Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Өзгелер 7583 23 пікір 9 Сәуір, 2021 сағат 16:49

Ресей мен Қытай құпия әскери одақ құрған ба?

Ресей сыртқы істер министрі Лавров сәуірдің 6 күні Үндістандық әріптесімен кездескеннен кейін, Қытаймен әскери одақ құру екі тараптың ынтымақтастық жарғысында жазылмағанын, бірақ, қазір екі елдің қарым-қатынасы ерекше жоғарғы деңгейге жеткенін айтты.

Украина мен Ресей арасындағы Қырым оқиғасы, АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы екі ел билігін жақындата түскені белгілі. Енді міне демократ Байденнің екпіні Ресей билігі мен Қытай билігінің әскери белсенділігінің артуына түрткі болып отыр. Олар әскери іс-қимылдарын келісіп алғандай АҚШ билігі, НАТО әскери ұйымы ерекше назар аударатын өз іргесінен бастап, өзге аймақтарға кеңейтуде. Ресейдің әскери күштерін Украина маңына, Қытайдың теңіз күштерін Тайван аралына топтастыруы, Қытайдың «Жел айдаған» кемелерінің Филлиппин аралынан, Африка мен Оңтүстік Америка теңіз айдындарынан бой көрсетуі соны көрсетеді.

АҚШ билігі Ресейді 2016 жылғы және 2020 жылғы сайлауға килікті деп айыптап отырғаны баршаға аян. Байден, Трамп сияқты «Біз коммунистік партия мен халқын бөліп қараймыз», - деп маймөңкелемей, Қытай басшысын «Путин сияқты диктаторлық жолмен әлемді билегісі келеді», - деп сипаттауда. Осыны ескерсек, Байден билігі Ресей мен Қытайды бүлікші образына енуге әдейі итермелеп отырғандай. Себебі, олар Кеңес одағын ыдыратқан, темір шеңгелді диктаторларды аударған тәжрибесіне сүйеніп қолына шексіз билік шоғырланған басшылардың ішкі-сыртқы саяси қимылында қандай қадамдарға баратынын болжап біліп отыр. Путиннің «Демократияңа түкіргенім бар, өз жолым өзіме», - дегендей сәуірдің бесінде өзіне сексеннің сеңгіріне шыққанша билік жүргізуге мүмкіндік беретін заңға қол қойғаны сол еді, Америка баспасөзінде Ресей тұрғындарының 40 пайыздан астамының Путиннің билікте қалуын қаламайтыны, 37 пайызының Америка мен байланысты дамыту керек деп санайтыны жайында ақпараттар қарша борады.

Экс-президент Трамп жайлы бір ауыз жылы сөз жазбаған «New York Times» газеті Навальныйдың денсаулығына ерекше алаңдаушылық білдіруде. Америка мен Еуроодақтың Ресейге экономикалық санкциясы мен орыс оппозициясына ақпараттық қолдауы, экономикалық мүшкіл хәл Путинді ескі әдісіне жүгінуге, Украинаға әскери құқай көрсетіп ел ішінде беделін көтеруге мәжбүрлеп отыр.

Іс кезінде Украина мен Ресейдің жер дауы Байденге еш таңсық емес. Барак Обаманың орынбасары болып жүргенде бұл мәселенің басы-қасында болған. Ол кездегі АҚШ билігі Ресейге қатаң шараға бармай, Украинаға әскери құрылымын жаңартуға ақша бөлумен ғана шектелген еді. Бұл жолы қатқыл позиция білдіруі Байденнің ұстанымының өзгергенін көрсетеді. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары елге кері қайтарылған елшінің Америкаға қайта бару-бармауына қатысты сұраққа жауап бергенде: «Oл Американың позициясына байланысты», - деуі АҚШ пен ат кекілін кесісу ойларында жоқ екенін көрсетеді.

Ал Қытай жағына келсек, коммунистік партия төрағасы Си Цзиньпиннің Дэн Сяопин негізгі заңға енгізген «Мемлекет басшысы бес жылдық мерзіммен екі рет ғана сайлану» бабына өзгеріс енгізіп, уақыт шектемесін алып тастап, Путиннен бұрын билігін ұзарта беруге жол ашқаны белгілі. Сарапшылар пікірінше, ол келесі жылғы партия құрылтайында жалғасты сайланудың қамында жүр. Дэннің «Бір ел, екі түзім» жобасымен Гонконг пен Макаоны қайтарғаны секілді Тайванды күшпен болса да алып, мемлекет тұтастығын қалпына келтіруші ретінде бедел жинауға, тарихта қалуға ниетті.

Жақында Байден билігі Американың инфрақұрылымын жаңалауға екі триллионның үстінде ақша бөлетінін мәлімдеді. Бұл май шелпектен Қытайдың ел аралық алпауыт компаниялары да дәмелі. Америкада бизнесін сәтті дөңгелетіп отырған Қытайдың «Сяоми» компаниясы электромашина өндірісін қолға алмақ. Си төраға пір тұтатын Қытай коммунистерінің көсемі Маоның көзін көрген әйдік Киссинджер беделді экономиялық форумда бой көрсетіп, АҚШ пен Қытай қарым-қатынасында екі тарапқа саяси теке-тірестен гөрі экономикалық селбестіктің тиімді екенін жеткізді. Қытай басшысы жеке амбициясын жеңіп, ол айтқан жолды таңдай ма, оны уақыт көрсетеді.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

23 пікір