Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Әдебиет 8011 5 пікір 9 Сәуір, 2021 сағат 17:24

Мо Ян Нобель сыйлығын алуға лайық па?

Өмір дерек

Нұрқалық Абдырақын 1976 жылы 25 мамырда Іле қазақ автономиялы облысы Мұңғылкүре ауданының Ақдала деген елді-мекенінде дүниеге келген. Күйтің қаласындағы Іле оқу-ағарту инстиутының ханзу тілі факультетін 1997 жылы бітіріп оқытушылықпен айналысады. Кейін Ухан педуниверситетіне барып ханзу тілі мамандығы бойынша PhD доктранты болады. 2004 жылы қазақ еліне қоныс аударған ол Түркістандағы Қ.Яссауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінде ханзу тілінен сабақ береді. 2007 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыс тану факультетінде Қытай әдебиетінен сабақ беріп жүр.

Н. Абдырақын «Қазіргі ханзу тілінің грамматикасы», «Жаңа заман ханзу әдебиеті», «Қытай мифтері», «Ханзуша-қазақша фразеологиялық сөздігі» «Ханзу-қазақ-орыс экономика және мұнай-газ саласындағы терминдер сөздігі» қатарлы оқулықтар мен сөздіктердің және «Ан-арыс» баспасынан шыққан «Иірім» (2010 ж.) атты романың авторы. Бүгінгі таңда оның публистикалық мақалалары мен ой- толғамдары мерзімді баспа сөзде жарық көріп келеді.


– Нұрқалық мырза, Тәуелсіз қазақ еліне қытай әдебиеті күні бүгінге дейін сырлы, жұмбақ әлем болып келегені шындық. Халқымыз орыс аудармашылары арқылы қытай әдебиетінің классиктері Ли бай мен Лу Шұнды шет жағалап білгені болмаса, 2012 жылы дүние әдебиеті айдынына сунами болып келген Мо Янның шығармасын білмек тұрмақ, өз атын да естімегенін мойындауымыз керек. Алайда әлемдік Нобель сыйлығын алған Мо Ян туралы өзгелерден қалғысы келмеген біздің бірлі-жарымды қаламгерлер мен әдебиет танушылар әртүрлі ойларын айта бастады. Алайда көбісі шетелдік сарапшылардың, әсіресе орыс қаламгерлерінің айтқанына жүгініп жүр. Сондықтан сіз Мо Ян туралы әңгіме бастаудан бұрын Мо Яның шығармашылығын қалыптастырған жаңа замандағы қытай әдебиетінің тарихына қысқаша тоқтала кетсеңіз жөн болар еді.

– Біз жаңа замандағы қытай әдебиетінің өзін – қазіргі заман қытай әдебиеті және осы заман қытай әдебиеті деп екіге бөлеміз.

Қазіргі заман қытай әдебиетінің өзі екі жікке жіктеледі. Біріншісі –  1917 жылдан 1927 жылға дейінгі қазіргі заман қытай әдебиетінің қалыптасу кезеңі, екіншісі, 1928 жылдан 1949 жылға дейінгі кемелденген қазіргі заман қытай әдебиеті.

Ал осы заман қытай әдебиеті үшке жіктеледі. Олар: 1949 жылдан 1976 жылға дейінгі қазіргі қытай әдебитінің жаңару кезеңі, 1976 жылдан 1989 жылға дейінгі өркендеген осы заман қытай әдебиеті, 1989 жылдан 2013 жылға дейінгі көп бағдарлы осы заман қытай әдебиеті.

Қазіргі заманғы қытай әдебиетіндегі модернистік тенденция «мәдени төңкерістен» (1966-1976 ж.ж.) кейінгі он жылдықта анық байқала бастады. Бұл негізінен, 1978 жылы желтоқсанда Дың Шаупың билігі орнағаннан кейінгі экономикалық реформа мен елдің «ашық есік саясатын» жүргізу туралы шешімін жариялағаннан бастап (Қытай Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің ІІІ пленумы 11-шақырылымы) 1989 жылы 4 маусымдағы Тияньанмин алаңындағы оқиғаға дейінгі аралық «жаңа кезең» деп аталады. Бұл кезең қытай әдебиетінің дамуындағы дербес және аяқталған кезең болып табылады. Және бұл кезең 1919 жылғы 4-мамыр Қозғалысы кезінде пайда болған жаңа мәдениет мен «мәдени төңкерісте» қирап қалған адами құндылықтарды қалпына келтіру, батыс әдебиеті мен оның көркемдік, эстетикалық үрдіс-тәсілін өзіне үлгі ету, көптеген модернистік, промодернистік және постмодернистік бағыттар мен топтардың пайда болуы негізінде қалыптасқан гуманистік идеалдардың жандануымен тікелей байланысты. Қытай әдебиетінің дамуындағы келесі он жыл (1990-жылдар) «кейінгі жаңа кезең» немесе «посттық кезең» деп аталады. Бұл кезең неореалистік және постмодернистік бағыттардың пайда болуымен ерекшеленді.

1980 жылдардағы қытай әдебиеті өз оқырмандарын сан қырлы бағытқа ауысып отыратын ерекше тенденциялар, ағымдар мен стильдерінің пайда болуымен, сонымен бірге көптеген шығармашылық табыстарымен өзіне баурай алды. Әлемді таңғалдырып, бізді тамсандырып отырған Мо Ян 1981 жылдан бастап қолына қалам алған жазушы.

«Тір­шілік атаулының жаны бар деп сенетінмін. Үлкен ағашты көрсем, құрмет көрсететін­мін. Ұшқан құсты көрсем, ол қалаған ке­­­зін­де адамға айналуы мүмкін деп қиял­дайтынмын. Бейтаныс кісіге жолықсам, ол қайсы хайуаннан адамға өзгерді екен деп кү­мән­данатынмын».

Ендеше әлемді таңғалдырған, бізді тамсандырған қаламгер Мо Янның  өмірі мен шығармашығына тоқтала кеткен жөн шығар.

– Мо Ян 1955 жылы 17 ақпанда, Шандоң провинциясының Гауми ауданы, Далан ауылындағы Пиңан қыстағында бір кедей диқан отбасында дүние келеді. Әкесі – Гуан Ифан балаларын қатал тәртіппен ұстаған адам болған. Мо Ян – Гуан отбасының төртінші баласы. Шын аты – Гуан Мойе. 1979 жылы Ду Чиңлан атты қызбен үйлеген. 1981 жылы Гуан Шяушяу атты қызы дүниеге келген. Мо Яндының бала кезінде атасы елге: «Сүйкімді емес дей көрмеңдер. Ол – темірқазық, кейін үлкен адам болады», – деген екен. Үлкен атасы Гуан Соңфың ана мен балалар сырқатының мықты дәстүрлі емші, ал өз атасы Гуан Яони әңгімешіл, ертек-аңыздарды көп білетін қарт екен.

2010 жылы Хаңжоу қаласындағы Лоңчуанға барып ата тегін іздеген Мо Ян сол жердің тұрғындарына: «Мен қазіргі тұрған жерім Гаумиға барған Гуан тегінің жиырма төртінші, Лоңчуандағы Гау тегінің отыз алтыншы ұрпағымын», – деп айтыпты. 1950 жылдардың соңында, әсіре солшылдық тудырған ауыр зардаптар – ауыл жұртын жаппай кедейшілікке, ашаршылыққа, экономикалық жоқшылыққа ұшыратумен бірге  тапқа, жікке айырған сол кездегі саяси билік оның отбасын «жоғары орта дихан» деп атапты. Осы жайларға байланысты туындаған психологиялық ерекшеліктер оның бұдан былайғы прозалық туындыларына ықпал жасаған.

Мо Ян бесінші сыныпта оқып жүргенде «мәдениет төңкерісі» бұрқ ете қалып, мектептегі оқу тоқтайды. «Желіккендер» «көтеріліс», «төңкеріс» жасауға кіріседі. Ал, Мо Ян болса Жяухы өзені бойындағы ауыр еңбекке жегіледі. Осы ауыр әрі мақсатсыз еңбектен құтылу үшін үлкен атасынан қалған дәстүрлі емшілікті екі жылдай үйренген Мо Ян бұған қабілетінің төмендігін біліп, оны да тастайды. Сосын бір амалын тауып мақта фабриксына таразышы болып жұмысқа тұрады.

Мо Ян талай дүниені «құлақпен оқи бастаған». Ол: «200 жылдың алдында, менің туған ауы­лымда хикаят айтудың асқан шебері Пу Суңлиң өмір сүрген. Біздің қыстақтағы көптеген адамдар және мен соның рухын, жолын жалғаушымыз. Мен ұжымдаса еңбек іс­тейтін атыздың басында, өндіріс отря­ды­ның қорасында, атам мен апамның ыс­тық сыпасының (еден) үстінде, тіпті қи­­ралаңдап кетіп бара жатқан арбаның үс­тінде көптеген сырлы әңгімелерді, тарихи аңыздарды, қызықты ертегілерді естідім. Бұл хикаяттар жерлікті жердің табиғатымен, әулет тарихымен тығыз байланысып жатқандықтан шын-шынайы сезілетін. Тір­шілік атаулының жаны бар деп сенетінмін. Үлкен ағашты көрсем, құрмет көрсететін­мін. Ұшқан құсты көрсем, ол қалаған ке­­­зін­де адамға айналуы мүмкін деп қиял­дайтынмын. Бейтаныс кісіге жолықсам, ол қайсы хайуаннан адамға өзгерді екен деп кү­мән­данатынмын», – дейді. Ашаршылық, жалғыздық, адамды жалықтыратын бір сыдырғы ауыл өмірі кезінде, Мо Янға ең қызықты әдет кітап оқу болыпты. Оған Шанхайда оқитын үлкен ағасы Гуан Мошян нешетүрлі кітапты жеткізіп тұрады екен.

Мо Ян және бір сөзінде: «1976 жы­лы қаңтар айында әскерге қабылдан­дым. Шешем той жасағанда түскен әсемдік бұйымды сатып, маған алып берген төрт томдық «Қытай жалпы тарихын» ар­­қа­лап, мен жақсы көретін әрі өте жек кө­ре­тін туған жерімнен ұзап шығып, өмірімнің ма­ңыз­ды кезеңіне қадам бастым. 1984 жылы емтихан тапсырып, «Азат­тық армиясы көркемөнері» институтының әде­биет факультетіне қабылдандым», – дейді. Әскерде ол жай солдаттан бастап саяси комиссар, үгіт-насихат қызметкері, кітап басқарушы, оқытушы, тағы басқа жұмыстарды атқара келіп, 1986 жылы осы «Әскери Өнер институтын» тамамдайды. 1991 жылы Бейжің педуниверситетінің Лу Шұн әдебиет институтының шығармашылық аспирантурасын бітіріп, әдебиет пен өнерден магистрлік дәреже алады.

Әйгілі жазушы Мо Ян – қазір Қытай Өнер Академиясының Әдебиет институтының президенті, Шяң Гаң «Гүң Кай» унверситетінің құрметті әдебиет докторы, Чиң Дау ғылыми-техникалық унверситетінің құрметті профессоры, 1980 жылы ауыл-қыстақ өмірін жазудан жүлдегер болған. 2006 жылғы Қытайдағы бай-қуатты жазушыларының 20-шы орнын иеленді. 2007 жылы Қытай жазушыларының ішінен жасампаз жазушы атанып бірінші орынды еншіледі. 2011 жылы «Бақа» романы үшін Қытайдың 8-ші кезекті Мау Дұн әдебиет силығының иегері атанды. 2011 жылдың 24 қарашасында  8-ші кезекті жазушылар съезінде ол Қытай жазушылар одағының бірінші орынбасар төрағасы болып сайланды.  2012 жылдың мамыр айынан бастап Дұң Хуа педагогикалық университетінің әдебиет факультетінде қосымша лекция оқыды. 2012 жылы 11 қазан күні кешкі жетіде әлемдік Нобель әдебиет сыйлығына қол жеткізді. 2012 жылдың 13 қазанында оның шығармашылығын Англия «Үй бау» ақпарат көзі барша әлемге таныстырды.

Оның тырнақ алды көркем шығармасы – «Көктемгі түннің жаңбыры құя бастады» атты әңгімесі. Оның атын шығарған романы – «Қызыл гаулиян».

Мо Янның шығармалары бойынша: «Қызыл гаулян», «Ақ мақта», «Ұстаз барған сайын күлдіргіленді», «Күннің құлағы бар», «Алты бақан тепкен ақ ит» атты кинокартиналар түсірілген.

– Мо Янның бүгінге дейін қанша рорманы, қанша повесті және әңгімелері баспадан жарық көрген?

– Тізіп айтсам: «Қызыл гаулян» (2004 жыл, қаңтар, «Бүгінгі дүние» баспасы), «Арақ елі», (2008 жыл, қыркүйек, «Шанхай мәдениет» баспасы), «Шөп жегіш ұлт»  (2004 жыл, қаңтар, «Бүгінгі дүние» баспасы). «Жаннаттағы сарымсақ әні». «41 зеңбірек», (2003 жыл, шілде, «Жастар толқыны» баспасы), «Дар ағашы» (2004 жыл, қаңтар, «Бүгінгі дүние» баспасы), «Он үш қадам» (2003 жыл қазан, «Жастар толқыны» баспасы), «Торсылдақ кеуде, былқылдақ бөксе» (2004 жыл қаңтар, «Қытай жұмысшылар» баспасы), «Өмір мен өлім күресі» (2006 жыл қаңтар, «Жазушы» баспасы) «Қызыл ағаш», «Бақа» (2009 жыл, «Шанхай мәдениет» баспасы) романдарының авторы.

Жарық көрген повестері: «Ақ мақта», «Алтын шашті сәби», «Жарылыс», «Гаулияң арағы», «Иттің соқпағы», «Ғажайып өлім», «Құрылыс жолы», «Шаттық», «Қызыл қанатты құмырсқа», « Әке», «Солдаттағы саптасынмен кездесу», «Гүл құшақтаған қыз», «Қызыл құлақ», «Шытырман түс», «Сәнқойдың кешегісі мен бүгіні», «Күлкі және күлдіргі», «Өмір», «Ұстаз барған сайын күлдіргіленді». Ал Мо Ян қаламынан туған әңгімелер көп, кітап болып басылғандары: «Алты бақан тепкен ақ ит» атты әңгімелер жинағы (2004 жыл, қаңтар «Бүгінгі дүние» баспасы), «Мөлдір сәбіз» атты әңгімелер жинағы (2004 жыл, қаңтар, «Бүгінгі дүние» баспасы). «Өлең айтқыш дуал» атты әңгімелер жинағы (2005 жыл, қараша, «Жазушы» баспасы). «Сиыр» атты  әңгімелер жинағы (2004 жыл, сәуір, «Ұлттық» баспасы) және «Үй ұстазбен кездесуі».

Оның шығармалары бойынша: «Қызыл гаулян», «Ақ мақта», «Ұстаз барған сайын күлдіргіленді», «Күннің құлағы бар», «Алты бақан тепкен ақ ит» атты кинокартиналар түсірілген.

Мо Ян шығармашылығы ұшқыр қиял мен тартымды фантастикаға ұштасым-сабақтасып жатады. Мо Ян – қытай әдебиетіндегі өзге жазушыларға әу бастан ұқсамаған, тіпті парқы өте айқын, жасампаздық қуаты дамылсыз тасқындаған туындылары арқылы әдебиетте үлкен өзгеріс, қатты дүмпу тудырған қаламгер.

–  Мо Ян жасампаздығының басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?  

–  Оның туындыларында қиял мен шындық көркем ұштастырылады. Мо Ян бұл бір жағынан алдына жан салмайтын жазушы. Сонымен бірге оның дүниеге басқаша көзбен қарайтын ерекшелігі де жұртты елең еткізбей қоймайды.

Мо Янның тарихи көзқарасы өте терең. Ол ежелгі мифтер мен аңыз әңгімелерді бала шағында көкірегіне құйып өскендігі және әлем халықтарының алға басар ауыз әдебиетінің үздік үлгілерін жақсы білгендігі оның таңғажайып тамаша дүниелер жазуына даңғыл жол ашқан деп айта аламыз. Мо Ян шығармашылығы ұшқыр қиял мен тартымды фантастикаға ұштасым-сабақтасып жатады. Мо Ян – қытай әдебиетіндегі өзге жазушыларға әу бастан ұқсамаған, тіпті парқы өте айқын, жасампаздық қуаты дамылсыз тасқындаған туындылары арқылы әдебиетте үлкен өзгеріс, қатты дүмпу тудырған қаламгер. Ол әдебиетке стилистика жағынан да орасан зор үлес қосқан суреткер.

Қытай әдебиеті тарихындағы қазіргі заманғы ханзу әдебиетінің басты өкілдерінің бірі саналады. Қытай реалдығына (тіпті өз ауылына) табанын мықтап тіреген, дәстүрлі әдеби шеңберді бұзған, бірақ қытайлық (4-мамырдан бергі) жаңа әдебиет дәстүріне (гуманизмнің әлемге ортақ құндылықтарына) жақсы мұрагерлік еткен, тұсаусыз да жанкешті, дарынды да еңбекшіл қаламгер. Мо Ян – адамды жырлайтын, тентектік пен тектілікке ие суреткер. Ол көбінесе ез бен ынжықты, сорлы мен бейшараны емес, жігерлі мен қайраттыны, тіресетіндер мен қасарысатындарды жазады. Кей сыншылардың: «Мо Ян – зор эстетикалық өнерлік рухы бар жазушы» дейтіні де осыдан. Сондай-ақ ол аса сезімтал, тілге шешен де ділге жүгенсіз жазушы.

Мо Ян – күшті фантастикалық қуатқа суарылған, батыл инновациялыққа ие, көп қырлы, аса қиялшыл да елестеткіш, бейнелеуге шебер, дарынды қаламгер. Мо Ян өз прозасында ерекше субъектив сезім әлемін жасайды, дүлдүл мініп ғарышты шарлағанды баяндайды, сырлы трансзендентті объектив дүние сомдап, айқын авангардтық рең береді. Кейбір сыншылардың оны «Сиқырлық реализм әсеріне қатты ұшыраған» дейтіні содан. Бұл арадағы трансзендентті дүние деген – білімнің немесе саф рационалдың объекті емес, ниеттің немесе практикалық рационалдың қажетті тұспалы, тіл шеберлігі мен психологиялық емеуріні.

Мо Янның сиқырлы реализмі – әрине, қытайша сиқырлы реализм. Оны мыналардан айқын көре аламыз. Мо Ян прозасының ең басты үлесі – барлық кейіпкерлерін антропологиялық деңгейге қайтарып, адамды жануар, тіршілік, алғашқы тірлік иесі етіп, дүниеуи мәселелерге социологиялық, этикалық әдіспен қарауды бұзуында. Халықтың көңіл күйін бақылаушы санатында емес, жай жұрттың бірі ретінде суреттеуінде. Мысалы, «Өлім мен өмірдің күресі» бір адам талай құбылады – адам да, жылқы да, сиыр да есек те бола береді. Ол өз шығармаларында талай жануарды тиек ете келіп, сол барыста қытайдың ертегілеріндегі жан иелері басқаға ауысыуы іспетті (қазақ халқында да аққудың аруға айналуы сынды) реинкарнациялық доктринаның ықпалдарын жаңғыртады.

Мо Ян өз қара топырағын мақтамаған, қайта оған деген назардығымен ең әуелі өз маңына қараған. Сосын барып ондағы оқиғаларды өз ой елегінен өткізіп, зерттеп, зерделеп суреттеу әдісімен әлемге әйгілеуге кіріскен. Мо Ян тұрған ауылынан (жүз отбасы, жеті жүз адамы бар шағын ғана қыстақтан) ұшқыр ойы арқылы жаңа жасанды дүниені, шығармашылық алаңды, рухани идеяның тамаша төркінін қалыптастырған.

Қытайдың Мо Яндай ысылған, шебер қаламгерлері шетелдік ең үздік жазушыларға да таяз ұстаныммен үңілмейді, жеңіл әсерге де желікпейді. Қайта өз туындылары арқылы өресі биік диалогпен рухани байланыс жасап, жоғары өреде үн қатып, өзінің жүрек сөзін айтады. Мәселен, Мо Янның «Қызыл гаулян әулетінен» «Бақасына» дейін зер салып қарайтын болсақ, Латын Америкасының сиқырлы реализмінің ықпалына ұшырағанын байқау қиын емес. Бірақ ол ықпал тек ынталандыру нүктесінде, шабыттандыру сатысында ғана рөл атқарған. Жеме-жемге келгенде Мо Янның туындылары олардың туындыларынан мойны озық. Аса сезімтал Мо Ян латын америкалық жазушыларға тән туындылардың ең түпкілікті сипатының ұжымдық ессіздік екенін, содан барып олардың тереңге сүңги алмағанын байқаған. Ол қытайша ойлау деңгейінен биіктеп кеткен, әдебиеттегі қалыптасқан қасаң теорияшылдық қағиданы бұзған еркін ойлы жазушы.

  «Туған халқымның өнері мен мәдениеті мені ерте есейтті. Менің бала кезімнен алғаш көзіме түскені – осы мәдени элементтер еді. Қолыма қалам алып жазуға отырсам-ақ, бұл мәдени элементтер менің туындыларыма ене жөнеледі».

Кез келген қаламгердің туған жері оның шығармашылық практикасына және көсіле жазатын алаңына айналатыны шындық, Мо Ян бұл туралы не дейді?

– Мо Ян: «Менің жұртым мен шығармашылығым тығыз байланыста. Гаумиде сазбалшық мүсіндер, қағаз оймалар, мерекелік сызбалар, гулеген әр алуан сөздер секілді халық өнері бар. Туған халқымның өнері мен мәдениеті мені ерте есейтті. Менің бала кезімнен алғаш көзіме түскені – осы мәдени элементтер еді. Қолыма қалам алып жазуға отырсам-ақ, бұл мәдени элементтер менің туындыларыма ене жөнеледі. Бұлар тіпті менің шығармамның стилін де бекітті. Менің шығармаларым – әрі қытай әдебиеті, әрі дүние әдебиетінің бір бөлігі. Менің туындыларым қытай халқының тұрмысын, қытайдың ерекше мәдениеті мен салтын суреттеді. Сондай-ақ, менің шығармаларым кең мағынадағы адам образын сомдады. Адамды бастан-аяқ кісілік тұрғыдан  жаздым. Меніңше, мұндай туындылар аумақтық, этностық, нәсілдік кедергіні бұзып, шеңберден аттап кетеді», – дейді.

Мо Ян өзі туып өскен ауылын ту етіп, осы бір жердің табиғатын, тұрғындарын – жасық ері мен жазықты әйелдерін, содыр-бұзақыларын, батыр-батылдыларын, ақылгөй-шешендерін түгел жазды. Мо Ян – ауылдықтардың көңіл күйін, өмірін әдемі суреттеп. Бай тарихи сезіммен, жанашырлық, зорлық, юмор араласқан жанды келбетпен баяндаған. Мо Янның ауылы жер шарындағы сұлулық пен сұмырайлық, бейдәстүрлік пен фәнилік, тазалық пен былық, ерлік пен ездік, арақ құмарлық пен махаббат, зорлық пен қарсылық, қорқақтық пен жанкештілік, кешірім мен кек, арамдық пен зинақорлық шегіне шыққан әдеби-географиялық мәндегі жерге айналады. Мо Янның бар шабыты осы ауылдан шарықтағандай сезіледі. Бірақ ол өз ауылының шынайы реалдығын да, әсіреі келбетінің көшірмесін де бермеген. Оның бізге ұсынғанынан физикалық пен метафизикалық ұштасып, халықтық, өміршеңдік сипат, жаратылыс құдіреті, бос қиял, зорлық, ататек, тарих, қанды іздерді көруге болады. Мо Янның жасампаздығында өз ауылына табан тірегенін дұрыс түсінген жөн. Бірақ ол ауылды ғана емес, қаланы да жақсы біледі. Оның басты артықшылығы – қазіргі замандағы өркениет арқылы ауыл өркениетін таразылауында болып тұр. Ауылдық дәстүрлі мәдениетті қайталай еске салу арқылы, бұл ретте қай жолды басу керегін қарастырған. Демек, Мо Янды «ауыл жазушысы» немесе «мәдени тек қуғыш жазушы» деген атқа ғана сайдыра салу да дұрыс емес.

Мо Янның өзіндік стилі мен төл әдісі бар. Мо Янның стилистикасы да керемет және қызықты. Ол «жеңіл» арқылы «ауырды», көңілділік арқылы ренішті жақсы жаза алады. Ақ пен қараның, тәтті мен ащының, сүйіспеншілік пен ызаның арасын алшақ етіп баяндайды.

– Мо Янды қытайдың «Гарсия Маркесі» деуге бола ма?

– Ол әлем әдебиетінен үйренгенімен, оларға құр еліктеп, оларды жай қайталаған жоқ. Шетел әдебиетінің дәнін ғана алып, негізінен қытайдың дәстүрлі эстетикалық әдісі мен халықтық мәдени күйіндегі құнарға, кенеуге сүйенді. Мо Ян теректің бәйтерекке айналуы үшін тамырын өзі туған жерден тереңге жіберу қажеттігін жақсы білген. Оның Маркестен бөлекшелігін Нобель сыйлығын бағалау комитетінің төрағасы Рошелленің: «Ол фантастика мен реалдықты ұштастыруда, тіпті, Маркестен де озып кетті», – деуінен, тағы оның: «Іс жүзінде Мо Ян Маркеске еліктеген жоқ, Мо Янның қытайда туындаған оқиғаларға өзіндік суреттеу әдісі бар қаламгер», – дегенінен-ақ байқауға болады.

Демек, Мо Янның өзіндік стилі мен төл әдісі бар. Мо Янның стилистикасы да керемет және қызықты. Ол «жеңіл» арқылы «ауырды», көңілділік арқылы ренішті жақсы жаза алады. Ақ пен қараның, тәтті мен ащының, сүйіспеншілік пен ызаның арасын алшақ етіп баяндайды. Қытайдағы әлденеше баяндау түрінің (реалды баяндау, ұғымдық баяндау, аңыстық баяндау, стилистикалық баяндау, тағы басқалар) ішінен Мо Ян көбінесе стилистикалық баяндауды пайдаланады. Бұл – оның бір өткір қыры. Мо Ян прозасын оқыған жандардың есінен «тарих», «реалдық», «ауыл», «халық», «зорлық», «ирония» кете қоймайды. Мо Ян туындылары материалдық қасиетке ие. Ол заттық дүниелерді тәптіштей жазып, сөзден материяға тез әрі тіке өтіп, онысынан әр алуан дауысты, әр түрлі бояуды шығарады. Тіпті, махаббатты да осындай әдіспен суреттейді. Ол бір сөзінде: «Американың Уильям Фолкнері мен Колумбияның Гарсиа Мар­кесі маған жол көр­сетіп, шабыт сыйла­ға­нын мойындаймын. Мен олардың кі­табын ден қоя оқы­мағаныммен, бұрыннан жал­ғасқан асқақ рух маған шабыт берді. Қандай да бір жазушының өзі­не тәуелді мекені болуы керектігін ұғын­дырды. Адамның күнделікті тұрмыста кіш­іпейілдікпен өзгелерге жол беруіне бо­лады. Ал, әдеби жасампаздықта ырық­ты түрде ойға алғанын дербес істеуі керек екен. Осы екі алыптың жолын қуып, ар­тынан екі жыл жүрген соң, дереу өзімді аулақ салуым керектігін аңғардым», – деген еді.

   Мо Ян әу бастан дау тудырып келе жатқан қаламгер. Оның өткен ғасырдың 80 жылдары жариялаған «Мөлдір сәбіздегі» қара баланың шындықтан асқан сезімі мен аса күшті жігері әдебиет айдынын дүр сілкіндірген. Оны көптеген әдеби сыншылар: «Осы да жөн бе? Өстіп жазған да бар ма? «Мөлдір сәбіз» дегені несі?», – деп сынады.

– Мо Ян шығармалары неге жиі дау тудырады?

– Мо Ян әу бастан дау тудырып келе жатқан қаламгер. Оның өткен ғасырдың 80 жылдары жариялаған «Мөлдір сәбіздегі» қара баланың шындықтан асқан сезімі мен аса күшті жігері әдебиет айдынын дүр сілкіндірген. Оны осы кездегі көптеген әдеби сыншылар: «Осы да жөн бе? Өстіп жазған да бар ма? «Мөлдір сәбіз» дегені несі?», – деп сынады. Дегенмен, жаңалықшыл жастар алдарынан бір тың жол ашылғандай сезінді.

Егер ұзақ жылдардан бері қытай қоғамында зор даму­шылық пен ілгерілеушілік болмаса, ре­форма, есік ашу саясаты болмаса бұл сияқты жазу­шының да болмайтыны ақиқат еді. Әскери лагерьдегі бірсыдырғы тұр­мыс барысында, 1980 жылдардағы идея­ны азат ету барысында ол әдеби өрлеу дәуі­рін басынан өткерді. Күні кеше өзгелердің әң­гімесін құлақ түре тыңдап, оны өзгелер­ге әңгіме қып шертетін боз жігіт енді қолына қалам алып, өз хикаясын қағазға түсіре бастайды. Бастабында онша келелі бола қойған жоқ. Сол кездері әдебиет «жақсы адам, ізгі істерді, қаһармандар мен озаттарды ғана жазады» деп  білгендіктен оның жазған шығармаларының әдеби құны төмен болды.

Кейіннен жазушының  ұс­тазы, әйгілі жазушы Шуй Хуайжунның ықпалы нәтижесінде «Күзгі су», «Сарқылған өзен», «Мөлдір сәбіз», «Қызыл гаулян» сияқты әңгіме-повесін жаздады. «Әдебиет адамды тәрбиелейтін көркем өнер құралы» дегенді ол өзінше өзгеше пайдаланды. Ол қалыптасқан қасаң шығарма жазудың қалыптарын бұза біліп жаңашылдық танытты. Сондықтан да  Мо Ян шығармалары жайлы пікір алалығы қазір де бар. Бұл – табиғи да пайдалы құбылыс. Нағыз жазушылар мұндайға төзе алады, осындай тартыс-тартыста жазуын жалғастырады, әдебиетке деген түсінігін тереңдетеді, тілдік суреттеу қуатын мықтайды.

Тапқырлық, жасампаздық, инновациялық деген бұрынғы өлшемдер өз алдына, Мо Ян ескі ережені, дағдылы бағдарламаны, қалыптасқан көзқарастарды тас талқан етеді. «Бұзып-жарған жасампаздық» деген осы.

– Мо Янның бүкіл әлемдік Нобель әдебиет сыйлығын алуы кездейсоқтық па?

– Мо Янның Нобель сыйлығын алуы кездейсоқтық емес. Ол суреткерлігі, субъективтілігі, инновациялылығы, халықтығы, тентектігі бар жазушы болғандықтан алып отыр. Туындыларында даралыққа, өзіне тән қытайлық тәжірибелер мен көңілдер болумен қоса ол айтарын батыл, қатаң бекемдеген және әдеби әдіс-амалдармен айта алған. Ол қоғам өмір сүріп отырған кезеңдегі келеңсіз мәселелерді өткір диалогтармен қорықпай баяндағаны, тіпті дәстүрлі дағды көтермейді-ау дейтін ұятты жайларды да тартынбай суреттегені үшін алып отыр.

Тапқырлық, жасампаздық, инновациялық деген бұрынғы өлшемдер өз алдына, Мо Ян ескі ережені, дағдылы бағдарламаны, қалыптасқан көзқарастарды тас талқан етеді. «Бұзып-жарған жасампаздық» деген осы.

Мо Яндық мінездегі байсалдылық, кішілік, кісілік, әділдік, шыншылдық сынды толып жатқан абзал артықшылықтарды түгел тізіп шығу мүмкін емес. Тіпті оның сыйлық алған тұстағы өзін ұстауынан да көп нәрсені байқауға болады. Сыйлық жарияланғанда Мо Ян сәл асып-тасқан да жоқ. Тегі дихан жазушы қарапайым да еңбекқор келбетін сақтай білді.

    «Қызыл гаулян» «Менің атам, менің әжем» деп басталып, оларды батыр да оңбаған етіп суреттейтін біртүрлі жат та өзгеше тәсілмен жазылған, оқырманды лаулаған өрт ізімен, таңғажайып тарихи болмыстарымен баурап әкететін, бұрынғы прозаларға мүлдем ұқсамайтын шығарма.

 

Мо Яның төлқұжатына айналған «Қызыл гаулян» романы туралы не айтасыз?

– 1987 жылы «Қызыл гаулян» романы жарық көрді. Ол – «Қызыл гаулян», «Гаулян арағы», «Гаулян жаназасы», «Ит соқпағы», «Ит терісі»  сияқты бес үлкен (повесть) тарудан құралған. Кейіннен атақты режиссер Жаң Имомен бірге «Қызыл гаулянды» көркемфильм сценарийіне айналдырып Берлин кино фестивалінің «Күміс – аю» сыйлығын жеңіп алды.

Мо Янның «Қызыл гауляны» – роман жазудың жаңа жолын салған, бұрынғы эволюциялық баяндауды бұзған шығарма. «Қызыл гаулян» «Менің атам, менің әжем» деп басталып, оларды батыр да оңбаған етіп суреттейтін біртүрлі жат та өзгеше тәсілмен жазылған, оқырманды лаулаған өрт ізімен, таңғажайып тарихи болмыстарымен баурап әкететін, бұрынғы прозаларға мүлдем ұқсамайтын шығарма. «Қызыл гаулян» – Жапонияға қарсы соғыс кезеңін тарихи фон, артқы көрініс етеді. Бас кейіпкер Иүй Жанау – қызуқанды, әділетшіл, қотиындау жігіт. Ол талайдан жесір келе жатқан шешесімен ойнаған хышаңды (буддашыл монах) өлтіреді, артынан шешесі де асылып өледі. Әйел үшін кісі өлтіріп, өрт қойып, Дай Фыңлианді қатындыққа тартып алады. Өш алу үшін қатты машықтанып, Хуа Бозы тобын құртады. Бір ауыл бойжеткенінің арын қорғап, оны мастықта зорлаған өз көкесін атып тастайды. Ойнасынан бала сүю үшін қатынын тастайды. Ұлттың ұлы ісі үшін Жапонияға қарсы аттанады, бірақ бүкіл әскерімен қоса мерт болады. Демек, ол Иүй Жанау мен Дай Фыңлианның қам-қарекеті арқылы уақыт пен кеңістікті алма кезек ауыстыра отырып, сана ағысын көрсету тәсілін пайдаланып, бір ауылдағы ащы да аласапыран өмір жырын оқырманға көлденең тартады. Мұның сюжеттік құрылымы мен кейіпкер тұлғаларында тым ғажайып ерекшелік жатқан да жоқ.

Баяғы қанға бөккен дала, ыс пен жалын қапқан аспан-көк, кек пен жанашырлық кернеген кеуделер, жауыздық пен адамшылдықтың арпалысы. Бірақ оның адамды таңқалдыратын ғажап тартымдылығы мынада еді.

Автор оқырманды тарихтың қақ ортасына алып кіріп, оған рационалдық жүйкесі мүлде ұйығандай, бәрін өзі көріп, естіп тұрғандай, мұрнына иісі, аузына дәмі келгендей күй кештіреді. Тарихты субъективтестіреді, руханиластырады, бейнелестіреді. Сол арқылы оқырманды тікелей көргізіп, оқытып қана қоймай, гаулян атызында тыныстатып, тәтті ләззатқа батырып, тіл жетпес сырлы кешірім құшағына балқытып жібереді. Қызыл гаулянды миллиондаған жанның бейнесіне айналдырады.  Тағы бір айта кететін нәрсе романдағы арақ ашыту жөніндегі жұртқа тарап жүрген әңгіменің төркіні «Арақ құдайы Ду Каң» жөніндегі аңызда жатқаны шындық. Сондықтан мұнда ешқандай хан ұлтын масқаралап,  оларды ренжіту жоқ.  Мо Ян бұл аңызды тек шығармасында бір қырынан әдейі пайдаланған.

– «Қызыл гаулян» деген не нәрсе өзі? Мұны оқырмандарға түсіндіре кетсеңіз?

– «Гауляң» өсімдік, мұның ағылшынша атауы (S.bicolor var.kaoliang). Бұл өсімдіктің ұзақ тарихы бар. Әу баста Африкада өскен жабайы өсімдіктің бір түрі. Әуелі Индияда жерсініп, одан кейін Қытайға әкелінген. Гауляң жалпы 17 түрі бар. Ал дәнегінің түсіне байланысты қызыл, сары, ақ деп үш түрге бөлінеді. Дәні былай қарағанда жүгеріге әбден ұқсайды. Өскенде оның бойының биіктгі 5 метрге (ең қысқасы 2метрден кем емес) жетеді, тік өседі, діңі (диамері) 3-5 см болады. Ақ гаулияңнан қаныт, күріш өндіреді, сонымен бірге мал жемдері, сыпыртқы жасалады. Кептіргеннен кейін одан дәрі жасалады. Бұл дәрінің емдік қасиеті – өкпедегі қақырықты түсіріп, нервті тынштандырады. Бүгінгі күнде Гауляң – «Маутай», «Лүй Жоу» маркалы атақты қытай арақтарының шикі заты болып отыр. Қытай осы гаулияңнан арақ жасағалы 700 жылдан астам уақыт өтті. 1950 жылдары муына (15 му 1 гекткрға тең) 73 келограмм өнім алса, бүгінгі таңда қытайлар одан муына 373 келограмм өнім алуда. Ол құрғақ және тұзды жерлерде өсе береді. Бүгінде гауляңның Азияда 75 пайыз өндірілсе, соның негізгібөлігі Қытайда өндіріледі. Гауляң Қытайдың шығыс терістік өлкелері мен батыс оңтүстік аудандары және ішкі Монғол және Хуби првнциясында өседі. Гаулияңды астық ретіндеде пайдаланады. Ол бидай, күріш, жүгеріден соңғы төртінші орынды иленетін азықтық.

   Мо Янн шығармаларының талайы Еуропа тілдеріне аударылған. Туындыларының таралымы ең озық қаламгерлер санатында.

– Мо Янның шығармашылық , жасампаздық жолы да халықты қызықтырады...

– Мо Ян 1981 жылы күзде «Көктемгі түннің жаңбыры құя бастады» атты тырнақалды әңгімесін жариялаған еді. 1982 жылы «Сүйкімсіз жауынгер» мен «Бала үшін» дейтін әңгімелері жарық көрді. Осыдан кейін «Мақта сату даңғылы», «Халық әуені», «Аралдағы жел», «Жауындағы өзен» дейтін әңгімелері оқырмандармен қауышты.

1985 жылы «Мөлдір сәбіз» хикаяты жариялана сала «Жаңғырық» жарық көрді де, осыған орай арнайы семинар өтті. Осы жылы әртүрлі басылымдар «Доп жасын», «Алтыншаш бөбек» хикаяттары мен «Суалған өзен», «Ескі мылтық», «Боран», «Үш ат», «Күзгі су» атты әңгімелерін жарыса басып бастады.

1989 жылы Мо Ян Тайуань әңгімелер сыйлығын алды, әрі хикаяттар жинағы мен «Сенің қылығың үрейлендіреді» атты хикаятын оқырмандарға ұсынды.

1991-1999 жылдары Мо Янның «Арақ ұлысы», «Оттаушылар әулеті», «Етжеңді», «Қызыл орман» атты романдары, «Ақ мақта» бастаған оннан астам хикаяты мен «Балық базары» қостаған жиырмаға жуық әңгімесі жарық көрді. Атақты «Көпшілік әдебиет сыйлығын» еншіледі.

2000 жылы «Қызыл гаулян әулеті» «Азия апталығы» тарапынан ХХ ғасырдың ханзу тіліндегі жүз үздік прозасы қатарына енді. Келесі жылы оның «Сандал азабы» Тайуань газеттер құрамасы тарапынан жылдың ең үздік кітабы сыйлығын алды. 2003 жылы «Сандал азабы» Диңжүн қосжылдық әдебиет сыйлығына ие болды. 2006 жылы «Өмір мен өлімнің күресі» атты романы Фукуока Азия мәдениеті сыйлығына қол жеткізді. Осы жылы тағы Чиңдау университетінің құрметті профессоры атағы да берілді.

2007 жылы «Сөйле, Мо Ян» атты үш томдық жазушының ішкі дүниесін жайып беретін шалқымалар жинағы жарық көрді. 2008 жылы «Өмір мен өлімнің күресі» атты туындысы екінші кезекті «Қызыл сарайдағы түс сыйлығын» алды. 2009 жылы бөлек тәсілде жазылған, төрт ұзақ хат пен бір драмадан тұратын «Бақа» романы оқырмандар қолына тиді.

2011 жылы «Бақа» романы сегізінші кезектік Мау Дүн әдебиет сыйлығына ие болды және Мо Ян Қытай Жазушылар одағы төрағасына орынбасарлыққа сайланды. Мо Янн шығармаларының талайы Еуропа тілдеріне аударылған. Туындыларының таралымы ең озық қаламгерлер санатында.

«Ең жаңа шығармам «Бақада» өз әпкемнің образы көрініс берді. Оның Нобель әдебиет сыйлығын алатынын ес­тіген соң, журналистер оның үйіне іздеп бар­ған. Ол әу баста бұлардың қойған сұрақтарына са­быр­лықпен жауап берген. Бірақ көп өт­пей әбден мезі болып, аудандағы ұлының үйіне тығылып бас сауғалапты».

Мо Ян қай шығармаларымен Нобель әдебиет сыйлығын еншіледі?

– Жазушының Новель сыйлығын алуына тікелей себепкер болған шығармасы «Бақа» романы. «Бақа» төмендегі «Торсылдақ кеуде, былқылдақ бөксе», «Дар ағашы», «Өмір мен өлім күресі», «Арақ елі», «41 зеңбірек» атты романдардың заңды жалғасы.

Мо Яннның бұл жазғандары түгел дерлік Қытай үкіметінің жүргізіп отырған демографиялық саясатына назаздығын астарлап жеткізеді. «Ең жаңа шығармам «Бақада» өз әпкемнің образы көрініс берді. Оның Нобель әдебиет сыйлығын алатынын ес­тіген соң, журналистер оның үйіне іздеп бар­ған. Ол әу баста бұлардың қойған сұрақтарына са­быр­лықпен жауап берген. Бірақ көп өт­пей әбден мезі болып, аудандағы ұлының үйіне тығылып бас сауғалапты. Әпкем шы­нын­да да «Бақаны» жазғандағы моделім. Бірақ шығармадағы әпкем мен өмірдегі әпкем арасындағы айырма­шы­лық жер мен көктей. Романдағы әпкем қазымыр, көкбет, тіпті кейде қарақ­шы әйелден аумайды. Өмірдегі әпкем ашық-жарқын, жұмсақ мінезді жан, асыл жар, аяулы ана. Ал өмірдегі әпкемнің ғұмыры бай-бақытты өтіп келеді. Романдағы әпкем өмірінің соңында рухани ауыр соққыдан ұйқысыздық ауруына шалдығып, қара күпісін үстінен тастамай, жын-шайтан сияқты түнде көшені кезіп жүреді. Мен әпкемнің кең­пейілдігіне, сабырлығына алғыс айтамын. Өйткені, романда оны басқаша адам етіп бейнелегенім үшін ренжімеді. Және әпкемнің ақыл­дылығына әліге дейін тәнтімін. Ол романдағы кейіп­кер мен өмірдегі адамның күрделі қарым-қатынасын дұрыс түсінді», – дейді шебер суреткер Мо Ян.

«Бақа» романы былай басталады: «Менің туған ауылым – ескі сарындағы сол баяғы қатып-семген ауыл. Туылған баланың атын қоюдың өзі бір қызық, сәбидің дене бітіміне не бір мүшесіне қарап атын қоя салады. Ол ат балаға ұнамай, кейін жігіт болғанда өзгертем деп көбісі шаршап-шылдығып жүреді. Менің әпкемнің аты – Ақжүрек, ал әжем болса қызылдардың атақты 8-армиясының алдыңғы шебіндегі дәрігері болатын. Ол әлдеқашан «қызыл құрбанға» айналған...». Роман осылай жалғаса береді. Ал романның жалпы мазмұнына тоқталар болсақ. Ол қытайлық драмма жазушысы Кы Ду мен жапондық атақты жазушы Шагу Ирын арасындағы төрт хат пен бір дырамадан тұрады. Бұндағы Кы Ду – қытай зиялыларның өкілі. Мо Ян жалтақ, бойкүйез, әлжуаз, рухы мен жігері тоқыраған етіп суреттейді. Алғашқы төрт хатта: Қытай коммунистік партиясы билікке келгеннен кейінгі 1960-жылдардағы ауыл-қыстақтағы диқан әйелдерінің бала босануы жөніндегі қызықты тарихы жазылады. 50 жылдан астам уақыт ауылда әйел босандырумен айналысып келген Гугу есімді акушердің бастан кешкендері. Гугудің ауыл әйелдеріне түсік тастату барысындағы өткерген қиыншылықтары мен тәжірибелері ашық баяндайды. Сондай-ақ жазушы Кы Дудың Қытай коммунистік партиясына мүше болуы бейнеленеді. Соңғы тарауы Кы Ду мен Гу Гудың арасындағы драммасымен аяқталады. Осы арқылы жазушы бүгінгі Қытай үкіметінің жүргізіп отырған демографиялық саясатының Гугудің жан дүниесін қатты өзгерткенін, оның рух әлеміндегі қиналысын, ішкі азабын ашына жазады. Бір дәуірдің шынайы мұңы мен зарын осылай  лақ еткізіп төге салады.

Осы романнан кейін Мо Янға журналистер көп сұрақтар қояды. Ол ешкімнен сескенбей: «Мен Лу Шұнше дәуір шындығын ашуға тырыстым. Бұл жазғаным – еш өтірік емес, шындық», – деп ашық айтқан жазушы. Нобель әдебиет сыйлығын алған кезде телеарнаға берген сұхбатында «Сіз бақыттысыз ба?», – деген тілші сұрағына, ол: «Мен бақыт жайлы ойланбаптым да. Егер адамның денсаулығы жақсы болса, барлығын тастап, өзін бос, еркін сезінсе, сол бақыт шығар. Ал мен болсам жаным қиналып, тәнімді ауыр жүк басып тұр. Қоғамның ауыр жүгін арқалап жүрген жанмын», – деп жауап береді. 1994 жылы Нобель әдебиет сыйлығын алған, осы жолы Мо Янды сыйлыққа ұсынушылардың бірі, жапондық жазушысы, Мо Янның досы Кендзабуро Оэ 2006 жылы Бейжіңге келіп сөйлеген сөзінде: «Мо Янның күшті жасампаздық қуаты мен қол жеткізген әдеби табыстары Нобель сыйлығына ең әлеуетті қытайлық үміткер етеді», – деген болатын.

Кендзабуро Оэ 2002 жылы Қытайдың көктем мерекесінде біраз уақтын Мо Янмен бірге Гаумиде өткізді және Мо Янның әпкесіне сәлем берді. Мо Янның «Бақа» романындағы бас кейіпкердің прототипі – осы әпкесі, ал сол шығармадағы жапондық дос Ша гу Ирын – осы Кендзабуро Оэ еді. Кендзабуроның Мо Ян шығармаларымен танысуы оның туындыларының Жапонияда тәржімаланып, басылып, таралуына байланысты. Мо Ян – жаңа шығармалары жариялана сала, бір-екі жылға жетпей, шет елдерде аудармасы жарық көре кететін жолы болғыш қытайлықтардың бірі еді. Бұл Нобель комитетінің оны уақытында көріп, жақсы түсінуіне көмектесті. Бұған шетте жүрген қытай диаспорасы мен синологтардың үлесі де зор.

Ал енді «Бақаны» толықтырған шығармалардың мазмұнына қысқаша тоқтала кетсеңіз?

– Алдымен «Торсылдақ кеуде, былқылдақ бөксесін» айтар болсақ, бұл романда жазушы аяулы ананың ұлы Лу Шы дейтін шенеуніктің азғындаған өмірін жазып Қытайдың жақынғы бір ғасырлық жағымсыз тарихын арқау етеді. Ондағы сансыз соғыстар мен келеңсіз саяси күрестер, халық өмірін жалмаған азапты жылдар көз алдыға тартылады. Осы арқылы жазушы әлемнің ең құнды байлығы адам екендігін барша адамзаттың есіне салады. Адамға мансап та, ақша да емес, ұрпақтың өте маңызды екендігін айта отырып, жер бетіндегі әр тіршілік иесі өз «ұрығы» арқылы тіршілігін жалғастырып қоғамнан өз әрекеті, тіршілігі арқылы орнын алады. Адам тарихи тұлға  емес, қайта оның көркем мінезі, ақылды тұлғағасы керек деп түйіндейді жазушы. Егер мына әлемде адам болмаса онда махабат пен жек көру, қайғы мен қуаныш, жақсы мен жаман, сұлулық пен пасықтық, т.б, лар болмас еді дейді. Мо Яан осы раманы үшін кезінде Қытайдың «Бұқаралық әдебиет сыйлығын» еншілеп 100 мың юань ақшамен марапталған.

«Дар ағашы» шығармасында жазушы 1900 жылдарда Қытайдың шығыс терістігінде Немістердің жол салу ісін  баяндайды. Батыстың 8 елінің бірлескен армиясы Қытайдың Бейжің қаласына басып кірген қытай патшасы тағын тастай қашқан тарихты шығармада арқару етіледі. Олар осылайша ойларна келгендерін істейді, соңы қанды қырғынға ұласады. Осыны естіген Қытайдың Гауми үстіртіндегі Дұң Би ауылындағы шаруалар көтерілісі, олардың басына төнген азабы, қанға бөктірген батыстықтардың қылмысын ашына 5 жыл бойы жазады.

«Өмір мен өлім күресін» Қытайдың классикалық тарихы мен аңыздардың қосындысы туралы жазылған үлкен кітап деуге болады. Мұнда жазушы адам ата-бабасының рухына қауышу ресімінде рух бірден сұр жыланға айналып қітап бетіне  жазыла бастайды, онда дихандардың мұңы мен шатығын қағаз бетіне түскенін арқау етеді.  

Қаламгердің «Арақ елі» романында өлкелік пркроры Диң Гұр атты ерекше тергеушісі бір аса ауыр қылмыстық іс бойынша тергеу жүрнізгені айтылады. Ол арақ еліндегі шенеуніктің сан мыңдаған шарананың етін жегені анықталады. Алайда бұған жергілікті тұрғындар селт етпейді. Тергеуші өзіне мүлде арақ ішпеу жөнінде серт береді. Бірақ ол да сертінен тайып оңай кетеді. Бұл романда шенеуніктердің шектен шығып мамық орындыққа жайғасқан соң халықты ұмытқанын айта отырып, адам жеп іріп-шірігенін батыл жазады. «Олар жайғана шіріктесіп жатқан жоқ, адам жеп өз тағдырларын өзгертіп отыр»  деп әлемге жар салады. Жазушы шығармасында бұл шындықты  арақ елінің арақ жасау институтының Гу Шүйың мамандығының  доктыранты Ли Идудың жазаған хаты арқылы аяқтайды. Онда ол ХХ ғасырдағы Лу Шұннің «Есалаңның естелігі» атты әңгімесінен кейінгі адам  шошырлық шындықтың бетін ашқан ерлігі айтылады.

Ал «41 зеңбіректе» жазушы ауыл-қыстақ өмірінің болмысын жазу арқылы жастық шақ пен кәрілік, жеңіліс пен жеңіс, қаңғыбастық пен тұрақтылық сияқты нәрселердің тепетеңдігін қалай сақтауға болатыны жазады. Осылайша адам өмірінің қилы тағдыры тілге тиек етіледі.

    Нобель комитетінің ханзу тілінде жазатын жазушыларды мойындауы бірінші рет емес. Осыған дейін Нобель сыйлығына Шэнь Цунвэнь, Лао Шэ, Линь Юйтан және Ба Цзинь сияқты бірқатар жазушылар үміткер болған. Ал 2000 жылы бұл сыйлық өз шығармаларын ханзу тілінде жазатын эмигрант Гао Синцзянға берілді.

–  Бүгінге дейін Мо Яннан басқа бүкіл әлемдік Нобель әдеби сылығын алған ханзу жазушылар болмағаны ма?

– Нобель комитетінің ханзу тілінде жазатын жазушыларды мойындауы бірінші рет емес. Осыған дейін Нобель сыйлығына  Шэнь Цунвэнь, Лао Шэ, Линь Юйтан және Ба Цзинь сияқты бірқатар жазушылар үміткер болған. Ал 2000 жылы бұл сыйлық өз шығармаларын ханзу тілінде жазатын эмигрант Гао Синцзянға берілді. Ол кезеңде Қытайда да, ешбір шет мемлекетте де Гао Синцзянның тайталасатын ханзу тілінде жазатын автор расында да болған жоқ. Оның үстіне оған Нобель сыйлығы эмигранттық өмірді сипаттап жазғаны үшін ғана берілмеген. 1980 жылдары Гао Синцзян Хубэй провинциясында көп саяхаттап, қытайлық ауылдардың ішкі өміріне тереңнен үңілген. Нобель сыйлығына ие болған оның «Рух тауы» атты романы көбіне-көп бірегей сюжетпен біріктіріле қоймаған саяхатшының нағыз Қытай туралы очерктерінен құралған күнделігіне ұқсайды.

Гао Синцзянның шығармалары тек Францияға қоныс аударғаннан кейін ғана аударыла бастады. Сондықтан Нобель сыйлығына ол Францияның азаматы ретінде ие болды. Ал жаңа лауреатқа келер болсақ, Мо Ян әрқашан да тек өз ана тілінде жазатын қытайлық автор.

Әрине, Мо Ян Нобель сыйлығын алуға лайықты жалғыз қытайлық жазушы деп айтуға келмейді. Нобельдік комитет жазушыны тек әдеби жаңалық тұрғыдан ғана қарастырып қоймай, қоғамның дамуына қосқан жалпы үлесіне де үлкен назар аударады. Бұл – әрі этикалық, әрі саяси мәселе.

Соңғы он екі жылда Нобель сыйлығы қытайлық жазушы-эмигрант Гао Синцзян мен құқық қорғаушы-диссидент Лю Сяобоға берілді. Бұл екі ретте де Нобельдік комитеттің шешімі Қытай үкіметінің қатты наразылығын туғызды. Сондықтан Нобельдік комитеттің қазіргі шешімі саясатқа қаншалықты қатысты екенін айту қиын. Басқа сөзбен айтқанда, Мо Ян шынымен де Нобель сыйлығын алуға тұрарлық жазушы ма, әлде бұл тек Нобельдік комитеттің Қытайдың саяси үкіметін «алдап-сулап көндіруі» ме?

Нобельдік комитеттің шешімін «түсіне» қою қиын. Бұл шешім Гао Синцзянның да, Лю Сяобоның да есімімен тікелей байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ бұл шешім Қытай – Жапон қарым-қатынасындағы ымыраны күшейту мақсатында қабылданған болуы да мүмкін. Себебі, физиология саласындағы Нобель сыйлығына жапондық ғалым ие болса, әдебиет саласындағы сыйлық қытайлықтарға бұйырып отыр.

Қазір Мо Янның шығармалары ел арасына кең таралған, әрқашан сұранысқа ие. Ал Гао Синцзянның оқырмандары айтарлықтай көп емес. Себебі, Қытай ресми түрде оның шығармаларын таратудан бас тартқан. Бірақ оның таралуына кедергі келтіріп те отырған жоқ. Сол себепті Гао Синцзянның шығармаларын көпшілік жұрт біле бермейді.

Мо Янның көптеген романдары мен повестері Қытай тарихындағы айтулы кезең – ХХ ғасырдың 1930-40-шы жылдарындағы Жапон басқыншылығы тарихты баяндайды. Мо Янды «көпшілік бұқаралық жазушысы» деп айтуға болады. Бәлкім мемлекеттік жазушы деуге келмес. Басқа да көптеген қытайлық жазушылар секілді ол да саясаттан бойын алшақ ұстауға тырысады. 2011 жылы Мо Ян Қытайдағы ең жоғары дәрежелі сыйлық – Мао Дун әдеби сыйлығына ие болды. Бұл мемлекеттік сыйлық болғанымен, оған ие болу үшін партияны мадақтау міндетті емес. Қазіргі таңдағы Қытайдағы мәдени үрдіс пен саясат біршама өзгерген және көптеген еркіндіктерге қол жеткізе бастады. Соның арқасында әдебиетті тек саясатты мадақтау құралы ретінде пайдалану тоқтатылған. Қытайда Ли Чжиюй секілді қоғамның өзекті мәселелері туралы ашық жазатын авторлар да бар.

– Мо Янның деңгейінде шығарма жазатын немесе одан мойны озып тұрған тағы қандай ханзу жазушылар бар?

– Қытайдағы ең үлкен әдебиет сыйлығы Мау Дүн әдебиет сыйлығын алған мына жазушылардың барлығы да Мо Яннан аспаса, кем соға қоймайды. Олар: атақты Шиян Фың, Хан Шаугүң, А Шың, Лю Сола, Ма Юн қатарлыларды да атауға әбден болады.

Бұдан сырт атақты Дзя Пин Ао,  Юй Хуа,  Ван Аньи (әйел), Ваң Мың, Шы Сужин, Хан Шау гүң, Жаң Үй , Жаң Жие (әйел), Жаң Чеңжы, Ли Ау, Су Туын  өз аты Су Чжунгуй. Және 1991 жыл қайтыс болған Сан Мауды да осы қатарға қосуға болады.  Сан Мау әуелгі аты – Чын Фиңдың. Ол маххабат, отбасы, неке қатынасы,т.б. секілді сан алуан тақырыптарды тамаша да, тартымды, қызықты етіп қарапайым тілмен ұғынықты жазған шебер жазушы. Ол атағы алты құрлықтан асып кеткен аса талантты қаламгер. Оның көптеген шығармалары шет тілдерге аударылған.

Ал Лю Юыңды да айта кетейін. Ол1949 жылы Тайуанда туылған ата, бабасы бейжіңдік. Ол Американың Клумбия университеттін бітірген. Шығармалары жастардың көңілінен шығып жүрген атақты осы заман жазушысы.  «Жүректің отын жағайықшы», «Қанды қолдың тарихы» қатарлы кітаптардың авторы. Қазір Америка Құрама Штаттарының тұрғыны.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы 

(Сұхбат 2013 жылы сәуірде алынған)

Abai.kz

5 пікір