Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7429 12 пікір 12 Сәуір, 2021 сағат 13:42

Путин, Никонов, Федоров, Мединский: Ресейдің көздегені не?

Соңғы бір жыл ішінде ресейлік саясаткерлер тарапынан посткеңестік елдерге қатысты түрлі арандатушылық сөздер айтылуы жиілеп кетті. Оның ішінде аумақтық тұтастыққа күмән келтіру мен «сыйға тартылған жер» жайында көп айтылуда. Әсіресе Қазақстанға қарата айтқан арандатушылық сипаттағы үндеулердің қатары артты.  Бұл экономикалық одақта, әскери ұйымда бірге келе жатқан, өзара достық келісіміне қол қойған Қазақстан мен Ресейдің арасын алыстатпаса, жақындатпасы анық. 

2020 жылдың 21 маусымында ресейлік «Россия 1» арнасында «Ресей. Кремль. Путин» фильмі көрсетілді. Фильмде Ресей басшысы Владимир Путин Ресейдің қазіргі саясаты, Кеңес Одағынан кейінгі қалыптасу кезеңі жайлы ой қозғайды. Ол КСРО кезіндегі саясатқа баға бере отырып, Ресей территориясына қатысты да ой айтады.

«Кеңес Одағы құрылған кезде, одақтан шығу құқығы жайлы жазылды, алайда шығу үрдісі жазылмағандықтан үлкен сұрақ туындайды: Егер қандай да бір ел Кеңес Одағына кірген соң өзіне ресейдің тарихи жерінен үлкен аумағын алса, артынша Одақтан шыққысы келсе, онда қандай жермен кірді, сондай жермен шықсын. Орыс халқының сыйлығын өзімен бірге ала кетті. Оның бірде біреуі жазылмады ғой. Мен біздің Конституцияға өзгеріс енгізіп жатқанымызды дұрыс санаймын», - деді Путин. Путиннің бұл сөзі үлкен дау туғызды. Себебі Ресеймен шекаралас елдер Ресей басшысының бұл сөзін «аумақтық тұтастығымызға қауіп төндіру» деп қабылдады. Оның ішінде қазақ қоғамы мен қазақ зиялылары да бар. Коронавирустың өршіп, пандемияның қарқын алуы Ресей басшысының бұл сөзін қоғам ішінде ұмыттырғандай болды.

Алайда көп ұзамай ресейлік саясаткер Вячеслав Никонов «Большая игра» бағдарламасында кезекті мәрте Қазақстанға қатысты арандатушылыққа барды. «Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстанда бұрын мүлде халық қоныстанбаған еді. Олар болған, бірақ оңтүстікке жақын. Шын мәнінде, Қазақстан территориясы - Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы», - деді Ресей саясаткері. Бұл арандатушылық сөзі тек қана қоғам арасында талқыланбай, екі ел арасында ресми наразылық білдіруге ұласты. Анығы қазақстандық тарап орыс саясаткерінің сөзін ресми түсіндіруді талап етті.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Бұл не, жаугершілік сауатсыздық, саяси инфантилизм немесе екі халық пен мемлекет арасында сына қағуға бағытталған әрекет пе? Бұл тек саяси жауапсыздық емес, сонымен қатар, ғасырлар бойы қалыптасқан біздің ортақ мұрамыз - халықтар арасындағы достықтың негізі болып келе жатқан миллиондаған қазақ пен орысты қорлау. Мен және миллиондаған қазақстандық үшін орыс пен қазақ халқының арасындағы достықты қорғауымыз керек екені анық. Қорлау мен арандатушылық мәлімдемелерден аулақ болу керек», - деп жауап жазса, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп: «Қазақстанның Тәуелсіздігіне отыз жыл толуға қараған шақта тасада тұрып тас ататындар шықты. Ресей Думасының білдей бір комитет төрағасы Никонов деген «Қазақстан территориясы - Ресей тартқан тарту» деген мазмұнда сөз айтады. Бауыржан Момышұлы мұндайды «оттауизм» дейтін... Ресей - Қазақстанның стратегиялық әріптесі. Екі ел ортасында мәңгілік достық туралы шарт бар. Дума депутаты аңдамай сөйлесе, аузынан жаңылған шығар деуге болар. Ал мұны саналы тұрда мәлімдесе бұл әңгімені екі елдің ортасына от тастау деп бағалау керек», - деп арандатушылықты қатаң айыптады.

Сыртқы істер министрлігі тарапынан да реакция болды. 12 желтоқсанда Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаров шақырылып, оған наразылық нотасы жазылған құжат табысталды. Министрлік «ҚР СІМ Ресей тарапының мұндай мәлімдемелерге тиісті баға беруін күтеді және Ресей Федерациясының мемлекет қайраткерлерінен мұндай мәлімдемелерге жол бермеу үшін шаралар қабылдауға шақырады», - делінген хабарлама таратты.

Алайда ресейлік саясаткерлер тарапынан арандатушылық, аумақтық тұтастыққа күмән келтіру артпаса, кемімеді. Араға екі апта салып, желтоқсанның соңында ресейлік депутат Евгений Федоров отқа май құйып, тіпті ақылға сыймайтын арандатушылық сөздерін айтты. «Қазақстан астанамыз Орынбор болған дейді. Шындығында Орынбор да, Қызылорда, Алматы да, Қазақстан да Ресейдің бір субъектісі болды. Қазақ халқы болған емес. Халық деген ең жоғары статуста құрылады, әлемдік соғыс негізінде. Қазақстан деген болған жоқ. 1922 жылғы негізге қарасақ оның тіпті 1 ммде жері жоқ. Қазақстан заңсыз және уақытша мойындалған деп пайымдаймын. КСРО тарады деген нақты бірде бір құжат жоқ», - деген сынды сөздерді айту арқылы өзінің шынайы пиғылын көрсетті. Ресейлік депутат тіпті президент пен билік басындағыларды «коллаборационист» деп атады. Бұл қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Қазақстан тарапынан саясаткерлер түрлі жауаптар айтты. Бірі БАҚ-қа сұхбат берсе, енді бірі әлеуметтік желідегі парақшаларына өз ойларын жазып, қарсылықтарын білдіріп жатты. Тіпті осындай арандатушылықтан кейін Қазақстанда патриоттық бағыттағы «Тұлпар мініп, ту алған» акциясы басталды. Әр ауылдың азаматтары мемлекеттік туды ұстап, арғымақ ерттеп, қазақтың жерін қорғаймыз деген сипатта челлендж ұйымдастырылды. Челлендждің мақсаты «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына» ұйымдастырылса да, шынайы мақсаты идеологиялық жауап ретінде бағаланды.

2021 жылдың 18-наурызында Ресей президенті Владимир Путин Лужники кешенінде Қырымды тартып алғанының 7 жылдық мерейтойына орай ел алдында сөз сөйледі. Сөз арасында Путин «сыйға тартылған жер» атты өтірік тарихи фактісін тағы қайталады. «Өткен ғасырдың 20-жылдары большевиктер Кеңес одағын құру кезінде түсініксіз себептермен көптеген территорияларды енді құрылған квазимемлекеттік құрылымдарға бере салды. Ал кейін өздері құлдырап, өз партияларын ішінен құлатып, Кеңес Одағын таратып тынған сәтте, Ресей ауқымды территориялары мен геосаяси кеңістіктерінен айырылып қалды», - деді ол. Путиннің сөзі бұл жолы айтарлықтай дау туындатпаса да, оның көзқарасы өзгермегені және ешқашан өзгермейтіні анық болды.

Арандатушылық сипаттағы сөздерді тек қана депутаттар емес, тіпті Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский де айтты. Ол студенттермен кездесу барысында «қалайша Ресейдің жері Украина, Қазақстан тіпті Белоруссияның құрамында кеткен», - деген сұрақ қойған. Бұл сұрақтың жай қойылмағаны және жас ұрпақты шынайы тұрғыдан сол өтірікке сендіруге тырысуы анық байқалады.

Атышулы Жириновский 9 сәуір күні кезекті мәрте арандатушылыққа барды. «Қазақстандағы Павлодар қаласында 30 көшенің атын ауыстырмақ. Орысша атауларды қазақшаға өзгертпек екен. Сендер өздеріңнің қазақ қалаларын салып алыңдар да, сонда қазақша көшелерді атай беріңдер, өзгенікіне тимеңдер. Петр тұсында ол жерде Коряков форпосты болған, тұз шығарушыларды қорғайтын. Ол жерде ешқандай мемлекет болған жоқ, қу дала, кей жерде көшпенділер жүрді. 300 жыл бұрын қайда болдыңдар Қазақстан? Сендер болған жоқсыңдар. Жоңғар тайпалары болды, бірақ Жоңғар мемлекеті болған жоқ. Қазір барлығының атауын өзгертіп жатыр, ауыстырып жатыр. Барлығы ұмытылып, қазақтарға қалады деп ойлайды. Ешкім ештеңені ұмытпайды. Орыс әлемі мен кеңістігі шекарасын қалпына келтіреді. Тәртіп орнатады»,  - деу арқылы  арандату жасады.

Ресей саясаткерлері тарапынан Қазақстанның аумақтық тұтастығына күмән келтіру фактілері жиілеп барады. Араға ай салып айтылып жатқан арандатушылықтардың соңы екі ел арасындағы қарым-қатынастың нашарлауы мен өзара сенімсіздіктің артуына әкелетіні айтпаса да түсінікті. Ресей басшысы Путин, оның көмекшісі Мединский және депутаттарынан бастап қайталап айтатын «сыйға тартылған жер» тақырыбы Кремльдің сыйын азайтпаса, абыройын көтермейді.  Қазақстан Ресеймен өзара достық және тату көрші келісіміне қол қойған ел. Алайда шынайы достың, тату көршінің сипаты мұндай болмас. Көкейде еріксіз сұрақ туындайды: Ресейдің көздегені не?

Асхат Қасенғали

Abai.kz

12 пікір