған Тәуелсіздікке енді қол жетті-ау, дегенде  қазақтың талмау тұсы - жер проблемасы қайыра алдан шығуы!..

Осыдан біраз бұрын, ел Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың: «Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салу», жөнінде батыл шешімге баруы көптің көкейінен шықты. Жерімізге төнген ең басты қауіп сейілді. Бұдан бес жыл бұрынғыдай толқулар басталуының алды алынды... Бірақ осымен ондаған жылдар әбден қордаланған жер мәселесіне нүкте қойылды деуге болмас, әрине.

Бұл Жер реформасы комиссиясының алғашқы жұмысы барысынан-ақ, анық байқалып отыр. Жер туралы қазіргі қаулап кеткелі тұрған ішкі-сыртқы даудың бәрі, айналып келгенде:

1) өткен 30 жыл ішінде дербес мемлекет ретінде ұлан-ғайыр жер байлығымызды дұрыс пайдалана алмаудан,

2) әу бастан тым асығыс, жүйесіз, ең бастысы ауыл мүддесі мүлде ескерілмей жүргізілген Ауылшаруашылық реформасын, оған жол берген Жер  кодексі тәрізді қайшылықты заңнамаларды бүтіндей өзгерту қажет деген көпшілік талабына биліктің дер кезінде құлақ аспауынан туындап отырғанын ащы да болса, ашып айтатын уақыт жетті.

Жер - ежелден қазақпен тағдырлас, басты байлығы. Жер - асыраушың, ол бос жатпай, үзбей шаруашылық - экономикалық айналымда  болуы керек. Әсіресе, адамзат ұрпағына жер беті тар көрініп, ашкөз ниеті, тіпті, сонау жеті қат аспан планеталарын тіміскілей бастаған бүгінгідей алмағайып тұста!..

Ежелден іргеміз сөгілмеген көршіміз деп жүрген  ҚХР мен Ресей елдері арандатушылары өткен жылы, пандемия індеті өршіп тұрған азалы күндердің өзінде жер мәселесін қозғап, наразылық нотасын жолдауға мәжбүр етуінің өзі мүлде кездейсоқтық емес. «Қожайыны нашар үйді қонағы билейді», - дегеннің кері деуге болар. Бұл қауіптің қай жақтан екенін де қаперге салды. Әлемдік қоғамдастық әр шалт басқанымызды қалт жібермей отырғаны да кәміл.  Міне, осындай геосаяси әм экономикалық-әлеуметтік күрделі жағдайда Жер реформасы комиссиясына жүктелген А/Ш жерлері тағдырын түпкілікті шешу миссиясы да оңай болмасы анық.

Жер комиссиясының қайта құрылуын  жұртшылық  үлкен ризашылықпен  қабылдағанымен, оның құрамындағы күні кеше жерді талан-таражға салған кейбір «қарт коммунистер мен комсомолдарды» танып, тіксініп қалғаны да рас. Заманның беті құбылсымен-ақ, «жымқырған жер, жеген байлығын» жым-жылас заңдастыру үшін жанталасу елімізде етек алған әдет. Десек те, алғашқы отырыс «бұл ән өзге әннен өзгеше» болар-ау, деген үміт те ұялатты. Тіпті, кейбірі жаңағы Ұлт көсемі Ә.Бөкейхановты қайталап, «жер  ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді», деуге де батылы барды.

Комиссия  мүшесі Мұхтар Тайжан бастаған кейбір жер жанашырлары жердің 99 пайызы мемлекет меншігінде, жер жекеменшікке берілмейді  дегенді қайталаумен келеді. Дұрыс-ақ қой. Бірақ шынында солай ма?

Өкінішке орай, Қазақстан Республикасының 2003 ж. 20 маусымдағы №442 Жер Кодексі және Мемлекет  меншігінен алу және жекешелендіру ұлттық бағдармасы басталсымен-ақ, жер жаппай жеке меншік қолына өте бастады емес пе? (Мұны біз ықшамдап ұсынып отырған латифундистер тізімінен де байқауға болады).

Кезінде (2003ж.), Мәжілістегі Жер кодексі жұмыс тобының мүшесі болған, э.ғ.д. Тоқтар Есіркепов былай дейді:

1) «А/Ш жерлеріне жекеменшік енгізу - Пемьер-Министр Терещенко, әкім Кулагиндер дем берген астық компанияларының, ат төбеліндей байлардың, яғни латифундистердің пайдасына шешіліп кетті».

2) «Жер- мемлекеттікі, ол сатылмайды, жерді пайдалану құқығы ғана сатылады» деген тезиске алданып қалдық. Елбасы Жарлығымен 1994 жылдан жерді пайдалану құқын сатып алғандардың дәурені басталды..» («Независимая»г-ті. 16.1.2008ж).

Міне, мәселенің түп-төркіні қайда жатыр?! Осы ретте, Жер комиссиясы мүшелеріне дәл қазір жұртшылықты мазалап отырған төмендегі 6 мәселе төңірегінде сауал жолдауды жөн көрдік.   

Құрматті, Комиссия Төрағасы және мүшелері!

Президентке шешім шығартып, Мәжіліске заң қабылдатып осыншама алашапқын  болып жатырмыз. Ал көпшіліктің көкейін кернеп тұрған сауалдар мынау:

Бірінші: Қазақстанда сататын, не жалға беретін бос жер қалды ма?

Егер қалмаған болса, ауылда мал жаюға жер таппай отырған ағайынға жерді қайдан алып бересіздер? Мұның шешімі қайсы?

«Мал жаятын жер жоқ». Бүгінде қай өңірге барсаңыз да осылай деп зарлап отырған жұрт. Тіпті, соңғы Парламент сайлауы алдында «Ауыл» партиясы ұйымдастырған айтысқа осы тақырып арқау болғаны  тегін емес. Себебі, жерсіз шаруа - күнкөріссіз шаруа.

Статистика:  1994 ж. мәліметі бойынша: Еліміздегі жер көлемі 272,5 млн.га. болса, оның 74%-ы А/Ш  жерлері! Оның ішінде: егістік - 34,8 млн.га, шабындық -5 млн.га жуық, орман алқаптары - 10,2 млн.га, су қоры - 0,9 млн.га, суармалы жер - 2,4 млн.га. (мамандардың пікірінше, біраз жер сатылып кеткен, сондықтан қазір бұл цифрлар кемітіліп көрсетіліп жүр). Айта кетерлігі, жайылымдық жерлеріміздің 75%-ы қуаң және шөл-шөлейт болғанымен, аса ірі көлемді - 182,2 млн.га. Әлемде 5-ші орында!

Міне, бірнеше мемлекет еркін сыйып кететін осыншама жер аумағына ие бола отыра, еңбек адамының мал жаятын, егін салатын жер таппай отыруы- естір құлаққа ерсі, ащы да болса айтайық, ел болмайтын елдің ісі...

Жер реформасы о бастан әділетсіз, сауатсыз жүргізілді деуге басқа не дәлел керек.

Екінші: Жер кодексі  өзгермей, ел көсегесі көгермейді!

Ауылдағы қарапайым халық латифундистер, рантье, транс-ұлттық компания деген атаулардан өлердей шошынып қалған. Бұлар нарықтық экономика әкелген терминдер (рантье́ (фр. rentier от rente)- заңды,  бірақ еңбексіз табыс табатындар; латифу́ндия-(лат. lātus «ірі»+ fundus)- ферма, жылжымайтын мүлік). Қысқасы, рантье мен латифундия - жерге жекеменшік құқығын беретін, оған ие  қожайын қалада жатып-ақ, жалға беріп, шаруа еңбегін арзан жұмыс күші ретінде сүліктей соратын тәсіл.

Ал, транс-ұлттық компаниялар латифундистердің бірлескен агро шаруашылықтар құруды желеу етіп, жерді шетелдіктерге астыртын сату схемасының ең қауіпті, құйтұрқы формасы деген зертеуші-ғалымдар пікіріне саяды.          .

Республикамыздың ең шұрайлы ауыл шаруашылық  жерлеріне бүгінде 100-ден астам  алпауыт латифундист ие.

Үшінші: Жерді жалға беру дегеніміз не және ол қазаққа не береді?

2016 жылы халықтың жаппай наразылық-толқуын тудырған мәселе 2015 ж. 2 қарашадағы Жер кодексінің 24-бабына: «Шетелдіктерге жерді жалға беру   мерзімін 10  жылдан 25 жылға ұзарту», ал «қазақстандықтарға аукцион арқылы тек жекеменшікке сатып алуды міндеттеу» қайшылықты өзгерістері енгізілуінен   басталды. Терең пайымдап қараған адамға бұл, А/Ш жерін талан-таражға салу, түптің түбінде қазаққа өз жерінен айырылып қалу қауіпін тудыратыны да рас.

Бұл ма, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 64-бабы, 3-тармағының  алғашқы нұсқасында: «Жер учаскесінің меншік иесі белгілеген тәртіпте өзінің учаскесіндегі құмды, батпақты, гравийді және басқа кең таралған пайдалы қазбаларды пайдалануға құқық берілген»,  деп көрсетілген. 

Ал,соңғы өзгертілген  нұсқасында: (№126-VI,  «3) өз шаруашылығының мұқтажы үшiн жер учаскесiнде немесе өзіне тиесілі жер учаскелеріндегі жер қойнауында бар кең таралған пайдалы қазбаларды, екпелердi, жерүстi және жерасты суларын кейiннен мәмiлелер жасау ниетiнсіз, белгiленген тәртiппен пайдалану, сондай-ақ жердiң өзге де пайдалы қасиеттерiн пайдалану», деп өзгертілген.

Көріп отырғандай, қанша бүркемелесе де мазмұны сол баяғы:  жалға берілген, не сатылған сан мыңдаған гектар жердің тек үсті ғана емес, астындағы барлық  байлығы да қоса талауға түседі деген сөз емес пе?   Жекеменшікке не жалға берілген иеліктегі өзен-судың өзіне былайғы халық шомылуға, қол шаюға, ал, жерін басып өтуге  рұқсат жоқ екенін көріп отырмыз. Осыдан-ақ, пайымдай беріңіз. Сонда, 2003 ж. Жер кодексі баптарының өңін айналдырып қайыра ұсына беру кімге тиімді? Кезінде А/Ш жерлерін мол қамтып қалғандар мүддесін көздеу емес пе, бұл?

Ескерте кетсек: Аталған фактор Жер реформасы  комиссиясы Жер кодексі баптарын бастан аяқ  осы тұрғыдан талдау қажет екенін көрсетеді.

Төртінші: Қазақстанның ауылшаруашлық алпауыттары кімдер?

Бұлар осыншама жерді қалай иемденді, сұрап көріңізші, кәне?

Василий Розинов - «Иволга-Холдинг» ЖШС басшысы, кейбір деректер бойынша 1,5 млн гектар жерге ие. Кәдүмгі мемлекет ішіндегі мемлекет! Одан Нұрлан Тілеубаевтың «Холдинг Алиби» ЖШС қалыспаған, 44 фермермен бірлесе әрекет етуді желеу етіп 1 млн га, Руслан Молдабековтің «Холдинг КазЭкспортАстык» АҚ (2012 ж. Halyk Finance дерегі) 1 млн га ауылшаруашылық жерін иемденсе, оның 40 пайызын жекеменшікке алған, қалғаны 23 серіктес-фирмаларға тиесілі.

Бұлардан атшулы Ромин Мәдинов қалысады дегенге ешкім сенбес. Оның иелігіндегі «АгроЦентр Астана» ЖШС 27 ірі агрокәсіпорынды біріктіріп, 700 мың га жерге ие, оның 400 мың гектары - егістік жер. Ал, қарапайым шаруа мал жаятын жер таппай отыр!

Бұрынғы А/Ш министрі Балташ Тұрсынбаевтың дерегінше, бұрын министр, облыс әкімі болған Сергей Кулагин 90 мың га жерге ие, одан Сергей Терещенконың («Интеграция-Целина») асып түспесе, қалыспағаны анық (ашық мәлімет жоқ). «БATT-400Агро» холдингі, «Атамекен-Агро» АҚ, ТОО «Агрофирма ТNК» ЖШС, Бауржан Оспановтың «ZHERSU» компаниясы, Мұқашевтардың «Eurasia AgroHolding» ірі агрокешені, Павел Селивановтың «Масло-Дел» ЖШС, т.б. толып жатыр.  Бұлардың әрқайсысы кемі - 100-300 мың га жерге ие. «Бөліп ал да билей бер!» дегеннің қазақстандық үлгісі осы. Осылай жалғаса береді,ұзын саны 130, тізімі қолымызда бар. Және олардың дені еліміздің астықты облыстарында. Мысалы СҚО (1,1 млн га), Қостанай (1,72  млн га), Ақмола (1,44 млн га) облыстары  (АШМ мәліметі бойынша: kursiv.kz  2016ж)

Енді бұларды қайтарам деп көріңіз. Мәжбұрлеп те ала алмайсыз. Жерді пайдалау заңы солардың жағында.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (ҰҚСК) миллиондаған гектар ауылшаруашылық жерлерін экономикалық айналымға салу мәселесін көтерілуі құптарлық. АШМ Жер ресустарын басқару комитетінің соңғы мәліметтері бойынша: Министрлік 2020 жылдың ақпанынан бастап  республиканың төрт облысының жайылымдық жерлеріне ғарыштық мониторинг жүргізуі арқылы бірінші кезеңнің өзінде 8,3 млн га пайдаланусыз жатқан жайылымдық жерді анықтап, оның 2,6 млн гектары мемлекет меншігіне қайтарылды, 5,7 млн га жер иелеріне ескерту жасалды.

Түгендеу (инвентаризация) нәтижесінде 16,8 млн га игерілмеген жер анықталып, оның 7 миллионы мемлекетке қайтарылды.

Біз жоғарыда Мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаев латифундистердің артық  жерлерін қайтарып алу, бұл үшін ғарыштық мониторингті күшейте түсу жөнінде бірнеше мәрте қатаң тапсырма бергенін айттық. Бірақ орындау оңай емес. Себебі, бұл - жерді пайдалану туралы қайшылықты заңнамаларды түгелдей қайта қарауды  қажет етеді.             

Бесінші: Жерді сату - ұлт болашағына балта шабу.

Мұны бұдан бір ғасыр бұрын Ә.Бөкейханов тегін ескертпеген. Оны жоғарыда келтірдік.

Кезінде заңсыз немесе сыбайлас жемқорлық жолымен «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен миллиондаған гектар А/Ш жерлерін қайтарудың әзірше жалғыз-ақ, жолы бар, ол - латифундистерге бірыңғай аграрлық салықты,  ғарыштық мониторингті күшейту арқылы артық жерді мемлекетке қайтаруға мәжбүрлеу», - дейді М.Тайжан. Президенттің талабы да осы.

Ал, «қойшының қамшысын ұстап, ауылдың атын жамылып» телесайысқа  жүрген Алмасбек Садырбаев бұған үзілді-кесілді қарсы. «Ғарыштық мониторингтен, аграрлық салықтан құтқарыңдар, 500 мың гектаға дейін жекеменшікке тегін жер алсам, субсидиа алсам», - дейді. «Қарапайым шаруаның жоқтаушысы» болғысы келеді. Бірақ, қазір қалғыған қазақ аз!

Біле білсе, ауылдағылар  «жекеменшікке жер ала алмадым», деп үдере  көшіп жатқан жоқ.  Ауылдан әлеуметтік әділеттілік кеткендіктен, жалғыз  күнкөріс көзі - жерді қолы жеткен латифундистер әлдеқашан заңсыз бөліп-бөліп алып, әлеуметтік-экономикалық жағдай, жұмыссыздық әбден шегіне жеткендіктен ауа көшіп жатқанын - ауылда өскен Алмасбек білуі керек еді!..

Ауылға адам тұрақтатудың, ауылды қайта түлетудің қазіргі заманға, бүгінгі Қазақтанның А/Ш ахуалына лайық тың тетіктерін, жаңа жоба-бағдарламаларын ұсынуы керек еді. Қарақан басының қамынан арғыға ой жіберуі керек еді...

Ал, ата-бабасының қаны мен тері тамған жерді  Алмасбектер жекешелеп алсын, қалғаның не болсаң ол бол, дегенге былайғы жұрт көне қояр ма екен? Қарапайым шаруада ақша жоқ, қалған жерді тағы да сол латифундистер сатып алмақ. Халық қашанғы шыдайды - ертең-ақ, қақтығыс, жер дауы қауламай ма?

Бұл іріткі салу, арандату ықпалы Алмасбектер арқылы енді онсыз да берекесі кеткен ауылға ауыса бастағаны өкінішті-ақ ,әрине!

Осыдан бірер апта бұрын Мәжілістің бір топ депутаты (Ф.Қаратаев, Д.Назарбаева, Қ.Ержан, М.Төлепберген, Е.Тайжанов.бт.) Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жайылым жерлерге қатысты депутаттық сауал жолдап, онда: «Ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан облысында, яғни 8 476,9 мың гектар жетіспейді. Одан кейінгі көш бастап тұрған Алматы облысы - 4576,9 мың гектар, Қызылорда облысы - 3 697,8 мың гектар және Жамбыл облысында 3329,7 мың гектарды құрап отыр. Тағы басқа облыстарда да осындай жағдай», - деп жазған еді.

Алмасбек, бұған не айтар екен? Бұларға жер тауып берудің жаңағы М.Тайжан айтқаннан басқа амалы бар ма, кәнеки?

Алтыншы: Қадірін білмесең жер де – өгей!

Айта кетсек, еліміздегі кешегі кеңшарлар мен ұжымшарлардан айырылу қазақтың шөлейт жайылымдарын ұқсатып пайданудың өзіндік үздік үлгісін (қазақстандық моделін) де қоса ала кетті. Ол дегеніміз, алдыңғы аға буын мыңғырта төрт-түлік мал өсіру үшін қазақтың жартылай қуаң-шөлейт (70 %-ға жуығы) жер  жағдайын мұқият ескере, есептей отырып, ұзақ жылдар бойы іріктеп, мамандандырылған қой шаруашылығы кеңшарлары, жылқы, түйе өсіруге, одан бөлек жер ыңғайына қарай сиыр, егін өсіруге әбден  бейімделген кеңшарлар жүйесі еді...

Ә. Бөкейханов: «Қазақ жері қуаң, көбіне малды жайып бағуға ғана жарамды», дей келе, қай елден үлгі алу, қандай түлік түрін өсіруге дейін тәптіштеп жазағанына қайран қаласың. Демек, бұл сонау бабаларымыздан бері үзбей қалыптасқан қазақ жерін барынша ұқсатып пайдалану тәжірибесі, сабақтастығы соңғы ондаған жылдарда біржола ескерусіз қалды деген сөз.Оған бірер мысал...

Таяуда Президент Қ-Ж.Тоқаев Үкіметтің кезекті кеңейтілген отырысында: «Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар -жайылымдық жер бос жатыр, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын» ,-  деді.

Соңғы екі жылдың өзінде ғарыштық мониторинг, түгендеу (инвентаризация),  қашықтан зондпен бақылау арқылы ірі жер иеленушілердің  сан миллиондаған гектар жерлері пайдаланусыз жатқаны  анықталды. Сенатор, Жер комиссиясының мүшесі  А.Күрішбаев таяуда 33 млн га жер бос жатқанын тележүргізуші Ж.Сламбекке берген сұхбатында айтты (Бірақ мемлекет қарауындағы, ерекше қорғалатын орман шаруашылығына жататын 10 млн гектар жерді де бос жатқан жерге жатқыза сөйлеуі тым ағаттық болды?!).

Сонда, ауылда мал жаюға жер таппай отырғанда бұл жерлер қайдан келген, неге бос жатыр?, деген заңды сұрақ туады.

Зерттеп көрсек, қазіргі ірі жер иеленушілер, латифундистердің дені ауылшаруашылық мамандары емес екен. Тек қалта қамы үшін кезінде жерді заңды-заңсыз жолмен молынан қамтып, енді оны қалай ұқсатып пайдалануды білмей, ашкөздікпен рәсуа етіп, аталған жерлер тиісті экономикалық айналымнан шығып, бос қалғаны енді белгілі болып отыр.

Ғалымдардың зерттеу еңбектеріне сүйенсек, республикамызда 48,2 млн га жер (кейбір ресми деректерде 21 млн га) тозған, яғни пайдалануға жарамсыз деп көрсетілген. Күтімсіз, қараусыз қалған.

Сонымен қатар, мамандар өз азаматтарымызға 49 жылға жалға берілетін (тым ұзақ мес пе?)  жерлердің қандай күйге ұшырарына да үлкен күмәнмен қарайды. Жанашырлық кетіп, әлгінде айтқанымыздай «жарты ғасыр тоналса» ол жерден не қалады?, дегенді айтады.

Бұл нені көрсетеді? Мұның бәрі өткен 30 жыл ішінде А/Ш жерлері шын қадірін білетін өз иелерін таба алмағанын, жүргізілген Аграрлық реформа мүлде оң нәтиже бермегенінің дәлелі емес пе?

Құрметті,  Жер комиссиясының мүшелері!

Қазақстан Президенті Қ-Ж.Тоқаев  Комиссия жұмысының әрбір кезеңі, онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыруды, Комиссия жұмысының ерекше ашық болуын атап тапсырғаны мәлім. Алайда, жұртшылық көбіне Әлеуметтік желілер (А.Садырбаев, М.Тайжан,т.б.) арқылы ғана хабардар болуы қайшылықты түрлі қауесеттер тудыруда.

Осыдан аз ғана күн бұрын Жанболат Мамай бастаған қоғам белсенділері: «Қазақстанның орман шаруашылығы жерлері шет елдіктерге 25 жылға жалға берілмек, Мәжілісте қаралып, Сенатқа ұсынылған Жер туралы заң жобасында  осылай көсетілген», деп дабыл қағуы қарапайым халықты қайта дүрліктіріп отыр. Жер комиссиясы осы жөнінде түсініктеме берсе, дейді көпшілік.

***

Біз әлгінде қазақтың жеріне үш бағытта қауіп төніп тұр дегенді айттық. Оның біріншісі, сөз жоқ, біз жоғарыда тоқталғандай жердің заңсыз бөліске, талан-таражға түсуі. Екіншісі, жердің тозуы, оны жарамсыз етіп бүлдіріп, кәдеге аспай шаруашылық айналымынан шығып қалу фактілері арта түсіп отырғаны. Ал, үшіншісі, еңбасты тақырып, ол - Ауылдан айырылу. Бұл жерден айырылудың төте жолы.

Себебі, қаншама «жер, жер!» деп ұрандатқанмен, жер тағдырын аграөнеркәсіптен, ауылдан бөліп қарауға болмайды. Егер, шын мәнінде жеріміздің тұтастығын түпкілікті сақтап қаламыз десек, ол бос жатпай түгелдей халық кәдесіне жаратылуы, бұл үшін кешегі Одақты дүрілдеткен аграрлық сектор әлеуетін, ауылды шұғыл қалпына келтіруіміз қажет. Өйтпеген күнде бәрі уақытша көзалдау болып қалары да жасырын емес. Бұл жөнінде келесі мақаламызда  арнайы тоқталатын боламыз.

Болат Жәмкенов

Нұр-Сұлтан қаласы

Abai.kz

14 пікір