Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 3977 1 пікір 12 Сәуір, 2021 сағат 16:53

Ашық жер кадастры қажет

Үкімет А/Ш мақсатындағы мемлекеттік жерді пайдаланушылардың аттарын ашып айтуы керек. Ашық жер кадастры қажет.

Алдымен мұндай ақпарат 2016 жылға дейін ашық болғанын, кейін дәл осы 2016 жылы оны неге екені белгісіз жауып тастағанын атап өту керек.

Қазақстанның а/ш жерлері – 99 пайыз мемлекеттік меншік. Заң бойынша барлық мемлекеттік меншік пайдаланушылар, мемлекеттік грант алушылар, мемлекеттік тендерлер мен конкурстардың жеңімпаздары, салық жеңілдіктерін пайдаланушылар (100 пайыз ауылшаруашылығы өндірісі) өздері туралы ақпаратты ашуы керек.

Сондай-ақ, барлық жер қойнауы да мемлекетке тиесілі. Сондықтан барлық жер қойнауын пайдаланушылар да заңды тұлға болсын, жеке тұлға болсын, өздері туралы ақпаратты ашуы керек. Жер қойнауы туралы кодекстің 77-бабы осылай дейді.

Ауылшаруашылық жерлері де осы сияқты мемлекеттік меншікте (99%). Бірақ бұл жерде пайдаланушылардың аттары жабық. Логика қайда? Адал шаруалар ештеңеден қорықпайтынына сенімдімін, аттарын айтудан өздері жерді дұрыс пайдаланып, ештеңе істемейтін, өзгелерді маңайлатпайтын латифундистер ақпаратты ашудан қорқады.

Ары қарай біз а/ш жердерін ашық конкурс арқылы цифрлық әдіспен беру туралы айтамыз. Сонда ашық конкурс өткізіп, жеңімпазды анықтап, ары қарай жер кадастрын жауып тастаймыз ба? Өздеріңе күлкілі емес пе бұл? Логика жоқ.

Жеке деректер туралы заңның жеке меншік құқығындағы а/ш жерлері иелерін қорғайтынымен келісуге болады. Бірақ ондайлар бар-жоғы 0,6%. Қалған 99% мемлекет меншігіндегі А/Ш жер пайдаланушылардың аттарын үкімет ашуға міндетті!

Мұхтар Тайжанның жазбасы

Abai.kz

1 пікір