Жұма, 19 Сәуір 2024
Аласапыран 10165 21 пікір 4 Наурыз, 2021 сағат 13:58

Ашаршылықтың себептері мен салдары  

Жақында  Президент Қ.К.Тоқаев: «Қуғын сүргін мен ашаршылық құрбандарын ақтау» жайлы арнайы қаулы қабылдады. Соңғы күндері осы мәселе жайлы «Abai.kz» порталында біраз мақалалар жарияланды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: Ашаршылық зардаптарына тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстелде ашаршылық Кеңес Одағы құрамындағы елдердің ортақ трагедиясы екенін айтып, бұл мәселені аса саясаттандырмауды ұсыныпты.

Депутат Мұрат Бақтиярұлы: «20-30  жылдардағы ашаршылық геноцид емес», деп мәлімдепті.

21 ақпанда Өмірзақ Ақжігіт: «Қатты қателесіпсіз, депутат мырза», деген мақаласы жарияланды. Автор: «Ең өкініштісі - осы зұлматты Кеңес Үкіметі қолдаған және ұйымдастырған геноцид екенін әлі мойындата алған жоқпыз. Халқымыздың саны қазір 40-50 миллионға жететін еді. Ұлтымыздың 70 пайызы ашаршылық құрбаны болды», деп жазыпты.

Өкінішке орай, ашаршылық тақырыбы бойынша жарияланған мақалалардың біразында терең талдау жоқ. Кейбір ұлттарды жою үшін Сталиннің арнайы ұйымдастырған шарасы деп, Кеңестік жүйені кіналау басым. Мәселен Украинаның ұлтшылдары: «Өткен ғасырдың 20 жылдарындағы ашаршылық салдарынан 3 миллионнан аса тұрғын опат болды. Демек өмірге келе алмаған ұрпақтарды қоса есептегенде ұлт саны 8 млн адамға кеміді. КСРО-ның  мұрагері Ресей Федерациясы 10 миллиард доллар айып төлеу керек», деп талап қоюда.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары орын алған ашаршылық жайлы жалаң сөз бен ұранға берілмей тарихи деректерге сүйенген дұрыс. Осы орайда, қарт жазушы, қоғам қайраткері Ғаббас Қабышұлының 19 ақпанда: «Abai.kz» порталында жарияланған: «Ашаршылықтың салдары аз емес», деген   мақаласынан шағын үзінді келтіргенді жөн көрдім. Автор: «КСРО кезінде  біраз қияметтер болды, соның бірі 1921 жылы басталып, 1933 жылы аяқталған ашаршылық еді. Нәубет 1921 жылы Ресейден басталып оның 34 провинциясын қамтып, 5 млнға жуық адам көз жұмды», дейді. Иосиф Сталиннің тапсырысы бойынша ашаршылық жайлаған Ресей аудандарын аралаған жазушы Михаил Шолохов  жергілікті қаскүнем белсенділер қолхоздандыруға қарсы жасаған айуандықта шек болмағанын жазады. Оның негізгі ұйымдастырушылары Лениннің саясатына қарсы топ, сол кезде  Бүкілодақтық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Я.Свердлов (ұлты еврей, шын аты мен тегі: Ешуа Соломон Мовчович) және Л.Троцкий  (ұлты еврей, тегі Бронштейн) болған екен. Олар халықты Кеңес үкіметіне қарсы қою үшін өз адамдары арқылы неше түрлі қулық сұмдыққа барған. Кулактарды билікке бағынбауға, байлықтарын бермеуге астыртын шақырған  Автор 1920-1921 жылдары құрғақшылық салдарынан егін шықпай,   Украинада 3 млн 300 мың адам ашаршылық құрбаны болғанын жазыпты.

Өткен жылдан бері ұлтымыздың саны, ашаршылықтың себептері мен салдарына назар аударып, ақпарат жүйесінде жарияланған біраз деректермен танысып шықтым. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің билігі тұсында халық саны 700 мыңнан аспаған, Қасымханның кезінде бір миллионға тақапты, демек 300 жылда 1,5 есе ғана көбейген көрінеді. Табиғи өсім төмендігінің басты себептері жұт жылдарында қайталанатын ашаршылық пен індеттерден көшпенді халықтың қырылуы және жоңғарлар  шапқыншылығы болған көрінеді. Соңғы бір ғасырда ұлтымыз үш рет ашаршылыққа ұшырапты. Белгілі ағартушы және тарихшы, Алаш партиясының қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевтың деректеріне сәйкес, 1897 жылы қазақтардың саны 3,5 млн болған көрінеді. 1916-1918 жж табиғи апат салдарынан болған ашаршылықпен қатар, сүзек, тырысқақ, оба және т.б. індеттерден 1,5-2 миллионға жуық адам опат болыпты. Әрине азамат соғысының салдары да болған. 1926 жылы Қазақ АКСР-да 6 млн 128 мың  тұрғын тіркелсе, ұлтымыздың саны 3 млн 627 мың, 1930 жылы сәйкестіре алғанда 5 млн 837 мың және  4,5 млн болыпты. 1921-1922 жылдары жаз айларындағы құрғақшылық пен қыстың үскірік аязынан малдың 80 пайызға жуығы қырылып, бір миллионға жуық қандастарымыз ашаршылықтан көз жұмған көрінеді. 1921 жылы 1 желтоқсанда панасыз қалған аш жалаңаш балалар саны 128 мың болса, 1922 жылы 1 наурызда 408 мыңға жеткен.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін балаларды оқыту және халыққа дәрігерлік  көмек көрсету үшін халықты отырықшылыққа көшіру қажет болады. 1926 жылы 70 пайыздан астам қандастарымыз көшіп қонып жұрген екен, тек төртен біріне жуығы ғана тұрақты қоныстанған. Тұрғылықты халық мал шаруашылығымен айналысатындығын ескере отырып, ұжымдастыруды кейінгі қалдырмақ болады. Бірақ 1924-1933 жылдары республиканың партия басшысы қызметін атқарған Ф.И.Голощекин (ұлты еврей, аты жөні Шая Ицикович) республикада «кіші қазан төңкерісін жасау қажет», деп іске  кіріседі. 1928 жылы 826 мың қожалықтардың 11268 кәмпескеленеді, сол жылы 6 млн 509 мың ірі-қара мал мен жылқы, 18 млн қой, 1930 жылы жалпы алғанда 29 млн 549 мың мал болса, 1931 жылы 8 млн 612 мың, 1935 жылы   мал саны он есеге жуық кеміп, 3,5 миллионы қалады. 706 мың шаруақожалықтардың 5 пайызы немесе 42 мыңы аухаттылар болған екен.  Көршілес жатқан Қытай мен Моңғолияға бас сауғалап қашқандар бір миллоинан аса жылқы мен қойларды айдап өткені жайлы деректер бар. Қолхоздандыруға қарсы кейбір байлар малымыз кедей кепшікке тимесін деп әдейі қырған. Қараңғы халықты: «Колхоз дұрыс, бірақ малдарыңмен қоса, қатын қыздарың да ортақ болады», деп алдаған. Кәмпескелеу және жаппай  ұжымдастыру жылдары Атбасар, Ырғыз, Ертіс, Шу, Балқаш, Сарқан, Жетісу және т.б. аймақтарда мыңдаған адамдар көтерілістерге қатысқан. Созақ ауданында болған көтерілісті Ибадулла деген ирандық азамат, ағылшын мемлекетінің тыңшысы ұйымдастырған.

Ресей ғалымы, профессор А.Я.Алекссенконың деректеріне сәйкес, 1926 жылы қазақтар 3 млн 968 мың, өзбектер 3 млн 955 мың болса, 1937 жылы 2 млн 862 мың және 4 млн 350 мың. Демек біздің ұлтымыз 28%-ға азайса, көршіміз 15% -ға көбейген. Автор 1930 жылы Қазақстанда халық саны 1млн 860 мыңға немесе 47,9%-ға кемігенін жазады. Сириустың мәліметіне сәйкес,  1931 жылы ұлтымыздың саны 4 млн 236 мың болса, 1937 жылы 2 млн 862 мың. 1930-1933 жылдары орын алған ашаршылықтан халық саны 1,8 млн-ға қысқарған, оның ішінде шетелдерге ауғаны шамамен 600-700 мың. С.А.Нейшдадттың 1957 жылы Алматыда шыққан: «Социалистические преобразования экономики Казахстана» деген еңбегінде: Қытайға және басқа көрші мемлекеттерге 1 млн 30 мың қазақ көшіп кеткенін, олардың 617 мыңы қайта оралмағанын көрсетеді.

Тарих ғылымдарының докторы Қайдар Алдажұмановтың деректері бойынша 1930-1933 жылдар аралығында ұлтымыздың саны 2 млн 531 мың адамға азайған, олардың ішінде ашаршылықтан опат болғандармен қатар, алыс және жақын шетелдерге ауғандар бар. 1931-1932 жж Қытай, Иран мен Ауғанстанға шамамен 1 млн 130 мыңға жуық қандастарымыз қоныс аударған, олардың 454 мыңы елімізге қайта оралған. Қытай дереккөздеріндегі мәліметке қарағанда, Шыңжаң өлкесінде 1936-1937 жж тұрып жатқан 4 млн 360 мың халықтың  930 мыңы қазақтар болған. 1953-1954 жж олардың 417 мыңға жуығы Қазақстанға көшкен. Жазушы Қабдеш Жұмаділовтың мәліметіне сәйкес, 1953 жылы 400 мыңнан аса қандастарымыз Алтай өлкесінен    Отанына оралған.

Тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяғанның деректеріне сәйкес, 1929-1933 жылдары Қазақ АКСР-де 22933 адам қылмыстық жазаға тартылған. Олардың ішінде, М. Дулатов, М. Жұмабаев, С.Сейфуллин, І. Жансүгіров, Т. Рысқұлов сияқты белгілі тұлғалар мен алаш қайраткерлері бар, 3386 адам ату жазасына кесілген. А.Я.Алекссенко сол жылдары КСРО бойынша 700 мыңнан аса адам репрессияға ұшырағанын, олардың 158 мыңға жуығы саяси көзқарастары үшін жазаға тартылғанын жазыпты. Википедияда Троцкийдің серіктесі Ф.И.Голощекин террор ұйымдастыруға қатысы бар және Қазақстанда ұжымдастыру кезінде асыра сілтеп, өрескел қателер жіберіп,  ашаршылық жасағаны үшін 1940 жылы сотқа тартылып, 1941 жылы қарашада ату жазасына кесілгені жазылыпты. Ол Самара қаласының маңында жерленіпті. 1961 жылы ақталып, бейітінің басына сталиндік  репрессия құрбаны деген белгі қойылған көрінеді.

Енді ұлтымыздың саны бойынша соңғы деректерге көз жүгіртсек, 1939 жылы   КСРО-да өзбектер саны 4 млн 845 мың адам болса, 1989 жылы 16 млн 698 мың. Қазақтар сәйкестіре алғанда 3 млн 100 мың және 8 млн 136 мың,        демек елу жылда көршіміздің өсімі төрт есеге жуық, біздікі 2,3 есе ғана.    2020 жылы Өзбекстанда халық саны 32 млн-ға жақындаса, бізде18 млн 896  мың, оның 70 пайызға жуығы қандастарымыз. Бұл арада Қазақстан халқының екі миллионға жуық өсімін Қытай мен Моңғолия, Өзбекстаннан және т.б. көрші елдерден оралған қандастарымыз қамтамасыз еткенін ескеру қажет. Олардың отбасы екі үш баламен шектелмейді, көбінесе көп балалы.

Жер тырмалаған көршіміз өзбектер біздің ұлт сияқты ашаршылықтан қырылған жоқ. Жері көбінесе тау тасты, жабайы аңдар мен құстарға бай негізгі кәсібі мал бағу, қырғыздар да нәубәттен аман қалған, ашаршылық жылдары біраз отандастарымыз осы елде пана тапты. Осыған орай, Ғаббас Қабышұлының «Abai.kz» порталында жарияланған мақаласынан шағын үзінді келтіргенді жөн көрдім. 1947 жылы 7 сыныпта оқып жүргенде әкесінің бір туысымен әңгімесі есінде қалыпты. Әкесі: ашаршылықтан бұл ауылдағы  73 түтіннің 32 тірі қалғанына шүкіршілік дедік. Қайыңдыда 41 жанның оны ғана аман қалды. Сол жылдары бір отырыста комиссия төрағасы: «Әй жолдастар үш ауылдың да орманы аң мен құстарға толы емес пе? Солай бола тұра халықтың аштан өлгені қалай?», деп сұрапты.

Қорыта келе айтарым, өткен ғасырдың отызыншы жылдары асығыс жүргізілген жаппай ұжымдастыру салдарынан болған ашаршылық салдарынан біраз қандастарымыз қырылды. Ұлтымыздың келешігін ойлап    солақай саясатқа қарсы шыққан алаш қайраткерлері мен белгілі тұлғалар «халық жауы» деп айыпталып, ұзақ мерзімге түрмеге тоғытылды, біразы  атылды. Осының бәріне Кремлде отырған бір-екі адам мен тұтас орыс халқы кінәлі деп ойлау дұрыс емес. Өзіміздің арамыздан шыққан «шаш ал десе бас алуға дайын» шолақ белсенділер мен атқамінерлер аз болған жоқ. Біраз алаш ардагерлерінің түбіне арызқойлар мен жалақорлар жетті. Олар бүгінгі таңда   Голощекин сияқты жазықсыз репрессияға ұшырағандар қатарында болуы мүмкін. Ең бастысы ұлтымыз жалқаулықты, жатыпішерлікті, көреалмаушылықты қойып, таза еңбек етіп, соның жемісін көруі керек. Бүгінгі таңда қоғамда белең алған жемқорлық пен парақорлық еліміздің болашағына көлеңке түсіруде. Ол жайлы арнайы мақала дайындап жатырмын. Жақын арада «Abai.kz» порталына жібермекпін.

Мұрат Қойшыбаев

Abai.kz

21 пікір