Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3433 0 пікір 28 Наурыз, 2012 сағат 05:49

Тоқтасын Назарұлы. Ата заңды аттап, кодексті таптап...

( «Ісің сотқа түссе, өзің отқа түсесің»)

( «Ісің сотқа түссе, өзің отқа түсесің»)

Бір ауыз сөз, салмағы екі батпан. Биылға халыққа арнаған Жолдауында судьялардың заңбұзушылық әрекетіне «төтенше оқиға» «мәртебесін» берген Елбасы, бұл «төтенше оқиғалар жөнінде жұрттың бәрі білуге тиіс» екендігін де ескертті. Не үшін? Біріншіден, бұл - судьялар заңбұзушылық әрекетке баратын болса, өздерінің қандай ауыр қылмыс жасайтындығын, елге қандай қауіп, қатер төндіретіндігін сезінсін және ол әрекеттерінің міндетті түрде әшкереленіп, бүкіл елге жария болатындығын білсін деген ескертуі. Осылайша сот жүйесіндегі әбден асқынған әділетсіздікті ауыздықтауға жасалған қадам. Екіншіден, Елбасы бұқаралық ақпарат құралдарына нақты міндет жүктеп отыр. Яғни, БАҚ судьялардың әрбір шешімін бақылауға алып (Бұл онсыз да БАҚ-тың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады, ал мәселенің Жолдауда атап көрсетілуі сол міндеттің салмағын арттыра түседі), олардың тарапынан заңбұзушылық орын алатын болса, сол сәтте-ақ оны шын мәнісінде төтенше оқиға деп танып, оқиғаның себеп, салдары, кінәлілері мен зардап шегушілері жөнінде жұрттың бәрін жан-жақты хабардар етуге міндетті. Мәселен, Жаңаөзенде орын алған төтенше оқиға жөнінде үш айдан бері барлық БАҚ жарыса жазып жатыр. Әлі қанша жазарын Бір Құдай біледі. Міне, судьялардың заңды бұзуы да дәл осылай талқыланып, заң бұзған судьялар әбден әшкереленуі тиіс. Және бұл мәселе өзінің әділ шешімін тапқанша, БАҚ бақылауда ұстап, бұқараны жан-жақты хабардар етіп отыруы қажет. Бір қарағанда бұлар салыстыруға келмейтін мәселелер болып көрінуі де мүмкін. Бірақ сәл тереңірек ойланған кез келген адам «судьялардың заңды бұзуы - төтенше оқиға болуға тиіс» деп Елбасының бекер айтпағандығына көз жеткізеді. Өйткені, бүгінгі таңда судьялардың заңбұзушылық әрекеттері, қылмыстары шектен шығып кетіп отыр. «Соттан әділдік таппайсың, ісің сотқа түссе, өзің отқа түсесің» деп жылап жүрген біреу. Тіпті сол Жаңаөзендегі қанды оқиғаның әр түрлі себептерінің арасында солақай судьялардың заңбұзушылық әрекеттері де бар екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан да Елбасының қазылардың қазымырлығына төтенше оқиға деп баға беруі өте орынды. Және судьялардың заңсыздығын «жұрттың бәрі білуге тиіс» дегені де ақылға қонымды. Бұл «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген бабалар даналығымен ұштасқан ұстаным. Ендеше Сот билігіне де бұқаралық бақылауды, халықтық қадағалауды күшейту қажет-ақ. Ол үшін халыққа қырағы көз, сақ құлақ, қатқыл үн қажет. Міне, осы қажеттерді өтеу мемлекеттік ақпарат құралдарының тікелей міндеті. Ал мемлекеттік БАҚ осы міндетін дұрыс атқарып, нанын адал жеп отыр ма? Әлде...

Бұл халықтың кінәсі емес

«Обалы нешік», заңды бұзбаса басы ауырып, балтыры сыздайтын, іші кеуіп, ішкені бойына дарымайтын «дімкәс» судьялар төтенше оқиғаларды өрістетіп-ақ тұр (Ол туралы «Маsа.kz»-те жарияланған «Төтенше оқиғалар «өндірісі» деген мақаламызда айтқанбыз). Алайда соны «жұрттың бәрінің білуге міндеттілігі» жағынан ақсап жатырмыз. Ақсап жатырмыз дегеніміз бер жағы ғана, тіпті мүгедек, мешелдің күйін кешудеміз десек те артық айтқандық емес. Бұл, әрине, халықтың кінәсі емес. Кінә - «халықтың көзі, құлағы һәм үні» болуға міндетті, сол міндетін мүлтіксіз атқару үшін халық қазынасынан қыруар қаржыны қақшып алып, қарыштап отырған мемлекеттік ақпарат құралдарында. Егер «Маsа.kz», «Абай.kz», «Маidan.kz» интернет газеттері, т.б. бірді-екілі тәуелсіз басылымдар болмағанда Жолдау талабы жолда қалып, Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының солақай судьясы Қасым Қалмағамбетовтың заңбұзушлықтары негізінде «Сопылар ісіне» қатысты туындаған төтенше оқиғалардан халық мүлде хабарсыз қалған болар еді. Судья Қ.Қалмағамбетовтың бұрын-соңды сот тарихында болмаған сойқанға барып, ұлт руханиятының тамырына балта шауып, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін заңбұзушылықтарды жасағандығы және иненің жасуындай да жазығы жоқ, қайта мемлекетімізге орасан зор еңбек сіңірген руханият өкілдерін еш негізсіз өте ауыр жазаларға кескен бастан-аяқ заңсыз үкімі жөнінде аталған ақпарат құралдарында жан-жақты жазылды. Қорғау тарапының адвокаттары бұл істің артында дүмі диірмен тартатын біреулердің тапсырысы тұрғандығын бірауыздан мәлімдеді. Және өмірлерінде мұндай шектен шыққан заңсыздықтарды көрмегендерін ашық айтты.   Ал ұлт зиялыларының жүздеген өкілдері мұның «қазақтың жан-дүниесіне, руханиятына қарсы майдан, қазақты жоюға бағытталған жорық» екендігін айтып, жазықсыз жандарға араша түсіп, Елбасыға бірнеше Ашық хат жолдады. Алайда, осынау Ата Заң талаптарын аяққа таптаған судьяның мемлекеттік опасыздыққа бара-бар әрекеті, төтенше оқиғасы жайлы Жолдау талабына сай әрекет етіп, заңсыздықтарды әшкерелеген бірде-бір мемлекеттік БАҚ болған жоқ. Мұндай жағдайда үнсіз қалудың өзі - мемлекет басшысының тапсырмасын тәрк ету, заңбұзушылықты, төтенше оқиғаны  жасыру болып табылар еді. Ал мемлекеттік БАҚ бұдан да өткен сорақылықтарға барып, Елбасының Жолдауына қарсы әрекет етіп, судьяның заңсыз үкімін сот әділдігінің үлгісіндей дәріптеп, Елді, Елбасыны алдап, көрнеу жалған ақпарат таратты. Ол ол ма, тіпті Қазақстан Республикасының Конституциясын, заң талаптарын аяққа таптап, судьяларды заңбұзушылыққа, төтенше оқиғаға итермелеп отырған мемлекеттік ақпарат құралдары да бар. Бұлардың көшін «Хабар» агенттігі бастап, «Еларна», «Қазақстан» ұлттық арналары, т.б. қостап отыр.

ҚР Конституциясының 77 бабы, 2 бөлімінде «Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеліп соғады» делінген. Ал ҚР ӘҚК-ның («Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексі) 346 бабында «Сот қарайтын қандай да болсын iс бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында сотта iс қарау нәтижелерiне алдын ала пайымдау жасау - бұқаралық  ақпарат құралдарымен сотқа ықпал жасау» болып табылатындығын атап көрсеткен және мұндай заңбұзушылықтың жауапкершілігін қарастырған. Сонда біздің мемлекеттік телеарналарымыздың басшылары, қызметкерлері мұны білмейді ме? Жоқ, біледі. Біле тұра Ата Заңды аттап, Кодексті таптап отыр.  Және бір бұл емес, ҚР Конституциясының, бірнеше заңдарының талаптарын, Қазақстан азаматтарының құқықтарын қасақана бұзып, өрескел заңбұзушылықтарға, құқықбұзушылықтарға баруда.

«Хабар» салған «сара» жол

Әңгімені әуелі мемлекетіміздің басты телеарнасы «Хабар» агенттігінің шектен шыққан заңсыз әрекеттерінен бастайық. 2011 жылдың қаңтар айынан бастап телеарна аты шулы «Ақиқат» «деректі» фильмін түсіруді бастады. Аталған фильмді дайындау процесінің өзі жеке өмірге, тұрғын үйге, т.б. қатысты Ата Заң кепілдік берген азаматтардың қол сұғылмайтын құқықтарын өте дөрекі түрде бұза отырып жүзеге асырылған. Аталған құқықбұзушылықтарды «Хабар» телеарнасының қызметкерлері полиция қызметкерлерімен алдын ала сөз байласа отырып жасаған. Республикамыздың бірнеше аймақтарында түсірілім жүргізген хабарлықтармен бірге барлық жерде бір топ полиция қызметкерлері еріп жүрген. Олар журналистердің тұрғын үйлерге тұрғындардың еркінен тыс басып кіруін және тұрғындардың еркінен тыс бейнетүсірілім жүргізуін қамтамасыз еткен. Осылайша «Хабардың» журналистері мен полиция қызметкерлерінен құқай көріп, құқықтары тапталған бірнеше азаматтар Бас прокуратураға дейін шағымданған болатын.  Шағым иелері 5-6 полиция және «Хабардың» қызметкерлері үйлеріне баса-көктеп рұқсатсыз кіріп келгендігін, олардың ешқайсысы да құжаттарын көрсетпегендігін, өздерін таныстырмағандығын, бұл әрекеттерінің заңсыздығын айтып, «прокурордың рұқсаты бар ма?» деп сұраған тұрғындарға полиция қызметкерлері айқайлап, балағаттап, «біздің бетіміз сендерге санкция, мына журналистерге бейнекамераға қарап жауап бересіңдер, болмаса қамаймыз» деп, қорқытқандығын, сосын амал жоқ журналистердің қойған сұрақтарына жауап бергендігін айтады...

ҚР Конституциясының 18 бабында «Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмайтындығы» айтылса, ҚР ҚК-нің (Қылмыстық кодексі) 142 бабында  «жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты бұзу» қылмыстық әрекетін жасаған адамға қолданылатын жаза түрлері бүге-шігесіне дейін жазылған. «Адамның жеке өмiрi туралы оның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз заңсыз жинау немесе тарату, егер осы әрекеттер жәбiрленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiне зиян келтiрсе - ... бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады. Ал, егер, нақ осы әрекеттерді жасаған адам қызмет бабын пайдалана отырып жасаса не аталған мәлiметтердi көпшiлiк алдында сөйлеген сөзде, көпшiлiкке көрсетiлетiн шығармаларда немесе бұқаралық ақпарат құралдарында таратса - ... бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Бұл ҚР ҚК-нің 142 бабы 1 және 2 бөлімдерінің талабы. «Ақиқат» фильмін түсіруші топ пен олардың шашбауын көтеріп жүрген полиция қызметкерлерінің қылмыстық әрекетпен ұштасқан құқықбұзушылықтары және ондайларға заң талабына сай қолданылатын жаза түрі мұнымен бітпейді. «Хабар» агенттігі мен полицияның біріккен тобы сонымен қатар «Тұрғын үйге қол сұғылмайды» деп атап көрсетілген ҚР Конституциясының 25 бабы мен ҚР ҚІЖК-нің (Қылмыстық іс жүргізу кодексі) 17 бабының, ҚР АК (Азаматтық кодексі) 146 бабының талаптарын өрескел бұзған. «Тұрғын үйге басып кiруге, оны тексеруге және тiнтуге заңмен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi». Бұл да ҚР Конституциясы 25 бабында айтылған. Осы мәселе ҚР ҚІЖК-нің 17 бабында да көрсетілген. Ал ҚР АК-нің 146 бабында «Заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде азаматтың тұрғын үйге қол сұққызбау құқығы болады, яғни тұрғын үйiне өзiнiң еркiнен тыс баса-көктеп кiрудiң кез келген әрекетiн тыюға құқығы бар» деп, тайға таңба басқандай анық жазылған. Яғни, бөгде адамдар тұрғын үйге онда тұратын адамдардың келісімімен ғана кіре алады. Мұндай келісім болмаған жерде тұрғын үйге онда тұратын адамдардың еркінен тыс баса-көктеп кіру - «Тұрғын үйге қол сұқпаушылықты бұзу», яғни ҚР ҚК 145 бабында атап көрсетілген қылмыстық әрекет болып табылады. Ал өзінің қызмет бабын пайдаланып тұрғын үйге баса көктеп кірген адамдар 145 баптың 3 бөліміне сәйкес «... төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».

... жын ұрған ба?

Әрине, ерекше жағдайларда тұрғын үйге басып кіруге болады. Бірақ мұның да өз тәртібі бар. Бұл тәртіп ҚР ҚІЖК-нің 222 бабы, 12,13 бөлімдері мен 232 бабының 1 бөлімінде қарастырылған. Алайда, бұл жағдайдың фильм түсіруге еш қатысы жоқ. Тек аса салмақты негіз болған жағдайда ғана тергеу органдарының қызметкерлері, тек тергеу әрекетін жүргізу үшін ғана, прокурордың санкциясымен тұрғын үйге басып кіре алады. Прокурор санкция беруден бас тартқан жағдайда, фильм түсірушілер тұрмақ тергеу органдарының (ҰҚК, полиция, қаржы полициясы) қызметкерлерінің де тұрғын үйге басып кіруге құқығы жоқ. Басып кірсе, сол сәтте-ақ қылмыспен күресушілердің өздері қылмыс жасаушыға айналады. Ал сонда заң талаптарын, Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын аяққа таптап, бұзуды «еріккен сарттың ермегіндей» көріп, фильм түсіру үшін қылмыстық әрекеттерге баратындай «Хабар» телеарнасы мен полиция қызметкерлерін жын ұрған ба? Әлде мұның басқа бір сыры, себебі бар ма? Әрине, басқа себебі бар. Ол себеп - жыннан бетер бір дүлей күштің қазақты рухани тұрғыдан жоюға бағытталған жорығы. Сол дүлей күш еліміздің күштік құрылымдарын ғана емес, басты ақпарат құралдарын да құрықтап, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізіп, қазаққа қарсы майданға салып отыр.

2010 жылдың тамыз айынан бастап тапсырыспен іске кіріскен «тергеу тобының» «Сопылар ісін» қалайша саусақтан сорып, қолдан құрастырып шығарғандығы қазір жұрттың бәріне белгілі. Әлі де білмейтіндер болса, жоғарыда аталған интернет газеттерден мынадай мақалаларды («Құқық қорғаушылар ма, әлде қорлаушылар ма?», «Қазақты жоюға бағытталған жорық», «Сопылардан экстремист жасау кімге керек?», т.б.) тауып алып оқуларына болады. Сопыларға қатысты ешқандай негізсіз қозғалған қылмыстық іс бойынша қолдарынан келгенді істеп, ойларына келген жаланы жауып, еш жазығы жоқ жандарға жалпы оннан астам, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс түрлерін жасады деп айып таққан «тергеу тобы» бұл істің толықтай заңсыздықтан тұратындығын өздері де жақы біледі, мойындайды. Және ертерек қамданбаса бұл істің әділ соттан өтпей қалып, өз бастарына таяқ болып тиюі мүмкін екендігіне де милары жетеді. Сондықтан да сопыларды мемлекетке қауіпті, халыққа жау, құбыжық етіп көрсету, пікір қалыптастыру арқылы сотқа ықпал ету «тергеу тобының» да, олардың тапсырыс беріп, тасада тұрған қылмыстық қожайындарының да мүддесіне сай келеді. Ал біреу туралы пікір қалыптастыру үшін теледидардан, оның ішінде «Хабардан» артық құрал таппасыңыз тағы анық. Осылайша қожайындарының бұйрығы бойынша «тергеу тобы» мен «Хабар» агенттігі  бірлесіп, фильм түсіруді қолға алған-ды. Бұл 2011 жылдың басы, әлі «тергеу» жұмыстары аяқталмаған кез болатын. «Тергеу тобы» «Сенім.Білім.Өмір» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің тұрғын үйлерін, бірлестік жанындағы рухани орталықтарды тінту кезінде алып кеткен сурет, бейнематериалдарды өз меншігіндей көріп, журналистерге пайдалануға берген. Ал фильм түсіргіштер бұл материалдарды қалағанынша бұрмалап, ең бастысы иелерінің ұрықсатынсыз аталмыш фильмде кеңінен пайдаланылған. Ал ҚР АК-нің 145 бабы мұндай әрекетке тиым салады. Алайда бұдан да өткен сан түрлі сорақылықтарға барып отырған «Хабардың» «қаһармандарына» бұл сөз болып па?..

Телеарнаға мұндай құқықты кім берген?

Ұзаққа созылған «тергеу» тәмәмдалар тұста, алдағы болатын сот процесіне ықпал етуді мақсат тұтқан «Хабар» агенттігі алдын ала арнайы дайындалған аты шулы «Ақиқат» фильмін жан-жақты жарнамалап, апта бойы айқайлатып тұрып аңдатпасын беріп, халықты әбден құлағдар етіп, жұрттың бәрі көретіндей жағдай жасап, өте тиімді уақытта (21 сағат 30 минутта) екі күн қатарынан көрсетті. 2011 жылдың 20 сәуірі күні «Ақиқаттың» қазақшасын, 21 сәуірі күні орысшасын берді. Мұндай көрсетілімдер немесе криминалдық тақырыптағы кез келген материалдар заң талабы бойынша сот процесі біткен соң және соттың үкімі заңды күшiне енгеннен кейін ғана жариялануы тиіс.  Ал егер сот процесіне дейін немесе сот үкімі заңды күшіне енбей тұрып жарияланатын болса, БАҚ азаматтардың қылмыстық оқиға бойынша сезікті ретінде іздестірілуде екендігі немесе қамауға алынғандығы жөнінде ақпарат берумен шектелуі қажет. Өйткені, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 86 бабы «Істi сот қарағанға дейiн адамның қылмыс жасады деген кiнәлiлiгi туралы мәлiметтердi көпшiлiкке таратуға» тиым салады. Ал заңның тиымына тиылмайтын «Хабар» агенттігі болса, сот процесі басталмай жатып-ақ «Ақиқат» фильмінде Исматулла мақсым Әбдіғаппар мен «Сенім.Білім.Өмір» қоғамдық бірлестігінің бірнеше мүшелерін ашықтан-ашық қаралап, қылмыскер ретінде көрсетіп, өз «үкімдерін» шығарып қойды. Тіпті жала жабу жағынан келгенде «Хабар» телеарнасы «тергеу тобынан» да асып түсті. Заң талаптарына қайшы, адамгершілікке жат, лас әрекеттерге барып, жазықсыз айыпталып отырған азаматтарға жала үстіне жала жамап, кәнігі жала жапқыш «тергеушілердің» өздері жаба алмаған жала-бәлені жауып, қылмыстық істе атымен жоқ бірнеше қылмыстық әрекеттерді жасады деп айыптады. Жаппаған жаласы, тақпаған айыбы қалған жоқ. Тарақанның өлімінен бастап, адам өліміне дейінгі ауыр және аса ауыр бірнеше қылмыстық әрекеттерді жасады деп, оны аз десеңіз, «Исматулла мақсым билікті басып алуға әрекеттенді» деп жалпақ жұртқа жар салды.

Мұндай әрекет ҚР Конституциясы мен «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінде «соттың қызметіне араласу» және «бұқаралық  ақпарат құралдарымен сотқа ықпал жасау» ретінде қарастырылып, тыйым салынғандығын жоғарыда айттық. Сондай-ақ «Хабардың» бұл әрекеті «Адамның кiнәлi екендiгi заңды күшiне енген сот үкiмiмен танылғанша ол жасалған қылмысқа кiнәлi емес деп есептеледi» делінген ҚР Конституциясының 77 бабы, 3 бөлімі, 1 тармағына да, ҚР КІЖК-нің (Қылмыстық іс жүргізу кодексінің) «Кiнәсiздiк презумпциясы» деп аталған 19 бабына да қайшы. Кодекстің 19 бабы, 1 бөлімінде «Әр адам оның қылмыс жасағандығы үшiн кiнәлiлiгi осы Кодексте көзделген тәртiппен дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз деп саналады» деп атап көрсетілген. Яғни, қандай да бір қылмыстық әрекет ҚР ҚІЖК талаптарына сай тергеліп, тексеріліп, сотталушының қылмыс жасағандығы бұлтартпас дәлелдемелермен заң бойынша жүз пайыз дәлелденіп, тіпті сотталушы ағынан жарылып, қылмыс жасағандығын мойындап тұрса да, істі қараған сот айыптау туралы үкімін шығарып қойған күннің өзінде де, сол үкім жоғары тұрған сот инстанциясында бекіп, күшіне енбейінше сотталушы «жасалған қылмысқа кiнәлi емес деп есептеледi». Міне, жұрттың бәріне бірдей заң талабы осы. Ал сонда «Хабар» агенттігіне Конституция, заң талаптарын аяққа таптап, шын мәніндегі кінәсіз азаматтарға жала жауып, қылмыс жасағандардан бетер қаралап, өз бетінше үкім шығаратын құқықты кім берген?!

«Қазаққа қарсы қаскөй күш»

ҚР ӘҚК-ның  347 бабы бұқаралық ақпарат құралдарына көрінеу жалған мәлiметтер және материалдар беруге тиым салса, ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының 2 бабы, 4 бөлімінде «Бұқаралық ақпарат құралын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар не қылмыстық жазаланатын әрекеттер жасау мақсатында пайдалануға жол берiлмейдi» деп қатаң ескертеді. Ал осы заңның 21 бабының 2, 4 бөлімдері журналисті «шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға», «жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтеуге» міндеттейді. Ал Қазақстанның заңдарына бағынбайтын «Хабар» агенттігі болса, заңның барлық талаптарын ысырып қойып, телеарна арқылы азаматтарға ашықтан-ашық жала жауып отыр. ҚР ҚК-нің (Қылмыстық Кодексі)  129 бабы жала жабуды қылмыстық әрекет деп танып, оның қылмыстық жауапкершілігін қарастырады. Атап айтқанда 129 баптың 2 бөлімінде «Көпшiлiк алдында сөз сөйлегенде не көпшiлiкке таратылатын шығармада, не бұқаралық ақпарат құралдарында жала жабу - ... екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге жазаланады» делінсе, осы бабтың 3 бөлімінде «Адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан жала жабу -  үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп атап көрсетілген.

Ал ҚР Конституциясының «Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмайтындығын» атап көрсеткен 18 бабының талаптарын бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып бұзған, азаматтардың жеке өміріне қол сұғып, құқықтары мен заңды мүдделерiне зиян келтiрген адам ҚР ҚК 142 бабы бойынша бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатындығын біз жоғарыда айттық. Ал сонда жазығы жоқ жандарға - Исматулла мақсым мен «Сенім.Білім.Өмір» қоғамдық бірлестігінің мүшелеріне «ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасады» деп бұқаралық ақпарат құралы арқылы жала жауып, сондай-ақ олардың жеке өміріне қол сұғып, құқықтары мен заңды мүдделерiне зиян келтiріп отырған  «Ақиқат» фильмінің авторлары мен оны эфирден көрсеткен жауапты тұлғалардың кім болғандығы? Заңбұзушылықтар мен құқықбұзушылықтардан, бәле мен жаладан, өтірік пен өсектен өрілген шата фильмін аярлықпен «Ақиқат» деп атап, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп көрсетіп, Елді, Елбасыны алдап отырғандардың көксегені не? Бұл сұрақтардың жауабын Шерхан Мұртаза бастаған бір топ зиялы қауымның Елбасыға жолдаған Ашық хатынан табасыз. Қараңыз: «Исматулла Әбдiғаппардың ұлт бiрлiгi, елдiк жөнiндегi Сiздiң көзқарасыңыз бен ұстанымдарыңызды жүзеге асыруға жан-тәнiмен еңбек сiңiрген, экстремизм мен терроризмге қарсы ымырасыздықпен күрескен ақсақал екендiгiн қай жерде, қай жиында болмасын мәлiмдеуге әзiрмiз. "Хабар" сияқты алпа­уыт телеарналарды пайдалану арқылы, қалың көпшiлiк алдында Исматулла ақсақалдың беделiне нұқсан келтiру әрекетi жат дiни ағымдардың өкiлдерiне ғана пайдалы, өйткенi олардың өрттей қаумалап, тамырлап кетуiне күнi бүгiнге дейiн И.Әбдiғаппардың басты және нәтижелi кедергi болғаны көпшiлiкке мәлiм... Фильмдi түсiру жөнiнде бастама көтергендердi және оны қасақана көрсеткендердi мемлекетке, қазаққа қарсы қаскөй күш ретiнде батыл атауға болады деп түйдiк. Өйткенi олардың iс-қимылы - Сiздiң елдiкке, бiрлiкке шақырған саясатыңызға қайшы әрекет, қазақтың түп-тамырына шабылмақ балта. Айдың-күннiң аманында жұртты шатастырып, бүкiл ел болып сайлаған Президенттi алдаудан тайынбаған олардың болашақта зұлымдық пиғылдарын iске асыру үшiн ешкiмдi де аямасы, ештеңеден де тайынбасы белгiлi» («Исматулла билiкке таласудан аулақ», «Жас Алаш» газеті, №46, 14.06.2011 жыл).

Заңға бағынбау бұқаралық сипат алуда

«Хабар» агенттігі мен «тергеу тобының» «одақтастығынан» пайда болған заңсыз туынды көрсетіле салысымен ел іші дүрлігіп сала берді. Ол туындыны облыстық, қалалық, аудандық телеарналар іліп алып, қайталап көрсетуден жарысқа түсті десе де болады. Маңғыстау облыстық телеарнасының бір өзі «некесіз туылған» «Ақиқатты» сегіз рет (!) көрсеткен. Ол аз болса облыстық, қалалық ішкі саясат басқармаларының қызметкерлері «дінтанушылармен» бірлесіп, жоғарғы оқу орындарын аралап жүріп, ұстаздар мен студенттерге «Ақиқат» деген қасиетті атты бетперде еткен улы, заңсыз фильмді арнайылап көрсете отырып, сопыларды одан да бетер қаралау акцияларын жүргізген. Осылайша «Хабар» салған жолменен Қазақстан Республикасының заңдарына бағынбау, қылмыспен ұштасқан заңсыз әрекеттерге барып, азаматтардың конституциялық құқықтарына қол сұғу, ар-намысын аяққа таптау шарасы бұқаралық сипат алып шыға келді. Сот процесі жүріп жатқан кезде «қазаққа қарсы қаскөй күштің» тапсырысымен «Время» апталығында (25.08.2011 жыл) жалаға құралған тағы бір үлкен «мақала» бұрқ ете қалды. Не керек, осылайша қылмыстық әрекетпен ұштасқан заңбұзушылыққа барып, өлермендікпен өңмеңдеп жүріп сопылар жайлы теріс пікір қалыптастырғандар, судьяны да «қораға» кіргізді. «Тергеу тобының» Исматулла мақсым Әбдіғаппар мен «Сенім.Білім.Өмір» қоғамдық бірлестігінің мүшелеріне таққан айыбы - жапқан жаласының бір әрібі де өзгерместен сот үкіміне айналды. Сот үкімі шыққанда ол үкімнің толықтай заңсыз екендігін біле тұра, әділдік салтанат құрғандай қуанып,  қуаныштары қойындарына сыймай, бөркін аспанға атқан басқа да ақпарат құралдары болмай қалған жоқ. Үш айға созылған процесті аяқтап, соттың үкім жарияланған сәтін барлық телеарналар көрсетті. Дәл осы сәтте де жала жауып, заң бұзғандар табылды. Исматулла мақсым Әбдіғаппарға жала жабудан жарыс жүріп жатқандығын көріп, білген «Алматы» телеарнасы да өз тарапынан мақсымға арнайы бір жала жауып, аса ауыр айыпты тағып жіберді. Атап айтқанда «Алматы» телеарнасы «Сот Исматулла Әбдіғаппарды шпиондық әрекеті бойынша соттады» деп қанша қайнатсаң да шындыққа сорпасы қосылмайтын көрінеу жалған ақпаратты таратты. Шпионаж ҚР ҚК-нің 166 бабы бойынша 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатын, мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыс болып табылады. Сот үкімі бастан-аяқ заңсыз болғанымен, бірақ үкімде шпионажға қатысты бір ауыз сөз жоқ. Сонда «Алматы» телеарнасы бұл ақпаратты қайдан алған? Қылмыстық жауапкершілікке соқтыратын жала жабушылыққа, басқа да заңбұзушылықтарға не үшін барып отыр? Сот үкімін қағыс естігендіктен бе, әлде білместіктен бе? Жоқ! Бұл жерде де «Сопылар ісінің» басты тапсырыс берушісінің көлеңкесі көрініп тұр. Қырық жыл жылап жүріп, Құдайдан Қазақстанның тәуелсіздігін тілеген, тәуелсіздік алған соң оны баянды етуге бар күш-жігерін сарқа жұмсап келе жатқан нағыз Ер, асылдың сынығы Исматулла мақсым Әбдіғаппарды және «Сенім.Білім.Өмір» қоғамдық бірлестігін ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруші, шпиондық әрекеттерге қатысты етіп көрсете беру сол көлеңкесі көрініп тұрған ібілістік-қылмыстық күштің тапсырысы екені анық.

Қалалық сотқа ықпал жасау

2011 жылдың 19 қазаны күні соттың айыптау үкімі шыққанымен ол  әлі күнге дейін күшіне енген жоқ. Сондықтан да Исматулла мақсым Әбдіғаппар мен «Сенім.Білім.Өмір» қоғамдық бірлестігінің мүшелерін «Хабар», «Алматы» телеарналары сияқты «... билікті басып алуға әрекеттенді», «шпионаж бойынша сотталды» деп өздерінің ойдан шығарған жалаларымен айыптамақ түгілі, сот үкімінде бар айыптармен де кінәлау заңсыз, тіпті қылмыстық әрекет болып табылады.

«Сопылар ісі» таяу уақыттарда Алматы қалалық сотында қаралуы тиіс. Ал қалалық сот ауданаралық соттың заңсыз шешімін бұзып, жазықсыз жандарды ақтап алады ма, әлде «апама жездем сайдың» керін келтіріп, бірінші инстанцияның үкімін бекітіп, күшіне ендіреді ме, ол жағы белгісіз. Белгілісі сол «Хабар» салған «сара» жолменен  енді Алматы қалалық сотына ықпал жасау бағытындағы заңсыз әрекеттер белең алды. Атап айтқанда КТК, «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Еларна», т.б. бұл мәселеге бел шешіп, білек сыбанып кірісті. КТК телеарнасы өзінің «Черный квадрат» бағдарламасының бір хабарын тұтастай сопыларды қаралап, сотқа ықпал етуге арнаса (22.01.2012 жыл), дәл осы мақсатта «Қазақстан» ұлттық арнасы «Иман айнасы» бағдарламасын (23.02.2012 жыл), «Еларна» «Сенім.Білім.kz» бағдарламасын (25.02.2012 жыл) іске қосты. Қазақтың қас дұшпандарының сойылын қазаққа қарсы сілтеген бұл бағдарламалардағы былықтар жөнінде жазылған ғалым Болат Қорғанбектің жан-айқайы («Әрі залым, әрі ғалым...», «Иман айнасы» ма, имансыздық айнасы ма?») «Маsа.kz», «Мaidan.kz», «Жас қазақ үні» газеттерінде жарияланды.

Міне, Жолдау талабын орындап, судьялар туындатқан төтенше оқиғалар жайлы халықты жан-жақты хабардар етіп отыруға міндетті телеарналарымыздың өздері осылайша Қазақстан Республикасының соттарына ашықтан-ашық қысым жасап, заңбұзушылыққа, төтенше оқиғаға итермелеп отыр...

«Абай-ақпарат»

0 пікір