Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6267 0 пікір 2 Сәуір, 2012 сағат 11:42

Көпен ӘМІРБЕК: ПАРОДИЯҒА ІЛІГЕР ТҰЛҒАЛАР ТАУСЫЛДЫ

- Аға, күлкі күнінің қарсаңында сізбен қазіргі сатираның жай-күйі туралы әңгімелесуге келіп тұрмын. Осы сізді визиткасына  «Көпен Әмірбек атындағы сыйлықтың лауреаты Көпен Әмірбек деп жазып алған»  дейді. Сықақшыларға ешбір атақ, мемлекеттік сыйлық берілмейтінін  меңзегеніңіз бе?
- Өзімнің атымдағы сыйлықты өзіме жазып жүргенім атаққұмар пенделерге астарлап айтқан пародиям ғой. Оны біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Кеше ғана көз алдымызда жүрген көкелерiмiз Оспанхан Әубәкiров, Шона Смаханұлы, Қалтай Мұхамеджановтардың қайсысы қай лауреаттан кем?  Тiптi, жыл сайын берiлетiн Президент стипендиясының тiзiмiнен де тiрi сықақшы таппайсыз. Бір жағы соны әзілдеп жазған түрім. Биыл мемлекеттік сыйлыққа жасы сексеннен асып, тоқсанға таяған кәнігі сықақшы Мыңбай Рәшті ұсындық. Мемсыйлық беріле ме, берілмей ме ол жағын енді комиссия шешеді.

- Аға, күлкі күнінің қарсаңында сізбен қазіргі сатираның жай-күйі туралы әңгімелесуге келіп тұрмын. Осы сізді визиткасына  «Көпен Әмірбек атындағы сыйлықтың лауреаты Көпен Әмірбек деп жазып алған»  дейді. Сықақшыларға ешбір атақ, мемлекеттік сыйлық берілмейтінін  меңзегеніңіз бе?
- Өзімнің атымдағы сыйлықты өзіме жазып жүргенім атаққұмар пенделерге астарлап айтқан пародиям ғой. Оны біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Кеше ғана көз алдымызда жүрген көкелерiмiз Оспанхан Әубәкiров, Шона Смаханұлы, Қалтай Мұхамеджановтардың қайсысы қай лауреаттан кем?  Тiптi, жыл сайын берiлетiн Президент стипендиясының тiзiмiнен де тiрi сықақшы таппайсыз. Бір жағы соны әзілдеп жазған түрім. Биыл мемлекеттік сыйлыққа жасы сексеннен асып, тоқсанға таяған кәнігі сықақшы Мыңбай Рәшті ұсындық. Мемсыйлық беріле ме, берілмей ме ол жағын енді комиссия шешеді.
Жапондар Құдай берген талантын тауысып, биіктің бәрін бағындырып, шығатын шыңы қалмаған соң, басқа салаға ауысып кетеді екен. Бізде ондай жоқ қой, бір жерге жабысып қаламыз. Мен бала кезімде суретші болуды армандадым. Ол арманым орындалмай, журналистика факультетіне түстім. Кейін қалай сықақшы болып кеткенімді өзім де білмей қалдым. Шымкентте қызды танымайтын, білмейтін жігіт алып-қашып кетіп, кейін отбасы болып кетеді ғой. Сол сияқты мені де сүймеген жанрым сатира алып-қашып кеткен. Сөйтіп қалып қойдым.  Бүгінгі күні сықақшы болудан түк пайда жоқ. Сықақшылар маңдайдан тері бұршақтап, тізесі дірілдеп, көзі іріңдеп отырып сықақ жазып, оны газетке ұсынады. Онысын кітап етіп шығарайын деп тағы жүгіреді. Табанынан тозып, демеуші тауып, кітабын шығарады. Одан өзіне көк тиын түспейді. Қазіргі әзіл-сықақ театрларының көбейіп бара жатқандығы да көркем дүние іздегендіктен емес, көже-қатықтың қамынан ба деп қорқамын. Театр ашып, табыс тапсам дейтіндер көбейіп келеді. Ал олардың сатираға жаны ашып жүргені шамалы.
- Кеңес үкіметінің кезінде сатираға цензура қойылды. Соның өзінде Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкiровтер қоғамдағы келеңсіздіктерді ебін тауып сынап, сатира тілімен түйреп жататын. Ал қазір ешбір цензура да, шектеу де жоқ. Бірақ қоғамдағы келеңсіздіктерді түйрейтін, шымшитын, уытты саяси сатира жоқ. Неге?
- Сықақшылардың көбі «аш бәледен қаш бәле» деп ойлайды-ау деймін. Тыныш жатқан жыланның құйрығын басудан да қорқатын болуы керек. Бүгінгі күнгі келеңсіздіктерді сатираның тілімен түйреуге сықақшылардың шеберліктері жетпей ме деп те ойлаймын кейде. Ресейде сатириктер президентінен бастап, билік басындағыларды аямай сынайды. Жемқорлық, ұйымдасқан қылмыс, парақорлық - мұның барлығы Ресейде уытты тілмен сахнадан айтылады. Ал біздің сықақшылар мұндай тақырыптарға бара бермейді.
- Сайыпқыран сықақшының бірісіз ғой. Өзіңіз неге осы тақырыптарды жазбай жүрсіз?
- Сыбайлас жемқорлық, парақорлық, мафиямен күресу мәселелері құқық қорғау органдарының құзіретінде қалып қойды. Шіркін-ай, сол мафиялардың атын атап, түсін түстеп жазайыншы дейсің-ау. Бірақ үлгере алмайсың. Бүгін бір мафияны жазсаң, ертеңіне екі мафия шығады.  Әрі сенің жазғаныңды ешкім шыбын шаққан құрлы көрмейді. Бұрын не жазсаң, кімді түйресең содан қорытынды шығатын, жауап берілетін. Қазір ешкімнің беті бүлк етпейді. Жазылғаны жазылған, айтылғаны айтылған жерде қалады. Осыдан кейін жазуға құлық қайдан болсын?
- Сықақшыларды аға буын, орта буын, кейінгі буын деп бөлер болсақ, аға буынның басында кімдер тұр?  Кейінгі буыннан кімдер мықты шығып жүр?
- Аға буын сықақшылардың басында Мыңбай Рәш, Ғаббас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясовтар тұр. Олардың соңынан ерген біз де пайғамбар жасына келіп қалдық. Орта буында Толымбек Әлімбекұлы, Еркін Жаппасұлы сынды сықақшылар бар. Бірақ неге екенін білмеймін Бейсебай Кірісбайдан кейін өткір сықақшы шыққан жоқ. XXI ғасырдың сықақшылары әкелерінің бойында, шешелерінің ойында жүр ме, көз алдымызда мықты сықақшы жоқ.
- Қарапайым көрерменнің бірі ретінде менің сахналық сатираға көңілім толмайды. Қалжыңмен қуырдақ қуыратындардың қарасы көбейгенмен, айтқан әзілдері халыққа «өтпей» жатады. Әрі әзіл-сықақ театрлары қоғамдық мәселелерді сынаудан гөрі ұсақ-түйекті сөз етіп, кемпір-шал, әйел-еркек, маскүнем күйеу, шайпау әйел деген тақырыптардың айналасынан шыға алмай қалды.  Арзан күлкіге қашанғы малданамыз?
- Кейбір көрермен жылт еткенге жырқылдап күле береді. Ондайларды күлдіру оңай. Ал сен айтып отырған өресі биік көрерменді күлдіру қиынның қиыны. Бір кездері күлкі арзандап кетті деп байбалам салдық. Ал қазір сол арзан күлкі арсыз күлкіге айналып кетті. Қазір жеңіл-желпі нәрсеге малданып жүрміз.   Отбасы, ошақ қасы, күнделікті күйбең тірлікті тілге тиек ету - күллі көрерменді күлдіру деп ойлайтын театрлар бар. Саяси сатираға материал жазылған күннің өзінде қазіргі әртістер соны жеріне жеткізіп орындай алмайды.
- «Тамаша» мен «Бауыржан шоудан» - «Аққу-гәкку», «Нысана», «Шаншардан» «Алдараспан» бөлініп шығып, әзіл-сықақ театрлары көбейді. Біздегі театрлар әу баста жап-жақсы бастайды да, екі-үш концерттен кейін сұйылады. Кейінгі шыққан Тұрсынбек Қабатовтың «Базар жоқ» театры да алғашқыда жұртты қыран-топан күлкіге қарқ қылып еді. Кейінгі концерттерінде әртістері бұрынғы пародияларына сәл өзгеріс енгізіп қойып қайталай бергесін, қызықты болмай қалды. Сіздіңше қазіргі әзіл-сықақ театрларының ішінен қай театрдың аяқ алысы дұрыс?
- Сен айтып отырған Қабатовтың  «Базар жоғында» кішкене жаңалық бар. Монолог жанрының жоғалып бара жатқанын ойлады ма, тек жеке орындаушылардан құралып, монолог орындап, пародия жасап жүр.
«Әр тұлпар әліне қарай шабады», - дейді ғой. Егер де өнерді он алты айналым бәйгеге теңейтін болсақ, біздегі театрлардың біразының өкпесі өшіп қала ма деп қорқам. Кезінде бүкіл театрлардың басында «Тамаша» тұратын. «Тамашаны» «Бауыржан шоу» басып озды. Кейін «Бауыржан шоу» құлдырады. «Екі езу» бір жалт етіп көрінді де, аққан жұлдыздай жоқ болды. «Шаншар» нөпір халықты жиып, жұртты аузына қаратты. Соңғы кезде мықты кадрларынан айрылғандығынан ба, қайдам, бұрынғы қарқыны байқалмай қалды.  Әйтсе де, әзірге «Шаншардан» асқан театр жоқ. «Базар жоқтың» алғашқы, одан кейінгі концерттері тәуір болды да, соңғы кезде  әлсірегендей сезіледі. Сиыр да суалады ғой. Сол сияқты «Базар жоқ» та суалып кетпесе дейсің.  Маған театрлардан гөрі КВН-щиктердің аяқ алысы ұнайды. Театр әртістерінің сахнада топырлап жүріп, жарты сағат езіп айтатын әзілін  КВН-щиктер бас аяғы  2-3 минутта жеткізеді. «Өнер қырандарындағы» жігіттердің өнеріне сүйсінетінмін. Естуімше, олар тарап кетіпті. Бізге КВН-ді дамыту керек. Өйткені олар  әзілдің малтасын езбейді.
- Жөн екен. Сатириктер мен әзіл-сықақ театрларының арасында байланыс үзіліп қалғандай көрінеді бізге. Материал жоқ деп әртістер өздері жазып, өздері орындай беретін болды. «Алдараспанның» әзілдерінің көбін Нұржан Төлендиев өзі жазады. «Нысанада» Әбунасыр Серіков те сөйтеді. Театр басшылары үнемі материал жоқ деп жылайды. Материал жазатын сықақшылар қайда жүр сонда?
- Айтып отырғаның рас. Нұржан да Әбунасыр да сценарий жазуға  тоқтықтан емес, жоқтықтан барып жүр. «Тамаша» алғаш шыққан кезде Берқайыр Аманшин, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы ағаларымыз бастап, тайлы-таяғымызбен автор ретінде атсалысатынбыз. «Тамашадан» бізге «мынаны айтыңызшы, мына бір мәселені көтерейікші» деп тапсырма берілетін. Қазір ондай шығармашылық қарым-қатынас жоқ.  Өйткені, сықақшылардың жазғандарын газеттен оқысаң күлесің де, сахнаға шығарғанда  күлкілі болмай қалады. Әдемі скетч, интермедия немесе монологтар газеттің бетінен жап-жақсы оқылады, ал сахнаға апарғанда ешқандай күлкі шақырмайды.  Соған қарағанда сықақшылардың бірсыпырасы сахналық сатираның иірімдерін игере алмай, сахнаға лайықтап жаза алмай жатыр.
Кейде бұл әртістердің әртістік  шеберлігіне де  байланысты.
- Аға, біздегі пародия жанрының жағдайы да мәз емес-ау. Пародист Олжас Сыдықбек о баста Иманғали Тасмағамбетовтің, Жүрсін Ерманның, Бекболат Тілеуханның дауысын салып танылып еді. Қазір концерт сайын Иманғали Тасмағамбетов болып сөйлейді.  Аманғали да ит пен малдың дауысын қайталай береді. Анау Дәркен деген жігіт Президенттің дауысын салумен-ақ таусылды. Басқа әзіл-сықақ театрларының да пародияны қатырып жатқаны шамалы. Ә десе бәрі Мақпал Жүнісоваға, Нұртілеу Иманғалиға, Жанар Айжановаға пародия жасайды. Пародия жанры тоқыраудың үстінде ме қалай?
- Сен Олжас Сыдықбек, Аманғали, Дәркендер, таусылды дейсің. Олар таусылған жоқ. Бізде пародияға ілігер тұлғалар таусылды.  Кезінде мен пародия жасаған Шерхан Мұртаза  қария болды. Мұхтар Шаханов та шал тартып бара жатыр. Олжас Сүлейменов өзінің тіршілігімен шет елде жүр. Пародия аты алты алашқа мәлім, бүкіл халық білетін тұлғаларға жасалуы керек. Ал біздің тұлғалар кәрістің еккен пиязы секілді маусымдық тұлғалар ғой. Бір маусымнан соң таусылады. Тұлға болмаған соң пародия да жоқ. Әртістердің Иманғали Тасмағамбетовті, Әбсаттар қажыны қайталап сала беретіні сондықтан. Әншілерден ылғи да Алтынбек Қоразбаевты, Мақпал мен Розаны,  Жанар Айжанованы салады. Ал олардан кейінгі  Жұбаныш Жексенұлын, Сәкен Майғазиевті, алтын дауыстың иегері атанған Таңат Мамырханұлын салайын десе, олар пародияға кейіпкер болатындай дәрежеге, өнер жұлдызы дейтіндей деңгейге жеткен жоқ. Сондықтан жағдай осындай болып тұр.
Әңгімелескен - Қарлыға ИБРАГИМОВА  
«Халық сөзі» газеті

0 пікір