Жұма, 23 Сәуір 2021
2154 4 пікір 7 Сәуір, 2021 сағат 13:51

Шет елдіктер жалға алған жерлер қайтарыла ма?

Елімізде шетелдіктерге жалға берілген жердің көлемі 18,5 мың га құрайды. 2025 жылға дейін олар жалға алған жерлерді толығымен мемлекетке кері қайтарады. Бұл туралы Азаттық рухы сайты жазды.

Бүгін төменгі палата депутаттары Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жер қатынастары жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда талқылады.

- «Заң жобасын қабылдаудың мақсаты шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен қандастардың иеленуіне тыйым салуды енгізу болып табылады», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Министр бүгінде ауыл шаруашылығының 74,4 мың га жері жеті біріккен кәсіпорынға, бұдан бөлек, 18,5 мың га жер екі шетелдік заңды тұлғаға берілгендігін хабарлады. Белгілі болғандай, олар жерді мораторий енгізілгенге дейін алып үлгерген екен.

- «Олардың жалға алу мерзімі 2025 жылға дейін жалғасады. Мерзімдері аяқталғаннан кейін барлық жер үкіметке кері қайтарылады. Сонымен қатар, Заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялармен жалға алынған ауыл шаруашылығы жерлерінің  пайдалану мерзімі ұзартылмайтындығы және олардың пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны қарастырылған. Ал, қандастар бойынша, олар жеке қосалқы шарушылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар», - деді министр.

Аталған заң жобасын мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.

- «Бүгінгі мақұлданған жер туралы заң жобасының Қазақстан қоғамында маңызы да, орны да ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген осы құжаттың нәтижесінде халықымыздың көкейінде жүрген сұрақ бойынша нақты шешім қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынады», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин.

Abai.kz

4 пікір