Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4589 0 пікір 1 Наурыз, 2021 сағат 17:00

Ассамблея Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жиын өткізді

Жүзден аса ұлты пен ұлыстың басын біріктіріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Алғыс» айту күнінің 5 жылдығына орай дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев арнайы қатысты. Сонымен қатар, аталған шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Ассамблея төрағасының орынбасарлары М.Бекбаева мен З.Кузиев, Ассамблея атынан сайланған Мәжіліс депутаттары, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен өзге де өңір басшыларының орынбасарлары, ҚХА-ға мүше этно-мәдени бірлестіктер өкілдері т.б. қатысқан.

Іс-шараны Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ашты. Ол өз сөзінде биылғы жылғы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен аталып келе жатқан «Алғыс айту» күнінің 5 жылдығының мән-маңызына тоқталды.

«Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет болып құрылуы мен дамуының бастауында болған азаматтарға айрықша алғыс айтуымыз керек», - деп сөз бастаған Мемлекеттік хатшы: «Ең әуелі, сандаған ғасыр бойы азаттық пен егемендік аңсаған ата-бабаларымыздың осы арманын жүзеге асырғаны үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғысымызды білдіруіміз керек», - деді.

Сондай-ақ, өз сөзінде Қырымбек Елеуұлы бүгінгідей заманауи сын-қатерлерге бейімделген ұлттық, мемлекеттік бірегейлікті қалыптастырудың қазіргі жағдайында президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси һәм экономикалық реформаларының маңызы ерекше екенін айтты.

«Қазақстан қоғамын шын мәнінде рухани жаңғыртудың маңызды бағыты - ол саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі ауқымды жұмыстар. Тоталитаризмдік жүйе тепкісінен зардап шеккен өзге халықтар үшін қазақ жері баспанаға айналды. Тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің алғашқы қадамы ол - әділетсіз сотталғандардың адал есімін ақтау. Міне, біз ұрпақтардың жадында осыны қалдыруымыз керек», - деді Көшербаев.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде тарихи әділеттілікті қайта қалпына келтіру ісі – ашаршылық пен «Алаш» қозғалысының жетекшілерінің тағдырына және халқымыздың тарихын бұрмалау әрекеттеріне де қатысты екенін айтты.

Дөңгелек үстел барысында, «Тұңғыш Президент жолымен – бейбітшілік пен келісімге 30 жыл» халық экспедициясы» ҚХА жобасының және «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық марафонының тұсауы кесіліп, жиынға қатысушы этно-мәдени бірлестік өкілдері, депутаттар мен министрлік жетекшілері де сөз алды.

Abai.kz

0 пікір