Сенбі, 24 Сәуір 2021
Ғибырат 12769 35 пікір 5 Сәуір, 2021 сағат 13:34

Алтын көмбе

Жалғасы.

Басы: Ханзада, Сәулетші Уәлиханов.

«Менің ағаларым» сериясынан 

«Алмас қылыш қын түбінде жатпас»
Қазақ мақалы

Сөз басында біз кейіпкеріміздің тарихшылығынан да аз-кем хабар бере кеткенбіз. Енді Шот-Аман төренің осы қырына да тоқталайық. Оның абылайтану мен шоқантануға, әсіресе қазақ хандары мен төрелер шежіресіне қатысты ғылыми-танымдық туындылары бұл салада да өнімді еңбек еткендігін айқын дәлелдейді.

Шот-Аман аға бұл тақырыпқа кеңес заманында-ақ келген. Тәуелсіздік тұсында көсіле шапты. Оның қаламынан туған «Абылай», «Абылай ханның ата тегі кім?», «Абылай хан туралы өлең-жырлар және тарих», «Абылай ханның әулеті», «Абылай саяси тұтқыннан оралды», «Абылайдың хаты табылды», «Алып Абылай ханның есімі бүгінге дейін ел есінде» атты  таным-тағылымы мол мақалалар республикалық баспасөзде жарияланып, тарихшылар қауымы тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Осы тұста абылайтанудың қайнар бастауында Шоқан Уәлиханов тұрғанын атап өтуді өзімізге айрықша парыз санаймыз. Оның кезінде 1861 жылы басылған орыс энциклопедиясына арнап жазған «Абылай» атты есімнамалық мақаласындағы деректер төңкеріске дейінгі жарық көрген көп томдық «Брокгауз-Ефрон», «Гранат» т.б. энциклопедиялардағы қазақтар туралы мақалаларда кеңінен пайдаланылғанын біз 1994 жылы жарық көрген «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» атты монографиямызда тарқата жаздық. Арада бір жарым ғасыр өткенде Шоқан дәстүрін Шот-Аман ағамыз лайықты жалғастырып, өзінің даңқты бабасына арналған тұтас мақалалар циклін дүниеге әкелді.

Абылай дегенде елең етпейтін қазақ жоқ. Сондықтан ағамыз ашқан кейбір тың мағлұматтарға тоқталып өтсек артық бола қоймас.

Шота Уәлихановтың деректері бойынша Абылайдың 12 әйелінен 40 қызы, 30 ұлы болған. Шот-аман ағамыз түрлі ғылыми еңбектер, қазақ шежірелері, орыс жылнамалары, ел аузындағы әңгімелердегі алуан деректерді жүйелей келіп, 26 сұлтанның есімін анықтайды. Олар: Сағындық – Шуақбай атты Қарақалпақ бегінің қызы – Сайман ханымнан: Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім; Қашқар бегі Кенже Сарттың қызы – Бабақ ханымнан: Шеген, Рүстем, Оспан, Сыздық, Әбітай, Әбділда; Қалмақ ханы Қалдан Сереннің туысы – Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым; Сарғалдақ қожаның қарындасынан: Тоқ, Қасым, Арық; Атығай Қарауылдың қызы Тоқта ханымнан: Сығай, Тоғай, Сүйік, Әли, Құлан, Тоғым; Орыс сұлудан (тұтқын): Шама; басқа әйелдерінен: Ғұмыр, Байыр, Жәңгір, Сыпатай. Барлығы 26 сұлтан.

Абылайдың тағына отырған Уәли ханның 14 ұлы болған. Үлкені Ғұбайдолланы Орта жүз қазақтары 1821 жылы бабаларымыздың барлық жөн-жоралғысын сақтай отырып хан сайлады. Оны 1823 жылы Қытай императоры мойындады. Бұл туралы төңкеріске дейін жарық көрген «Новый энциклопедический словарьда»: «Ғұбайдолла, Уәли ханның үлкен ұлы, 10 жыл Орта жүзде билік жүргізген, оның хандық билігін Қытай императоры Дауган бекітіп, қытай, манжұр және түрік тілінде грамота берген. Ол Орта жүздің соңғы ханы болды», – деп ашық жазады. Ғұбайдолланы қытай императоры хан деп танығанымен, орыстар хандық биліктің таратылғаны туралы өздері 1822 жылы қабылдаған Уставты желеу етіп, оны хан ретінде бекітуден бас тартып, 1824 жылы аға сұлтан атағын ұсынады. Бұл туралы мұрағатта сақталған 1851 жылы толтырылған құжатта: «Ғұбайдолла Уәлиханов, сұлтан, айлакер, орташа дәулетті, 1824 жылдың 29 сәуірінен 1825 жылдың 29 шілдесіне дейін аға сұлтан болды. 1824 жылы бриллиант тастармен көмкерілген Андрей ленталы алтын медальмен, алтын зерлі қылыш, қамар белдік, алтын паршалы қамқап шапан, қара түлкілі бөрікпен марапатталып, 1833 жылы подполковник шені берілді. Бүлікшіл сұлтан Кенесары Қасымовпен байланыста болғаны үшін сотталып, 1839 жылы Березовке жер аударылды. 1847 жылдың 29 қыркүйегінде кешірім жасалып, 30 қарашада Көкшетауға келді. Қазір болыс Бабақовтың қадағалауында», – деп жазылған. Ал 1833 жылы толтырылған құжатта: «Но сии награды хотя были предлагаемы ему, Валиханову, однако ж оных не принял и по случаю удаления его от приказа в степь возвращены», – деп жазылған.

Осы мағлұматтарды қорытар болсақ: Уәли ханның үлкен ұлы Ғұбайдолла – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық дәстүріне сай 1821 жылы ақ киізге көтеріліп сайланған Орта жүздің ең соңғы ханы. Хандық билікті таратқан орыс жарғысы бұдан бір жыл кейін шыққан. Сондықтан сайланып үлгерген Ғұбайдолланы өз жағына тарту үшін орыс патшасы оған шен де, шекпен де, қымбат бағалы сыйлықтар да жасап, алуан түрлі айла-шарғыларға барған. Ол мұның бәрінен бас тартып, ұлт-азаттық туын көтерген бауыры хан Кене жағына шығады. Сол үшін қуғын-сүргінге ұшырап, Қайыңтұраға (Березов) жер аударылды. Кейін туған еліне оралып, 1852 жылы төбесіне көтерген бұқара жұртының алдында 82 жасында қайтыс болады. Кеңес заманында Қазақстанның Ресейге қосылуына (дұрысы – отарлануына) қарсы шыққан қайраткер тұлға ретінде Ғұбайдолла ханның өмірі мен қызметіне жеткілікті көңіл бөлінбеді. Бірақ бұл бөлек әңгіме...

«Алмас қылыш қын түбінде жатпас» дейді халық даналығы. Абылайдың біздің заманымызда өмір сүрген ұрпақтары ішінде Уәлидің Тәуке деген ұлынан тарайтын әйгілі тарихшы Ермахан Бекмаханов, хан Кененің тұқымы Өзбекстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, геология – минералогия ғылымының докторы, профессор Натай Әзімханұлы Кенесарин, тарих ғылымының докторы, профессор Нәйлә Ермаханқызы Бекмаханова, Әділ сұлтанның ұрпағы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Аман Шотаев, Кенесары тұқымы, филология ғылымының докторы, профессор Шәкір Ибраев, әр саладағы қазақ ғылымының дамуына үлес қосқан Тәуке, Мұрат, Нафиса, Баян, Раушан Кенесариндер, Ғабит, Ноэль, Болат Уәлихановтардың есімдерін ерекше атауымызға болады. Қазіргі замандағы барша көзі тірі Абылай ұрпақтарының ұйтқысы – Шот-Аман Уәлихан ағамыз. Сондықтан Абылайдың 300 жылдық тойында  ұлы хан әулеті атынан сөз сөйлеу Шот-Аман ақсақалға бұйырды.

Патшалық Ресей және кеңес империясы тарапынан қаншалық қуғын-сүргін көрсе де, жігері жасымаған, қайраты мұқалмаған Абылай ұрпақтары қиындықтың қандайына болсын қасқая қарсы тұрып, қайтпас қайсарлықпен жеңе білді.

Шот-Аманның шоқантанушылығы да – ешкімнің таласы жоқ ақиқат. Ол Шоқан тақырыбына сонау 1964 жылдың өзінде-ақ келіпті. Дәл осы жылы  Шоқан мен Мақы жайлы «Айтылмаған әңгіме» атты мақаласы «Мәдениет және тұрмыс» журналында басылады. Шот-Аман содан бері қалам құрғатпастан Шоқан тақырыбына өндірте жазып келеді. Оның әр жылдарда орыс, қазақ тілдерінде  жариялаған  «Жаны сұлу жарқын бейне», «Халқының арман, мұңын арқалаған», «Шоқан шығармаларының тағдыры», «Дружба – основа нравственного бытия человека», «Валихановский набат», «Колокола» т.б. жиырмаға жуық мақалалары шоқантану ғылымына қосылған сүбелі үлес.

Ш.Уәлиханның Шоқан туралы еңбектері сол әулеттің шерлі шежіресін бала күнінен құлағына сіңіріп, жадына жаттап өскен адамның естелік жазбалары ретінде ерекше құнды. Шоқан жан баласына ашпаған  сырларын тетелес інісі Мақыға айтқан (оның құлағы естімесе де ағайынды екеуі жазбаша сырласқан). Ал Мақы ағамыз 71 жыл жасап, бертінде 1916 жылы дүние салыпты. Оның ұлы Ыдырыс мұғалім де өте білімдар жан болған. Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан сияқты қазақтың үлкен жазушы, ғалымдарымен ұдайы хат-хабар жазысып тұрған. Оларға Шоқан, Мақы, жалпы Уәли хан әулеті жайлы мол мағлұматтар берген. Ыдырыс ақсақал өмірінің соңына қарай Шоқан туралы естіген-білгендерін хатқа  түсіріпті. Атамыз 1929 жылға дейін  бабалар дәстүріне сай «Уәлиханов» болып жазылған екен. Кейін «хан тұқымы» деген көрсетулер мен қуғындаулар көбейе берген соң, амал жоқ, өз әкесінің есіміне көшіп, «Мақин» деген фамилия алыпты. Осының кесірінен уақытында зейнетақы ала алмаса керек. Сонда мектепте оқитын өжет ұл Шот-Аман Мәскеуге, тікелей Сталиннің өзіне жеделхат жолдайды. Сөйтіп, оқушы кезінде-ақ әкесіне қолғабыс көрсетіп, оның зейнетақы мәселесін тиянақтап берген екен. Ыдырыс ақсақал зерек ұлына Шоқан мен Мақыға, жалпы Абылай әулетіне қатысты деректердің бір парасын бала күнінен құлағына құя беріпті.

Шот-Аман Уәлихан шоқантануға мол даярлықпен келді. Ол бұл тақырыпқа қалам тартқанда кейбір зерттеушілер сияқты сыртынан тон пішіп, жобамен, долбармен жазбайды, сол тұқымның өзінен өнген Абылай әулетінің жұрағаты, заңды ізбасары ретінде сөйлейді. Сондықтан тақырыпты кеңінен қамтып, еркін меңгереді. Үнемі ақиқат пен аңыздың ара жігін ажыратып, нақты фактілер мен деректер тілінде сөйлейді.

Шот-Аман жазбаларында Шоқанға қатысты кез-келген қазаққа аса қымбат мағлұматтар жеткілікті. Шоқанның Тезек төренің қарындасы Айсараға үйленгені белгілі. Кейін жесір қалған Айсара атасы Шыңғыс сұлтанға хат жазып, өзін Шоқанның еліне алып кетуін өтінеді. Қайын атасы мұңлық келіннің тілегін құп алып, оны Сырымбетке алдырады.  Көп ұзамай ата салтымен Шоқанның інісі Жақыпқа қосады.

Шот-Аман ағамыз дәл осы некеден Шәукібай (азан шақырып қойған аты – Рабиға) деген қыз туып, ол 1964 жылы сексеннен асқан шағында қайтыс болғандығын жазады. Шоқанын сағынған Айсара қызын кішкентай күнінен «Шоқаным», «Шөкібайым» деп жүріп «Шәукібай» атап кеткен екен. Жүректі сыздататын да, тебірентетін де  дерек.

Шот-Аманның әкесі Ыдырыс ақсақалдың мәліметтері бойынша, Шоқан өзінің намысына тиген әлдебір князьбен дуэльге шығыпты. Бірінші болып атқан князьдың оғы далаға кетіп, Шоқан өз кезегі келгенде әлгіге оқ шығындауды артық көріп, бетіне бір түкіріп кете барыпты. Артық-кемі болса да, бұл – бұрын кездеспеген ақпарат.

Шоқан Қашғар сапарынан туысқандарына сый-сияпат ретінде бірқатар тарту-таралғылар әкелсе керек. Солардың ішіндегі қытай шеберінің қолынан шыққан әдемі вазаның бірін Шот-Аман аға 1956 жылы Қазақстанның Орталық музейіне тапсырыпты. Шоқанның қолы тиген кез келген заттың қазақ тарихы үшін ерекше тәбәрік екендігін ескерсек, бұл да аса бағалы жәдігер болмақ.

Кейінгі жылдары Шоқан туралы, әсіресе оның өмірінің соңғы кезеңіне қатысты түрлі конспирологиялық теорияларға негізделген жарияланымдар жарық көруде. Кейбір авторлар Шоқан қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде өмір сүрген «штабс-ротмистр, сұлтан Уәлихановқа» қатысты «сенсациялық»  материалдарды да жариялап үлгерді. Енді осының да анық-қанығына тоқталып өтейік.

Шыңғыс сұлтанның туған ағасы, жоғарыда біз арнайы тоқталып өткен Ғұбайдолланың ұлы Болаттан туған Ғази да кезінде Шоқан ағасының жолын қуып, Омбының кадет корпусына түседі. Оны тәмамдаған соң әскери қызметті таңдайды. Шоқанмен бірге Тезек төренің аулына келіп, кейін ол да төренің Қарашаш деген қарындасына үйленеді. Белгілі қытайтанушы ғалым, профессор К.Ш.Хафизова дәл осы Ғази Шоқанды Қашғар сапарына әзірлеу барысында дублер ретінде дайындалды деген тұжырымды алға тартады. Бұл пікірімен келісуге болады. Себебі, бір жағынан, «Қашқарға аттанған сауда керуенінде ешқандай Уәлиханов дейтін орыс офицері жоқ, ол алаңсыз Тезек төренің ауылында демалып жатыр» деген дақпырт тарату үшін керек болса, екінші жағынан, сол кездің өзінде-ақ аурушаң Шоқанның денсаулығы аяқ астынан сыр бере қалса, оны алмастыра алатын бірден бір білімдар қазақ офицері дәл осы Ғази болатын.

(Суретте: Аталас Шоқан мен Ғази Уәлихановтар)

Ғази Шоқаннан кейін біршама ұзақ өмір сүрді. Ағасының соңын ала ол да штабс-ротмистр шенін иеленді. Әскери құжаттар мен ресми қатынас қағаздарында Ғази туралы да сол кездегі жазу тәртібіне сай: «сұлтан, штабс-ротмистр Уәли хан» деп жазылды. Міне, дәл осындай жазу үрдісіндегі мұрағаттық деректер кейбір зерттеушілерге Шоқан мен Ғазиды шатастыруға түрткі болды.

Ғази әуелі полковник, кейін генерал-майор дәрежесіне дейін өсті. Мен оның есімін өткен ғасырдың 80-жылдары қазақ тарихына қатысты деректер жинастыру барысында «Брокгауз-Ефрон» энциклопедиясынан (т. VII А, СПб, 1892)  кездестірдім. Арнайы қорларда ғана сақталатын, сирек кездесетін кітапта жарияланған мақалада оның Шыңғыс хан тұқымынан шыққандығы, Омбының кадет корпусын бітіргендігі, кейін Батыс Сібір генерал-губернаторлығы қарамағында түрлі әскери қызмет атқарғандығы жазылған. Ғази Шоқан ағасы сияқты Қара Ертістен бастап, Жетісу, Ұлы жүз жері, Қырғыз Алатауы өңірі, Қытай империясы мен Қоқан хандығына шекаралас өлкелерді түгел аралаған. Өзі де түрлі бүркеншік есімдермен мерзімді баспасөзге, оның ішінде Петербургтен шығатын «Порядок», «Голос» атты газеттерге түрлі мақалалар жазып, «Сібірдің 300 жылдығы» атты кітапша жазғандығы көрсетілген. Энциклопедиялық мақала даярланған тұстағы әскери шені лейб-гвардия полкының полковнигі деп көрсетілген.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ресейлік жас зерттеуші, тарих ғылымының кандидаты С.В.Дмитриев Ғази Болатұлы Уәлихановтың генерал-майор дәрежесіне дейін өскенін, кейін үкімет Сенатының шешімі бойынша дворян титулын алғандығы жөнінде мұрағаттық деректерді жариялады. Сұлтан Ғази Уәли хан 1885 жылы Император 3-Александрға хат жазып, өзіне князь титулын беруді өтінген. Бұған дейін мұндай дәрежені қазақ тарихында тек Бөкей ханның немересі, кавалерия генералы Ғұбайдолла Жәңгіров қана алғандығын ескерер болсақ, Ғази Болатұлының бұл өтініші оның Ресей империясындағы беделінің қаншалықты биік болғандығын айқын көрсетеді.

Император ұсынысты Орынбор генерал-губернаторы мен Әділет министрі, граф Палинге жібереді. Олардың екеуі де Орта жүздің ең соңғы ханы Ғұбайдолланың Ресейге қарсы қолына қару алып күрескен бүлікшіл хан Кенесары Қасымұлын жақтағанын, істі болғандығын алға тартып, князь титулын беруге қарсы болады. Отаршыл билік жақтырмаған сұлтан Ғази Уәли ханды Петербург ғылыми жұртшылығы 1892 жылы зор құрметпен Орыс географиялық қоғамы мүшелігіне қабылдады. Шоқанның талантты інісі жайлы алдағы уақытта кеңірек толғап жазу ойымызда болғандықтан әңгімені осы арадан доғаруды жөн көрдік...

Жалпы, Уәли хан әулеті алтын көмбе сияқты таланттарға аса бай. Шоқанның тағы бір інісі Қозыке (шын аты – Сақыпкерей) әнші, композитор болыпты. Академик Әлкей Марғұланның деректері бойынша, оның «Ай, көке», «Топайкөк», «Керқұнажын», «Көкенің аманаты» сияқты әндері Арқа жұртына кеңінен таралыпты. «Абай жолында» әдемі суреттеліп, тамылжыта тарқатылатын «Топайкөкті» атақты әнші Жарылғапберді кезінде ән авторы  Қозыкенің өзінен үйренген екен.

Ақан серінің «Қалқа бала» атты әні Қозыкенің Бәдіғұлжамал атты әпкесіне арналыпты (Ақан өлеңінде «басы «жұм», ортасы «мим», аяғы «ләм» деп жұмбақталатын «Жамал» осы кісі). Сол Жамал сұлу шынжыр балақ, шұбар төс  Шорман әулетінің өкілі Әмір-Темір  Шормановқа тұрмысқа шығыпты. Ақан серінің «Майдақоңыр» әнінде аталатын «Жігіттің падишасы Әмір-Темір» – дәл осы азамат.

Шыңғыс сұлтанның тағы бір талантты ұлы Махмет Уәлиханов та Шоқанның ақыл-кеңесімен Омбының кадет корпусына түседі. Онымен бір мезгілде бұл оқу орнында қазақтың ұлы ақыны Абайдың дүниеден ерте озған талапты інісі Халиолла Өскенбаев та оқиды. Екеуі де Шоқанның ұдайы қамқорлығында болған. Көзі қарақты оқырман біле жүрсін деп арнайы тоқталып жатқанымыз болмаса, бұл өзі арнайы зерттеуді қажет ететін үлкен тақырып.  Оның да уақыты келер.

Академик Әлкей Марғұлан бар ғұмырын Шоқан мұрасын жинап, жүйелеумен өткізді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы шығарған Шоқанның 5 томдығында оның қаламынан шыққан туындылар түгел қамтылды десек те, асықпай архив ақтарған жанға ғана ашылатын, бүгінгі ұрпақ еншісіне жазылған құпиялар да аз болмаса керек. Шот-Аман ағамыздың кейінгі ширек ғасыр ішінде жазған  Шоқан ғұмырына қатысты өмірбаяндық деректерге құрылған еңбектері – осының айқын айғағы.

Уәлихан әулетінің қай қайсысы болсын өнер атаулыға етене жақын. Абылай күй толғаған, Шоқан сурет салған, Мақы ою ойған, Қозыке ән шығарған, ал Шот-Аман сәулетшілік өнерге қоса өлең де жазған, драматургиямен де айналысқан.

Оның қаламынан туған «Жас Шоқан», «Ақнұр», «Белые ночи Чокана», «Клятва Чокана» сияқты екі тілде жазылған  пьесалары Ғ.Мүсірепов атындағы республикалық Жастар театры, Көкшетау, Қарағанды, Семей, Шымкент театрлары сахналарында қойылды.

Шөкең «көңіл құсы құйқылжыған сәттерде» «білімдіден аяман сөздің майын» деп өлең-жырды төгіп-төгіп тастайды. Оның сезім шынайылығына құрылған өлеңдері мен әлем поэзиясы классиктерінен аударған жырлары республикалық басылымдарда жарияланды. Бірқатар өлеңдеріне ән шығарылып, үлкенді-кішілі сахналарда шырқалып жүр.

Қашанда әзіл-қалжыңға ұста, жүрген жерін қызық-думанға бөлеп жүретін Шөкең өз басынан өткен қызғылықты жағдаяттарды майын тамыза әңгімелейді. Осындай көңілді оқиғалардың бірі Орбұлақ шайқасының 300  жылдығына арналған той кезінде болыпты.

Алапат жаудың бетін қайырған шайқастың бас қаһарманы өзінің айбарлы бабасы Салқам Жәңгір болғандықтан, әулетбасына тиесілі шақыруды күте-күте шыдамы таусылған ол шәкіртінің машинасымен салып ұрып, той өтетін орынға жетіп келеді. Алдынан кес-кестеген шлагбаум мен сұсты сержант шығады. Шөкеңнің құжаты мен қолындағы табақтай қағазға кезек-кезек қарап: «Аға, тізімде жоқсыз, болмайды. Жібере алмаймын», – дейді ызғарлы дауыспен. Бұған көне қоятын Шөкең бе екен: «Айналайын, мені бүкіл Қазақстан білуші еді. Құжатты дұрыстап оқышы, бәлкім сен де танып қаларсың», – дейді. Сержант міз бақпастан: «Аға, Сізді бала күннен білеміз. Сауатымыз бар ғой. Кітаптарыңызды оқығам, бірақ бастық рұхсат бермейді», – дейді.

Шыдамы таусылған Шөкең: «Ендеше, бастығыңа шық. Маған бермеген рұхсатты кімге береді?!», – дейді қатуланып. Амалы таусылған сержант рация арқылы бастығына: «Жолдас капитан, Шоқан Уәлиханов ағамыз келіп тұр. Өтуге рұхсат сұрайды, бірақ тізімде жоқ», – деп баянат жасайды. Анау болса: «Әй, сенің есің дұрыс па? Шоқан Уәлиханов баяғыда өліп қалған адам емес пе?» – дейді ашуланып. Мынау болса: «Жоқ, дәл қазір өзі менің алдымда, ал құжаты қолымда тұр», – дейді айтқанынан қайтпай. Бір кінәраттың болғанын сезген капитан әңгімені бұдан әрі ушықтырмай: «Жақсы, ағамызды өткізіп жібер. Қалғанын кейін сөйлесерміз», – деп әңгімені қысқа қайырады.

Не күлеріңді, не жыларыңды білмейтін осы анекдотқа бергісіз оқиғаға келгенде Шөкең: «Өмірімде Шоқан атамыздың талай шапағатын көріп едім, бірақ дәл сол жолғы шарапатын ешқашан ұмытпайтын шығармын», – дейтін екі иығы селкілдей күліп. Замандастары Шоқанды әзіл-оспаққа, ащы мысқылға, тауып айтатын тапқыр сөзге үйір жан екендігін жазады. Жүрген жерін үнемі ду-думанға айналдырады екен. Бабасының осы қасиетіне дейін Шөкеңе жұғысты болыпты.

Ол үлкенге – аға, кішіге – іні, алысқа – жақын, жақынға – жолдас, ағайынға бауыр бола біледі. Өзгені де сыйлап, өзін де сыйлатты. Соның бір белгісі  – замана зиялысы Герольд Бельгер ол туралы «Mein freund Шот-Аман» деген кітапша жазып, онда: «Он очень известен, знаменит. И еще: поэт, переводчик, драматург, владелец уникального эпистолярного архива. Интеллектуал, общественный деятель. Культуртрегер. К тому же фантастически родовит. Белая кость. Степной аристократ. Торе. Чингизид»,– деп жазады. Герағаңның елеп, екшеп айтылған, тасқа қашағандай мұндай бағасымен келіспеу қиын-ақ.

Эпистолярлық мұра дегеннен шығады. Оның Қазақстанды былай қойғанда, алыс-жақын шет елдердің әйгілі зиялыларымен жазысқан хат-хабарларының өзі арнайы талдауды қажет етеді. Шөкеңе XX ғасырдағы орыс поэзиясының таңдаулы өкілі Бэлла Ахмадулина: «Дорогой друг и брат Шота, сын Едриса, благородный Валиханов! Смиренно изъявляет свою любовь Бэлла, дочь Ахата (Ахмадулина)», – деп жазған. Сыйлата білудің бұдан артық қандай үлгісі болуы мүмкін?!

Өнер атаулының қай-қайсысы болсын қастерлі. Бірақ адамның зауқы соқпаса, кітапты оқымауға, көңілі түспесе, әнді тыңдамауға болар, ал тасқа қашалған тарихтай менмұндалап тұратын Шот-Аман сомдаған ескерткіштерді көрмей өту мүмкін емес. Тәуелсіздік монументі, Абылай, Кенесары, Шоқан ескерткіштері бой көтергеннен бері олардың алдынан миллиондаған адам өткен болар, ал қазақ елінің айбынды символы  – Мемлекеттік Елтаңба алдында бас имей өткен патшалар мен Президенттерді көрген емеспін. Суреткер үшін бұдан артық қандай бақыт керек?!

Қазақ халқының үлкен досы Г.Потаниннің Шоқан туралы жазған «В юрте последнего киргизского царевича» дейтін мақаласы бар. Құдайға шүкір, Шоқан соңғы ханзада емес екен. Ол дүние салғаннан кейін де қазақ жерінің әр қиырынан ұлы хандарымыздың ұрпақтары жаққан шырақты аласапыран замандардың алақұйын желдері сөндіре алмапты. Арыда Дәулеткерейдей дәулескер күйші, Мұхиттай ардақты әнші, Шәңгерейдей арқалы ақын, беріде Әлихан Бөкейхановтай қайсар қайраткер, Санжар Асфендияров пен Ермахан Бекмахановтардай тамаша ғалымдар қалдырған мұра, жаққан шырақ, төккен нұр әлі күнге дейін жарқырап тұр. Шот-Аман да халқына өнер шашқан ханзадалардың соңғысы емес. «Қазақ» деген қараорман халық аман тұрғанда асыл әулеттің әлі талай тарланы шығады тарих сахнасына. Бүгінгі тілек осы болсын!

Мұхтар Құл-Мұхаммед 

Соңы.

Abai.kz

35 пікір