Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Алашорда 9890 16 пікір 12 Наурыз, 2021 сағат 18:56

Тәуелсіздікке тарту. Октябрь ауданы Әлихан ауданы болады

Сүйінші. Ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығы аталып өтілетін биылғы жыл жақсы жаңалығымен басталмақ. Қарағандыдағы Октябрь ауданы жақын күндері Әлихан Бөкейхан ауданы болып өзгереді. Бұл туралы бүгін ауданға Алаш арысы Әлиханның есімін беру туралы Қарағандыда өткен қоғамдық тыңдалымда белгілі болды.

Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Алаш арыстарының есімдері мен еңбектерін елге дәріптеу маңызды екенін нақтылап жазлды.

«Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек», - деген болатын.

Міне, сол айтылғандай 155 жылдық мерейтойы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген Алаш арысы Әлихан Бәкейхан есімі енді Қарағанды қаласындағы ауданға беріліп отыр.

Қоғамдық тыңдалымға ұзын-саны 685 адам қатысқан. Жиынды қалалық маслихат өткізген. Біз сол жиынға қатысқан қоғам белсендісі Майра Төлеу-Бегім ханымға хабарласып, ақпараттың анық-қанығын сұрап білдік.

Майра Төлеу-Бегім, қоғам белсендісі:

- Қоғамдық тыңдалым 15 орында өтті. Оған 685 адам қатысты. Бұл қоғамдық тыңдалымды қалалық маслихат өткізді. Маслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанұлы Бексұлтанов деген ағамыз. Осы кісі модератор болды.

Қарағанды қаласында екі аудан бар. Біреуі – Қазыбек би ауданы. Екіншісі осы Октябрь ауданы болатын. Бүгін өткен қоғамдық тыңдалым сол ауданды Әлихан Бөкейхан ауданы деп өзгертудің бірінші кезеңі.

Әрі қарай, хаттама толтырылып, қалалық маслихат оны қарайды. Сосын, облыстық маслихатқа жібереді. Облыстық маслихат қарар қабылдап, облыс әкімімен бірге Республикалық ономастика комиссиясына жібереді. Сосын шешім шығады.

Бірінші кезеңі басталды. Халық қолдады. Бұл аудан атауын өзгертудің бірінші құжаты ғой. Былтыр біз он көшенің атын ауыстырғанда да осы ретпен жүргенбіз.

Бүгінгі жиналыста қарсы болған адамдар болған жоқ. 100 пайыз, бірауыздан қолдады. Өзге ұлт өкілдері де болды. Олар тіпті мінберден сөз алды. Қолдады.

Бұл дегеніңіз қоғам белсенділерінің жұмысы мен қаланың Ішкі саясат басқармасы мен маслихаттың бірлесіп жүргізген жұмысы. Шынын айту керек, біраз жұмыс жасалды. Әртүрлі әлеуметтік желі чаттарымен жұмыс жасалды. Әлеуметтік желілерде қарсылық танытқан азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сол жұмыстардың нәтижесі. Әрине, желілерде бұдан кейін де қарсы сөздер жазылады. Бірақ, енді әркімнің өз пікірі бар ғой. Егер олар шынында да қарсы болса, бүгін келер еді. Келмеді.

Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданын ұлт көсемі, Алаш арысы Әлихан Бөкейханның атына ауыстыру жайлы ақпарат бір ай бұрын пайда болды. Жергілікті әкімдік мұндай ұсыныстың күн тәртібінде тұрғанын жоққа шығарған емес. Алайда аудан атауына қатысты халықтық тыңдалым қашан өтетіні ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді.

Халықтық тыңдалым бүгін кешкі сағат 17:00-ге белгіленген. Тыңдалым эпидемиялық жағдайға байланысты, халықтың бір жерде көп шоғырланбауын ескере отырып бірнеше жерде өтті.

Abai.kz

16 пікір