Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 1892 0 пікір 11 Наурыз, 2021 сағат 11:49

Тәуелсіздік бәрінен қымбат: "Алтын Орда" фильмі түсіріледі

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылдың 5 қаңтары күні Егемен Қазақстанға "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласын жариялады. Мақала дер кезінде жазылған әрі өзекті. Себебі биыл Қазақстанның тәуелсіздігін қалпына келтіргеніне тұп-тура 30 жыл. Ал "Желтоқсан оқиғасына" 35 жыл. 

Президент өз мақаласында тәуелсіздіктің қызыл қан, қара тер, ата-бабаның жанқиярлығы арқылы келгенін жеткізіп, жас ұрпақты ең қадірлі байлығымыз азаттықты аялап өтуге шақырады. Үш он жылдықта атқарылған жұмыстар мен бағындырған белестерге қатысты да ойын айтады. Жемісін берген түрлі мемлекеттік бағдарламалар жайлы да тілге тиек етеді.

Президент мақаласында тарихи оқиғаларға қатысты фильмдерді түсірудің аса маңыздылығы аталып өтіледі. «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдер түсірілгенін, дей-тұра оның аздық ететінін жеткізе жазады. Фильм түсіру үшін қаржымен қатар үлкен талант керек.

Расымен солай. Қазіргі жасты тарихпен сусындатудың басты жолы фильмдер түсіру, сериалдарды ұсыну. Мысалы қазіргі ұрпақ батыстың алпауыт киноиндустриялары ұсынған "Спартак", "Викингтер", "Рим", "Соңғы патша" сериалдары арқылы бір халықтың тарихын, тарихи тұлғалардың жүріп өткен жолын жаттап алды. Фильм дәл осы мақсатта керек-ақ. Қолына кітап ұстатып, "оқы" дейтін дәуір өтіп барады. Өкінішке орай жастар кітапхана жағалап, кітап иісін сезіп, қағаз кемірер заманнан гаджеттер дәуіріне қадам басты. Бір кітаптың айтарын толық бермесе де, нобайын көрсететін жарты сағаттық деректі фильмдер мен көркем кинолар жетерлік. Бір апта оқитын кітаптың орнына жастар жарты сағат соған уақытын жұмсайды. Ащы да болса бұл шындық. Президентіміз аталмыш тенденцияны терең түсіне отырып, тарихи фильмдерді арттыру керектігін ұсынды. Барлық әрекет жас ұрпақ үшін, демек бұл шара да жастар өз тарихын., бабасының жүріп өткен жолын білсін деген ниетпен туындағаны анық.

Президент мақаласында "Алтын орда" жайлы тарихи сериал түсіруге шақырды. Заманында жарты әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған ұлы империяның ұрпағы екенімізді білдіру, ең алдымен жастарға ұғындыру керек. Оның бір жолы - ұлы эпоха жайлы тамаша туынды жасау. Есенберлиннің "Алтын Ордасын" оқитын ұрпақ азайса, онда оны теледидардан көрсін. Түсінсін һәм ұғынсын.

Президенттің ұсынысы тек ұсыныс күйінде қалып қоймады. Ұсыныс іске айналуда. "Алтын Орда" жайлы үлкен тарихи киножоба басталуда.

"Бүгін таңертең екі үздік голливудтық компаниямен бейнебайланыс арқылы конференция өткіздік, жақын арада азиялық әріптестерімізбен кездеспекшіміз. Бұл жерде өндірістің қаржылық моделін пысықтауға баса назар аударған жөн. Кейін бізде рибейт тетігі қосылуы мүмкін, яғни, Қазақстан аумағында жұмсалған қаражаттың бір бөлігін шетелдік компанияларға өтеу. Басқа жағдайда  қалалық және өңірлік Кинокомиссиялар тарапынан барынша қолдау көрсетілетін болады, олардың құзыретіне билік органдарымен өзара іс-қимыл жасау, әкімшілік ресурстарға қол жеткізу, түсіру жабдықтарымен және көлікпен қамтамасыз ету, тұратын орынды дайындау, актерлерді, локацияларды, деректемелерді іріктеу, жалпы, ыңғайлы киноөндіріске көмектесетін барлық жағдайды жасау кіреді", - деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы төрағасы Есетжан Қосыбаев.

Демек жақын аралықта біз Алтын Ордан жайлы тамаша тарихи туындыны тамашалаймыз деген сөз.

Abai.kz

0 пікір