Жұма, 26 Сәуір 2024
Алашорда 9991 2 пікір 13 Сәуір, 2021 сағат 13:11

Ғұмар қазақтың қандай кісісі еді?

Ғұмар Қарашұлы

Ғұмардың атын Росиядағы қазақ елі түгел біледі деп айтсақ-та өтірікші болмаймыз. Қазақ еліне ғылымды, пікірлі қызметшілердің өте керек болып тұрған заманында Ғұмар сияқты зор ғалымның қашқындардың қылышы мен кескіленіп өлтірілуі жанды күйдіреді. Жүрекке от жағады. Ғұмар қазақтың қандай кісісі еді? Өмірі қандай болып өтті, деген сұраулардың жауабын білуді әр бір қазақ ұлының жүрегі тілейді.

Біз бұл сұрауларға толық жауап бере алмаймыз: Ғұмар мен жақыннан таныс болмадық, мән-жәйін түсіндірген кісі де болмады. Сондықтан өзінің тіршілігінде жазып шығарған кітаптарының берген мағұлматы бойынша жазып өтеміз: 1911-ші жылы Уфада басылып шыққан «Өрнек» деген кітабында, «Жасырақ уақытымда» деген бабында айтуы бойынша Ғұмар жасында ескі медреседе оқып, молда болған. Сопылық, шайқылық жолдарына түскен. Пірге қол тапсырып, ынтасы мен ғибадат істей бастаған. Өзінде әулиелік нысанасын сезген; ұстазынан бата алып шыққан. Солай айтып жүргенде ашық пікірлі бір ғалымға (атын айтпайды) жолығып, көп уақыт мәжілістес болған. Ғалым түрлі дәлелмен ғұмардың пікірін бұзған. Әулиелік деп жүргені қияли ауыру екенін спат еткен. Соның артынша Ғұмардың қолына Мысырдан шығатын «Алмұнар» деген журнал түскен. Ол журналда мұсылманның атақты философы Жамаладин Ақғанидың сөздері басылған. Содан кейін Ғұмар ескі жолын бір жолата тастаған. Дүниеге екінші көзбен қарай бастаған.

Ғұмар осы жәйін баяндап келіп сөзінің ақырында айтады: «Бұл екі хәкімнің сөздері мені қиял дариясынан шығарды. Алла разы болсын, әр екеуіне де міндеткермін», - деп.

Ғұмар бірінші қызметінде қазақ елін қата сенім, нашар әдеттен құтқармақ болды: ишан, шайқы, соқыр молдалардың жолдары, істері қата екенін, әулиелік деген сөз – дене азып, жан қиналған соң пайда болған қияли дерт екенін, осы күндегі мұсылманның ісін пайғамбар заманындағы мұсылмандыққа жақын келмейтінін сол «Өрнек» кітабында айтып шығады. Ғұмар тарих, әдебиет ғылымдарына өте құмар болған. Қазақтың ескі жырауларының, зор адамдарының сөзін жинап «Шәйір» деген кітап шығарды. Қазақ тарихын жазатын кісілерге өте керекті бір құрал.

Бұдан соңғы жазған кітаптарының көбі өлең болып жазылған: тумыш, бала тұлпар, аға тұлпар, тұрымтай. Ғұмардың өлең кітаптарында айтылған сөзінің бәрі қазақ елінің кемшілігі, қайғысы болып шығады. Сөздерін ашалап айтқанда төмендегі баптарда жазылған: қазақтың хакімдерінің, жігіт ағаларының адасып жүргендігі, молдаларының азғындығы, әйел жәйі, тәрбие жәйі, өте – ғылым жәйі, іссіз жүрген боз балалар жәйі. Соңғы уақытта жазған өлеңдерінде саяси мәселелерге де кірді.

Ғұмар 17-нші жылда Уфадағы мүфтидің бір қазиы болып тұрды. Жалпы қазақ тобында Ғұмар баяндама жасап, дін махкемесі қазаққа айрықша құрылуын лайықтады; сол жалпы қазақ тобынан кейін Уфадан өз еліне қайтты.

Ғұмар өзінің тура дегенін қорғаншақтық қылып, жасырып ұстаған емес: құрбанды шалмай-ақ, тірідей иәки бағасын мектептердің пайдасына беру керек деп «Қазақ» газетасына басып шығарған. Ғұмар бұл пікіріне молдалардың һәм көпшіліктің қарсы екенін білсе де, өзі дұрыс білген соң жалпыға жария қылды.

Ғұмар өмірін ғылым жолында өткерді. Ғарапша, парсыша, түрікше, орысша тілдерді білді, кітапханасы бай деген хабарды білеміз. Ғұмар үлкен дәреже мектепті бітірмесе де өзінің ыждахаты мен алдыңғы қатардағы ғалымдар ретінде кірді.

Ғұмар баспа жүзінде қазақтың қамын ойлап қайғырған кісілердің біріншілерінен. Ғұмар қазаққа қолынан келінген қызметін аяп қалған жоқ. Ғұмар соңғы уақытта ортақшыл партиясына кірді деген хабарды естідік. Ғұмардың комунист партиясына кіруі де езілген қазақ елінің теңдігі комунист партиясы мен ғана табылады деп сенгендігінен.

Ғұмардың артында жазылған кітаптары да қалды деген хабарды телеграмнан оқыдық. Бөкейдегі Ғұмардың мән-жәйін білетін бірге өскен азаматтар өмірін, тәрбиесін, мінезін, қызметтерін, ата-ана, үй іш жайларын толық кітапша етіп жазып шығар деп сенеміз. Ғұмардың қазақ еліне қадірі үлкен. Ғұмарды жалпы қазақ жоқтайды, қайғырады.

Қызмет үстінде, жолда келе жатып уақтсыз кеткен есіл ер топырағың торқа болсын.

Ғұмар сен өлдің, сенің атың, қызметің қазақ халқы мен бірге жасайды, өлмейді.

М. Тұрғанбай

«Қазақ тілі» газеті. №136.1921. Семей.

Материалды әзірлеп, редакцияға ұсынған Абай Мырзағали

Abai.kz

2 пікір