Сенбі, 20 Сәуір 2024
100 жаңа есім 4645 9 пікір 14 Сәуір, 2021 сағат 16:08

100 жаңа есім: Тасадағы тағдыр немесе атсыз қаһарман

Республика көлемінде «Қазақстанның жүз жаңа есімі» таңдауы жүріп жатыр. Оның шарты бойынша әлеуметтік желі арқылы дауыс беру жолымен анықтау керек екен. Бұл жол біреуге қолайлы, біреуге қолайсыз.

Танымалы әнші-әртістер, шоу-бизнесте жұрт алдында жүретін адамдар үшін үйлесімді болғанымен, әлеуметтік желіні көп пайдалана бермейтін, атқарған міндеті мен қол жеткізген табыстарын таразыға салып жарнама жасамайтын кісілер үшін тиімсіз. Ғалымдар, әдебиетшілер, зерттеушілер секілді ондай адамдар перденің артында қалып, атсыз, атақсыз өмір сүре береді. Олар мемлекетке, ұлтқа сіңірген еңбегін айтып бұлданбай-ақ, қалтарыста жүріп қызмет етуге үйренген. Оларды айналасы жақсы білгенмен, алыстағы ағайын бейхабар қала береді. «Заманына қарай амалы» деп әлеуметтік желі бүгінгі күннің тыныс-тіршілігіне айналса да, екінің бірі электрондық әлемге вертивалды кеңістікке кірі бермейді. Сол өзінің таңдаған жолы, таныған кәсібімен бар ықлас ниетін салып жұмыс істеуге дағдыланған. Әне, сондай адамдардың бірі Сержан Тоқтасынұлы деген жанкешті қазақ.

Мен Сержанды отыз жылдан аса уақыттан бері өте жақсы білемін. Олай болатыны ҚХР Шұар ға қарасты Iле облысының Мұңғұлкүре ауданында мұғалым болып қызмет етіп жүрген кезімде жүздеген, мыңдаған оқушылар алдымыздан өтті. Көбіне дәріс беріп,лексия оқыдық. Білім беріп биіктерге талпындырдық. 1988-1991 жылдары аудандық 1-орта мектепке Ақдала деген ауылдан келген оқушылардың арасында осы Сержан Тоқтасынұлы да бар еді. Сол кезде мен физика пәнінен сабақ бердім, сынып жетекшілік міндет атқардым. Сержан әдебиетке қатты әуес болғандықтан көп баланың ішінен суырылып шығып, мектеп ішіндегі, қоғамдағы әр алуан әдеби іс-шараларға белсенді түрде қатысып жүрді. Әсіресе, мектептегі әдебиет пәнінің ұстаздарына, жазатын қаламгер ағайларына қатты үйірсек болып, сырласып, сұхбаттасып тынымсыз ізденіп жүретін. Өзінің оқыған-тоқығаны, естігені, білгені көп болған соң ұялып, қысылып-қымтырылып тұрмай, бірден сөйлесіп кететін. Ақ жүрек, ашық көңіліне қарап үлкендерде оның бетін қақпай бауырына тартып тең тұстарындай әңгіме дүкен құрып ортақ пікірге келіп, тіл табысып жататын еді.

Ол осылайша мектептегі сабағын жақсы оқып, өзінің шығармаларын да жазып жүріп 1991-жылы орта мектепті бітірді. Әр түрлі кедергілерге кездескендіктен сол жылы бірден оқуға түсіп кете алмай 1993-жылы Құлжадағы Іле педагогикалық Университетінің «Әлеуметтану мамандығына» келіп оқып жоғары оқу орынындағы өмірін бастады. Ол оқуын бітірген соңда тағы да бірден қоғамдық қызметін бастап кете алмады. Себеп: оның ұлттық бағыттағы позициясының көрнекті, қоғамдық белсенділігінің жоғары болғаны. Оның ісі,аз қазаққа жаққанымен көпке ұнаған жоқ.Әрине азат идеяның ,өрт мiнездiң басқарушы билікке ұнай бермейтіні тағы бар. Өйткені ол сол мектеп табалдырығында жүрген 1991-жылдың өзінде Қазақстан Жазушылар одағына хат жазып өзiнiң алғашқы  шығармашылынан жібердi. Ол тіпті Қазақстан тәуелсіздігін алған сәтте өзінің шаттық сезімін, қош болған көңілін жасыра алмай тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтап хат жазып почтадан салғанын қөрiмде. Ол тәуелсіздіктің қадыр қасиетін ең ерте сезінген, егемен елімізді ең алғаш армандаған жігерлі жас қазақтың бірі болды. Өкініштісі, ұшарға қанаты жоқ, жетерге жолы тұйық болып туған жерінде іштей тынып, ширығып біраз уақыт жүріп қалды. 1999-жылы қытайдың Шынжаң өлкесінің үлкен басшыларының бірі қазақтан шыққан ірі тұлға Жәнәбіл Смағұлұлы ағамыздың алдына кіріп кездескенсоң жолы ашылғандай болды. Ол мәселелермен талап тілегін айтып өз ойын жеткізеді. Ол жолғы кездесу нәтижесіз болған жоқ. Қазақтың рухын көтеріп, туын ұстап жүрген мемлекет басшысы Жәнәбіл аға оның мәселелерін шешіп, еңсесін өсіріп, беделін биіктетті. Кейін ол Бежіңдегі Орталық Ұлттар баспасына жұмысқа тұрып, әдеби өмірін, шығармашылық жұмысын бастады. Ол жерде 2005-2009 жылдар өнімді еңбек етіп өзін жақсы жағынан көрсете білді.

Сонда қызмет еткен кездерінде ол қытай мен қазақ қатынасына, әдеби байланысына үлкен үлестер қосып, қыруар жұмыстар атқарып, көптеген жобалардың сәтті орындалуына себеп болды. Қазақстанға келгеннен кейiнде соңғы он жылда қазақстандық қаламгерлер Немат Келімбетов, Әбіш Кекілбаев, Тұманбай Молдағалиев, Еркін Ібітанов, Нұрлан Оразалин, Рақымжан Отарбаев, Жұмабай Шаштайұлы, Бексұлтан Нұржекеев, Ұлықбек Есдәулетов, Еркінбай Әкімқұлов, Ғалым Жайлыбай, Жүсіпбек Қорғасбек, Бауыржан Жақып, Әлібек Асқаров, Төлен Қаупынбаев, Тұрсынжан Шапай, Райхан Мәженқызы қатарлы қаламгерлердің кітаптары мен шығармалары Бежің орталық ұлттар баспасынан, Шынжаң халық баспасынан,Шынжаң көркемөнер баспасынан басылып шығып қытай қазақтарына кеңінен таралып, Кейбіреулерінің еңбектері қытай тіліне аударылып қытай оқырмандарының қолына тиді. Бежіңдегі Қытай Жазушылар одағының жанынан шығатын «Ұлттар әдебиеті» журналында үздіксіз жарық көрді. Ұлтар баспаның халқаралық байланыс және маркетиник департементiнiң директоры Бақытбек Тоқтасынұлы мен «Ұлттар әдебиеті» журналының бөлiм редакторы Минар Нұрләззатқызының, Шынжаң халық баспасының бас редакторының орынбасары Шәрiпхан Әбдалиұлының, Шынжаң көркемөнербаспасының бас редакторының орынбасары ГүлденҚуан қызының  ұйымдастыруындағы осы жұмыстардың басында, редактор әрi әдеби әгент ретінде Сержан Тоқтасын жүрді. Ол жәй ғана әдеби редактор ретінде емес, бұл жұмыстарға жылы жүрегімен, қарым-қабілетімен, жан-тәнімен кірісті.

Сол жылдары Бежіңге қызмет сапарымен барған Рақымжан Отарбаев ағамен жаққынан танысып, аға-бауыр болып тығыз байланыста жүрді. Сол шығармашылық жақындық Рақымжан ағаның соңғы күндеріне дейін бір сәт бәсеңдеген жоқ. Рақымжан Отарбаев аға Сержанның қытайдағы туған ауылы Ақдалаға барып дәм татып, жасы сексеннен асқан әкесі Тоқтасын Сәрсенбайұлы ақсақалмен дидарласады. Сол сапардан келген соң Рақымжан аға тереңінен толғанып қандастар туралы, Тоқтасын аға жөнінде «Қазақтың соңғы жырауы» деген әсерлі мақала жазып оны Республикалық баспасөзде жариялатты. Сержан қытайдағы белгілі жазушы, көрнекті қоғам қайраткері Сұлтан Жанболатов ақсақалмен де тығыз шығармашылық қатынаста ортақ жобаларды жасап, оны сәтті орындап шықты.

Сержан Тоқтасынұлы Бежіңдегі ұлттар баспасында істеп жүргенде Қазақстандағы маған екі бұйымтай айтты. «Ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұманбай Молдағалиевтің «Ән қанатында» деген кітабын және сыншы-ғалым, жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Тұсынжан Шапайдың «Айна» деген прозалық еңбегін шығаратын едік, сол үшін кітаптарын алып, шығармаларының қытайда шығуына келісім беретін авторлық құқын өз қолынан алып беріңіз!»-деп тапсырды. Мен өтініш бойынша Тұманбай ағамыз бен Тұрсынжан ағамызға барып Сержанның, яғни «Бежің орталық ұлттар баспасының» тапсырмасын орындадым. Біраз уақыттан кейін Тұманбай ағаның қытайда жарық көрген кітабы қолыма тигенде, оны апарып ағадан шүйінші сұраған болатынмын. Тұманбай аға қуанғанынан қалтасынан 2000 тг суырып көрімдік бергені әлі есімде.

Ол қазақстан жазушыларының еңбектерінің қытай елінде жарық көруіне ғана емес, қытай қаламгерлерінің кітаптарының Қазақстан жағында жарық көруіне де зор үлес қосқан адам. Нобель сыйлығының лауреаты Моян,Бажин,Лауцы секiлдi өзгеде көптеген қытай жазушылардың шығармаларының құрастырушысы, редакторы болып еңбек етті. Шетте жүрген және елге оралған қазақ қаламгерлердің тың дүниелерін нәсиқаттау мен оқырманға жетуіне өзіндік үлесін қосты. Жазушы, этнограф Зейнолла Сәнікұлының 20томын құрастырды. Ол еңбектер2017жылы   «Ан-Арыс» баспасынан шықты. Қанат Зейноллаұлымен бiрге «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының»негiзiн.қалады  2007-жылы Бас редакторы Мереке Құлкенов болып тұрған кезінде Республикалық «Ана тілі»  газетінің Үрімжідегі тілшісі,белгiлi әдебиетшi Ардақ Нұрғазыұлы Алматыда шығарған «Шетел әдебиеті» газетінің сол елдегі арнаулы тілшісі (2007-2008жж) болып өте белсенді түрде қызмет етті. Сол жылдарда Қазақстан Жазушылар одағының жанынан шығатын «Әдебиет айдыны» газетіне де мақалалар жазып тұрды. Газеттің Бас редакторының орынбасары болып істеп тұрғандығым үшін оның жіберген материялдарын менде жарыққа шығарып тұрдым.

Сержан Тоқтасынұлы қытайдағы жәйлі тірлік, жақсы жұмысын тастап 2009-жылдың соңында жаңа жылға қараған күні Атамекені қазақстанға біражолата өтіп келіп, бірден құжаттарын азаматтыққа өткізді. Артынан көп кешікпей азаматтық алып, көп жылдар бойы көксеген арманына қол жеткізді. Алғашында Астанада болып, кейін Алматыға оралып, 2012-жылы «Өлке» баспасында әдеби редактор болып қызмет етті. 2012-2014 жылдар балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Жас өркен» мекемесінде жұмыс істеді. 2014-2015 жылдар «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби тілшілік жұмыстарын жалғастырды. 2013-2018 жылдары «Ақжайық.кз» журналының алматы облысындағы үйлестірушісі міндетін атқарды. Қазiр Репрецияға ұшыраған қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «ARYS» қоғамдық қорының ғылыми қызметкері, редакторы болып, баспагер, қоғам қайраткері Ғарифолла Әнестің шығармашылық командасында келе жатыр.

Осы кезге дейін «Қазақ әдебиетіндегі интеллектвалды проза: Рақымжан Отарбаев прозасындағы психологизм мәселелері» атты көлемді еңбегі жарық көрді. Одан өзгеде шығармалары республикалық басылымдарда басылып шықты. 2020-жылы Атырау облысы өткізген ресми әдеби байқаудың жүлдегері болып сыйланды. 2011-20013 жылдары Сүлейман Демириель Университетінің қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының аспирантурасында білім алып, депломын сәтті қорғап шықты. Жоғары білімді, әдебиетші, зерттеуші, әдеби байланыстардың үздік агенті, баспа ісінің тәжрибелі менежменті ретінде танылған, әрі жоғары сапада қызмет көрсетіп келе жатқан Сержан Тоқтасынұлын«Қазақстанның жүз жаңа есіміне» Репрецияға  қазақстан зиялыларының «ARYS» қоғамдық қоры ұсынған.  Өйткені ол еткен еңбек, төккен теріне ешқашан ақы талап етпей, үн-түнсіз жұмыс істеп келеді.

Ол қазақ-қытай әдеби, мәдени қарым-қатынасына шын ниетімен қызмет етіп, мәдени депломаттық міндет атқарды. Екі елді әдебиет арқылы байланыстырып руханиятымызға қызмет жасады. Қытайдағы қазақ жастарының ұлттық рухта тәрбиеленіп, отанға деген махаббаттарын оятып, елге, отанға құштарлықтарын асыра түсті. Қазақстан қаламгерлерінің шығыстағы милиярттар еліне таралып танылуына мұрындық бола білді. Шын мәніндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының атойсалған жауынгері деуге татиды. Ол сонау 1991-жылы Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назабаевқа құттықтау хат жолдаған күннен тартып дәл қазірге дейінгі отыз жыл ішінде жүрегі қазақстан деп соқты, ол қайда болмасын өзінің алған білімін, жастық жігерін Қазақстанның тәуелсіздігіне арнаумен келеді.Үлкенжүректi, арманы асқақ, көңілі көлдей, сенімі берік азамат. Оның көз алдында тәуелсіз қазақстан, назарында отанға, ұлтқа қызмет ету мақсаты ғана тұрды. Тіршілігі жарнамадан алыстау, дақпырттан жырақтау болғанымен еліміздің рухани саласына сіңірген еңбегі ерен, табысы таудай!.. Ол «Қазақстанның жүз жаңа есіміне» қосылуға ең лайықты адам.

Дәулетбек Байтұрсынұлы,

ақын, аудармашы.
Қазақстан жазушылар одағының және
жуналистер одағының мүшесі.

Abai.kz

9 пікір