Жұма, 23 Сәуір 2021
46 - сөз 2602 2 пікір 7 Сәуір, 2021 сағат 15:01

Коранавирус және Саясат

Пәкістан билігі діни, территориялық араздыққа байланысты құдайы көршісі Үндістанның коронавирусқа қарсы вакцинасын алмай, Қытайдікін салдырған екен. Енді ел президенті мен премьер-министрінің вирус жұқтырғаны мәлім болып отыр. Ресейдің Спутник V вакцинасын салдырған Аргентина президентінің де коронавирус жұқтырғаны жария болды. Ыңғайсыз жағдайда қалған ол: “Ресей вакцинасы вирустың жеңіл өтуіне көмектесті” депті. Бұл вирус алып Американың президентін де (Трамп), қара көктің тұқымы Англияның әйел патшасын да, Испан корольдігінің ханзадасын да, құдай сүйіп жаратқан Араб шейхтерін де, территориямызды шегендеп берген Елбасымызды да айналып өтпеді. Көріп отырғанымыздай тәж тәріздес тажал саясаткерлердің көңіліне, адамдардың салауатына (бай, кедей), саяси мәртебесіне (шенеуніксің бе, бұқарасың ба), діни ұстанымына (мұсылмансың ба, христиансың ба), мемлекеттердің саяси құрылымына (демократиялық, диктатуралық) қарамайды. Бірақ бұл коронавирус саясаттан тыс өмір сүріп жатыр деген сөз емес.

Әйгілі саяси шолушы Серж Шмеманн «Вируспен күресте демократиядан диктатура тиімді ме?!» деген мақаласында диктатор басшылардың коронавирустың алдын алуды сылтауратып, өздерінің билігін қалай бекемдегенін, ашық ақпаратқа, баспа сөзге қалай құрық салғанын дәлел фактімен сөз етеді. Демократиялы деген Израильдың өзінде премьер-министр Нетаньяху карантинді алға тартып,соттардың қызметін шектеп, өзіне қарсы қозғалған жемқорлық ісін кейінге шегерген.

Коронавирустың алдын алу шараларының демократиялық, диктатуралық сипат алғаны былай тұрсын, вирусқа қарсы емдік шараның, вакцинаның саяси бәсекеге айналғанына да куә болдық. Ресей сынақтың үшінші сатысынан өтпей жатып, өз вакцинасын жаһанға бірінші болып жарнамалаған еді. Айтып-айтпай нге керек, коронавирустың әлемнің саяси, экономикалық құрылымына, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына, билік пен халықтың байланысына әсері орасан болды.

Ол жабық режимді мемлекеттер мен ашық елдердің қоғамдық, саяси алаңындағы қызу пікір тартысынан анық көрінді. Қытай сыртқы істер министрі Қытайдың коронавирусты өнімді тежеуін “Ши төрағаның дана басшылығының арқасы”  деп сипаттаса, ел ішінде биліктің әрекетін қатаң сынағандар да болды. «Ашынған халық қорқынышты ұмытты» деп мақала жазған Қытайдың ең беделді оқу орнының профессоры жұмыстан қуылса, «Абүйірі ашылса да патша болуды армандайтын міскін» деген жазбасы үшін Қытайдың екінші басшысының досы он сегіз жылдық мерзім арқалады. АҚШ-тың коронавирустан көп шығындалуы Трамптың президент сайлауында жеңілуіне әкеліп соқты. Байден оның вируспен күресте дәрменсіздік танытқанын бетіне басумен болды. Коронавирустың өзіміздің де денсаулық жүйеміздің әлеуетін, цифрланған түрімізді, қайғыда да қарпып қалуды ойлайтын жемқорлығымызды әшкерелеп бергенін білеміз.

Қорыта айтқанда, ең қорқыныштысы – коронавирсутың саясилануы әлемді жайлаған індеттің келу қайнарын нақтылауға, соған сай ем шарасын табуға, мамыражай өмірге қайта оралуға мүмкіндік бермей тұр.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

2 пікір