Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4789 0 пікір 2 Сәуір, 2012 сағат 11:44

АЙТЫС ЖАЙЫНДА АЙТАР СӨЗ КӨП

«Халық сөзі» газетінің 2012 жылғы 2 наурыздағы №17 санында «Бізге қандай айтыс қажет?» деген мақала жарияланған болатын. Сонымен қатар газеттің бұдан бұрынғы сандарында да айтыс төңірегінде бірнеше сұхбаттар мен мақалалар жарияланған. Соңғы кездері қазақтың осы бір төл өнері төңірегінде жел сөз бен дау-дамайдың көбейіп кеткені белгілі. Сондықтан бұл жолы айтыс өнері жайында ақындар мен қаламгерлердің пікірін топтастырып жариялауды жөн көрдік.   
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:
Айтыс өнер  болудан қалды

«Халық сөзі» газетінің 2012 жылғы 2 наурыздағы №17 санында «Бізге қандай айтыс қажет?» деген мақала жарияланған болатын. Сонымен қатар газеттің бұдан бұрынғы сандарында да айтыс төңірегінде бірнеше сұхбаттар мен мақалалар жарияланған. Соңғы кездері қазақтың осы бір төл өнері төңірегінде жел сөз бен дау-дамайдың көбейіп кеткені белгілі. Сондықтан бұл жолы айтыс өнері жайында ақындар мен қаламгерлердің пікірін топтастырып жариялауды жөн көрдік.   
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:
Айтыс өнер  болудан қалды

- Мен айтыстың төңірегіндегі шындықты айтқаным үшін, кейбіреулер  маған айтысқа қарсы адам ретінде қарайтын болды. Олай емес екенін жұртқа түсіндіре алмай-ақ қойдым. Жалпы өз басым  кез-келген өнердің таза болғанын қалаймын. Шындығын  айтқанда, қазір айтыс «малтабаризм» өнеріне айналып кетті. Спорттың шал да, бала да, қабілеті бары да, жоғы да қатыса  беретін  «крос» деген түрі болады. Міне бүгінгі айтыс осының біріне  айналды. Бұрынғы ақындардың өресі биік болушы еді, керемет ойлар қозғайтын, ал қазіргілер үйлерінде жазғандарын жаттап алып, «машина алсам екен» деп қана армандайды. Қатысушылары да, ұйымдастырушылары да  мал табуды мақсат тұтады. Ақындардың сөз саптаулары да көңілден шықпайды. Өлеңдердің техникасы нашар, ұйқастары, теңеулері арзан, сөз, ой қайталау басым. Абайша айтқанда: «...Шортанбай, Дулатпенен Бұқар жырау,  Өлеңнің бірі жамау, бірі құрау». Жазба поэзиясы дамыған уақытта шалағай поэзия мен шалағай өнерді жұртқа тықпалай берудің керегі жоқ. Осының кесірінен айтыстың бағасы түсіп, өнер болудан қалды.
Бекжан ӘШІРБАЕВ, ақын:
Айтыс шоу-бизнеске айналуы қажет

- Қазір нарықтың заманы болғандықтан, қалаңыз, қаламаңыз өлеңге тауар ретінде қарауымыз керек. Кезінде «Айтысымыз боп кетті, машинаның базары» деген өлеңдердің айтылғаны рас. Бірақ кейде мен аламан бәйгелерде оза шауып келген жүйріктерге де  қымбат шетелдік көліктер тігіліп жатыр ғой, «ал оны ақындарымыз алса несі айып екен», - деп ойлаймын. Сондай-ақ, ақындар көліктерге мініп жатса, ол өздерінің еңбегі мен қалталы азаматтардың арқасы емес пе? Ешкім басқа елдің қолтығына кіріп немесе мемлекеттің қазанына түсіп жатқан жоқ. Ал егер ақындарымыз біреуді орынсыз мақтап, мадақтап жатса, ол ақынның өзінің ішкі мәдениетіне, адамгершілігіне байланысты. Жалпы бүгінгі айтыс шоу-бизнес түрінде дамуы тиіс. Сонымен бірге, бұл өнеріміз жақсы дамысын десек, меценаттық туралы арнайы заң қабылдау керек. Яғни, демеушілік жасаған адамды салықтан босатып, салығын жеңілдету қажет. Шет елде ондай тәжірибелер бар. Егер осындай заң қабылдар болсақ, айтысқа жанашыр адамдар көбейіп, айтыскерлеріміз мемлекеттің қолына қарап қалмас еді.  
Дәулеткерей КӘПҰЛЫ, айтыскер ақын:
Айтыскерлердің де әлеуметтік жағдайын ойлау керек

- Бұрын айтысқа қатысатын жігіттер: «жеңілгендерге қандай жүлде береді екен», - деп қалжыңдайтын. Оның өзіндік мәні бар. Себебі, айтыскерлер барлық жерден бірдей  көлік міне бермейді. Кейбір жерге қайырымдылық үшін, кейбір жерге жай шақырғаны үшін барады. Оның жатын орны, тамағы өз қалтасынан шығып жатады. Міне сондықтан, айтыскерлердің әлеуметтік жағдайын ойлағанның ешқандай сөкеттігі жоқ. Ал енді демеушілік жасап, айтысқа жанашыр болып жүрген адамдардың еңбегін бір-екі ауыз сөзбен айтып кеткеннің несі айып!? «Қазіргі ақындар елді бірлікке шақырмайды», - деген пікірді де естіп қаламыз. Олай деуге болмайды. Ақындардың негізгі мақсаты, айтып жүргендері де сол. Әрине, бүгінгі айтысты 2000 жылдардағы айтыспен салыстыруға келмейді. Арамызда осы өнерге үстірт қарайтындар да бар. Оның барлығы уақыты келгенде түзеледі.  
Есенқұл ЖАҚЫПБЕК, ақын:
Ақындарымыз арсызданып барады

- Қазір ақындарымыз малтабар болып кетті. Жақсы көлік тіккен, жақсы сый жасаған жерге ғана барады.  Мұнымен қоса, жаттап алып айтысуға үйреніп алды. Табиғи дүние жоқ.  Кішкене күнімізде аналарымыз, әкелеріміз отыра қалып айтыса беруші еді. Ондай ақындық жадымыздан да, жанымыздан да шығып кетті ғой. Бүгінгі айтысып жүргендер айтыскер емес, өлеңші ғана. Айтыскер ақын деп Сүйінбай, Жамбылдарды айтуға болады. Қазір Жүрсіннің жүйріктері, ананың-мынаның ақындары деген көбейіп кетті. Сонда халықтың ақындары қайда қалды!? Айтыскерлеріміз бірінің артынан бірі арыз жазатын болды. Барып тұрған арсыздық. Сөйте тұра, ұялмай қайтадан елдің алдына шыға береді. Жақында «Хабар» арнасына бір оралман  баланы алып бардым. Екі көзі көрмейді, бірақ суырып салып айтқанын көргенде жұрт таңғалды. Ертедегі ақынды көргендей болды халық. Міне, ақындарымызда осындай талант болуы керек. Қазір өзім «Жастар жырлайды» деген бағдарламада төрағалық етіп жүрмін. Қарным ашады жастардың айтысқанына. Әсіресе, «Қайым айтыста» кімнің кім екені көрініп қалады. Ақындарымыз осындай енді. Амал не, айтып жатырмыз, бірақ пайдасы жоқ.
Нұрмұхаммед МАМЫРБЕК
«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3524