Жұма, 19 Сәуір 2024
Аласапыран 15715 20 пікір 24 Наурыз, 2021 сағат 12:34

Сіз кімсіз, Сергей мырза?

Күні кеше ғана Жер комиссиясы бекітілді. Бұл жолы комиссияға 80 адам мүше болды. Арасында мемлекеттік биліктің тізгінін ұстаған шенеуніктер мен облыс әкімдерінің орынбасарлары, есімдері елге танымал саясаткерлер мен Мұхтай Тайжан, Дос Көшім, Айдос Сарым, Жәнібек Қожық, Дәурен Қуат, Берік Әбдіғалиұлы сынды қоғам қайраткерлері де бар.

Олармен бірге, Үкімет жариялаған ұзын-сонар тізімнен Иван Сауэр, Александр Касыцин, Геннадий Зенченко, Александр Хильниченко, Игорь Жабяк, Саха Манатов, Талап Нұрбаев, Сергей Терещенко секілді оншақты ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының иесі де комиссия құрамына кірген.

Тізім арасынан Сергей Терещенконы да таба аласыз. Иә. дәл сол Терещенко, алғашқы премьер, ал кейіннен ірі жер иесі және латифундист аталып жүрген тұлға.

Халықаралық «Интеграция» қорының басқару кеңесінің төрағасы, «Ордабасы құс» ЖШС мен «Александровский сад» ЖШС-гінде, SDT Group, Sun-Bee Altai бал өнімін шығару кәсіпорынында, «VITA Жетысу» мал азығына арналған дәнді-дақыл өсіру кәсіпорынында, «Европолис Инвест» құрылыс компаниясында, Trans Caspian Resource логистика компаниясында, «Мадлен» кондитерлік компаниясында үлесі бар кәсіпкер, Алматы мен Оңтүстік Қазақстанның құрметті азаматы, Израильдің құрметті консулы атағы бар Сергей Терещенко жаңадан жасақталған Жер комиссиясының құрамына енді. Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының жетекшісі екенін де естеріңізге саламыз.

Жалпы Терещенко деген кім? 

Сергей Терещенко Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы премьер министрі болған адам. Ол 1991-1994 жылдары премьерлік қызметін атқарды. Кейіннен «Интеграция» қорын басқарды, «Отан» партиясында жұмыс істеді. Қазақстан Халықтар Ассамблеясының мүшесі болып, ассамблея құрамында жоғары лауазым иеленді. Алайда Терещенконы көпшілік жұрт ірі жер иеленуші ретінде таниды.

Терещенко колхоздар мен совхоздарды таратып, оны нарықтық экономика заңдылықтарына сай бейімдеу процесі сәтінде қызмет атқарды. Сондықтан ел арасында «ол тәжірибесі сәтсіз өтті» деген жандар жетерлік. Әсіресе жер телімдерін бөлу бойынша қателіктер кетті деген ойда. Премьердің өзі ірі жер телдімдерін иеленіп алған деген ой қоғам арасында тоқтар емес. Бұл туралы алғаш рет 2002 жылы ресейлік «Независимая газета» басылымында «В Казахстане земли много, но на всех не хватит» атты мақалада айтылды. Онда Сергей Терещенко «Отан» партиясының басқарушысы және Қазақстандағы ірі жер иеленуші деп көрсетілді.

2011 жылы «Азаттық радиосында» Сұлтан Хан Аққұлының «Сергей Терещенко өзін «орташа» жер иеленуші деп санайды» атты сұхбаты жарияланды. Мақалада алғашқы премьер-министрден елдің дамуына, экономикалық өзгерістер мен ауыл шаруашылығының алға жылжу қарқынына қатысты сауалдар қойылады. Сол диалогтан үзінді:

– Сізді жұртшылық Қазақстандағы аса ірі жер иеленушілердің бірі деп санайды. Өзіңіз бен шаруашылығыз жайында не айтасыз?

– Маған сондай бір сырттай атақ таңып қойған сияқты. Бірнеше шаруашылығым бары рас. Ақмола, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарында белгілі бір мөлшерде жерімнің бар екені де рас. Бірақ ол тек жалғыз өзімдікі емес, серіктес адамдар да бар. Бидай, жүгері егеміз, Алматы облысында соя өсіреміз, мен ол жерді ешқайда алып кеткенім жоқ.

– Сіз өзіңізді «ірі жер иеленушімін» деп санайсыз ба?

– Жоқ. Орташа дегеніміз дұрыс шығар.

– Сізді Қазақстандағы ірі жер иеленушілердің бастауы деп атайды, соған келісесіз бе?

– Солай дей ме екен?! Сіз ненің қанша екенін, қалай екенін көрген жоқсыз ғой. Ең бастысы - жер кімнің қолында болса да, қараусыз қалмай, өңделуі тиіс, - деп жауап береді Терещенко.

Түсінгеніміздей Терещенко өзін ірі жер иеленушісі санамайды, орташа жер иеленушісі деп есептейді. Ақмола, Қостанай, Оңтүстік Қазақстанда ірі жер телімдері барын мойындай отыра, сұхбат барысында оның көлемін айтудан бас тартады. Үш бірдей облыста жері бар бұрынғы премьерді «орташа жер иеленуші» деп ойлаудың өзі қисынсыз.

Айтпақшы, Сергей Терещенко 2011 жылы Қазақстанның Еңбек Ері деген атаққа да ие болған.

Бұл атақтың ресми сипаттамасында: «Қазақстанның Еңбек Ері атағы Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін беріледі. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» ордені тапсырылады», - деп жазылған.

Ал Үкімет бекіткен 80 адамдық тізімде бұл атақпен марапатталған жалғыз адам Сергей Терещенко емес екен. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие:

Геннадий Зенченко (2008 жылы алған),

Сайран Буканов (2009 жылы алған),

Иван Сауэр (2013 жылы алған) бар.

Ал «Forbes» тізімі бойынша Қазақстандағы 50 ірі кәсіпкердің ішінде 38-орынға жайғасқан Сергей Терещенконың ірі жер иесі бола тұра комиссия құрамында болуы желі қолданушыларының наразылығын тудыруда.

Ка Мырза

Abai.kz

20 пікір