Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 10543 6 пікір 1 Наурыз, 2021 сағат 12:03

Біздің рахметімізге кім мұқтаж?

Бүгін алғыс айту күні. Осыған орай, Құдіреті шексіз Жаратушыдан бастап, жұмыр басты таныс-білістің  бәріне алғыс айтушылар көбейеді. «Суды  сіңер жеріне құй»-дегендей, алғысты да алғысқа мұқтаж адамына айту азбал. Алғыс - риза көңілмен айтылатын рахмет. Ол сөзбен, іспен, сыйлықпен де көрініс табады.

Кімге рахмет айта аламыз? Бәріне айта аламыз! Жаратқанға, күнге, суға, ауаға, жерге, гүлге де. Ата-ана, туыс-туған, дос-жаран, көрші-көлем, ұстаз-әріптес, ауылдас тағы басқа ізгі ниетті, көмек көрсетуге бейім адамдардың бәрі де алғыс айтамыз. Олардың бәрі де алғысқа лайықты. Бірақ, аз-кем ойланып көрсек, біздің алғысымызға  шынайы мұқтаж адамдар бар. Олар кімдер? Ол үшін алдымен біз өмірде жиі айтатын рахмет сөзі қайдан шыққанына назар салайықшы. Сөз төркініне зер салсақ, ол сөз өзіне көмек көрсеткен пендесін «Құдай жарылқасын, рахметіне бөлесін» деген көмек алушының ықыласынан шыққан сөз екені белгілі. Олай болса, Құдайға қалай рахмет айтамыз? Құдай сені кім рахметіне бөлесін дейміз? Айта алмаймыз. Тек, шүкіршілік білдіреміз. Біздің Жаратушыға рахметіміз сол - иманды ғұмыр кешу. Құдай жаратқан табиғаттың қайсы нығметіне қалай рахмет айтамыз? Сөзбен айта алмаймыз, тек шынайы іс-әрекетіміз арқылы аяласақ, қорғасақ - сол рахметіміз болмақ. Алланың шексіз мейірімінің бір түйірін жүрегіне жасырған ата-ана ұрпағына не берсе де, оның қайтарылымын күтпейді, тек қайырын ғана күтеді. Сенің аман-сау, адал өмір сүргенің олар үшін шексіз алғыс айтқаныңмен бірдей. Олардың өлшеусіз еңбегін тіршілігіңде өтей алмайсың, бірақ өтеуге тырыссаң адамдығың да, адалдығың да сол болмақ. Олар сенің алғысыңа мұқтаж емес, мейіріміңе мұқтаж, соны ұмытпа. Ал өзге адамдарға «сыйға - сый, сыраға – бал», дегендей өз кезегінде, өз орнында қарамтасын қайтарып рахметімізді айтып жүрміз, айта береміз.

Онда, кім біздің рахметімізге мұқтаж? Ол мына 3 адам: Өмірлік жарың, ұстазың, және өзің. Өмірлік жарың - жарқ еткен жасын ғұмырын саған сеніп тапсырып, сенімен тағдыр қосып, қуанышта да, қайғыда да сенімен бірге болғаны үшін; Ұстазың - қараңғы көңіліңе жарық сәуле төгіп, білім мен өнер үйретіп, өмірде ризығыңды табуға жол көрсеткені үшін; Ал өзің-істеген әр қайырлы жұмысыңнан бақыт тауып, өзіңді сүйіп, бағалап, жіберген кемшіліңнен сабақ алып, өзіңді кешіре біліп, алға ұмтылған ниетің үшін. Міне, осы үш кісіге алғысыңды білдір. Олар да, сенен алғыс күтпеуі мүмкін, бірақ сенің алғысыңа шынайы мұқтаж адамдар әне, солар. Өмірлік жарыңа рахмет айту - оның еңбегін, талғамын, тағдырын бағалағандық. Ол - жанұяға жарасымдылық әкеліп, қазіргі кезіңді нұрға бөлейді. Ұстазға рахмет айту - оның білімін, ниетін, көрегендігін бағалағандық. Ол - өткен өміріңе ризашылық білдіру болып табылады. Өзіңе рахмет айту - сеніміңді, қайратыңды, ақылыңды шыңдағандық. Ол- болашағыңа бастар табыс жолы. Осы үш адам алғысқа бөленіп өмір кешсе жеке басың да, отбасың да, мемлекетің де гүлденіп көркейетін болады.

Қастер Сарқытқан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3545