Жұма, 29 Наурыз 2024
Қазақтың тілі 4655 27 пікір 12 Сәуір, 2021 сағат 15:35

Ресми саладағы сауатсыздық – тілге зор қауіп

Бүгінде Ата заңымыздан бастап барлық кешенді бағдарламалық  құжаттарда қазақ тілінің мәңгілік тіл екендігі, Қазақстан халқын біріктіруші қуатты құралға айналғаны тайға таңба басқандай айқындалды. Енді шегінуге ешкімде, ешқандай жол да, амал да жоқ. Мемлекеттік тіл халықаралық ресми іс-шараларда еркін қолданылып, оның үстіне, айналып кетейін, Димашымыздың арқасында туған тіліміздің шексіз ғажап әуезділігіне әлем құлақ түріп қана қоймай, шынайы табынатын болды деуге қақымыз бар.

Бұған дейін Қазақстан журналистерінің конгресінде нақты көтерілгеніндей, қоғам дамуының ағымдағы үрдісі кез-келген ақпараттың ең алдымен қазақ тілінде түсінікті және жедел түрде таратылуы ішкі саяси тұрақтылыққа, ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін факторға ұласты. Сондықтан әйгілі ақын Қадыр ағамыздың «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» өсиеті, бірінші кезекте, мемлекеттік қызметшілерге тура қаратып айтылғандай. Өйткені халық тұтынатын ресми құжаттар мен өзекті ақпаратты осы санаттағы азаматтар әзірлейтіні белгілі. Ендеше, оларға жүктелетін жауапкершіліктің де жүгі аса салмақты.

Кеңестік кезеңде мемлекеттік мәртебесі болмағанның өзінде, ұлт зиялыларының жанкештілігі мен іргесі сөгілмеген ауыл халқының арқасында түпқазығын, нәрін сақтап қалған қасиетті тіліміз Тәуелсіздік жылдарында тұғырына қайта қонғаны – тарихи ұлы жеңіс. Бұл бетбұрыстың нәтижесінде барлық мемлекеттік органдарда құжаттардың түпнұсқасын қазақ тілінде дайындау қажеттігі туындады да, ондағы қызметшілердің қай тілде оқу бітіргендігіне қарамастан, іс-қағазарын қазақ тілінде, орысшасы қатар қосақталып иә, жүргізуі міндеті туындады. Осылайша, бұған дейін орыс мектебінде оқып, немесе қазақ мектебінде оқыса да орысша ортада өскен, сол тілде ойлайтын қалың әлеуметтік топ шалынып, шалдығып, әлбетте шатаса жүріп клавиатураны қазақша теруге бет қойды. Дәл осы сәттен бастап, бұған дейін қаймағы бұзылмай келген қасиетті тілімізге орасан қиянат басталды. Күні бүгінге дейін қалмай, түзелмей келе жатқан осы апатты тежеуге қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да әсер ету үшін ресми саладағы мемлекеттік тілдегі құжаттарда қазақ тілінің грамматикалық ережелерін, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктерін түсінбегендіктен жіберілетін төмендегідей қателіктерге баса назар аударуды жөн көрдік.

Олар, мысалы: «Үкіметпен тапсырылған (бекітілген, анықталған т.б.)...», «Министрмен қол қойылған...», «Министрлікпен жіберілген, (жолданған, келісілген, қолданған т.б.), сол сияқты, «Төрағамен баяндалды...»,  «Әкімдіктің қызметкерімен түсіндірілді (мәлімделді, жіберілді т.б.), - деп, ырықсыз етіс түрінде өрескел қателікпен жазылуы.

Хаттарда кездесетін осындай сипаттағы сойқан қателіктер өзге, бөтен тілде ойлап жазудың салдары екендігі белгілі. Яғни, орыс тіліндегі: «Поручено (утверждено, определено) Правительством...», «Подписан Министром...», «Направлено Министерством, (согласовано, поддержано...), «Изложено Председателем...», «Сотрудником Акимата были даны разъяснения (заявлено )...», - деген тәрізді тіркестерді техникалық, мағынасыз аударып жазудың салдары екендігі көрініп тұр.

Әрбір тілдің өз ерекшелігі бар екендігі түсінікті.

Қазақ тілінде қандай да бір іс-қимыл адаммен істелмейді. Іс-қимылды адам істейді. Сондықтан жоғарыда көрсетілген тіркестер қазақ тілінде:

«Үкімет тапсырған (бекіткен, анықтаған т.б.)...», «Министр қол қойған...», «Министрлік жіберген, (жолдаған, келіскен, қолдаған т.б.), сол сияқты, «Төраға баяндады, баяндаған...»,  «Әкімдік қызметкері түсіндірді (мәлімдеді, жіберді т.б.), - деп жазылуы тиіс.

Мысалы, адам: «Менімен тамақ ішілді (бетім жуылды, машина жүргізілді)» деп айтпайтыны түсінікті. Ал, жоғарыда келтірілген мысалдар осындай түрде жазылған. Сондықтан, «Министрлікпен жіберілген» немесе «Үкіметпен тапсырылған» деген тәрізді жазу орасан қателік. Өйткені, Үкімет,  Министрлік, Әкімдік деген ұғымдар оларда жұмыс істейтін адамды білдіреді, ол бір жансыз дүние емес.

Осындай ерекшелікті мүлде білмеудің мысалы мынадай тұрпаттағы сиқынсыз сөйлемнен де көзге ұрып тұр: «Вакциналау егу бригадаларымен мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орындарында жүргізілетін болады».

Бұл сөйлемнің дұрысы: «Вакциналауды егу бригадалары мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орындарында жүргізетін болады (жүргізеді)».

Бәрін айт та бірін айт дегендей, әртүрлі сақтандыру құралдарымен бір әрекеттер жасалуы мүмкін, алай да сол істі, қимылды адам өзі жасайды ғой.

Келесі үлкен қателік адамның туған датасын жазумен байланысты. Мысалы: Асанов Асан Асанұлы 01.01.1985 ж. «туылған» деп жазу жиі кездеседі. Қазақ тілінде адам туылмайды, ол зат емес, адам өзі дүниеге келеді. Яғни, «туылған» деген дөрекі қателік, тағы да сол орыс тіліндегі «родился» деген сөздің сорақы аудармасы. Қазақша, мысалы «Ай туды» дейді, «Ай туылды» демейді. Сол сияқты, «туған жер» дейміз, «туылған жер» емес.

Абай: Туғанда дүние есігін ашады өлең...

Мұқағали: Бүгін менің туған күнім, ой бәле-ай!..

Туған жер туралы белгілі ән мәтінінде: «Қайда жүрсем, туған жерім, сен есімнен шығармысың».

Келесі: «тұлға» сөзіне байланысты. Қазақ ұғымында, тілінде «тұлға» деп ұлы, атақты, тарихи адамдарды айтатыны мәлім. Мысалы, Керей, Жәнібек хандар, Шоқан, Абай, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуэзов т.б. сынды тарихи мойындалған адамдарды тұлға дейді. Қазіргі уақытта «сотталған тұлға», «қылмыскер тұлға» деген өрескел тіркестер кездеседі. Сондықтан, мағынасына қарай «сотталған адам», «қылмыскер адам», азамат т.б. сөздерді пайдаланған орынды.

Халықаралық қатынас саласында ағылшын тілінде «Host country», орысшасында «страна пребывания» деген ұғымды «болу елі», «болмыш ел» деген тәрізді мағынасы түсініксіз тіркестер кездесуде.

Кейбір жергілікті атқару мекемелерінің хаттарында: «Әкімдік атқарып жатырған іс-шаралар...» тәрізді сөйлемдердегі «жатырған» деген белгілі бір аймақтарда әдеби нормадан ауытқып, тек ауызекі тілде қолданылатын сөзді өрескелдікпен ресми құжаттарға жазу үрдісі байқалуда.

Қазақ тілінің ережелері бойынша қысқарған сөздерге жалғау соңғы әріпке қатысты жалғанады, яғни, ҚР-дың (ҚР-ның емес), ҚР-ға (ҚР-на емес) , ӨР-де (ӨР-нде емес), РФ-дан (РФ-нан емес) т.б.

Цифрдан кейінгі сөз жекеше түрде жазылады. Мысалы, 153 азамат, (153 азаматтар емес) т.б.

Бұдан басқа да ұдайы қате жазылып, айтылып жүрген тіркестер, сөйлемдерде сан жоқтығы белгілі. Оған қатысты қалың оқырман да ой бөлісер деген үміттеміз, әлбетте. Назар аударып отырғанымыз солардың ішіндегі, тіпті жоғары мемлекеттік органдарда, өкінішке орай кең тараған, жиі жазылып жүрген, ақыры ең бір өрескел түрі болғандықтан үнсіз қалуды жөн көрмедік. Өйткені сауатсыз жазылған ресми құжаттар, ақпарат бір мекемелерден келесі мекемелерге жолдануы өз алдына, ең өзектісі, қаупі халыққа, жас ұрпаққа тарайтындығында.

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541