Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3893 0 пікір 29 Наурыз, 2012 сағат 12:49

ТҰРЫСБЕК СӘУКЕТАЕВ. ӘУЛИЕЛЕР ЖЫЛАҒАН КҮН

 

(Новелла)

Үш күнгі қидаласқан қызыл сүрең атыс-айқастан қансырап, ұлы денесін жинай алмай талықсып кеткен шағын қала таң бозынан тағы да өксіп оянды. Таң дейді-ау, таң ба, түс пе - айырып болғысыз. Ұлы Үстірттің күн көрмегеніне бүгін үшінші тәулік. Құданың құдыреті, жендет қолындағы көксауыр автомат алғаш рет шаңқ етіп ажал құсқанда шошып оянып зарлай жөнелген жел екпіндеп, ұйтқып, аласұра ышқынып, ақыры сұрапыл дауылға ұласқан. Содан бері әлі жағы семген жоқ. Үйлердің шатырын жұлып, қаусаған талай қамыс қора-қопсыны төңкеріп тастады. Қырбақ қар жым-жылас. Шыт-шыт жарылып ырсиған жерді тырналап топырақ суырған дауылдан қара аспан шайқалады. Асау Үстірт мөңки жөнелер бесті айғырдың сауырындай қалш-қалш дірілдеп, сұс жиып тұр.

 

(Новелла)

Үш күнгі қидаласқан қызыл сүрең атыс-айқастан қансырап, ұлы денесін жинай алмай талықсып кеткен шағын қала таң бозынан тағы да өксіп оянды. Таң дейді-ау, таң ба, түс пе - айырып болғысыз. Ұлы Үстірттің күн көрмегеніне бүгін үшінші тәулік. Құданың құдыреті, жендет қолындағы көксауыр автомат алғаш рет шаңқ етіп ажал құсқанда шошып оянып зарлай жөнелген жел екпіндеп, ұйтқып, аласұра ышқынып, ақыры сұрапыл дауылға ұласқан. Содан бері әлі жағы семген жоқ. Үйлердің шатырын жұлып, қаусаған талай қамыс қора-қопсыны төңкеріп тастады. Қырбақ қар жым-жылас. Шыт-шыт жарылып ырсиған жерді тырналап топырақ суырған дауылдан қара аспан шайқалады. Асау Үстірт мөңки жөнелер бесті айғырдың сауырындай қалш-қалш дірілдеп, сұс жиып тұр.

Жылап оянған қаланың өксігі үдей түсті. Әр тұстан, көше-көшені бойлай лек-лек  боп биік арқа табыт көтергендер көрінді. Бір табыттың артынан көзден аққан жасы қонышына құйылып бір жұдырықтай қара бала «көке, көке!» деп шырқырап келеді; екіншісінің артында белін күлдәрімен буған жас келіншек қара шашы жайлып: «арысым-ау, мені кімге тастап кеттің!» деп боздап ол келеді; келесі табыттың артында: «құлыным-ау, сені алғанша бұл Құдай мені неге алмайды!» деп бір кейуана екі жағына кезек теңселіп аңырап келеді. Одан кейінгі... одан кейінгі... барған сайын қарасы молайып іркес-тіркес шұбаған табыттардың әрқайсысының соңында қос-қостан, бес-бестен боздаған бейбақтар.Тұнжыраған қаралы топ қан жұтып, еңіреген жетім-жесірдің көз жасын кешіп келеді. Көше-көшеден қосылып  бір-біріне ұласқан қаралы лек  ұлан көшке айналды. Қара өзеннің  жалында қаптаған қара табыт ағып барады қалталақтап. Боздаған  ұзын-шұбақ көштің етек-жеңі жиналып, қала сыртындағы ескі сүрлеуге түскенде, ақ таяққа сүйенген қария ақ сақалын жел сабалап, оң қолын көтерді:

-       Жә, ағайын, тый жасыңды. Адай өлімге жыламайды. Қатайып, қашанда қайрат тапқан өз бойынан!..

-       Адай да адам! - деді  палуан денелі төртпақ сары қарияның сөзін

кимелеп. - Ет пен сүйектен жаралған пенде. Оның да жүрегі бар. Әкесі өлсе, неге жыламайды?  Құдай қосқан қосағы өлсе,  неге егілмейді? Баласы өлсе, неге қабырғасы сөгілмейді? Жыла, халқым! Көз жасың сарқылғанша бозда. Осы қасыретіңді ұмытпа, ағайын!

Азалы шеру ары қарай жылжыды. Қарсыдан соққан дауылды қақ жарып, тау бөктеріндегі Баба бейітке қарай өрлеген. Ұрпағының шер мен зарынан аруағы күңіренген үш жүз алпыс әулие қабірінен тұрып, ақ кебіні сүйретіліп, ақ сақалының ұшынан жас тамшылап қаралы топқа қарсы жүрді. Кенет дауыл сап тиылып, аспанды торғындай ақша бұлт торлап алды. Желтоқсанның бет жалаған ызғарында ақша бұлттың бауырынан сорғалап жылы жаңбыр сіркіреді. Ақша бұлт жер бетіне жақындап төніп келді де, ілкі сәт әулиелер  әппақ сақалына табыттарды орап көкке қарай іліп ала жөнелді. Жаратқанның хикматына таң-тамаша болған қалың жұрт шу ете түсті. Көкке қолдарын жайған күйі: «Құдыреті күшті Жаппар ием,!.. Уа, аруақ!.. Пір Бекет!..» десіп, жапа-тармағай жерге тізерлей кетіп, Аллаға мінажат қылды. Ақша бұлт барған сайын биіктеп, биіктеген сайын кішірейіп тұңғиыққа жұтыла берді. Аққайраңның құйрығындай бұлт етіп соңғы сәуле көз ұшынан үзілгенде қабарған кеңістікті түн басты.  Қара дауыл қайта қаһарына мінген.

х  х   х

Сүйінғали бүгін баласының үшін бермекші. Долы жел қасіретке зар қосып қара шаңырақта қобыз ойнап тұр.  Азаты биыл жиырмаға толып еді. Тұлабойы тұңғышы. Ел азат болғанда туған соң қуанып атын Азат қойып еді, өмірі мұндай қысқа болар ма? Қасарысқан дұшпаның емес, безірейіп тұрып өз бауырың өзіңді атты ғой. Бәрінен сол күйік.

Қаланың ортасында мал ұстау қиын. Айналаң сіңірі шыққан өңкей кедей. Ұят-иманнан безген, көзің тайса болды, қағып кетеді. Сүйінғалидың ауыздарын аққа тигізіп отырған жалғыз  қоңыр сиыры бар. Туғанша сауылатын жылдым. Биыл жаз бойы ереуілде жүріп, күйлеген кезде  бұқаға апарып қоса алмай қысыр қалды. Қаралы үйде малға қара хал бар ма, судың өзі аузына бір күн тисе, бір күн тимей, қораны басына көтеріп азан-қазан ұлып тұр, міне. Таңертең Сүйінғалидың інісі Ыбраш пышағын қайрап отырып:

- Көке, мынау жілігі татымайтын арық қой, обал емес пе?.. - деген міңгірлеп. Сүйінғали көзі ақшиып ақырып тастады:

- Обал болса, мені сояйын деп пе ең? Өзім де пышаққа түскім кеп отыр. Жоқты жонасын ба, оттамай жылдамдат!..

Міне, енді қақыра астындағы тайқазанда қоңыр сиырдың көкжасық шандыр еті бүлк-бүлк қайнап жатыр. Елдің алды келе бастады. Іштегі зарлаған әйелдердің жоқтауын тақтай есіктің қисайған аузы ашылып-жабылған сайын үзіп-жұлып сыртқа айғайлап тұр.

Суықтан беті домбығып дірдек қаққан қара бала үйге еніп:

- Аға, сізге сыртта біреулер келіп тұр, - деп естілер-естілмес сыбырлағанда, Сүйінғали іш жиып, тіксініп қалған. Жалма-жан қайырма пештің мойнында жатқан мүйіз сап қабан пышақты шап беріп, керзі етіктің қоншына сүңгітіп жіберді.  Полицейлер ереуілге қатысқандарды үйлеріне кеп ұстап жатыр дегенді естіген. Тықыр бұған да таяған-ау, шамасы. Баласының қарасын өткізгенше де шыдамдары жетпегені  ғой. Олардың қолына түсіп қор болғанша Азатынан жаны аяулы емес. Қаны қарайып шиыршық атқан Сүйінғали тап қазір қарсы алдынан топты полицей кездессе де, жастығын ала жатуға тастүйін бекінген. Екі көзі қанталап қақпа алдына атып шыққанда, дөңкиіп көлденең тұрған «Land Cruizter» көрді.  Мөлт қара джиптің алдыңғы есігі есіней ашылып, бұзау тұмсық қоңыр бәтіңкенің табаны жерге тигенде, есіктің қалқасынан құндыз бөріктің төбесі әзер шалынды. Тәпелтек сары жігіт құлдыраңдап, екі қолын соза ұмтылды. Компанияның өкілі. Көптен көз таныс. Жаз бойы ереуілшілердің алдына талай келіп, қытай бастық пен бұлардың арасына тілмаш болған. Мұның самарқау ұсынған қолын қос уысына сүңгітіп жіберіп босатпаған күйі сәлемнен кейін:

- Жүріңіз, аға! - деп машинаға қарай жетеледі. - Сізге компания бастығы Ли Куй мырзаның өзі  келіп тұр.

Әй-шайға қарауға шамасы келмей жігіттің жетегіне еріп алға аттай берген Сүйінғали мына сөзді естігенде қалт тоқтай қалды.

- Немене, құда түсейін деп пе екен? - деді ажырайып.

- Ой, аға, қызықсыз. Сізге көңіл айтпақшы.

- Ендеше неге жерге түспейді? Үйге жүріңдер.

- Үйге кірмей-ақ қояйық. Ли Куй мырза тұмау тиіп науқастанып отыр.

Сіркесі су көтермей тұрған Сүйінғли одан сайын қитығып қалды. «Ой, анаңды сенің! - деді ішінен тістеніп. - Көңіл айтқан түрін қара иттің баласының. Азаның үстінде де әлдеқандай боп шіренуін!..»

- Ана Хұйыңа айт, жолы болсын. Қайыр!

- Аға, тоқтаңыз! - деді тілмаш жігіт жеңіне жабысып. - Мырзаның бұйымтайы бар.

- Ол не бұйымтай?

Жігіт машинаның есігіне басын тығып ау-жайды түсіндіріп еді, анау әлдене деп барқ етті. Іле артқы есік ашылып, іштен мырзаның өзі созалаңдай түсті. Бет-аузын тұмшалап маска тағып алыпты. Құндыз бөркін баса киіп, көзілдірігі ғана жылтырайды. Екі қолының ұшын түйістіре маңдайына тақап, басын үсті-үстіне иді. Көзін төмен салып, маска астынан даусы тұншыға күңгір-күңгір бірдеңе деп, тілмаштың бетіне қараған.

- Ли Куй мырза сізге көңіл айтады. Қайғыларыңызды естіп, біздің де қабырғамыз қайысты дейді.

Сүйінғалидың езуін мысқыл түртті: «Атаңның басы, жаман қатты қайғырған шығарсың!»

Мырза жарғақ тонының қалтасынан алып, бір бума екі теңгелік ұсынды.

- Бұл не? Жаздайғы бермеген айлықтарының өтеуі ме?

- Жоқ, сізге көрсеткен жәрдеміміз.

- Маған садақаның керегі жоқ. Біз сендерден жылу сұрадық па? Табан ет, маңдай теріміздің ақ-адал ақысын талап еттік. Осынша қор болатындай кімнен сорлы едік? Міне, ел мен жердің иесімін деп жүрген мен қандаймын, сен қандайсың? Тентіреп келіп талтайып тұрсың. Баламның аруағын арам ақшамен былғамаймын! - Ұқпаса да сөз ауанын шамалап, жанары көзәйнектің томпақ шынысымен бірдей боп алайып шатынап бара жатқан Куй мырзаның бетіне қарай уысындағы ақшаны шашып кеп жіберді де жалт бұрылып, қақпаға беттеді. Дүр етіп үріккен торғайдай желге ұша жөнелген ақшаны теріп екеуі екі жақта тоңқаңдап жүр. Әсіресе, Ли Куй мырза өз тілінде әлдене деп баж-бұж етіп, әуелей ұшқан  көк қағаздарды қуалап алай бір, былай бір жүгіреді далбаңдап...

Нәзірге жиналған елдің соңын ала Оспанқұл да төбе көрсеткен. Аяғы тартпаса да, өзін зорлағандай ғып ұялғаннан келіп еді. Сүйінғли екеуі бір сыныпта оқыған, бала кезінен бірге ойнап, бірге өскен  дос. Азатты өз баласындай көретін. «Аға, сіз сияқты полицей болғым келеді!» дейтін үстіндегі формасына қызыға қарап.  Грантқа түсе алмады, ақы төлеп оқытуға әке-шешенің қолы қысқа. Әскерге барам деп тәуір-ақ ұмтылып еді, комиссариаттағылар кеудесінен итерді. Аяқ-қолы балғадай жігітті анау деді, мынау деді,  қырық түрлі сылтаумен жолатпады. Екі жыл сенделіп жүріп-жүріп, биыл ғана мұнай компаниясына орналасқан. Ақыры былай болды. Азат мерт болғалы Сүйінғали екеуінің арасы қарадан-қарап күрт суынып кетті. Форма киіп, қару ұстағандардың бәріне деген жеккөрініш еріксіз бұған да салқынын тигізетіндей, Сүйінғали көрген жерде түсін бермей тымырайып тұрғаны.  Бұл да өзін оның алдында біртүрлі кінәлі сезініп, именшектей беретін ғадет тапты.  Міне, қазір де  Сүйінғали ұсынған қолын әзер алып, көк тастай көгіс тартқан беті ызғар бүркіп теріс айналды. Оң жақтағы әйелдер жайғасқан бөлмеде Ғайнижамал дауыс салып отыр. Қарлыққан, әлсіз, зарлы дауыс. Ара-арасында талықсып кетіп, көзін ашқанда аңырап қоя береді:

- Маңдайға симай кеттің-ау, құлыным!.. Сені атқан жауыздың жетпіс жеті ұрпағын лағнет атсын! Үрім-бұтағы оталып , дәл мендей зарлап қалсын!..

Оспанқұлдың жүрегі солқ етіп, қалтырап кетті. Көзге шыққан сүйелдей болмайын деп, үстіндегі формасын тастап жай свитер кие салған. Сонда да жұрт жатырқап, тоң-торыс сыртын беретін сияқты. Бұрынғыдай: «О, Осеке, жоғарлатыңыз!» деген бірі жоқ. Жалт етіп қараған оқты, зілді көздердің сұсынан қысылып, дөңкиген бойын қалай жасырарын білмей, босаға жақтағы бала-шағаның шетін ала тізерлей кетті.

Төр жақтағы қырма сақал әлдебір үзіліп қалған әңгіменің ұшын сабақтады:

- ... Қаншама ай тұрғанда, өздерің білесіңдер, бүлдірейік, бұзақылық жасайық деген ниетіміз болды ма? Бар болғаны - еңбегіміздің ақысын талап еттік. Сол күні әне бір қара күртке кигендердің қайдан шыға келгендерін білмеймін... Енді бәріне кінәлі біз боп отырмыз!.. - Қырма сақал түйіліп төмен қарады. Оң тізесін баса отырған қағылез, қара жігіт жүзі құбылып, орнынан қозғалақтап сөзге араласты:

- Иә, деймін-ау, бүлдірген сол қара киімділер. Құдай біледі, елді арандату үшін әдейі жіберді. Арасынан Таңсықбайдың әлгі бандит баласын байқап қалдым. Ол неме шешендерді пышақтап төрт жылға сотталып келмеп пе еді?

- О, тоба, бұлардан бәрі шығады!.. - Мұрнының алдын  таңқитып қырып тастаған тақиялы қария қаба сақалын уыстап басын шайқады.

- Құреке, сізді сұраққа шақырды ма? - деді қатпа қара қырма сақалға бұрылып.

- Е, бардық қой... - Құрекең жақ еті шақпақтанып, жұтынып алды. - Осы ептиаумайт, мелисадағылардың саудың тамағын ішіп, аурудың сөзін сөйлейтіні несі? Маған: «көтерілісті кім ұйымдастырды, соны айт» дейді оттап. «Оны ана қара киімділерден сұра!» дедім.

- Мә, мелиса демекші, алағай мен бұлағайда ұрты майланған солар! - деді шегір көзді жігітағасы ентелеп. - «Қасқырдың аузы жесе де - қан, жемесе де - қан» демекші, бүлінгеннің бәрін ереуілшілерден көріп отырғанымен, өздерінің де оңып тұрғаны шамалы. Кеше менің жетіншіде оқитын кенжем айтып келді. Ана ушескавой Ғибадолланың маңқа қызы сыныпқа алтын шынжырлы алқа тағып келіпті. Папам әкеп берді деп бүкіл сыныптағы қыздарға мақтанып көрсетіпті!

Отырған ел елеңдесіп, орындарынан қозғалақтап кетті:

- Біреу тойға айналса, біреу қойға айналады деген осы-ау!

- Бисен қасқа бекер зарламайды екен ғой. Үптеп жүрген аналардың өздері десеңші!

- Анасын ұрайын, сол иттің атын атамашы. Күнде тілвизрден мияулап жылап миды шірітіп бітті. Суды сыраның құнымен сатып, әбден есірген жоқ па. Сол сауап! Дүкенімен қосып  өзін де өртеп жіберу керек еді!..

- Қара қасқада ес болсашы, тіпті. Ел азаматынан айрылып еңіреп жатса, ол малым деп мөңірейді!..

Төрдің басында тік шаншылып отырған сұлу өңді, жасамыс молла қалың қабағын серпе айналасын бір шолып өтті де тамағын кенеді:

- Жә, ағайын, пәнидің әңгімесін айта берсек таусылмайды. Сырттан тон пішіп, күнә арқалап қайтеміз. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екені бір Аллаһқа ғана аян. Ал, жиналып болсақ, аруаққа бағышлап хатым шығарайық! - деп қырық бұрма хиракатын келтіре құран мақамын әуезді қоңыр дауыспен толқыта созды...

Ас қайрылғаннан кейін, үздік-создық түрегелген көптің ортасына ала Оспанқұл да сыртқа беттеген. Ауыз шаймақ боп есік алдындағы қолжуғышқа кимелеген үлкендерге жол беріп, шетке қарай ығысып тұрды. Қораның қалқасындағы кір жаятын жіпте қан жұққан көкшіл куртка ілулі тұр екен. Күләпарасы салбырап жерге арлы-берлі тербеледі. «Мынау Азаттың курткасы ғой. Оқ дәл жүрек тұсынан қадалыпты...» деп екі-үш жігіт самбырлап, аударып-төңкере бастаған соң бұл да солай қарай жақындаған. «Puma» деген арқасында ақсиған жазуы бар көкшіл куртка. Атылғалы тұрған қабыланның басын қызыл-күрең   қан жұтып қойыпты. Дәл ортасында оқтын орны түймедей боп қараяды. Оспанқұлдың жүрегі мұздап қоя берді. Буын-буыннан әл кетіп, шайқалақтап құлай жаздап барып қораның қабырғасына сүйенген. Сол сурет! Сонда бұл!.. Ары қарай ойлаудан жаны түршігіп безек қаққанмен, сол бір сұрапыл сәт бәрібір көз алдында тұрып алды.

... Қала әп-сәтте қара түтінге қақалды. Есік-терезесінен жалын лаулаған дүкендер. Төңкеріліп, гүрс-гүрс жарылған машиналар. Айғайға басып еліріп алған қалың нөпір жолындағының бәрін жайпап ентелеп, екпіндеп келеді. Қыздырмалатып қызыл отқа май құйып жүрген қара киімділердің қағаберіс-қалтарыстарда жылыстап қалып жатқанын байқаған ешкім жоқ. Мұздай қаруланып әкимат үйінің айналасында қатар-қатар шеп құрған бұларды кеуделей соғып тықсыра түсті. Пластмасса қалқанға сілтенген таяқ, лақтырған тас-кесек қардай борады. Ақырған, айғайлаған у-шу дауыс құлақ жарғандай. Кенет бүйір тұстан автомат сақылдап қоя берді де, нөпірдің алды жапырыла құлады. Сонда ғана қара тасқын кейін серпілген. Бірін бірі баса жаншып шашырай шегінді.

- Атыңдар! - деді командашы рупормен айғайлап. Жан-жаққа бытырай қашқандардың соңынан бұлар қуып келеді; бытырлатып атып келеді. Қуалап жүріп кісі атқанды кім көрген, үрейден не істеп-не қойғанын білмей есеңгіреп келе жатып Оспанқұл да көздесемтен шүріппені басып қалған. Анандайда сереңдеп қашып бара жатқан біреу тұмсығымен жер сүзе мұрттай  ұшты. Екі аяғымен жер теуіп тыпырлап жатыр. Жанай жүгіріп өтіп бара жатып көз қиығын тастап еді, көк куртканың арқасындағы қабыланның көзінен қан атқақтап жатыр екен...

Таң қараңғысы ма екен, әйтеуір күні бойғы ұлы сүргіннен тұлабойы салығып үйге келген беті сол екен дейді. Табалдырықтан аттай бергенде екі жыл бұрын өліп қалған әкесі шап беріп алқымынан ала түскені. Шықшыттан бір періп сұлатып салды да кеудесіне мініп алды. Басың-көзің демей төпеп жатыр. Жағасынан қос қолдай қысып қылғындырып барады. Мінезі ұрт, қатал кісі еді. Ашу үстінде қолына түссең оңдырмайтын.

- Көке-ау, не істедім?!! - деді жандәрмен қырылдап.

- Не істедім деуін! Бала-шағаңның алдына не бетіңмен келдің? Атылып өлуің керек еді!

- Не үшін?

- Азатты атқан кім?

- Мен атқам жоқ... Атқызды.

- Кім?

Оспанқұл қолы дір-дір етіп сұқ саусағын жоғары көтерді.

- Құдай ма? - деді әкесі ызбарланып.

- Жоқ.... Одан да мықты... Менің бастығым!

Сол екен алқымындағы жабысқан тас шеңгел сылқ босады.

- Ендеше сөз шығындамай-ақ қояйын. Сенің құдайың басқа екен!..

Оспанқұл үрпиіп орнынан тұрам дегенше, есік ашылған да, жабылған да жоқ, әкесі жым-жылас ғайып болды. Үсті-басы үйпе-түйпе. Оң жақ иығындағы погоны жұлынып қалыпты. Тар дәліз алакөбең. Қос бүйірдегі есіктерді сықырсыз кезек ашып сығалады. Әйелі де, екі ұлы да қаннен-қаперсіз ұйқыда. Әкесі екеуінің жаңағы арпалысып, айғайласқан дауысынан да оянбаған-ау, сірә. Оспанқұл кеш үйленген. Екі ұлы әлі жасөспірім. Есікті ашып қайтадан қарады. Үрлемелі кең матрац үстінде бір біріне жабысып жатқан балаларын көргенде, Сүйінғали мен Ғайнижамал есіне түсті. Жүрегі шым етіп удай ашып қоя берді. «Бишаралар не күйде екен қазір? Бұлай ұйықтау қайда енді оларға. Күні де, түні де түнек қой сорлылардың. «Көке» деп баласындай еркелейтін Азатты шынымен-ақ атқаны ма? Қайтіп енді осындай қандықол зұлымдықтан кейін жер басып жүрмек?» Әлдеқайдан Ғайнижамалдын зарлы үні құлағында күңіренді:      « ... Құлыным-ай, сені атқан жауыздың жетпіс жеті ұрпағын лағнет атсын!.. Үрім-бұтағы оталып, дәл мендей зарлап қалсын!..» «Ана қарғысы - оқ» дегенді сәбиінен естіп өскен Оспанқұлдың жаны ышқынды. Өзек қалтыратқан үрейден бір-ақ сәтте бүкіл өмірі итке лақтырған сүйектей, мәнсіз, керексіз бірдеңеге айналып,  бәрінен жерініп, түңілген қалыпта мәңгіріп тұр. «Бар  пәлекет өзіммен кетсін. Бала-шағамнан аулақ!..» Шалт қимылмен сауырындағы салбыраған қораптан тапаншасын суырып алды да оң жақ самайына тіреп, ойланбастан шүріппені басып қалды.Бүкіл денесі жұдырықтай нервке айналып, сұрапыл сәттің азабын күтіп қарысып тұр. Тапанша атылмады. Тағы да басты. Тағы да үнсіз. Ыза буып саусағын үшінші рет шүріппеге апара бергенде, әлдебір зілді дауыс кекесінмен мырс етті:

- Оңай құтыла салмақ екенсің, сабазым! Жоқ, оның бола қоймас. Өлімнен де қорқынышты өмір бар. Сенің ендігі еншің - сол итқорлық!..

- Жоқ, мен өлем! Өлем!..

Айғайлаған даусынан өзі шошып оянды. Бағанағыдан бергінің бәрі түсі екен. Жүрегі атқақтап кеудесіне сияр емес. Өнебойы малшынып қара терге түсіпті. «Қайда жатырмын, осы?» дегендай таңырқап айналасына қараған. Өз үйі, өлең төсегі. Сарғайып атқан қысқы таңның  саусақтары қалтырап қырау басқан терезенің суқараңғы көздерін сипалақтап жүр. Шашы үйпе-түйпе боп қасында қорылдаған әйелі теңкиген бөксесімен керуеттің торын солқ еткізіп теріс қарай төңкеріліп түсті:

- Түу, теке сияқты бақылдап  түнімен ұйқы бермедің ғой кісіге!

Тапаншасын жастығының астына тығып жататын. Оны да суырып қолына ұстап алыпты. Оң жақ шекесі ауырсынып лық-лық етеді. Шынымен ұңғысын тірегені ме? Сақтандырғышы ағытылған. Жалма-жан  оқпанын ашып қарап еді,  екі оқ тұр. Қалай атылмаған? Әлі де түстің әсерінен айыға алмай дел-сал теңселіп орнынан тұрды. Жатын бөлменің есігін сықырсыз жауып, дәліздегі шамды жақты. Қабырғадағы шарайнадан өзін көріп танымай қалды. Беті бір жағына қисайып кеткендей, сол жақ шықшыты жұдырықтай шодырайып көлкілдеп тұр. «Төсектің қырына соғып алған шығармын» деп ойлаған. Айнала беріп, еденде жатқан погонды көргенде денесі дір ете түсті. Ілгішектегі курткасының бір иығы жұлынып қалыпты. «Сонда қалай? Әкесінің түнде келіп мұны сабағаны, погонын жұлып алғаны рас болғаны ма? Бұл не тылсым?» Өңі қайсы, түсі қайсы - аражігін ажырата алмай мәңгірген күйі шайқалақтап барып екі қолын тірей қабырғаға сүйенді. Өңі түсі сияқты, түсі өңі сияқты, күмәнді ойдың желкені қалтылдап әр жағаға бір соғады.

Бір шамадан соң киініп сыртқа шықты. Үйдің ығынан аттай бергенде жағы сембей ұлыған қара дауыл қара төбеттей арс етіп етек-жеңінен ала түсті. Тиген жерін темірдей қарып, осып-осып өтеді. Айнала жым-жырт. Өлі қала. Көше-көшенің қиылысында ұңғылары сорайып БТР-лар қарауытады. Оспанқұлды қара дауыл алдына салып иен көшемен қуып келеді. Суықтан дірдектеген жалаңаш жер аяқ басқан сайын дүрс-дүрс жаңғырып, тұншыға өкіріп жатқандай. Оспанқұлдың кабинеті полиция департаментінің бірінші қабатында. Табан астындағы жертөледен де кейде осындай шыңғырған, өкірген дауыстар еміс-еміс естіліп қалатын. Департамент қаланың бір қиырында еді. Әудем жер таяғанда бедірейген бетонбет үйдің төбесінде үйіріліп жүрген ақ бұлтты көрді. Түсінде көрген ақша бұлт. Желдің өтінде ұшқындап жаңбыр сіркіреп тұр. Жып-жылы екі тамшы Оспанқұлдың екі көзіне тамды. Тұлабойы дір етіп, сол-ақ екен өз өзінен өксіп көз жасына ие бола алса кәне. Жаңбырмен қосылып ыстық жас бетін жуды. Өмірі бүйтіп босап көрмеген шығар, езіліп, үгітіліп көкірегі қопарыла өксіді. Қыстыққан құса, запыран, іштегі барлық кір  ағыл-тегіл ақтарылып жатқандай... Солығын басқанда, көз жасына шайылған  өң-бояуы айқын басқаша әлемді көрді. Сұс жиып қатайып алды. Сенімі нық. Бір жақ шықшыты шодырайған, бір жақ погоны жұлынған полиция капитаны ер жігітке тән әлдебір тәуекелмен қарыштай басып, келесі сәтте  қаһарлы мекеменің есігінен екпіндей еніп келе жатты...

 

«Абай-ақпарат»

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3519