Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 2188 0 пікір 8 Наурыз, 2021 сағат 13:11

Қазақстандағы партиялық жүйенің дамуы: жаңа ұсыныстар

2021 жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда партиялық сайлау өтті. Бұл сайлау Қазақстандағы ең ерекше сайлаулардың бірі болды. Себебі сайлау әлемдік пандемия өршіп тұрған сәтте іске асты. Яғни Қазақстан үшін бұл жаңа тәжірибе жинау болатын.  Екінші бір ерекшелік ретінде партиялардың барынша аудиториясын өзіне қарату жұмыстары онлайн режимде өрбіді. Себебі коронавирустық шектеулер офлайн негізде кездесуге мүмкіндікті азайтты. Сондықтан партиялар барлық күшін интернет алаңға бағыттап, бағдарламаларын сонда насихаттауға тырысты. Яғни жаңа технологияларды көбінен пайдалау бұрынғы сайлауға қарағанда көбірек болды.

Сайлау өтіп, үш партия межелі пайыздық көрсеткішке қол жеткізді.  Олар «Нұр Отан» «Ақ жол», «ҚХП» партиялары болатын. Ал «Адал» және «Ауыл» партиялары  айтарлықтай нәтиже көрсете алмады. Пайыздық шек бойынша көрсетілген 7 пайызды жинамағандықтан, Мәжілістен бұл партияларға орын бұйырмады.

Саяси жүйе үнемі дамуда болуы тиіс. Тоқтап қалған судың иістенетініндей, өзгеріске ұшырамаған, ізденіске ұмтылмаған саяси жүйенің де кемшіліктері көп болмақ. Қазақстан саяси жүйені реформалап отыруды қалайды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың негізгі бағыттарының бірі де осы саяси жүйені реформалау. Партиялық жүйені дамыту да осы реформалардың біріне жатады.

Партиялық жүйені дамытудың бір қадамы ретінде «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарына өзгеріс енгізілді. Жаңа өзгеріс бойынша енді партия ашу үшін 40 мың қол емес, 20 мың қол жинаса жеткілікті болып табылады. Бұл дұрыс үрдіс. Дамыған Батыс елдерінде жаңа саяси бағыттарға мүмкіндік беру мақсатында қолданылатын тәжірибе. Тағы бір келелі өзгеріс ретінде партиялық сайлау тізімінде кемі 30 пайыз әйелдер мен жастар болу керектігі жайлы айтылған. Бұл жастарға ашылатын мүмкіндік пен әйелдер құқығын теңестіруге жасалған нақты қадам деп түсінсе болады.

2020 жылдың 10 қаңтарында өткен сайлаудан кейін президент партиялық жүйені дамытуға қатысты кезекті ұсынысты жасады. Ендігі таңда Мәжіліске өту үшін 7 пайыз емес, 5 пайыз болуды ұсынды. Ұсыныс 15 қаңтарда Парламенттің біріккен жиынында айтылды.

«Кей партияларға мәжіліс пен маслихатқа өту үшін дауыс жетіспеді. Олардың әр қайсысында білімді, өз саласының жетік маманы болып отырған кәсіби жандар жетерлік. Олар өзекті де маңызды деген сұрақтарды өз уақытында көтеріп жүр, мәселелерді айтуда. Ол көтерілген мәселелер Парламенттің биік трибунасынан да естілуі тиіс.  Егер партияның ондай өкілдері парламентке өтіп, қызу пікірталас жасаса, онда ортақ ісіміздің маңыздылығы артар еді. Біз партиялардың мәжіліске өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға түсіруіміз керек», - деді президент Тоқаев.

Бұл ұсыныс партиялық жүйені жандандырып, ары қарай дамуына үлес қосады. Мысалы биыл «Ауыл» партиясы 5,29 пайыз дауыс алды. Егер ұсыныс сайлауға дейін жасалғанда, бәлкім Мәжілісте 4 партия отырар ма еді. Алайда ұсыныстың сайлаудан кейін жасалғаны да кеш емес. Біріншіден, «Ауыл», «Адал» сынды партиялар келесі сайлауға барынша дайындалады. Себебі жақсы дайындық пен тұғырлы бағдарлама болса онда сайлауда жеңіп шығуына шынайы мүмкіндік бар. Екіншіден, келесі сайлауда жаңа партиялардың тіркеліп, қатысуы артады. Себебі соңғы екі жылда жасалған саяси реформалар, партиялық жүйенің дамуына әсер етіп отыр. 20 мың адамды тіркеп, партия құрып, сайлауға түсіп, саяси додада 5 пайыз алған кез келген партияның Парламенттің биік мінберінен елдің мұңын, халықтың мұқтажын айтуына мүмкіндігі бар.

Ендігі кезекте бұл реформалар өз жалғасын табады. Сарапшылар Қазақстандағы партиялық жүйені дамыту үшін тіпті Мәжіліске өту шегін 3 пайызға дейін түсіруді ұсынып жүр. Себебі ел тарихында бұған дейінгі сайлауларда 1-2 пайызды әрең жинаған партиялар да болған. Пайыздық шекті азайту дегеніміз жаңа партияларға мүмкіндік беру, Парламентте көппартиялы жүйенің орнауына ықпал ету және қызу пікірталастарға жол ашу деген сөз. Саясаттанушылар партия құру үшін 20 мың қол жинауды да азайтуды ұсынуда. «10 мың қол жеткілікті» дейді. Себебі Ирландия, Исландия, Балтық елдеріндегі саясатқа қызығушы топтың аздығын, партияға тіркелу санын төмендету арқылы арттыра алған тәжірибесі барын алға тартады. Бұл да көңілге қонымды ұсыныстың бірі. Алайда бастысы жаңадан тіркелетін партиялардың сапасы екенін де естен шығармаған дұрыс.

Мақсаты мен елді дамытсам деген бағыты бір, бірақ мәселелерді шешу бойынша көзқарастары әртүрлі болып келетін партиялардың саны Парламентте артқан сайын, әр заңның әрбір әріпіне дейін талқылау жүретіні анық. Ал келісіп пішкен тонның келте болмасын ескерсек, талқыға салынған заңның шикіліктері жойылып, ел мүддесі үшін тиімді жоба болып шықпақ. Міне, осы мақсатты іске асыру үшін партиялық жүйелердің даму циклі тоқтамақ емес.

Abai.kz

0 пікір