Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 9782 4 пікір 31 Наурыз, 2021 сағат 13:13

Өзін тапқан тұлға

Ол бір әркім бірдеңе сатып жүретін кез еді. Кабинет аралап, кітап көтерген әйелдің қоржынындағы алақандай кітапшаға көзім түсті.

Жұқа мұқабада Мырзагелді Кемелов. «Өзімді іздеп жүрмін». Алматы, 1996ж. деген жазу тұр. Жаңадан шыққан дүние. Өтірік айтпайын, автор таныс емес. Ал тақырыпта бір сыр бар. Бұрын жоқ іздегенді, білім, дос, байлық, бақыт, атақ-абырой іздегенді білуші едім, өзін іздегенді бірінші кездестіруім. Бірден соңғы бетін ашып, мазмұнына көз жүгірттім. Апыл-ғұпыл аударыстырып байқасам, қарашығым қадала беретін тұстар көп. Оны көмбе жасырған қазынаның қасиеті шығар деп түйіп, беймәлім ынтықтық жеңіп, он данасын бір-ақ сатып алдым. Өйткені кітап сыйлауды жақсы көретінмін.

Оқығанша асығып, бастағаным сол еді, ашқарақтың алдындағы дәмді астай тез-ақ түгесіліп шыға келді. Бірақ ауырлау ой арқалатқанын мойындадым. Жетпіс беттей кітапшаны тозығы жеткенше әлсін-әлсін ашып тұруым соның дәлелі. Айтпақшы, автордың жинақтың алғашқы бетіндегі арнау сөзі миыма мық шегедей қағылып қалғанын ұмытып барады екем ғой. Онда: «Еңбек етпей ештеңеге қол жетпейтінін, өзін іздеген өзінен қашқаннан дұрыстығын дәлелдегім келді» депті. Мен мұны қаламгердің бүкіл арман-аңсары осы бір ауыз сөзде тұрғандай пайымдадым.

Кездесу мен қоштасудан тұратын қарбалас тірлікте Мырзагелді ағамен тура ширек ғасыр «тонның ішкі бауындай» араласып, ағалы-қарындасты боламыз деп кім ойлаған?! Мейірімі мол Алла Тағала ниеті түзу, пікірі дұрыс, мүдделес пенделерін қисынын тауып, жақындастырады екен ғой. Менің көп жылғы дос-апам, жұлдызы жанған дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева үйіне қонаққа шақырып, барсақ төрде үлкен депутат М.Кемел ағамыз отыр қосағымен. Жалпыға ортақ сәлем беріп, жатырқаусыз кіргенім сол еді, Мырзагелді аға: «Мынау радионың Қымбатының даусы ғой, радио қосылып кеткендей болды» деп жылы жымиып, орнынан көтеріліп, Дәлел екеумізге қол беріп, өзін және зайыбы Зиба тәтені таныстырғанда жүзі де, жүрегі де қуанып тұрды.

Қалада қонақ шақырудың жазылмаған заңдылықтары бар. Шенділер мен шекпенділер басқаны айтпағанда, өзді-өзі ұғысып, жұғысып, жарасып отыра алуы екіталай. Ал өздерінен төмендермен – жәй қазақпен дастархандас болса, оны қорлықтай көріп, төбе көрсетіп, сылтауын айтып зытып кетеді. Әйтпесе, дастарханның берекесін алып, отырғандардың апшысын қуырып, өзінің ыңғайына көндіріп, терісіне сыймайтыны кім-кімге де белгілі жағдай.

Осылайша бір қазақтың екіге бөлініп алғанына көбіміз көндіккенбіз. Ығына жығылуға бейімделгенбіз. Жақтырмасақ та, өтірік күліп отыра беруді үйренгенбіз. Өйткені ол – «дөкей кісі». Ал біз бүгін ғана танысып, дәмдес болған М.Кемел деген көкеміз тура өзіміз сияқты қарапайым көрінді. Бір кабинетте, қуықтай бөлмеде отырып жұмыс жасайтын, сұрақ қоятын, жауап беретін, әзіл-қалжың араластырып әңгіме айтатын, алдымызға алып қара шәй ішетін редакциядағы әріптестерімнің бірі сияқты ерекше етене. Алыстан, биіктен сөйлемейді. Екі досым – Қапаш пен Үмітті еркелете көтермелеп отыруы, қосағына аялай құрмет көрсетуі де ішкі мәдениетінің қуаттылығын аңғартқандай.

Шенеуніктермен бас қосқанда шаршап қайтатынымды, бүгін демалғанымды айтып, бар қонақты иықтары селкілдегенше күлдірген сол кештегі қылықтарым көпке дейін ағаның есінен кетпей, мәз болатын.

Ағалар астанада, біз Алматыдамыз. Арамызды сыйластық жолы жалғап жатты. Үлкендігін бұлдамай, әр мереке-мейрам сайын телефон шалып, құттықтап тұрды. Басылым беттеріндегі, радио, теледидардағы сұхбаттарымыз, өзінің кітаптары, менің «Айгөлектегі» авторлық тұжырымдамам, әлпештей дайындалатын тақырыптар туралы шынайы пікір алмасатынбыз. «Айгөлек» журналында «Ақыл-ой сабағы» деген айдар ашып, соған он шақты жылдан бері Мырзагелді Кемелдің тәрбиелік мәні зор ой-толғамдарын ел баласының санасына жеткізуді қолға алғаныма кәдімгідей риза болатын. Ойын баласын ойға жетелеу үшін, оқуға қызықтыру үшін «инемен құдық қазғандай» шұқыланып, көп әуреленетінімізді түсінетін, тұщынатын бірден-бір шығармашылық адамы сол кісі еді десем, артық айтқандық емес.

- Аға, кейбір сөз-сөйлемдеріңізге, тыныс белгілеріңізге «тиіссем» бола ма? – дейтінмін өзімсініп.

- Болғанда қандай. Сен тілдің майын ішкен кәнігі мамансың, менікі жазушылыққа деген құмарлық қана, – деп кішіпейілділік көрсеткенде, кісілік келбеті одан сайын асқақтай беруші еді-ау!

Аға баспаға дайындаған кітаптарын «Сен бір қарап шықсаң ғой» дейтін де, ай сайын шығатын «Айгөлектің» тырп еткізбейтініне, өз өлеңдеріме де қарауға мұрша бермейтініне көзі жетіп, аяушылықпен: «Ана дүниеде еңбегің ескеріледі» деп әзілге бұратын.

Өзі нағыз еңбектің адамы. Қажып-қалжырағанша, саусақтары мүйізденгенше, қағаздан-қағаз ақтарып, сарғайып өшіп кеткен жазуларды, желімделген қиындыларды жамап-жасқап, жан бітіруден жалықпайтын. Оқығандарынан, естігендерінен ойға азық, оңды сөз кезіксе, қойын дәптеріне, тіпті дастарханда отырса, салфеткаға түртіп алуға ерінбейтін.

– Қарапайым да қазақы пайымдар екінің біріне түсінікті. Ойшыл ақылмандар даналығын оқырманға таныс мысалдармен әдіптеп, әсерлеп бере білсек, пайдалысы сол. Шама жеткенше түсінікті нәрсе ғана оқылатынына мән беруіміз керек. Сонда қазаққа оқудың пайдасын ұқтырып, ұмытқанын ойына саламыз. Бізге бас қатыратын мәселе осы болуға тиіс. Әркім өзін іздеген, өзін тапқан уақытта ұлт та, мемлекет те өседі. Бұл тұрғыда екеуміз де қазаққа керекпіз, – деп өзара бір мақтанып алушы едік.

Ағаның «жерден жеті қоян тапқандай» аса мағұрланған сәті есіме түсіп отыр. Мен бір телесұхбатта «Қазір еркектер Құдай қосқан қосағын: жан жарым, жұбайым, зайыбым, әйелім, серігім, сыңарым деп түрлендіре айтып жүр. Ал байыбына жетіп, басынан өткізіп барып сөз саптайтын бабаларымыз сөзді көбейтпей, бір-ақ атаумен «алғаным» деп атаған. Ол аса аяулы мағынаны білдірген. Жыраулар поэзиясында жүрегі қалап, таңдап алғанын «алғанда қандай еді, соны ұмытпай, аманаттай сақтап, естен шығармайын» дейтін де ұлылық қылаң беретін. Әйтпесе Асанқайғы бабам «Алғаным асыл ару деп», Байбөрі бай («Алпамыс» жырында) «Рас па сөзің, алғаным» деп, ер Махамбет «Артымда қалған алғаным» деп аузын ашса көмейі көрінер ме еді!? Сол салмағы мықты, салиқалы сөзді айта алмай, ақыры архаизмге айналдырдық та жібердік» деппін. Соны естіген аға эфирден шығысымен: «Қымбатжан-ау, мен бұл сөзді естімеген екенмін. Сай-сүйегім шымырлап кетті. Осындай жүректі солқ еткізер соқталы сөздерді қайдан табасың? Жазсайшы, жазшы», – деп жалынғандай болғаны кім үшін еді? Әрине, сөз құны – өз құны екенін ұмытуға көшкен қазақ үшін екендігі бесенеден белгілі. Ағаның көкірегі қарс айырылып, ел болып жоғалтқанды қайта тапқандай бір қуанып, бір мұнарып тұрғанын жан дірілінен ұқтым да, әңгіменің ауанын жайдарлылыққа жақындатқым келіп: «Аға, Рабиға (Сыздықова) апамның егініне түс деп тұрғаныңызды білесіз бе?..» деп күлкімен аяқтағанбыз.

Мен қандай кездесулерге барсам да: « әр шаңырақта М.Кемелдің «Ақыл қалта» кітабы болуы керек. Әуелі үлкендер, сосын жас жеткіншектер дендей оқып, отбасында өзара ой бөлісіңіздер! Оның сіздерге көмегі көп» деп шын ниетіммен насихаттаудан жалықпайтынмын.

Бірде сол кездегі «Бөбектің» басшылығымен сыйластығымды пайдаланып, «Өзіңді тану бағдарламасына Мырзагелді Кемелдің жазғандарын қосып оқытпағанда, не оқытасыңдар? Біреудің қаңсығына таңсық болғанды қойып, өзім дегенде өзегін жұлып беретін өз мықтыларыңды танып-білсеңдерші» дегем. Сөзім періштенің құлағына жетті ме, көп кешікпей «қане, көрейікші» дегенде, астанадан ағаның бір құшақ кітабы мен қолжазбасын көтеріп келіп, өз қолыммен апарып бердім. Сөйтіп ізденімпаз ғалым-қаламгердің жазған-сызған рухани қазына-байлығы ел баласының оқу кітабына кіріп,  жас санаға сілкініс беруге қызмет еткені бар.

Ең жақын адамына «тиісуден» рахат табатын, марқұм Фариза апам бұл жаңалықты естігенде, ағаға қарап: – Сен не жазып жүрсің? – десе, маған қарап: – Саған ондай бедел қайдан келді? Редакторды біреу керек қыла ма?.. – деп шүйліккені еске түскенде көпке дейін рахаттана күліп жүрдік.

Мырзагелді Кемел – атына заты сай туған биік парасат иесі. Бойы мен ойын таза, иығын тік ұстайтын. Барында аспайтын, жоғында саспайтын қанағатшылдығымен қадірлі еді.

Көп оқып-тоқыған адам көрместі көргіш, білместі білгіш болуы шарттылық. Сөйте тұра, салқын сабыр мен кемел ақылдың шекарасынан шықпай-ақ, кейде тіпті үндемей-ақ, түсінгенге үйдей ой жүктейтін кезі көп-ті. Кейде қайдағы бір тәтті сөзді тауып айтып, қасындағыларды қыран-топан күлкіге қарқ қылатыны қандай еді! Бірер мысал келтірсем:

- Түкірігі жерге түспейтін ана кісі баласына ұнайтын қызмет таппай жүргелі екі жылдан асты. Иманғалидың (әкімнің) орнына қояйын десе, жұмысын басқа біреу істесін, маған ақшасы ғана қызық дейтін көрінеді. Парадокс! Тағы бірде: – Қымбатжан, біз тәтең екеуміз Алматыдағы шипажайдамыз. Ем-домы ұнап жатыр, – деді телефоннан.

Қағаздан бас көтере алмай отырып, денсаулықтарыңыз қалай, тәтем жақсы ма? – деген сөз түссін аузыма. Аға ар жақтан: – Тәтеңнің тілінен басқа ауырмайтын жері жоқ, – дегенде, екі жақты басымызға көтере күліп, есіміз шыққан. Біз қиқылдап-шиқылдап, тоқтамай қойғанда, «Сырдың суы сирағына келмейтін» естілігіне еркелігі жарасқан Зиба тәтем: «ой, бір жетісіп қалдыңдар-ау...» деп қосыла күлген сәттер-ай, шіркін!.. Содан кейінгі сәлеміміз «тәтем қалай?» деп күлумен басталатын.

Ағамен арадағы әңгімеміз таусылмайтын. Астанаға барғанда соқпай кетсем, кәдімгідей өкпелейтін. Әр барған сайын жұмыстарың біткен соң «ағаның үйі ақ жайлау» деп жетіп кел! Үміт айналайын ерте кетіп қалды, енді Қапаш екеуіңді еркелете алмасам, несіне аға боп жүрмін дейтін.

Абзалдығы ғой, Фариза апаны туғанындай көріп, төбесіне көтере сыйлап өтті. Кейбір түсініксіз мінездеріне көніп, көңіліне алмайтын, ешқашан қарсы сөз айтпайтын. Біз шыдамай бірдеңе деп қалсақ, «ештеңе етпейді, басқа біреу айтпағанды айтатын бір адам болуы керек қой» деп жайбарақат қалып танытатын.

Жалпы Мырзагелді ағаның жан әлемінде нәзік те берік адами жүректің қызметі ерекше-тін. Фариза апаның тағдырына, соңғы жылдардағы іші қаусап жүретін мұң-шеріне шексіз түсіністікпен қарайтын. Зиба тәте де жалғыз келініндей жалпылдап, жанын шуаққа бөлейтін. Енді бәрі сағыныш!..

Аға жақсының жақсылығын үстемелетіп, адам мен адамды жақындастыруды жақсы көретін. Мен Фариза апамның ежелгі дос-сіңлісі ретінде ойымдағыны еркін айтып тастайтынмын. Шындықты сыйлайтын біртуарым ондайда бетімді қайтармайтын. Соны білетін сұңғыла оқымысты екі тентек жүз шайысып қала ма деп, ретін тауып мына бір сырды айтқанда оңашада егілгенім-ай!..

- Қымбатжан, Фариза апай сені шын жақсы көреді. Менің оған көзім әбден жетті. Біз ана бір жылы Парламент депутаты ретінде Жезқазғанға жолға шықтық. Апай көлік жүргізушісіне Ақтүбек деген ауылға соғамыз. Өтіп кетпе деп ескертті. Содан сен туралы әңгіме басталды. Адалдығыңды, адамгершілігіңді сүйсіне айта келіп, осы ауылда Қымбаттың туғандары тұрады. Өзі кемпір-шалдың бауырында өскесін, оларды әке-шешем деп мойындамайды. Жақында бауыры қаза болған. Соған көңіл айтамыз деді.

Ауылдың шетіне кірісімен көлікті бірнеше үйдің алдына тоқтатып, өзі сыртқа шығып «Қымбат Әбілдәқызының үйі қайда?» деп дауыстады. Біз қосарлана анау үй ғой деп алдыңғы естігенімізбен жол нұсқаймыз. Сонда апай: – Үндемеңдер, бұлар да сені мен менің ауылым сияқты таланттың қадіріне жетіп жүр дейсіңдер ме? Елге «Фариза Қымбаттың үйін іздеп келіпті» деген сөз қалсын деп әдейі істедім,  – дегенде не айтарымызды білмей, басымызды шайқай бергенбіз. Мен мұны апайдың адамды өте сирек мойындауының шегі деп қабылдадым. Осы ойыңда жүрсін, – деп ми қалтама алтындай ақыл салып беріп еді-ау!

Кездесе қалсақ жұбымыз жазылмай, күн құрғатпай шақырысып, ішек-қарнымызға шейін араласып шер тарқатысатын, арқа-жарқа болатын сағым жылдардан бар қалғаны естен кетпейтін естелік қана. Досқа, тіпті таза қарайып қалмаған қара қазаққа деген азаматтық жанашырлығын астарлап та, аялап та, асқататып та жеткізуге жаралғандай, жанкешті ғұмыр кешкен арда абаданым, ардақты Мырзагелді ағам-ай, менің!

Адамзат баласын үрей тұншықтырған былтырғы жазда анам дүние салып, аға мен тәте телефон арқылы қайғымды бөлісті. Көңілі босап тұрып:

– Астанаға келеріңде алдын ала хабар бер. Өзім күтіп алам, – деп айрықша аңқылдап, амандық тілеп қоштастық. Арада бірер апта өткенде Зиба тәтем қоңыраулатып: «Қыз-ау, саған өзім естіртейін...» деп өксігін баса алмай егіліп тұрып, төбе құйқамды шымырлатқан қаралы хабар жеткізді.

Аузым толып аға дейтін, қысылып-қымтырылмай жүрегімдегі сөзді еркінси, еркелей айта алатын ат төбеліндей ардақтыларымның бірінен айырылыппын. Мені сыр шашпайтын адал досына балап сырлас қылатын, далалық дархандығымен, қалалық зиялылығымен баурайтын рухани жанашырымнан айырылыппын.

Осыдан бір жыл бұрын ой кешіп, қалам ұстамай отыра алмайтын Мырзагелді аға Фариза апам туралы кітап дайындап жатқанын айтты. Сонда «көрген-білгеннің бәрін жазу міндетті емес. Мен өзіме ол кісінің бірде-бір кемшілігін көрсетпеймін деп уәде бердім. Кейін оқығанда таң қалма. Ол кісінің ең-ең деген жылдарында қасында ең көп жүрген мен шығармын. Сенесің бе, мен туралы еш жерде ештеңе демеген екен. Кейде сұрамаудың да өкіндіретін жері бар ма  деп қалдым» деді күрсініп.

Абзалдық дегенді қойсаңызшы! Көп өтпей хабарласып, менен Әбіштің, Шерханның, Фаризаның бұрынғы шыққан кітаптарын сұрады. Шымкентте Отырар кітапханасынан орын берілген екен, соған қоймақшы.

Бар жинайтын дүние-мүлкім кітап болғандықтан, оны күнделікті пайдаланатындықтан бере алмадым. Оған ағаның ренжімейтініне кәміл сендім. Солай болды да.

Ар сөзін айтсам, М.Кемелді біреулердей лауазым-беделі үшін пайдакүнемдік пиғылмен аға тұтпадым. Көмек сұрап, өтініш қылмадым. Соған қуанам. Аға да мені сол бірбеткей мінезім үшін қарындас қылған болуы мүмкін.

***

Осыдан екі жыл бұрын «Айгөлек» журналының «Ұлт мақтанышы» айдарына жарияланған сұхбат біздің соңғы шығармашылық байланысымыз екен. Журнал шыққанда «қалай беру де кәсібилікке қоса, жүректің ісін көрсетеді» деп аға сұхбатты қатты ұнатып еді. Өзі де шешіліп жауап беріп еді. Сол сыр-сұхбат мынау:

– Аға, жемісі мол 70 жасыңыз құтты болсын! Жазушылықты «Өзімді іздеп жүрмін» деп бастап едіңіз. Өзіңізді таптыңыз ба?

– Рахмет, менің жасөспірім бауырларым! Өзімді таптым. Мамандығым – инженер-электрик. 40 жасымда кеңшар директоры болдым. Ол үлкен лауазым-тын, шаруашылықтағы 10 мың адам ауызыңды бағып отыратын. Іздендім. Экономика саласында докторлық диссертация қорғадым, профессормын. Жаратылыстану ғылымдарының академигі атандым. 20-дан астам ғылыми оқулықтар, 300-дей ғылыми мақалалар жаздым. Мұнымды көпшілік білмейді. Есесіне, рухани адамгершілікке бағышталған «Ақыл қалта» деген кітабым бүкіл Қазақстанға танымал кітап болды. Оның көп сұраныс туғызғаны, тек қана нарық деп ақша қуып кетуге болмайтынын халықтың түсіне бастаған кезіне тап келді. Жұрт іздеп жүріп қол жеткізді, таппағаны өзімнен сұрап алып оқыды. Жалпы, ізгілік, парасат, иман жайлы жеке кітаптарым қырыққа жуықтады. Олар – қазақ баласы білсе болар еді деген мақсаттағы аудармалар, көсемсөздік еңбектер.

Ал, 70 жасыммен құттықтағандарыңызға рахмет! Біздің жасымызда әрбір жаңадан атқан таңымыз – туған күніміз!

– Басқа мамандық иесінің ғалымдыққа, қаламгерлікке келу жолы туралы айтсаңыз?

– Басында жоғары білім алып, туған ауылыма оралған соң, ауыл экономикасын зерттей бастадым. Ақыр соңында ізденістерім кандидаттық диссертация болды. Бірақ бала күнімнен армандаған журналистік, жазушылыққа деген құмарлық жетектесіп қалмады. Он бір жасымнан бастап қолыма түскен кітап, газет-журналдардан адамдыққа баулитын сөздерді көшіріп алып жүрдім. Олар 36 қалың дәптер болды. Соның ішінен алып «Өзімді іздеп жүрмінді» жаздым. Оған дана жазушы Әбіш Кекілбаев алғы сөз жазып берді. Содан қанаттанып, әрі қарай жалғастырдым.

Сөз ұстаған, өмірі өнеге даналардың галереясын жасадым. Қытай ақылмандары Лао цзы мен Конфуций, Үнді даналығы Панчатантра, Үрім мен грек даналары, Италия елінің озығы Сенека, Жапондық бусидо шебері Ямамото Цунетомо, ипандық ақылман Балтасар Грасиан, орыс ғұламасы Лев Толстой, Еврей ғалымы Эйнштейн, бразилиялық Пауло Коэльо, өзіміздің үздіктеріміз Әбіш Кекілбаев, Қойшығара Салғараұлы, Сайын Назарбекұлы, Ғарифолла Есім, парапсихолог Луиза Хей, америкалық Джон Кехолардың шығармаларын зерделеп, қажеттілерін аударма жасап, 700 беттік кітап шығардым.

Айтпақшы, «Өзін-өзі тану» пәніне арналған хрестоматиялық еңбегімнен біразы мектеп оқулықтарына енді. Елдестерім кітапты таңдап, іздеп жүріп оқитын кезге жақындап келе жатқандай.

– Студенттерге лекция оқисыз, тәуелсіз елдің жастарының ой-санасы, зиялылығы, рухы туралы қандай ойдасыз?

– Студенттеріме ризамын. Олар жақсылықты көксейді, білім іздейді, парасат тереңіне бойлай біледі. Мен 90 минуттық әр сабағымның соңғы 10 минутын руханиятқа арнаймын. Сол уақыт жетпей қалып, келесі сабақты тағатсыздана күтетіндерін байқаймын. Олардың бұрынғы жастардан еркін екендігіне қуанамын. Жетелей білсең, білім таластыруға әзір тұрады. Шынын айтсам, студенттер әлі де бұйығылау. Еуропаның студенттеріндей емес.

– Қазақтың бала тәрбиелеу үлгісіне отбасы, балабақша, мектеп не жаңалық қосқаны дұрыс?

– Конфуций деген қытай ақылманының: «Патша – патша,  құл – құл, әке – әке, ұл – ұл бола білсе, басқарудың мәні осы», - деген ұлағаты бар. Білімді – мектеп, тәрбие-тәртіпті – ата-ана беруі тиіс. Біздегі отбасылардың көбі бала тәрбиесімен айналыспайды.  Бала тәрбиесі ата-ананың міндеті. Олардың мінезін әке-шешесінен артық кім біледі? Баласымен дос болмаған адамдардың балалары есейе келе ата-анаға бағынбайтын болады. Еуропа елдерінде, мәселен Голланд елінде балалары кәмелетке толмаған ата-анаға 4 сағат жұмыс күнін белгіленіп, ол толық күн саналып, еңбекақы беріледі. Отбасы – жексенбіден басқа да күндері балаларына уақыт арнауы тиіс.

«Кедейміз, жұмысбастымыз» дей бергенмен уақыт өтіп кетеді. Жұмыс күндері кешқұрым сағат 7-ден кейінгі үш сағат уақытын балаларға бөлсе, олардың білімін, өмірдегі мақсатын байқап, жөн көрсетіп отырса, жақсы бала содан шығады.

– Балалық шақтан қалған балдай тәтті естелік, қызық оқиғалар бар шығар?..

– Бала күнімнен ұяң, кітапқа құмар, өзіммен-өзім жүретін бала болдым. Ешкіммен төбелеспедім. Тыныш жүрген маған да ешкім соқтыға қоймады. Ол кездегі тәртіп солай еді.

Біз тоғыз ағайындымыз, жетеуі ұл. Әкем шаруа отбасынан шыққан. Қалыңмалдың уақыты, берер малы болмағасын, 35 жасында, кеш үйленген. Біз бірімізді-біріміз жетелеп, үлкендеріміздің киімін кішіміз киіп өстік. Оған қорланбайтынбыз. Қазір ғой, бірінікін-бірі кимейді. Сол тәртіп бізді мейірімді, қоғамшыл етіп тәрбиеледі. Тату болып өстік.

Үй шаруасының жұмыстарын бөліп алатынбыз. Біреуіміз пеш жағамыз, біреуіміз малға қараймыз деген сияқты. Ол кезде пілте шам ұстаймыз. Оның әйнегін тазалаудан қиын жұмыс жоқ-тын мен үшін. Әйнек тапшы, саусағымды сұғып, күйелі ысты сүртемін деп сындырып ала беретінмін. Содан құтылу үшін үйдегі 5-6 қойды бағуға сұранып, қырға кетіп қалатын едім. Ол да оңай емес-ті. Суармалы жерде айналаның бәрі егістік. Қарап отырмасаң, егіске түсіп кетіп, айғай-шу болады.

Арақ-шараптың, лимонадтың бөтелкелерін жинап, өткізіп, оған парварда деген ақ кәмпит, пряник сатып алып мәз болатынымыз – қайталанбас балалықтың есте қалған естеліктері.

– Сағынышқа қалай қарайсыз? Кімді, нені, не жағдайда сағынасыз?

– Көп елді, жерді көрдім. Сондағы байлық пен игілік, әсемдіктің бәрі бізде бар. Біздің халық өмірге өкпесі жоқ болуы тиіс. Бірақ ұқсата алмай жүрміз. Басқа ұлттар ақша жинап асхана, өндіріс орындарын салып жатса – қызғанамыз. Өзіміз керексізге жұмсаймыз, үнемдемейміз. Даламыздың кеңдігі – пейіліміздің кеңдігіне ұласқан халықпыз, ал мына нарық оған сәйкеспейтінін біліп тұрып, баяғыша өмір кешеміз. Бұл – өкінішім. Сағынышым – тау! Күн райына қарай құбылып тұратын Алатауымды қатты сағынамын.

– Отбасыңыз шығармашылығыңызбен таныс па, қандай сұрақ қояды?

– Бірінші сыншым – жұбайым Зиба. Ол келіспеген жерін қайта қараймын. Сосын «кітапты дауыстап оқу» деген тамаша әдіс бар. Жаңа шығарманы отбасымызбен солай оқимыз. Әрине, сұрақтар болады, ол талдап отырған тақырыпқа, әлеуметтік, психологиялық танымға, бүгінгі заман шындығына қатысты.

– Нені ең басты құндылық санайсыз?

– Басты құндылық – зорлықпен емес, өз еркіңмен, танымыңды кеңейту үшін алатын білім. Ұят пен Ар және Намыс. Табандылық. Жігерлену.

– Аға, білім жиып, дос көбейткен Сіздей адамды тағдыр еш сынаққа салмасын деп тілеймін.

Алдағыны Алла ғана біледі. Алланың әмірі орындалды. Жаны жайсаң ағаның рухы пейіште шалқығай!

Қымбат Әбілдәқызы,

Республикалық «Айгөлек» балалар журналының автор-редакторы,
ҚР Мәдениет қайраткері, Түркі әлемі ақпарат саласының үздігі

Abai.kz

4 пікір