Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 9056 7 пікір 6 Сәуір, 2021 сағат 15:33

Тәкеннің «Жұмбақ жаны»

(Әдеби – зерттеу)

Тәкен сөз жоқ, қазақ әдебиетінің елеулі құбылыстарының бірі. Әдебиеттегі жолын ақын болып бастаған Тәкен Әлімқұлов проза, сын жанрына да қалам тартты. Көзі тірісінде-ақ,   “Сөз зергері” атанған Тәкен, меніңше, әдебиеттегі мұратын прозаның  “әулие жанры” – әңгімеден тапты. Оның “Сарыжайлау”, “Қара қобыз”, “Көк қаршыға”, “Қараой”, “Сейтек сарыны”, “Телқоңыр” әңгімелері – қазақ әдебиетін шырқау биікке көтерген классикалық туындылар. Ал, бұлардың ішіндегі “Қараой” әңгімесі – шедевр!

“Қараой” – “ноқтаға басы симаған” жауынгер ақын Махамбет өмірінің ақырғы сәті, соңғы күні туралы әңгіме. Махамбет туралы біраз роман, повесттер жазылды. Сол жазылған шығармалар арасында “Қараой” өзіндік сипатымен ерекше жарқырап, бірден көз тартады. Үлкен бір романның жүгін арқалап тұрған Тәкеннің  “Қараой” әңгімесі – қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрын әлемдік деңгейге көтерген үлкен құбылыс! Мен кейде ойлаймын, Тәкен  “Қараойдан” өзге ешнәрсе жазбаған күннің өзінде-ақ, ол бір “Қараой” әңгімесімен қазақ әдебиетінің тарихында мәңгілік қалар еді. Бірақ, бұл өз алдына бөлек тақырып.

Ал, бүгінгі сөз Тәкеннің прозалық шығармалары туралы емес. Әңгіме Тәкеннің  “Жұмбақ жаны” туралы болмақ. Абай шығармашылығын талдауға арналған Тәкеннің  “Жұмбақ жан” атты еңбегін – әдеби сын, екіншілері – трактат, ал үшінші біреулер – эссе жанрында жазылған монографиялық ғылыми еңбек деді. Менің көңілімнің діті – осы үшінші нұсқа! Себебі, монография – белгілі бір тақырыпты әр қырынан, жан-жақты зерттейтін ғылыми еңбек. Ал, эссе- философияның, эстетиканың, әдеби сынның, көркем әдебиеттің тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарына басқа көзқараспен жаңа қырынан қарап,өзгеше толғап, көне соқпақтардан бөлек,  тың болжамдармен соны пікірлерге, жаңа түйіндеулерге құрылатын жанр. Олай болса, Тәкен Әлімқұловтың  “Жұмбақ жанын” жанрлық тұрғыдан талдап, зерделесек, онда оның эссе-монография болып шығары хақ! Абай шығармашылығы туралы қалыптасқан көзқарас пен тұжырымдарға тіптен басқаша, соны көзбен қарап, ақын шығармашылығын жан-жақты ғылыми тұрғыда талдай отырып, тың болжамдар айтқан Тәкен Әлімқұловтың  “Жұмбақ жаны” – қазақ әдебиетіндегі  “Эссе-монография” жанрының негізін салды, басы болды. Тәкеннің  “Жұмбақ жаны” несімен ерекшеленді? Өзгешелігі неде? Аса күрделі бұл сұрақтарға бір-екі ауыз сөзбен жауап бере салу мүмкін емес.

“Жұмбақ жан” – сөз зергері Тәкеннің тек өзіне ғана тән көркемдік ерекшелікпен, аса құнарлы тілде жазылған күрделі еңбек. Бұл – бір. Екіншіден, “Жұмбақ жан” – өзгеше тың деректер мен дәйектерге сүйене отырып, айтылған ғылыми ойларымен, белгілі түжырымдарды басқаша саралайтын авторлық көзқарасымен де ерекшеленеді. Міне, осы өзгешеліктер Тәкеннің  “Жұмбақ жанын” басқа ғылыми еңбектерден бөлектеу алып, оқшау биікке көтеріп тұр.

Тәкен Әлімқұловтың “Жұмбақ жанын” монографиялық ғылыми еңбек дейтін себебіміз, автор өз еңбегінде Абайдың өмір сүрген заманы, оның өскен ортасы, білім алған мектептері, Абайдың қазақ өлеңіне енгізген жаңалығына, ақын өлеңдерінің құнары мен поэтикасына, олардың насихаты мен таралу жолдарына ғана емес, ақынның отбасы мен әкесі Құнанбайға да тоқталып өтеді. Екіншіден, қазіргі “Абайтану” ғылымында хәкім Абай шығармашылығының рухани қайнар көздері деп аталып жүрген:

  1. Халық даналығы – халық ауыз әдебиетіне
  2. Батыстан келген Еуропалық ғылым білімге
  3. Абай шығармашылығының тағы да бір рухани қайнар көзі – шығыс әдебиетінің Абайға әсеріне тоқталған автор, Абай шығармаларына текстологиялық талдаулар да жүргізеді.

Басы ашық бір мәселе бар. Ол – Абайдың өскен ортасы мен білім алған мектептеріне тоқталып, ақын шығармашылығының рухани қайнар көздерін аша отырып, Абай өлеңдеріне текстологиялық талдау жүргізу – Тәкен Әлімқұловтың  “Абайтану” ғылымындағы ашқан жаңалығы, -деп ойласақ, қателікке ұрынып, бұрыс кетеміз. Абайдың заманы мен өскен ортасын, ақын өлеңдері мен оның шығармашылығының рухани қайнар көздерін жан-жақты саралай талдап, зерттеу – 1905 жылы “Семипалатинский листок” газетінің № 250-252 -сандарында жарық көрген ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның  “Абай (Ибрагим) Кунанбаев” атты азнамалық мақаласынан бастау алып, “Абайтану” ғылымының негізін салушы М.О.Әуезов еңбектерінде тереңнен зерделене  талдана түсіп, бүгінгі күнгі “Абайтанушылар” жалғастырып отырған – сонарлы жол, зерттеу әдісі екендігі, “Абайтану” ғылымынан хабардар әрбір оқушыға түсінікті жайт. Міне, осындай қалыптасқан ғылыми дәстүр арқылы, Тәкен Әлімқұлов өзінің  “Жұмбақ жан” деп аталатын эссе стилінде жазылған ғылыми-монографиялық еңбегінде, қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев шығармашылығын, ақын шығармаларының рухани қайнар көздерін оқушысына қалай ашып, қаншалықты талдап көрсете алған?

Ендігі әңгімемізді осы сұрақ төңірегінде өрбітсек...

Тәкен Әлімқұлов өз еңбегінде Абайдың өскен ортасы, тәлім алған мектептеріне, ақынның әкесі, “қарадан шығып хан болған” аға сұлтан Құнанбайға тоқтала отырып, Құнанбай туралы: “Айласына найза байламайтын, ақылды адам еді. ...Ол патша үкіметіне арқа тіреп, Тобықтының қалың елін қойдай үйіреді, ақ дегенін – алғыс, қара дегенін – қарғыс етеді, дәулет молықтырады [1, 8 б]”,-деп жазады.

Дәл қазіргі қазақ қоғамында Абайдың әкесі Құнанбай туралы көпшілік пікірі екіге жарылып тұр. Біріншілері: қатігез, парақор, ақылды да зерек, өмірде өз үстемдігін орнатқысы келген зорлықшыл, дала феодалы десе, екіншілері: Құнанбайды шектен тыс асыра мақтап, оны халықтың қамын жеп, елдің болашағын ойлаған-деп, ұлттық тұлғаға айналдырып жүр.

«Патша үкіметіне арқа тіреді»,- дей келіп: «қойдай үйірді», «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» – тұрақты тіркестерін сәтімен, өз орнында қолданған сөз зергері Тәкен, Құнанбайдың өз айналасына үстемдігін орнатқан, ақылды да қатал, зорлықшыл дала феодалы болғанын айта келіп, Құнанбай туралы айтысушы екі тараптың дауына өз төрелігін айтып отыр. Одан ары қарай Құнанбай туралы автор: “Осындай сырқынды Құнанбай зерек Абайды сәбиінде молдаға оқытып,  сегіз жасында Семей шаһарындағы Ахмет Риза имамның медресесіне оқуға жібереді [1, 8 б] ”,- деп жазып, “сырқынды” –деп, «айласына найза байламайтын» Құнанбай туралы жоғарыда айтқан пікірін шегелей түседі.

Ахмет Риза діни медресесінде білім алған Абай жайын автор: “Дүние жүзіндегі ең бір шытырман, ең бір қиын, мағынасыз оқу-діни сабақтар жүретін медреседе Абай да оңай азап тартқан жоқ. Мағынасы жат діни кітаптардың әрбір харпіне шұқшиып, жаттап алуға мәжбүр болды. Медреседе ересек адамдар да оқушы еді. Олар да құранның түсініксіз сөздерін жаттап, ораза тұтып,намаз оқығаннан басқа өмірге жуысатын пайдалы ілім ала алмаушы еді [1, 8 б] ”,- деп жазып ғылым оқытпайтын схолостикалық діни медреселердің оқу жайын сөз етеді.

Абай оқыған сол кезеңнің діни медреселеріндегі “қадымша” (ескіше) деп аталатын оқу жүйесін, татар халқының ағартушы ғалымы И.Гаспиринский  1891 жылы жарық көрген “Орыс мұсылмандығы” еңбегінде: “Бүгінгі татар медресесінің бағдарламасы – кітаби араб тілі, теология және схолостика. Оқыту әдісі – ұрып миға  кіргізу және жаттатқызу, жаттатқызу және ұрып миға кіргізу”,- деп қатты сынап, күйіне жазады. Татар халқының  ағартушылары  Шихабеддин Маржани, Ғалымжан Баруди, Хайруллаһ Османилерден бастау алатын  “жәдидшілікті” (жаңаша оқыту әдісі) кейіннен сол И.Гаспиринский XIX  ғасырдың соңына қарай бүкіл мұсылман медреселерінің оқу жүйесіне енгізіп, дін сабақтарымен бірге математика, жағрафия, жалпы тарих секілді ғылымдарды оқытатын  “Ғалия” (жоғарғы) медреселерін ашқаны белгілі. Қазақ реалисттік прозасының негізін салушылардың бірі,ұлы жазушымыз Бейімбет Майлиннің білім алған жері-Уфадағы осындай “Ғалия” медресесі еді.

Ал, Абай ғылымнан мақұрым, “қадымша” (ескіше) оқытатын Семейдегі татар имамы Ахмет Риза медресесінде оқыды. Медреседегі Абайдың оқу жайын сөз ететін Тәкен: “Поэзияға ерте әуестенді. Медреседе араб, фарсы тілін үйренген Абай шығыс ақындарын құмарта оқыды. Бар ынта-ықыласы соларға ауды. Шығыс классиктерінің ғажайып шығармалары жас Абайдың ой-қиялын тербетті. Тәтті армандар туғызды [1, 9 б]”,-деп жазады.

Мен қазір ойлаймын,ғылым оқытпайтын, оқытудың белгілі методикалық тәсіл-жүйесі  жоқ, И.Гаспиринскийдің тілімен айтқанда  “ұрып миға кіргізетін” діни медреседе  “қадымша” оқыған  Абайдың медресе қабырғасында жүріп, араб, фарсы тілдерін меңгеріп, білім шығуы қаншалықты қисынды?

Абайдың баласы Тұрағұлдың естелігі бойынша түйген ойымыз: Табиғат ана Абайға өмірде сирек кездесетін ғажайып жады, яғни ерекше есте сақтау қабілетін сыйлаған. Таласпаймыз. Жөн делік. Бірақ, сен қанша жерден қабілетті,есте сақтау жадың  мың жерден мықты болса да тілдік орта (языковая среда) және тіл үйрететін белгілі жүйесі жоқ, шалағай оқытатын сол кездегі діни медреселерде, айналдырған 3-4 жылдың көлемінде  “Фарсы” және  “Семид” тобына жататын, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі тілді қалайша тез арада меңгере қоюға болады? Абай шынымен  араб және фарсы тілдерін білген  бе? Дәл осы сұрақ төңірегінде ұлы абайтанушы ғалым М.Әуезов:

“Бізде бүгінгі күнге шейін Абайдың Шығыспен байланысын айтқанда, кейбір жайлар ұшқары сөйленеді. Абай мұсылманша оқығандықтан араб пен фарсы тілін түгел білген болып суреттеледі. Кейбір зерттеушілер Абайды араб,парсы классиктерін де түгел білген етіп қояды. Анығында, 3-4 жыл мұсылманша оқығанымен ол кездегі шабан оқытудың шалағай методикасын еске алғанда Абай арабтың классикалық поэзиясын түгел ұғарлық дәрежеге жетті деу, асыра сөйлеу болады. Сондықтан да, мына санаған ақындардың ішінде арабтың классиктері Мұтан-Әбби, Әбіл-Ғала-Мағрилар кездеспейді. Оған тілдері түсінікті, ең жақын ақын болғандықтан Науаи, Фзули үлгісі көп әсер етеді. Сол ақындар,өзіне үлгі еткен Фирдауси, Сағди, Қожа-Хафиз тәрізді ұлы классиктер, ескі өзбек тіліне аударылып, Абайға сол аударма арқылы таныс болуы көңілге қонымдырақ көрінеді. Бұл соңғыларды Абай білгенде түрікшіленген аудармаларынан білуі керек [2, 94 б]”,- деп жазады өзінің Абай шығармашылығына арнаған  “Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы” атты ғылыми-монографиясында.

Абайтану ғылымының негізін салушы М. Әуезов пікірімен келіспеске негіз жоқ. Абай заманы емес, қазіргі жоғарғы діни оқу орындарын бітірген сауатты имамдар уағыз айтып, Құраннан үзінді келтіріп, теологиялық-діни терминдермен сөйлегенде араб тілінде сөйлеп отырғандай болып көрінеді. Анығында, солардың көбісі арабтың ауызекі әдеби сөйлеу тілін білмейді.

Шығармаларында қолданған діни терминдер мен Құран аяттарына қарап, біз Абайдың араб-әдеби тілін қаншалықты меңгергенін біле алмаймыз. Медреседе мұсылманша оқығандығына қарап, Абайды араб, парсы тілдерін білді деп айту, М.Әуезов тілімен айтқанда: «асыра сөйлеу» болады. Бұл жағдай Абайдың беделіне нұсқан келтіріп тұрған жоқ! Абай – хәкім. Ол – ғұлама ғалым. Бұл – ақиқат! Тіл мен ғылымды меңгеру – екі түрлі, екі бөлек дүние! Себебі, тілді меңгеру – ғылым арқылы емес, - тілдік орта мен дағды арқылы келеді. Ал, Абайда тілдік орта да, сол  орта арқылы келетін тілдік дағды да болған жоқ. Сондықтан, 3-4 жыл медреседе оқыған Абайды араб, парсы тілдерін түгел меңгерді деу – ұшқары пікір.

Тәкен өзінің  “Жұмбақ жан” деп аталатын эссе-монографиясында Абай өмір сүрген заманды жан-жақты тереңінен суреттей отырып, оқушы ойын Абай шығармашылығының рухани қайнар көздеріне қарай бұрады. Ақын шығармашылығының рухани қайнар көздерін автор ғылыми тұрғыда толық ашып көрсетті десек, бір жақты бұрыс кетеміз. Ол өз шығармасында Абай шығармашылығының қайнар көздері мыналар деп ашық айтып жазбаған. Эссе жанрында жазылған өз еңбегінде, жазып отырған тақырып желісін жан бітіре суреттеп, оқушы қиялын оятып алған Тәкен, Абай шығармашылығының рухани қайнар көздерін оларға білінер білінбес үзік сызықтармен көрсете отырып, айтқысы келген негізгі ойын бірер сөзбен ғана түйіндеп өтеді. Жас Абайға шығыс ақындарының әсері туралы Тәкен: “Шығыс классиктерінің ғажайып шығармалары жас Абайдың ой қиялын тербетті, тәтті армандар туғызды [1, 9 б]  ”,- дей келіп: “Абайға шейінгі шығыс әдебиетінде қоғамдық күштің салмағы, адамдардың қарым-қатынасы, ортаның ықпалы, өмір қайшылығы Абай творчествосындағыдай ішкі байланысы мен қомақты көрініс тапқан емес [1, 53 б] ”,-дейді. Абайдың шығыспен байланысы туралы автор екі-ақ ауыз сөз айтқан. Бар болғаны осы.

Рас, Абай еліктеген шығыс ақындарының шығармашылығында өздері өмір сүрген қоғам, сол ортадағы адамдардың психологиялық ішкі қайшылығы мен сол дәуірдің шындық өмірі реалистік тұрғыда суреттелген жоқ. Олар сомдаған кейіпкерлердің болмысы мен мінезі нағыз өмірден тым алшақ жатты. Әдеби теңеулері де шектен тыс қияли келетін шығыс ақындары шыңдық өмірдің шынайы бейнесін бере алмады. Абай еліктеген шығыс ақындарына тән бұл кемшіліктерді түгел атаған Тәкен, өлең құру шеберлігі, түр жаңалығы жөнінде Шығыс ақындарынан Абай үйренген жаңалықтарға тоқталмайды. Бір сөзбен айтқанда, Абай шығармашылығының рухани қайнар көздерінің бірі болып табылатын шығыс әдебиеті мен шығыс арқылы келген діни-мораль философиясының Абай шығармашылығына жасаған ықпалы мен Абайдың шығыстық көзқарасын Тәкен өз шығармасында жан-жақты ойдағыдай етіп талдап, көрсетіп бере алмаған. Оның мақсат етпеген де секілді. Абайдың шығыспен байланысына атүсті қарап, терең мән бермеген Тәкен, Абай шығармашылығы қайнар көздерінің ең негізгісі, қазақ халық ауыз әдебиетінің Абайға еткен әсері мен ықпалын тамаша түйіндеп өтеді. Автор:

“Немересін жүрегімен мәпелеген Зере  өзі шексіз көп білетін ертегі, жырлары мен Абай қиялын әлдилеуден жалыққан жоқ еді. Сахара өлең – жырға, ән-күй, не-не тамаша эпосқа, ертегілерге, аңыздарға толы болатын. Соның бәрі медреседе оқыған Абай қиялында шығыс поэзиясына ұласқан соң, Абайдың ақындық ынтықтығы ерте оянады. Ол шығыс ақындарына еліктеп өлеңдер жазады. Әттең, бізге бірен-сараны ғана жетті. Әрине, медреседе жүрген шәкірт Абайдың өлеңдері, әсіресе, тіл жағынан шұбарлау, халық тұрмысынан жырақтау еді”,- дей келіп: “Дау-далбаға жиі түсіп, билік айтатын Абай үшін ұтымды, орамды тіл,шешен сөз керек еді. Осы жолда ол бұрын-соңды сөзуарлық мұраға, мақал-мәтелдерге, мысқылдарға, түрлі айтыстарға, өлең-жырларға, қысқасы фольклорлық байлыққа тағы қайта оралады. Терең зейін қойып, кеңінен қамтиды, мол үйренеді. Халық сөзінің қуатын, нәшін ұғады. ...Асылы ұлттық дәстүрден тысқары тұратын гений болмаса керек. Абай туралы да осыны айтуымыз мақұл. Абай да халық поэзиясына арқа сүйеді [1, 9-10 б] ”,- деп жазып Абай шығармашылығының рухани қайнар көзінің бірі халық ауыз әдебиетінін сөз етеді. Айғақтап, ашып айтпайды, ишарамен ғана нұсқайды.

Абай шығармашылығын талдауда автор, “Эссе” жанрын сәтті таңдаған. Ауыз әдебиетінің Абайға берген ықпалы мен әсерін ғылыми стильде жазсаң, бірнеше парақ болар еді. Сол бірнеше параққа жазылатын ғылыми ойды Тәкен “Эссе жанры” арқылы екі-ақ абзацқа сыйғызған. Ал, жеткізбек болған ойдың ғылыми түп негізі түгел сақталған. Білім мен парасаттан нәр алған шеберлік дегеніміз осы! Шындығына келгенде, халық ауыз әдебиетінің нәшіне уызынан жарып, мол рухани нәр алған Абай шығыстың әдеби нұсқаларымен бірге  қазақ халық ауыз әдебиетінің барлық түрін жетік білген. Оған дәлел Абайдың баласы Тұрағұлдың Абай туралы естелігі. Ол әкесі Абай туралы өз естелігінде: “...Кейбір түндерде я кітапқа, я құмалаққа түсіп кетпесе, біреуге ертегі айтқызып, я өзі айтып отыратын еді. Біреуге айтқызғанда: бұрын есітпеген ертегісіндей ынтасын сала тыңдап,бір сөзін қақпай әбден айтып болған соң, айтушының адасқан жері болса қайтадан өзі айтып түзеп беруші еді. Қазақтың ертегілерінде есітпеген-білмеген ертегісі кем шығар. Сонда: қазақтың ескі ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргені, көршілес, күндес елдер қай жұрттар екені діни білімінің қандайлық кезде шығарылғаны, елдің ескі салты, арманы, кәсіп қарекеті не екені көрінеді деуші еді. Жас кезінде де парсы жұртының Ямшид, Қаһарман секілді ертегі кітаптарын көп оқыса керек. Өзім көргенде: “Мың бір түннің” кітабын оқып, біздің елді “Мың бір түнмен” алғашқы таныстырған менің әкем [3, 171 б]”, - деп жазады.

Естелікке қарағанда, қазақ ауыз әдебиеті нұсқалары Абайға өз ұлтының тарихын, тұрмысын, салт-дәстүрін, арманы мен  кәсіп-қарекетін терең білу үшін қажет болған. Сонымен қатар халқымыздың ауыз әдебиеті Абайға білім нәрін беріп қана қойған жоқ, Абай шығармашылығының рухани қайнар көздеріне де айналды. Дәл осы тұжырым Тәкеннің авторлық көзқарасы арқылы “Жұмбақ жанда” өз өрісін әдемі тапқан.

Абай шығармашылығының рухани қайнар көздерін сөз еткенде – Абайдың батыс өркениетімен байланысына соқпай кету мүмкін емес. Абайдың батыс мәдениетімен байланысы орыс тілі арқылы болды. Бұл – анық! “Абайға орыс тілі – мәдениет дүниесінің есігін ашып беретін кілт болды. Бірақ, сол кілт басқа да кәделеріне асатынын ол жақсы білді. Немесе, орыстың революцияшыл – демократтарымен Лев Толстойдың романдарын оқып жүріп танысқан Абай, орыс тілін солардың ақылы бойынша үйреніп еді деп айта алмаймыз [1, 12 б] ”,- деп өткен XX ғасырдың жетпісінші жылдарының бас жағында айтқан Тәкен пікірі, “Абайтану” ғылымында жел ескендей жаңалығымен де құнды.

Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай өмірі мен шығармашылығына байланысты кез-келген соны пікір, жаңа ақпаратты жан-жақты талдап, сараптап, зерделей зерттеу – біздің міндетіміз.

“Дүниеге көзімді ашқан – Михаэлс”, - деген Абай сөзін перде етіп ұстаған көптеген абайтанушылар: “Абайға ғылымды да, орыс тілін де үйреткен – Михаэлс”, - деген пікірді өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында “Абайтану” ғылымына мықтап орнықтырған-ды. “Абайтану” ғылымындағы мызғымас қағидаға айналған осы пікірге алғаш рет Тәкен Әлімқұлов үлкен күдікпен қарады. Ғылымды жасаушылар – ештемеге сенбей,анық деген нәрсенің өзіне де күдікпен қарайтын  скептиктер,- деген сөздің мағынасын сонда пайымдағандай болдық.

Шынында да, Абай жасаған аудармаларды түп нұсқамен салыстыра қарап отырсақ, Абайдың орыс тілін өте терең біліп, меңгергенін байқаймыз.

Ғылым үшін ұсақ-түйек нәрсе жоқ,- деген қағиданы еске алсақ, Абайдың орыс тілін қайдан, қалай үйренгенін білу ұсақ-түйек нәрсе емес. Сонда Абай Орыс тілін қайдан үйренген?

Бұл орайда біздің айтарымыз мынау:

Біріншіден, Абайдың әкесі Құнанбай аға сұлтан, тобықты руының старшыны болып ел басқарғанда, сол кездегі қазақтан шығып ел басқарған болыс-сұлтандардың көбі секілді сауатсыз әрі орыс тілін білмегендіктен, ел басқарудағы іс-қағаздарды орыс тілінде жүргізіп отыратын  оның хатшылары мен тілмаштары болған. Абай осы аудармашы-хатшылар арқылы бала кезінен-ақ, өз  ауылында орыс тілін естіп өскен. Бұл Абайдың орыс тіліне деген қызығушылығын ерте оятуы ғажап емес. Лингвист-ғалымдардың пікірінше, тілді үйрену үшін оған құлақты ерте кезден жаттықтырып, сол тілдегі сөздерді түсінбесе де естіп жүрудің маңызы зор.

Екіншіден, Абай үш ай «приходская школада» оқыған. Абайдың баласы Тұрағұлдың естелігінде айтылғандай, табиғат-ана Абайға өмірде сирек кездесетін қайталанбас ғажайып жады (память) сыйлаған. Сондықтан да Абай  үш ай орыс оқуында, тіл үйренуде жұрттың 1-2 жылда жететін жетістігіне бірден жетуі бек мүмкін.

Үшіншіден, Абайдың тоқал шешесі Айғыздан туған Халиолла деген бауыры орысша оқыған. Тарихи-мұрағаттық құжаттарда расталғандай, ол 1863- 1869 жылдары Омбыдағы Шоқан Уәлиханов оқыған Кадет корпусына түсіп, оны бітіріп, "корнет" атағын алып, офицер болып шығады. Бұдан соң, Халиолла Москвадағы Павловский ковалерский школды бітіреді.

Cанкт-Петербургтегі мемлекеттік мұрағаттан Әлкей Марғұлан тапқан деректерге қарағанда Халиолла Өскенбаев жастығына қарамай үлкен оқымысты болған секілді. Ол профессор И.Н.Березинге және Шоқанның ұстазы Н.Ф.Костылецкийге қазақ халық ауыз әдебиетінің Жиренше шешен, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Еңлік-Кебек секілді нұсқаларын жазып беріп, олармен тығыз ғылыми қарым-қатынаста болған.

Тәкен өзінің “Жұмбақ жанында” осы Халиолла мен Абай туралы: “Орыс-Түрік соғысы кезінде  (1876-1878) Абай Құнанбаевтың қазақ халқына ашық хат жазып, орыс әскеріне жәрдемдесуіне шақырғаны мәлім. Оның туған інісі Халиолланың Омбыдағы кадет корпусын бітірген офицердің ,сол соғысқа қатысқаны және мәлім [1, 21 б] ”,- деген тарихи мәлімет келтіреді.

Ал, Г.Н.Потаниннің  Санкт-Петербургтен шығатын “Русское богатсво” журналының  1896-жылғы №8 санында жарияланған “В юрте последнего киргизского царевича” («Қазақтың соңғы ханзадасының киіз үйінде») атты мақаласындағы жазбаларға қарағанда Халиолла Өскенбаев сол кездегі орыстың ақыл-ой алыптары Белинский, Добролюбовтармен қатар орыс классик жазушылары Пушкин, Толстой, Тургенев, Лермонтовтарды жақсы білген. Білімқұмар Абай, орыс оқуын бітірген, оқымысты офицер інісі Халиолла арқылы орыс классиктерімен ерте кезден таныс болуы әбден мүмкін.

Оның үстіне Абай әкесі Құнанбай арқылы ел басқару ісіне ерте кірісіп, орыс ұлықтарымен де ерте араласқанын есте тұтып, жоғарыда келтірген дәйектерге сүйене отырып айтарымыз: Абай орыс тілін біз ойлап жүргендей отыздан асқанда емес, одан көп ерте білген деуімізге толық негіз бар.

Михаэлс арқылы ғылымды сала-сала бойынша кейінірек меңгерген Абайдың: «Қолымды мезгілінен кеш сермедім»,- деген сөзін перде етіп, Абай орыс тілін кеш үйреніп, орыс классик-жазушыларымен кеш танысқан деген пікір қалыптасып кеткен. Абайдың бұл жерде "қолымды мезгілінен кеш сермедім" - деп өкінуі, орыс тілін білуге байланысты емес, жалпы ғылымды меңгеріп игеруде кешіктім, уақытты босқа өткізіп, кеш бастадым,- деп өкінуі екенін дұрыс түсінгеніміз мақұл. Қалай десек те, Абай орыс тілін өте жақсы біліп, терең меңгерді. Оған дәлел Абайдың аудармалары. Абайдың орыс тілін біліп, меңгеруі жөніндегі түрлі пікірлерді бірер сөзбен түйіндесек, Тәкен ағамыздың: “Орыс революцияшыл-демократтарымен Лев Толстойдың романдарын оқып жүріп танысқан Абай, орыс тілін солардың ақылы бойынша үйреніп еді деп айта алмаймыз [1, 12 б] ”,- деген пікірінің  ғылыми негізі өте жоғары.

Тәкен өзінің “Жұмбақ жанында”: “Шынында да, Михаэлс, Гросс, Долгополовтар Абайға үлкен ой салды. Бұлар қазақ халқының тұрмыс-халін, әдет-ғұрпын, мәдениетін зерттеді. Абайдың орыс достары оған керекті әдебиетті екшеп берісті. Солар арқылы Абай орыс әдебиетімен толық танысып, терең ұқты. Батыс әдебиетімен мол танысты. Философия ғылыммен ұзақ шұғылданды. Ол Спенсердің, Спинозаның, Милльдің, Дрэпердің, Тэннің шығармаларын оқыды, біраз уақыт Дарвин ғылымымен айналысады [1, 13 б], ”,-деп жазып, Абай оқыған ғылым салалары арқылы Абай кітапханасының көлемін анықтайды. Абай кітапханасының көлемі дегенінен шығады, Абай шығармашылығы туралы еңбегіне үлкен дайындықпен кіріскен Тәкен, Абай мен Абай айналасы – Құнанбай, Оспан, Халиолла, Ысқақ туралы бұрын айтылмаған белгісіз, бейресми түрлі ақпараттарды өз еңбегінде молынан пайдаланған. Міне, осындай бұрын белгісіз болған бейресми ақпараттардың бірі – 1964-жылы “Қазақ әдебиеті” газетіне жарияланған, Садық Қасимановтың “Абай есімі американ әдебиетінде” атты мақаласы. Бұл мақаладан Тәкен өз еңбегінде үзінді келтіріп, сәтті пайдаланады. Мақала авторы Садық Қасиманов американ журналисі һәм саяхатшысы Джордж Кеннанның 1906-жылы “Сибир и ссылка” деген атаумен Петербургте орыс тілінде жарық көрген кітабынан былай деп үзінді келтіреді.

«Кешкі құрым біз қалаға (Семейге) қайтып келдік те, Леонтьевтің үйіне бардық. Бұл үйге көптеген бейтаныс адамдар жиналған екен. Леонтьевтің үйінде Спенсердің суреті ілулі тұрды. Басқа жиһаз жоқ. Қонақ саны он бес адам болды. Көңілді, қызықты, еркін әңгіме, біздерді бір-бірімізге тез таныстырды. Менің кейбір сұрақтарыма жауап бере отырып, Леонтьев маған Семей қаласы кітапханасы қалай жұмыс істей бастағанын баян етті. Кітапхананың жер аударылып келген мұңлықтарға ғана уаныш емес екенін, қала халқының ой-өрісін кеңейтерлік рухани азығына айналғанын айтып өтті.

  • Керек десеңіз, бұл кітапхананы қазақтарға шейін пайдаланады. Мен Ибраһим Құнанбаев деген қарт қазақты білемін. Ол – кітапхананың байырғы оқырманы. Тіпті, ол Милль, Бокль, Дрэпер сынды авторларды да оқиды.
  • Семейде Милль мен Дрэпердің еңбектерін оқуға дәрмені жетерлік қазақтардың болғаны ма?! – деп бір студент таңдана дауыстады.
  • Маған сенсеңіздер, осы. Ол қазақпен кездескен алғашқы күннің өзінде-ақ, ол өзінің білім парасатымен таң қалдырды. Ол менен индукция мен дедукцияның айырмашылығын түсіндіруді сұрады. Содан бері оның ағылшын философтарының еңбегін егжейлеп, зерттеп жүргенін және мен атаған авторлардың әммесін түгел оқығанына көз жеткіздім.
  • Сонымен, сіз, ол қазақты сол оқығандарын түсінеді деп ойлайсыз ба? – деп манағы студент жігіт қайта өршеленді.
  • Дрэпердің "Европаның ой-өрісінің өркендеуі" атты кітабы жайынан мен одан қатарынан екі түн емтихан алдым. Соған қарағанда, оның түсінгеніне сенемін...» [1, 15 б] (Садық Қасиманов. “Абай есімі американ әдебиетінде” мақала, “Қазақ әдебиеті” 25 декабрь,1964 ж.№ 52 (727) [1, 15 б]

Берілген үзінді дәйек сөзден біз не байқаймыз? Біріншіден, Тәкен өзінің “Жұмбақ жанына” үлкен жауапкершілікпен кірісіп, Абай жайындағы түрлі ақпараттарды ерінбей-жалықпай жинап, оқушы назарына ұсынған. Бұл – Тәкеннің “Жұмбақ жанының” ғылыми негізін жоғарылата түскен. Екіншіден, Абай кітапханасы, яғни Абай оқыған кітаптар арқылы біз Абайдың білімі мен парасат деңгейін бағамдаймыз. Ең алғаш рет 1891 жылы, Абайдың тірі кезінде Лондон қаласында ағылшын тілінде жарық көрген американ журналисті Джордж Кеннанның “Сібір және жер аударылғандар” атты кітабындағы Абай туралы деректерге қалтықсыз сенген Тәкен Әлімқұлов: “Прогресшіл американ журналистінің Абай Құнанбаев хақында айтқандарының түгелдей растығына күмән болмасқа керек. Бұл кез Абайдың философиядан, әдебиеттен мол білім алған кезі еді. Ол Белинский мен Чернышевский, Салтыков-Щедриннің шығармаларын толық оқып, Пушкин мен Лермонтовтың, Крыловтың шығармаларын аударып жүрген болатын. Оның үстіне, Батыс жазушыларының шығармаларын да молынан білген [1, 15 б]”,- деп жазады.

Абай өзінше Еуропа білімінен көп ізденіп оқып, бертінде Михаэлс, Гросс секілдді зор білімді адамдармен сұхбаттаса жүріп, пікірлес, мәжілістес болуы, Абайдың алдына жаңа жарық дүние есігін ашқандай болады. Сонымен 1884-1885 жылдары Абай жасы қырыққа таман келгенде,  ғылымның түрлі салаларынан мол мағлұматы бар, әрнәрсеге өзіндік көзқарасы, сыны бар, өз заманының ел сөзін ұстаған кісілерден сонағұрлым білімді, озғын кісі болып, бөлініп шығады. Абайдың өз айтуынша, өмірінің осы тұсын: “Отыздың ішінен бастап Европа оқымыстыларының көп кітаптарын оқып, қырыққа таман келген уақытта бұрынғы дүниенің асты үстіне шығып өзгерді. “Күншығысым – күнбатыс, күнбатысым – күншығыс болып кетті [3, 135 б]”, - дейді.

Оқу арқылы келген білімнің арқасында Абайда үлкен-үлкен пікір өзгерістері болды. Ол бұрынғы ой-пікірлеріне мүлдем жаңа, басқа көзқараспен қарады. Шығыс ілімі арқылы қалыптасқан бұрынғы көзқарасына Абай батыс ілімі арқылы да қарай бастайды. Өз басындағы осындай пікір өзгерістерін Абай бейнелі түрде: “Күнбатысым – күншығыс, күншығысым – күнбатыс болып кетті”,- деп айтқан секілді. Абайдың бұл сөздеріне қарап, Абай өзінің шығыстық көзқарасынан мүлдем бас тартыпты деп ойлап қалуға болмайды. Абай кез-келген көзқарас пен пікірді үлкен сынмен, биік талғампаздықпен қабылдап, өзінің шығыстық көзқарасы арқылы келген ұлттық болмысының “ой қазығына” бір шалып кетіп отырған. Қалай десек те, Абай өмірінің осы тұсында, оның жеке өз басында ой-пікір өзгерістері болғаны анық. Абай өмірінің осы тұсын Тәкен: “Абай шығыс мәдениетін меңгергенде талғампаздықпен сынай қарап меңгерді. Діни уағыздардан қашты. Махаббат бостандығын, әділетшілдікті, әлеуметтік прогрессті жырлайтын сыршыл поэзияға құмартты. Ол Низамиді, Науаиді, Хафизді, Саадиді, Физулиді, Фирдоусиді, Шәмәнді қадір тұтты... Осы ақындардың басым көпшілігі зор ғұлама болғанын да Абай білді. Сөйте тұра, ол орыс әдебиетіне бой ұрды. Бұның негізгі себебі, Абайдың қайраткерлігінде, санаткерлігінде (просветительство) жатыр. Үстем тапты аяусыз әшкерелеу, мінеп шенеу үшін, қалың бұқараның сана сезімін ояту үшін реалистік үлгі өнеге керек болды. Бұны Абай орыс әдебиетінен тапты [1, 25-26 б]”,-дейді.

Автордың осы пікірін талдап көрелікші. Абайға реалитік әдебиет үлгілерінің қажеттілігі туралы Тәкеннің “қалың бұқараның сана сезімін ояту үшін”, - деген пікірімен келісеміз де, “үстем тапты аяусыз әшкерелеу үшін”, - деген пікірмен келіспейміз.

Батыс пен Шығысты тең меңгеріп, рухани биікке көтерілген білімдар Абай өз елінің надандығын, артта қалған мешеулігін көріп, ел ішіндегі ұрлық-қарлық, жемкорлық, жалқаулық,  партияға бөліну секілді түрлі жаман мінездерін сынап, ағартушылық жолға түсіп, сөз ұғарлық санасы бар адамдарға ақыл айтып, ұстаз болғысы келеді. Әрине, осы тәрбиешілік ұстаздық ойын, ақын Абай халқының санасына сіңіп табиғатымен біте қайнасқан өлең түрінде жеткізуді ойлайды. Ол өз өлеңдерін қалың бұқара халықтың сана сезімін ояту үшін қазақ қоғамындағы түрлі өмір шындықтарын сол күйінде, шынайы түрде, әдебиеттегі реалистік дәстүр арқылы жеткізуді мақсат етті. Бұл – ақиқат!

“Үстем тапты әшкерелеу”, - деген оймен келіспейтін себебіміз: Абай халықты бай деп немесе кедей деп тапқа бөлген жоқ. Егер ол халықты “үстем тап ” немесе бай, кедей, - деп тапқа бөлсе, бай қалай байыды, кедей неліктен кедей болды, - деген “саяси - экономикалық” сұрақтарға жауап беруі шарт.

Ал, Абай не бір өлеңінде, не болмаса бір қара сөзінде бұл сұрақ төңірегінде мәселе көтермейді. Сондықтан да, айтарымыз: Абай халықты бай, кедей деп тапқа бөлмеген – ұлт ақыны.

Ал, бірақ “Жұмбақ жанның” авторы – Тәкен Әлімқұлов Абайдың халықты бай және кедей деп тапқа бөлгенін қалайтын секілді. Өз еңбегінде Абайдың “Жаз” өлеңін  талдаған автор: “Бұл өлеңде байдың ауылы суреттеледі. Бай ауылдың жазғы сән-салтанаты жыр болады. Жалшылар өмірі көмескі қалады [1, 31 б] ”, - деп Абайдың  “жетілмеген әлеуметтік  санасын” сынап өтеді.

Абайдың “Күз” өлеңін поэтикалық тұрғыдан тамаша  талдаған автор ақынның “Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай” өлеңі туралы: “Абай “Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай”дейтін өлеңінде ауылдағы тап қайшылығын жітірек көріп,тереңірек ашады [1, 32 б],”- дей келіп, өлеңде суреттелетін кедей мен бай үйінің өмірін салыстыра талдайды. Өлеңді “таптық тұрғыдан” талдаған автор: “Әрине, осындай тап қайшылығын көргенмен, ашқанмен, оған саяси мән беріп, саяси ұранға шақырарлық дәрежеге Абай жеткен жоқ. Қоғамдық құрылыстың әділетсіздіктерін қаншама шенесе де, оның төркінін түгел білген жоқ. ...Тап қайшылығы үгітпен бітісе алмайтынын ұғынбайды [1,33 б]”, - дейді.

Абай “Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай” өлеңінде кедей мен бай үйінің өмірін Тәкен Әлімқұлов айтқандай таптық тұрғыдан емес, реалистік тұрғыдан суреттейді. Абай не сезінді, нені көрді – сол суретті шынайы түрде, реалистік пішімде, өлең түрінде қағаз бетіне түсірді. Кедей неге кедей? Бай қалай байыды? - деген сұрақтар төңірегінде ақын Абай тіптен ойланбайды да. Себебін тағы да қайталаймыз: Абай халықты тапқа бөлмеген ұлт ақыны! Бұл жерде Абайдың халықты бай және кедей деп тапқа бөлгені “партиялық әдебиет” рухында тәрбиеленген жазушы Тәкен Әлімқұловқа керек болып тұрған секілді. Ол үшін жазушыны кінәлаудың еш қажеті жоқ. Бұл – үстем таптан шыққан Абайды кедейлердің “Кеңес өкіметіне” жақындату үшін Абайтанушы ғалымдардың ойлап тапқан амалы еді. Мұхтар Әуезов өзінің Абай шығармашылығына арналған ғылыми монографиясында, Абайдың дәл осы “Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай” өлеңі туралы: “Бұндағы өзі көрсетіп берген тап қайшылығы қарсылықтары арқылы Абай қазақтың еңбекші қалың елінің жоғын жоқтап, соның көңіліндегі бар шерімен арманын айтады”,-дей келіп: “Ең соңғы жолдарда... Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы,-деу арқылы ақын, бір жағынан, кедейге сол ауыртпалық халден шығар жолын атай алмайды. Екіншіден, бай мен екі арасына бітімші болғандай аңғар танытады. Әрине ағартушылық жолында, қазақ көпшілігінің қанаушы жауын мол мысалымен, батыл сыншылдықпен кең ашып берген Абай, өзінің заманында еңбекші елдің тартысы қалай болу керек екенін атап бере алмады [2, 151-152 б] ”, - деп жазады. Бұдан ары қарай автор,еңбекші елдің тартысы қалай болу керек екенін Толстой да білген жоқ, - дегендей Лениннің “Толстой – орыс революциясының айнасы ” еңбегінен дәйек сөздер келтіреді.

Тәкен де, Мұхтар Әуезов те өз еңбектерінде ұлт ақыны Абайды кедей табына жақындату үшін “кедейлерге жаны ашыды, бірақ, тап қайшылығын шешу жолдарын таба алмады, оған тарихи жағдай мүмкіндік бермеді ”, - деп, Абайды кінәлаған боп, өлеңде жоқ “тап қайшылығын” ойдан тауып, терең білімдерінің арқасында қос классик жазушымыз, Абайды кедейдің “Кеңес өкіметінің” алдында сәтті қорғап шыққан.

Абай бір қазақты бай және кедей деп тапқа бөлмесе де:

Кедейдің өзі жүрер малды бағып,

Отыруға отын жоқ үзбей жағып, - деп кедейге жаны ашып, “Қалың елім қазағым, қайран жұртым”, - деп, қалың қазақты “елім” - деп, елжірей сүйетін бұқарашылдығы ақын шығармаларының өн-бойынан анық аңғарылып тұрады. Ақынның осы бұқарашылдығын – тап қайшылығымен шатастыру жөн емес. Бұған қарап, Абай заманындағы қазақ қоғамында тап қайшылығы болмаған екен, - деген ой туындамаса керек. Біздің айтпағымыз: - Абай өз шығармаларында тап қайшылығын жырлаған жоқ. Заң-зәкүн қолымда болса, тәрбиеге көнбейді деген кісінің тілін кесер едім,- деген Абай, барлық қоғамдық қайшылықтарды оқу-білім тәрбие арқылы шешуге болады деп есептеген. Тәрбие, білім-ғылым, мораль мәселесіне қатты мән беріп, терең білім, жақсы тәрбие арқылы қоғамды өзгертуге болады, - деп ойлаған Абай әлеуметтік қайшылықтарды басқа жолмен шешуге болады деп есептемеген де секілді.

Кеңес өкімет тұсындағы абайтанушылардың барлығы дерлік, Абай өлеңдеріндегі кедейдің өмірі, тап қайшылығы туралы айтса болды, мысалға ақынның “Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай” өлеңін алады. Себебі, Абайдың осы аталған өлеңінен басқа бірде-бір өлеңінде кедей өмірі туралы бір көрініс те суреттелмейді.

Тәкеннің “Үстем тапты әшкерелеп, мінеп-шенеу үшін, қалың бұқараның сана сезімін ояту үшін реалистік үлгі-өнеге керек болды [1, 26 б] ”, - деген сөздері Абайдың ағартушылық жолға түсуінің түп негізгі себебін түгел ашып көрсете алмайды. Тәкен өз еңбегінде Абайдың ағартушылық жолға түсуінің негізгі себебін ғана емес, Абай өлеңдеріндегі “улы ойлар” топтамасын да талдап түсіндіріп бере алмаған. “Тобықтының соқталы жуандарының бірі – Оразбай Аққұлов өзге озбырлармен бәтуаласып, топ құрады да 1898 жылғы Семей оязына қарасты болыс – билердің қайта сайлауында Абайға таяқ тигізуден шімірікпеді. Күншіл, бақасшыл тобырдың қиянаты ақын көңіліне қаяу салып, қайратын қажады. Ұстаз  есепті болған орыс достарынан қол үзіп, кәдімгідей жалғызсырап қалған Абай дала жуандарының жауыздығымен жалғыз алыса-алыса қажыды. Рухани жалғыздыққа ұшырап, ішқұсалыққа бой алдырған Абайдың дүниеден тарықпасқа шарасы жоқ еді. Халыққа тараған қауесетке қарағанда, сансыз сахара шонжарларының Абайға әлденеше рет у бергізгені расқа ұқсайды. Жіті бақсаңыз, ақынның шығармаларында “удан ” аяқ алып жүре алмайсыз. “Улы сусын төгілсін”, “Мен ішпеген у бар ма ?”,  “Өткен күннің уларын”, “Ашуың-у”, “Су екен-у екен” т.б [1,18 б] ”,- деп жазған Тәкен, Абай өлеңдеріндегі “улы ойлар” себебін “Сахара шонжарларынан қиянат көрді. Олармен алыса-алыса қажыды. Орыс достарынан қол үзіп, Абай рухани жалғыздыққа ұшырады”,- деп түсіндіргісі келеді. “Уды у қайтарады демекші”, “мен ішпеген у бар ма?”- деген Абайдың өзі де, жаулары берген у дан уланып қалмас үшін “у  ішіп отырған [1, 18 б] ”,- деген болжам айтады. Дәл осы жерде “төрт аяғын тең басқан” білімдар Тәкен бетінен қалқып, тереңге бойлай алмай отыр.

Батыс пен Шығысты тең меңгеріп, көп ізденіп оқыған оқу-білімінің арқасында, жасы қырыққа таман келгенде Абайда көптеген ой-пікір өзгерістері болған. Ол қандай өзгерістер еді? Абай арпалысқан ой, жанталас қимыл үстінде халқын өнер-білімге шақырады. Себеп неде?

Абай шығармашылығына зер сала, ой көзімен оқып шықсаң, сол шығармаларының соңында Абайдың өз бейнесі тұрады. Ол бірде мысқылдай сынай қарап тұр, бірде ашулы, бірде көзінен қанды жас ағып тұрғандай. Неге Абай түрлі бейнеде? Күрделі сұрақ. Абайға байланысты бізде қандай да бір күрделі мәселе туындай қалса, біз міндетті түрде Мұхтар Әуезовке жүгінеміз. Неге? Себебі, М.Әуезов – “Абайтану” ғылымының негізін салған ғұлама ғалым. Бар саналы ғұмырын Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуге  арнаған М.Әуезов, дүниежүзіне белгілі “Абай жолы” роман-эпопеясын айтпағанда, Абайдың замандас шәкірт ақыны Көкбай Жанатайұлына, баласы Тұрағұл мен інісі Кәкітайға (Ғабдол-Хәкім) Абайдың өмірбаяны мен Абай туралы естеліктер жаздырып,өзі “Абай ақындығының айналасы”,“Абай-қазақ халқының ұлы ақыны”, “Великий сын народа”, “Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы” секілді ғылыми монографиялар жазып, 1940 жылдан бастап қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде “Абайтанудың ” арнаулы курсын ашып, өзі сонда өмірінің соңына дейін лекция оқып, дәріс жүргізді. Абайтану ғылымының бағыт-бағдарын айқындап, қазір біздің “Иманигүлді”, “Толық адам”,- деп атап жүрген, “Абай ілімінің” де негізін салушы да – Мұхтар Әуезов.

Міне, осы Мұхтар Әуезов Абайдың ғылыми өмірбаянын 1927-33 жылдар арасында бірінші рет, екінші рет 1940 жылы,үшінші рет 1944 жылы, 1950 жылы төртінші рет толықтырып басқан. М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянының ішінде  маған ерекше ұнайтыны – 1927-1933 жылдар арасында  жазылған біріншісі. Себебі бұл өмірбаян саясаттан тыс, бейтарап, Абай шығармаларының түп-негізін тереңінен түсінуге ықпалы аса мол-шынайы ғылыми еңбек. Міне, осы Абай ғылыми өмірбаянының бірінші нұсқасында Құнанбай Абайға үш түрлі сын айтады. Біріншісі, жұрттың бәрімен күліп сөйлесесің, жайдақ су сияқтысың, екіншісі – көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайсың, үшіншісі-орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың,- дейді. Абай Құнанбай тарапынан өзіне айтылған осы үш сынның үшеуіне де ұтымды жауап қайтара келе, орысшылсың дегенге: “Заман орыстікі, ол-жеңген, біл-жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білмесең, алысқа шығудан мағына жоқ. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі алуға керек [3, 123 б]”,-депті.

“Ұлттар достығы” деген желеумен, коммунистік партия идеологиясын бетперде етіп ұстаған Кеңестік орыс шовинизмінің тұсында “орыс-жеңген, біз – жеңілген елміз”,- деп орыстың отаршыл саясатын ашық айту мүмкін емес еді. Сонда да болса, “орысшылсың” деген Құнанбай сөзіне Абай жауабын өзгертпей, сол күйінде жазу – М.Әуезов тарапынан жасалған үлкен шығармашылық ерлік, - деп бағалағанымыз жөн.

М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянының соңғы үш нұсқасында да, Абай тарапынан айтылған бұл сөздер сол кездегі партиялық идеологияға сәйкес өзгертіліп, 1940 жылғы жазылған 2-нұсқасында “орысшылсың” деген сөздер мүлдем алынып тасталынып, үшінші нұсқасында  [3, 293 б] және төртінші нұсқасында да [3, 368 б] “орысшылсың” деген Құнанбайға Абай: Егер өнер-білімді үйренуден қашсақ, ол надандық болар. Мен өнер-білімі үшін орысшылмын, - деп жауап берген. 1927-33 жылдар арасында М.Әуезов жазған Абай ғылыми өмірбаянының бірінші нұсқасы сол кездегі қолданыста болған латын әліпбиінде жазылған. Кейін біз кирилица харпіне өткенде,   латын әліпбиінде жазылған ғылыми еңбек қазақ әдебиеті тарихының  бақытына орай жазушы архивінің бір бұрышында ескерусіз ұмыт қалған секілді. Қалай десек те, Әуезов жазған Абай ғылыми өмірбаянының бірінші нұсқасы, Кеңес өкіметінің  “қанды қолына” ілікпей, біздің заманымызға аман-есен жетуі, “Абайтану” ғылымы үшін үлкен бақыт. Абайдың ғылыми өмірбаянының бірінші нұсқасын М.Әуезов музей-үйінің мұрағатынан тауып алып, латын харпінен қолданыстағы кирилица харпіне көшіріп, ғылыми айналымға түсірген, белгілі абайтанушы ғалым – Мекемтас Мырзахметұлы. Сонымен, 1927-33 жылдар арасында М.Әуезов жазған Абай ғылыми өмірбаянының бірінші нұсқасында Абай: “Заман орыстікі, ол – жеңген, біз – жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білмесең, онымен алысқа шығудан мағына жоқ. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі алуға керек [3, 122-123 б] ”,-дейді. Бұл сөз –  Абайдың ендігі қалған өмірінің мақсат-мұраты болды. Ақын шығармашылығын тереңінен түсінуге ықпалы аса зор, Абайдың дәл осы сөзінен ұлы ақынның халықты өнер білімге шақырған ағартушылық ойларының “түп темірқазығын” аңғарамыз. Абай шығармашылығындағы ақынның жанайғайын түсінеміз. “Орыстың өзін сүймесем де , ол – жеңген , біз – жеңілген елміз”, - деген Абай, Ресей империясының қазақ халқын ұлт ретінде жойып жіберуді көздеген отаршыл саясатын тереңінен түсінді. Сондықтан да ол халқын өнер-білімге шақырды. Неге? Себебі, орыс бізді жеңсе, ғылымы мен білімі, өнерінің арқасында жеңді. Жеңген жауды жеңу үшін  онымен жақын араласып,барлап,зерттеп, жетістігі болған білімі мен өнерінен үйрену шарт.Өз күшін өзіне қолданып, жауды жеңіп, құлдық қамыттан құтылып, азаттық, теңдік, тәуелсіздік алатын жалғыз жол осы! Бұл – отарланған елдің отаршылдарға қолданатын бірден-бір жалғыз әдісі! “Өнері мен ебінен үлгі алуға керек”,- деп Абай осы әдісті айтып отыр. Абай бұл кезде 200 жылдық Жоңғар шапқыншылығынан соң, әбден әлсіреп, жан-жақты күйзеліске ұшыраған, кейіннен орыс империясына бодан болып, болашағынан айрылып, отарланып, орыстанып бара жатқан өзінің туған халқы қазақ халқын көрді. Ал, халқы қараңғы, надан болатын. Өз халқын сүйген әрбір зиялы – санаткер мұндайда, болашағынан айырылып, ұлт ретінде жойылудың аз-ақ алдында тұрған халқын құтқарудың жолын жанталаса іздейтіні мәлім. Ол қандай жол еді? Әрине, ол ғылым-білім жолы! Көзі ашық, білімді халық ешкімге құл болмасы анық. Осыны жете түсінген Абай, халқын тәрбие арқылы келген білімге шақырды. Бірінші – тәрбиеге. Өйткені, тәрбиесіз келген білімнің адамзатқа тек қана қасірет әкелетінін санаткер Абай жақсы білген. Абайға бодан елінің болашағы күңгірт еді. Елін еңбекке, өнер-білімге шақырған ақынның өзі де халқына анық күрес жолын, бостандық жолын көрсете алмады. Халқы да қараңғы надан болатын. Ресей империясының отарына айналып, тілі, діні, әдет-ғұрпынан айырыла бастаған халқының мұңы өз мұңы болған ақын, заманының улы запыранын ішіне жиып, “Ішім толған у мен өрт,сыртым дүрдей”, - деп күңіренгенде, ол болашақтан үміті үзілген сол кездегі бодан халқының трагедиясын айтып дерттенеді. Халқының трагедиясы ақынның жеке жан азабына айланып:

Улы сия ащы тіл, - немесе :

Ішіп терең бойлаймын,

Өткен күннің уларын, - болмаса:

Ашуың ашыған у, ойың кермек, - не:

Тағы сене бастаймын,

Күнде алдағыш қуларға,

Есім шығып қашпаймын,

Мен ішпеген у бар ма? - деген Абай поэзиясындағы “улы ойлар” топтамасы басталады. Осы орайда Тәкен Әлімқұлов: “Жіті бақсаңыз, ақынның  шығармаларында “удан аяқ алып жүре алмайсыз [1, 18 б] ”,-деп өте орынды атап өткен. “У” – ақынның трагедиялық ойларының түп негізі секілді. Ақын поэзиясындағы трагедиялық улы ойлар – кейбір зерттеушілеріміз айтып жүргендей қыр жуандарынан көрген озбырлық және көп наданның ортасында, қараңғы, мешеу қоғамда өмір сүрген білімдар, данышпан ақынның рухани жалғызсырау трагедиясының өмірінің соңғы жылдарында жақындарынан айырылған ақынның жеке басының трагедиясына ұласуынан туды деп ойласақ – бір жақты саяз ойланғанымыз. Бұл – Абай поэзиясын түсінбегеніміз болып табылады. Егер, біз Абай поэзиясындағы трагедиялық улы ойларды ақынның жеке басының трагедиясымен ғана байланыстырсақ, қателесіп адасамыз. Адасқанда да, шырқау ұзап, бір бүйірге бұрыс кетеміз.

Абай:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек.

Ашуың – ашыған у, ойың – кермек, - деп, жазғанда қырық бір ғана жаста болатын. Жеке басында ешқандай трагедия жоқ, дегені болып тұрған, басы аман, бауыры бүтін кез. Егер біз, Абайдың жеке өміріне жәй пенделік көзбен қарасақ, ол өте бақытты. Абай “Қарадан шығып хан болған” аға сұлтан Құнанбайдың бел баласы. Ол екі шешенің ортасында, әз әже Зеренің құшағында    халқының рухани қазынасы – халық ауыз әдебиеті нұсқаларын уызынан қанып ішіп,бақытты балалық шағын өткізді. Не ішемін? Не киемін? - демеді. Кейін балалық асып, жігітшілік  шаққа жеткенде де шайқап ішті, шалқып жүрді. Бір басындағы байлық пен билікті айтпағанда, жігіттік дәуреннің қызығын молынан татты. Таңдап сүйіп, уылжыған сұлудың бал демін рахаттана жұтпаса Абай:

Ер жігіт, таңдап тауып,

Еппен жүрсін, - деп айтар ма еді?

Болмаса, “Көзімнің қарасы”, “Білектей арқасында өрген бұрым”, “Қызарып, сұрланып”, “Желсіз түнде жарық ай”, “Ғашықтың тілі – тілсіз тіл”, “Жарқ етпес қара көңілім неғылса да” секілді махаббат тақырыбындағы ғажайып лирикалық өлеңдерді жаза алар ма еді?

Ойда орысқа, қырда қазаққа дегені болған, орта жүзге белгілі би, рубасы Абай, інілерінің ішінен қалағанын еліне болыс етіп сайлатып отырған. Абайдың тірі кезінде де, өлген соң да Кеңес өкіметі орнағанға дейін Құнанбай балаларынан билік кетпеген. Абайдың өз кіндігінен тараған балалары қандай! Шетінен оқымысты, талантты! Петербургтегі орыс оқуын бітірген офицер баласы Әбдірахманды айтпаған да, елдегі талантты ақын  балалары Ақылбай, Мағауия тобықты елінде аузы дуалы би болса, Әйгерімнен туған жазушы – аудармашы баласы Тұрағұл Кеңес өкіметі орнағанға дейін елінде болыс болған. Замандас шәкірт ақыны Көкбайдың естелігіне қарағанда, Абай өмірінде ақша санап, ақшаның бетіне қарамаған. Абайдың бар ақшасы атқосшысының қалтасында болады екен. Керегін алған, белден басып жүрген.Атқошысы ақша таусылды десе, қайтадан ақша тауып,қалтасына салып беріп отырған. Ақшаның есебін өмірінде сұрамаған. Абайдың аңшылық серілігі, оның қонақ жайлылығы,жеке басының мәрттігі туралы аңыз осы күнге дейін халық арасында мол айтылады.

Міне, осылай өмір сүрген ақын Абайдың жеке өміріне жәй пенделік көзбен қарасақ, ол өте бақытты. Сонда, Абай трагедиясының немесе Абай шығармашылығындағы “улы ойлар” топтамасының түп себебі неде?

Өздігінен оқыған оқу білімнің арқасында, ойшыл-философ дәрежесіне жеткен ақын Абайдың трагедиялық улы ойларының ең негізгі түп себебі – отаршылдық езгіден құқы, діні, рухы тапталған-еңбекке, білім мен өнерге шақырған ақын өсиетін керек қылмай, теріс кеткен, надан да қараңғы халқының орыс империясына бодан болып, орыстанып, қазақ халқының ұлт ретінде болашағынан айырылуы еді. Білімдар хәкім Абай сол кездегі дүние жүзілік геосаяси жағдайды да, орыс өкіметінің отаршыл империялық саясатын да терең түсінді. Сондықтан да ақын:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, - дей отырып:

Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойла толғанып, - деп зар төгіп, ызалана жазуында түпсіз терең ой жатыр.

Жалғасы бар...

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әлімқұлов.Т. Жұмбақ жан. Зерттеулер мен мақалалар. Алматы, “Жазушы”-1978
  2. Әуезов.М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Т 20. Монография мен мақалалар.Алматы, “Жазушы”-1985
  3. Әуезов.М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, “Санат”-1997
  4. Абай (Ибраһим Құнанбаев).Екі томдық шығармалар жинағы.Бірінші том.Өлеңдер мен поэмалар.Алматы, “Жазушы”-1986
  5. Абай (Ибраһим Құнанбаев).Шығармаларының екі томдық толық жинағы.II том.Аудармалар мен қара сөздер.Алматы, “Жазушы”-1977
  6. Мырзахметұлы.М. Түркістан- Тараз арасы.Астана, “Білге”-2002.
  7. Белинский.В.Г. Статьи о классиках. Москва, «Художественная литература» - 1970
  8. Жирмунский В.М. Байрон и Пушкин. Ленинград, «Наука» Ленинградское отделение – 1978
  9. Қабдолов.З. Сөз өнері. Алматы, «Мектеп» 1976.
  10. Е.Э.Бертельс. Роман об Александре и его главные версий на Востоке. «М.Л» издательство АН.СССР 1948.
  11. Лермонтов.М.Ю. Избранные сочинения. Москва «Художественная литература» 1983.
  12. Қасқабасов. С. Жаназық. Әр жылғы зерттеулер. Астана, «Аударма» 2002

Нұрғали Махан

Abai.kz

7 пікір