Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 7582 11 пікір 9 Сәуір, 2021 сағат 13:03

Сергей серіктес іздеп сенделіп жүр...

Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бірқатар елдерге барып, келіссөздер жүргізіп қайтты. Бұл әдеттегі жоспар бойынша іске асқан кездесуден бөлек болатын. АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары мен «Солтүстік ағым-2» газ құбырын тоқтатып тастауға жасап жатқан әрекеттері Мәскеуді жаңа одақтастар іздеуге, серіктестерінің өздеріне қаншалықты сенетінін білуге мәжбүрлеп отыр.

Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров 9-11 наурыз аралығында Парсы шығанағы елдеріне барып қайтты. Анығы Катар, БАӘ, Сауд Арабиясында болды. Онда елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынас талқыға түсті. Алайда бұл елдердің мұнай секторындағы үлесін және АҚШ-тың араб елдеріндегі саясатын бағамдап, тек қана экономикалық байланыстар сөз болмағанын түсінуге болады.

Байден билігі келісімен Вашингтан Эр-Риядқа қысым көрсете бастады. Мысалы, Трамптың Сауд Арабиясына 5 млрд долларға қару сату туралы бұйрығының күшін жойды. Бұл әрине Сауд Арабиясын ойландырып тастағаны анық. Сарапшылар Мәскеу жабық есік артындағы келіссөз барысында Эр-Риядқа қару ұсынды деп болжауда.

Лавров 22 наурызда Қытайға барып қайтты. Оның іс-сапар барысында «Карантині құрып кетсін» деген жазуы бар маска тағуының өзі саяси сигнал болатын. «Қытай вирусты жеңді, Ресей вакцина шығарып, жарты әлемге саудалауда, ал Батыс әлемі вируспен күресте нәтиже көрсете алмауда» деген сигналды жолдады дейді сарапшылар.

Лавров Қытаймен екі ел арасындағы шекараны тездетіп ашу, сауда саттықты дамыту, Батыстың негізсіз айыптауларына бірлесе жауап беру, өзара саудада доллардан бас тарту сынды мәселелерді талқылады. Әрине басты акцент мұнай мен газды сатуға қатысты болды. Себебі Еуропаға салынып жатқан газ құбыры санкция әсерінен тоқтап қалса, Мәскеу газын Қытайға сатуға мүдделі. Қазірдің өзінде Қытайдың Ресей газ нарығындағы үлесі үлкен.

Сәуірдің басында Лавровтың ұшағы Үндістанға келіп тоқтады. Үндістан Ресей үшін маңызды елдің бірі. Себебі, Үндістан әлі бірде-бір әскери блокқа кірген емес. Ол ресми тұрғыдан АҚШ-ты да, Ресейді де, Қытайды да қолдамайды. Нарығы үлкен, халқы көп. Ресей қаруын тұрақты сатып алатын елдердің бірі. Тіпті, ресейлік С-400 кешендерін сатып алғаны үшін Вашингтон мен Дели арасында қырғи-қабақтық та пайда болған. Пентагон Үндістанға бұл әрекеті үшін санкция салуды да ұсынған болатын.

Лавров Үндістанға сапары барысында Делиді АҚШ-тың барлау дрондарын сатып алудан бас тартуға шақырған-мыс. Себебі АҚШ барлау дрондары C-400 кешендерінің ішкі құрылымы жайлы ақпарат жинақтайтын технологиямен жарақтанған. Одан бөлек әрине вакцина мәселесі талқыланды. Вакцина Үндістан үшін ауадай қажет. Үндістанда ресми түрде 13 млн адам вирус жұқтырып, 170 мың адам көз жұмған. Ресейлік «Спутник-V» вакцинасын сатып алуға ниетті Делиге Мәскеу қажетті көлемде вакцинаны жеткізуге дайын екенін айтты. Ал Дели Үндістанда ресейлік вакцина шығаратын бірнеше зауыт салуға ұсыныс тастады.

Лавровтың жорығы Пәкістанда жалғасын тауып, Мәскеу мен Исламабад бірнеше келісімге қол қойды. Оның ішінде ресейлік ұшақтарды сатып алу бойынша да келісім бар.

Күні кеше Ресейдің Сыртқы істер министрі Қазақстанға келді. Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті.

Мұхтар Тілеуберді: «Біз Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақтық әріптестік бойынша 17-ші форумға дайындалатын боламыз. Естеріңізде болса бұл форум кейінге қалдырылып, Көкшетауға ауыстырылған еді. Екі ел басшысының қатысуымен өтетін бұл форумда екі елді толғандырған мәселелер талқыланып, шешімін табады деген ойдамын», - деді.

Сергей Лавров екі ел арасындағы ғарышты игеру бойынша бірқатар жұмыстар жасалып жатқанын айтты. «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алып отырған Ресей Қазақстанмен бірлесе отырып Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл мерейтойын бірлесе атап өтуге келіскенін хабарлады.

Байқоңыр ғарыш айлағында ғана емес, Байқоңыр қаласында да Ресейдің құзыры жүріп келеді. Ондағы мектептегі оқыту бағдарламалары, рубльдің жүруі талай талқыға түсіп, ел арасында дау туындатқан болатын.

«Бүгін біздің күн тәртібімізде Қазақстанның ғарышты игеру потенциалын көтеру бойынша жұмыстар тұр. Сонымен қатар, өзге елдерге ғарыш айлағын коммерциялық тұрғыдан қолдануға мүмкіндік беруді де талқылап отырмыз. Гагариннің мерейтойын атап өту бойынша да келістік», - деді Лавров.

Екі ел арасында вируспен күресу бойынша әріптестік те сөз болды. Лавров Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдер арасында вакцина салдырғандарға қатысты, денсаулық жағдайын сипаттайтын паспорт енгізу мәселесін талқылап жатқанын жеткізді. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей тарапынан 4 млн вакцина алу бойынша ұсынысын дұрыс түсінгенін айтып, Қарағандыда ресейлік вакцина шығарылып жатқанын мәлімдеді.

Лавров Нұр-Сұлтан төрінде тұрып АҚШ-ты қатаң айыптады. Оның жүргізіп жатқан саясатын бос әурешілікке балап, Вашингтонның кез келген әрекетіне жауап қататынын жеткізді. «Біз өзімізге ғана сенуге тиіспіз, өйткені АҚШ-та, оның одақтастары да сенімді серіктес емес», - деп айтты. Батысқа сенбеуге шақыруы Қазақстанды өзімен бірге болуға үгіттеуі ретінде қабылдап жатқан сарапшылар да бар.

Лавровтың сапары журналистер алдында осылай өтті. Ал жабық есік артында не айтылғаны белгісіз. Белгілісі сол. Енді сәуірдің соңында Ресейдің Федерация Кеңесінің спикері Валентина Матвиенко Қазақстанға келмек.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

11 пікір