Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қоғам 22575 4 пікір 31 Наурыз, 2021 сағат 15:13

Вакцинациялауға 50 млрд теңге бөлдік. Нәтиже қайда?

2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстанда жаппай вакцина егу басталды. Қазақстан ресейлік «Спутник V» вакцинасын қолдануда. Вакцина ДДСҰ тарапынан тіркелмесе де, оны бірқатар елдер вируспен күресуде қолданып келеді. «Спутник V» вакцинасын Ресейдің Н.Ф. Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы жасап шыққан. Қазақстанға қаңтардың соңында 22 мың доза болатын алғашқы партия келіп жетті, ал ақпан айынан бастап вакцина егу басталды.

Қазақстандағы вакцинация қарқыны көңіл көншітерлік деңгейде емес. Бастапқы жоспар бойынша Денсаулық сақтау министрі А.Цой жыл соңына дейін 6 млн қазақстандықты вакцинациялау жоспарда бар екенін айтқан еді. Алайда бұл жоспар іске аспайтын сынды. Себебі вакцинация басталғанына міне тура екі ай. Ал вакцина қабылдап үлгерген жандардың саны 101 мың адамды құрайды. Бұл өте аз. Вакцинаны қабылдау екі стадиядан тұратынын ескерсек, көрсеткіш тіпті төмендейді. Себебі вакцинаны алған соң, екінші мәрте тағы алу керек. Ол 21 күннен кейін іске асады. Ал Қазақстанда екі стадиясын алғандар саны 30 мыңға жетпейді. Тым аз көрсеткіш. Қазақстан халқының 1 пайызын да вакцинациялап үлгерген жоқ, ал кей елдер 50-90% халқын екі стадиялы вакцинамен қамтамасыз етті. Бұл әрине Денсаулық сақтау министрлігі мен ел Үкіметінің кемшілігі. Үлкен кемшілік.

Елдегі вакцинациялау қарқынына депутаттардың да көңілі толмауда. Олар Денсаулық сақтау министрі Цойды сөзбен сойып тастады.

Цой проваливает работу по вакцинации” - депутат раскритиковала Минздрав: 31 марта 2021, 11:50 - новости на Tengrinews.kz

Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова:

«Кеше денсаулық сақтау министрі Цой халықты кезекті мәрте вакцина қабылдауға шақырды. Бірақ сұрақ туындайды: қайда бару керек, қай жерден вакцина қабылдаймыз? Поликлиникаларда вакцина жоқ қой. Бұл тура өткен жылғы жағдайды еске салады. Азаматтар қайда барып, қалай ПЦР тест тапсыру керектігін білмеген сәтті айтамын. Бүгін халық қайда барып вакцина алу керектігін білмейді. Денсаулық сақтау министрлігі жағдайдың даму алгоритмін жасамаған ба?! Сондықтан да халықты вакцинациялау бізде үлкен алаңдатушылық туындатып отыр», - деді.

Артынша депутат министрлікті тікелей айыптауға көшті.

«Қазір біздің елімізде қалыптасқан жағдай министрліктің не өзінің, не әлемнің вируспен күресу тәжірибесінен сабақ алмағанын көрсетеді. Ал әлемдік тәжірибеде барлық көрсеткіш тұр ғой. Израиль, Ұлыбритания, Словакия, Словения, Сербия, Сингапур және басқа елдерде халықтың жартысынан бастап 90 пайызына дейін вакцинацияланды.

Ал Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сенсек 101 мыңнан сәл асатын халық қана вакцина алып үлгерген. Бұл дегеніміз халықтың 0,7 пайызын құрайды, яғни бір пайыздан да аз. Ал вакцинация екі ай бұрын басталған еді. Ал дәл осы қарқынмен 19 миллион халықтың 70 пайызын вакцинациялау үшін 15 жылдан астам уақыт керектігін есептеу үшін асқан математик болудың да қажеті шамалы», - деп кіжінді депутат.

Депутаттың айыптауы да негізсіз емес. ДДСҰ ақпаратынша әлемдегі коронавирустың таралу қарқынын тоқтату үшін кемі 50% халық вакцина алуы керек, ал вирусты жеңу үшін 70-75% халық вакцинациялануы міндетті. Вирусты жеңудің басқа жолы жоқ. Елдегі вакцинацияны қаншалықты жылдамдатсақ, ел экономикасының қалпына келуінің соншалықты қарқынды боларын да ескерген жөн. Себебі карантиндік шектеулер азаяды, жұмыс істеу мүмкіндігі артады. Ал Қазақстанның қазіргі көрсеткішіне қарап, бұл жақын уақытта іске аспайтынын түсінуге болады.

Қазақстан вакцинациялауды жылдамдату үшін түрлі келіссөздер жүргізіп жатыр. Ресейлік «Спутник V» вакцинасын егу баяу болса да жүріп жатыр. Ендігі кезекте Ресейден 1 млн доза «Спутник Лайт» келуі тиіс. Ал Қытайдан 3 млн доза «Sinovac» вакцинасы жақында келіп жетеді. Отандық «Казковидин» вакцинасының жаппай вакцинациялау процесінде қашан қолданылары белгісіз. Cәуірдің 1 күніне дейін отандық вакцинаны жаппай шығаратын зауыт салынып бітуі тиіс. Қазақстан жалпы вакцинациялау процесіне 50 млрд теңге бөлген, соған қарамастан нәтиже осындай...

Асхат Қасенғали

Abai.kz

4 пікір