Жексенбі, 7 Наурыз 2021
Әдебиет 7171 3 пікір 19 Ақпан, 2021 сағат 13:04

Шаймұрат Қамза. Қамшыгер

Алты таспа бұзау тіс,
Былжырамай аттан түс!

                          (Халық тәмсілі)

Үдере көшкен ауыл күн еңкейе көк өзек­тің бойындағы көк шалғынға іліне итарқа мен ұраңқайларын тігісті. Мал мамырлап, малшы дем алып, балалар: «ауыл-ауыл», «күрке-күрке» дейтін ойындарын ойнап жадырап жатқанда, сауыт киіп, қылыш асынған оншақты адам бір топ жылқыны қуалап ауыл тұсынан өте шықты.

Тізгін ұшымен келіп есік алдына түсе қалған жылқышы жігіт ұйықтап жатқан Қарекені айқайлап оятты.

– Қареке! Моңғолдардың жортуылшыла­ры сияқты, айдаған малына шеттеп жүрген екі атты ілестіріп қуып кетті, – деді кетіп ба­ра жатқандарды қолымен нұсқап, алқына сөйлеп.

Қареке ұшып тұрды, байлаулы тұрған тобышаққа жайдақ міне салып, қолына то­былғы сапты қызыл қамшысын ұстап, жау кетті деген жаққа тұра шапты. Ауылдың бір неше атқа мінер азаматтары артынан үздік-создық кетті. Қареке жосылған жылқы ізімен екі төбені асырмай қуып жетіп, мал қуған топтың алдын орай көлденеңдеп тұра қалды. Қараса ыңғай ұзын етек, шошақ төбелі қарулы жортуылшылар екен. Олар да Қарекені көріп байырқалап тұра қалды. Іштерінен ұзын торы атқа мінген алпамсадай біреу Қарекеге қарай жалғыз шықты. Жалпақ қара қалмақтың үзеңгіге салған екі аяғы аттың тізесін соғады. Басына кигені дулыға, шынжырлы кіреуке сауытын шешіп, ердің алдыңғы қасына салып қойыпты, белінде бес елідей жалпақ таралғысы бар күміс белбеу, оған салбыратып таққан құймалы қынапта сарала сапты қылыш көрінеді. Қолына шашақты найза ұстапты. Ол Қарекеге жақындап келіп атының басын тартты.

− Айтып қал, аты-жөніңді, кім боласың? Көлденеңдеп алдымды неге тосасың?

Қареке аспай-саспай оның бетіне байыптай қарады. Өңі сұрғылттанып алыпты. Өзіне сенетін ер кеуденің бір сияқты.

– Аты-жөнімді сұрап не қыласың, жайын жатқан малды қосып алып қайда әкетпексің?

– Ім, бізді ұры деп тосып тұр екенсің ғой, жапқалы тұрған жалаңды…жанасалап келіп неге сұрамайсың? Менің алдымды кес-кестейтін қандай жансың, Шыңғыстың ұрқы екенімді біліп қой. Қане, айыбыңа бір оқ, жаның қалса, ақсарбасыңды айтып сояр­сың! − деп ол қорамсақтан оқ суырып, садақтың адырнасын толғап үзеңгіге шіреніп шалқалай берді.

Сонда Қареке, мазақтағандай қарқылдай күліп былай деді:

– Мен сені батыр екен десем, қатын екенсің ғой, шын батыр болсаң жекпе-жекке кел! Менің мойнымда садақ, қолымда қалқан жоқ екенін көрмедің бе? «Ер егесте, нар кешуде» емес пе?

Жіберуге айланған жебені босата қойған ол мырс етіп күліп жіберді.

– Ой, пәлі! Ондай қайратың болса, саған оқ шығын қып не қыламын. Құр қол болсаң, алыспақ керек пе, жоқ, сайыспақ керек пе?

–Шыдасаң, сайыспақ керек.

Ол қолындағы садақты тастай салып, тақымынан найзаны суырып алды да, атын тебініп тұра ұмтылды.

Сатыр-сұтыр сайыс басталып кетті. Ба­тырлар келісіп алып жекпе-жекке түскенде, топтың атой салмайтын әдеті бойынша, Қарекенің жетіп үлгірген жолдастары иіріліп тұра қалып әруақтың атымен:

– Абақ, Абақ! – деп ұран салды.

Моңғолдар да әруағын шақырып айқайлады.

Жасқап келіп, иықтың топшысынан қадап ұрған найзаны Қареке қағып ұстай алып басқанда қара санның қалың етін түйреп өте шықты. Сол қолы найзаның мой­нына қарысқан Қареке қамшысымен жауырынын орай тартып кетіп қарсыласын тұмақша ұшырды. Ол жығылғанда қолы найзаның сабына қарысқан күйі аттың құлағынан асып барып басы ішіне бүктетіліп желкесімен күрс ете түсті. Өз аты өзін ба­сып өте шықты. Қареке санынан өте шық­қан найзаның сағағынан ұстаған бойы жұл­қып тарта жөнелгенде, жығылушының қарыс­қан қолы шықпай, шылбыр бойы сүйре­тіле барып айырылды. Бірақ етпеттеген қалпы тұрмай қалды. «Абақ!», «Абақ!» деп айқайлаған жігіттер, атой салып Қарекеге қарай тұра шапты, Қареке санынан жылан тіл найзаның ұшын суырып алды да, лақтырып жіберді. Жігіттерге қамшы сілтеп тоқтау салды. Санынан аққан қан жайдақ аттың қабырғасын жуып қолтығынан сорғалады. Ол оңаша майданға және шықты. Осы кезде өңі сұрланып, екі көзі қанталап кетті. Астындағы қоңыр төбел басын екі жаққа шайқап, шыр көбелек айналып, алдыңғы екі аяғын көтеріп тік шапшыды.

Қоңыр төбел бойы аласа, қақпан бел, домалақ шаршы жылқы еді. Қареке оны бір батырды қамшысымен ұрып түсіріп аударып алған. Ол Түркімен жылқысының тұқымы екен, ол оны «тобышақ» деп атайды. Жүріске мықты, шөлге шыдамды еді. Топты көргенде ұйытқып кететін әдеті болатын.

Қарекенің майданға шыққаны тағы да жекпе-жекке шақырғаны еді. Бірақ, Моңғол жортуылшылары сайысқа ұмтылмады. Тек біреуі алдыға шығып, қалқанын найзаның ұшына іліп аспанға көтерді. Мұнысы «біз жеңілдік, бітім болсын» деген сөзі еді. Қареке артындағы жасауылдарына қарап қамшының ұшын алдыға қарап үш рет сілтеп, ишарат етті. Жігіттер қамшыларын аспанға үйіріп шауып барды да, жортуылшылар айдаған малды иіріп, өздерінің екі атын ұстап әкелді. Қареке аттарды қалқан көтерген адамның алдына көлденең ұстады. Ол еңкейіп мойнын көрсетті. Бұл оның қылмысын мойындағаны еді. Одан соң Қареке оған қамшының ұшын сілтеп бірнеше ауыз сөз айтып түсінік берді.

− Қолыңмен істегенді мойныңмен көтересің! Қазақтың заңында қылмысқа ат-шапан айып – тоғыз алынады. Бұл тоғыз «қақ» деп кесіледі, – айыпты үнсіз басын изеді. Қареке үлкенді-кішілі тоғыз тұяқ жылқыны бөлдірді.

− Енді «басына қосақ, артына тіркеу» хан мінетін қанды ат алынады. Бұл қазақ заңында «тоқ» деп кесіледі. – Айыпты оған да басын иді.

Қареке тағы да, үш жылқыны бөлдіріп шығарды да, онан соң өзінің қанға боялған санын көрсетіп:

– Жараның құны – батырдың сорпасы, бұл – кешілмейтін құн, – деп бір ат ұстады. Осымен айыптың кесімі бітті. Жортуылшы да, Қареке де аттан түсіп қол ұстасты. Моңғолдар жығылған адамын алдарына алып, қалған малдарын айдап жолға түсті.

Арада алты ай өтіп, қара суық қыстың басы келгенде «Қалмақтың Ғалымжап деген батыры Қарекені іздеп келе жатыр», – деген сөз ел ішіне тарады. Ол хан сарайына сәлем айтып: «Жауласпаймын, Қарекені көріп қайтамын, жаныма жолдас ертпей жалғыз шығамын», – депті. Мұны естіген ел әр түрлі жорамал айтыпты, біреулер: «Қа­реке ұрған адам өлген болу керек. Со­ның құнын дауламақшы», – десе, енді біреу­лер: «Қамшыға жығылғанның туысы болу керек, Қарекенің түсін танып қою үшін жолықпақшы», – деді.

Ғалымжап – аты шыққан батыр. Ол соғыста жүз адаммен жалғыз найзаласады ек­ен, қандай соғыста болсын сарбаздарын ар­тына тастап жау тобына жалғыз кіреді екен.

Айтқанындай аз күн өткен соң, ұзын то­ры ат мініп қосар жетектеген, басына ораған тоқ­пақтай айдары, сырғауылдай найы бар, бүкіш жауырынды, ұзын етек қара шапан киген батыр Қарекенің есік алдына келіп түсті. Ол есіктен кіріп келіп шалқасынан жатқан Қарекеге қарады. Қареке нарау ғана қарап қойды. Батыр оң жаққа тұра қалды да, қынаптан қылышын лоқытып бір суырып қайта салып, Қарекеге сәлем беріп қол ұстады, Қареке қолын алып төріне отырғызды.

Қареке қонаққа мал сойғызып, жауы­рын тартып, қонағуарлық істеге­німен, алғашында екі батыр арасында шүйір­келескен сөз болмады. Аз сөйлеп айтқанын орындайтын батырлардың әдеті ғой.

Ғалымжап Қарекенің тұла бойына қа­раумен болды. Ал Қареке төсегінен қозғалмай көсіліп жатты. Тек біраз уақыт өтіп, мал сойылып қазан асылғаннан кейін Ғалымжап ұзын найының тостағандай басына темекі нығады да, жүкке сүйеніп жатып, бір ұшын ауызына тістеп, найдың басын отқа жақындатты. Ет пісіріп отырған жігіт найдың ауызына шоқ басып берді. Көсіліп жатқан аяғының басын найдың алқымына тіреу қып, қорқылдатып бір-екі сорғаннан кейін Қарекеге тесіле қарап алды да, салмақпен бір-екі ауыз жөн сұрады…

Ертеңінде аттанарда Ғалымжап ат үстінде тұрып бұйымтайын айтты:

– Мен сенімен достасайын деп келдім, бейнеңде айтулы батырдың бейнесі бар көрінеді, біздің ауылға жүр, – деді. Қареке басын изеп мақұлдады.

Ұзын найын маңдайшаның үстінен жүгіртіп:

– Шоқ баса салыңдар! – деп айқайлап ат үстінен сорып-сорып алды да, Ғалымжап жүріп кетті. Аз күннен соң Қареке Ғалым­жаптың ауылына жүрмек болды. Ел оған: «Қастық қылады, барма», – деп кеңес берді. Сонда Қареке:

– Нағыз батыр айтқанында тұрады, алдап қастық қылса, онда ол ер емес, – деп қосар ат алып, өзі жалғыз жүріп кетеді. Жиырма неше күн суыт жүріп Ғалымжап батырдың ауылына келіп түседі. Ғалымжап алдынан шығып аттан сүйеп түсірді. Тай сойып қонақ қылды. Ертесі Қарекені Ғалымжап оңаша бір төбеге ертіп шықты да, шешіліп әңгімесін бастады:

– Мен сіздің батырлығыңызды мойын­дадым, сізден бір іс жөнін сұрайын, өткенде мал қуып келе жатқан батырды қамшымен қалай ұрып түсірдіңіз?

– Е-е, қалайын сұрайсыз? – деді Қареке оның өзіне қайта сұрау қойып, – Ол адам өлді ме, жоқ әлде жаралы болып қалып па?

– Ол – менмін, – деді Ғалымжап күлімсіреп. – Талай соғыстың қырғынында қылау шалмай-ақ шығушы едім, етіме оймақтай таңба түсіп көрмеп еді. Дегенмен сол жолы… иә, сол жолы сіздің түсіңізді ой тоқтатып байқай алмадым. Менің өңімді сіз де байқай алмаған болуыңыз керек. Бір тиген қамшыдан қалай түскенімді өзім де білмеймін.

Қареке Ғалымжаптың бетіне жалт қара­ды. Оның өңін абайлап байқап, екі көзінен таныс арай іздеді.

– Е, ол сіз бе едіңіз? – деп қолынан ұстай алды.

– Иә, мен жығылған соң, сіздің алдыңыз­ға ешкім де бара алмапты. Менің етіме бірінші таңбаны сіз салдыңыз, – деп үстіндегі киімін шешіп жонын көрсетті. Оның жауы­рынын оса тиген қамшы етін бөліп кеткен екен. Тыртық болып ырсия бітіпті.

– Менің денеме белгі түсіп көрмеп еді, маған да бірінші рет таңба түсті, – деп Қареке шұңқырайып біткен санындағы тыртықты көрсетті.

Өстіп екі батыр бір-бірінің ерлігіне сүйі­ніп, тату сырласты. Соңынан Ғалымжап өз ойын айтты.

– Мен сізбен достасып, қамшы ұру өнеріңізді үйренсем деймін.

Қареке бұны мақұл көріп, Ғалымжапқа өзінің қамшы өнерін көрсетті. Бірақ, жасы ұлғайып кеткен Ғалымжап мұны тез игере алмады. Сыдырған алты таспаны жұмырлап өріп, ысқауырға салып қырлап, тобылғыға саптаған бүлдіргелі қызыл қамшыны Қареке өзі жасап көрсетті. Ат үстінен шауып келіп ұрғанда киіз үйдің үзігін бөліп тастады. Жанасалап жарысқан адамның былғары тоқымын бөліп түсірді. Қарекенің қамшы ұруына қалың ел қайран қалды. Екі батыр дос болып, Ғалымжап Қарекені аттандырарда бір түйе жетектетіп, бір ақ қылыш ұсынды. Қареке қылышты алып ары-бері қарады да, көрмеген жаңа түсті қылыш екендігін байқады. Ол Ғалымжаптан:

– Бұл қайдан шыққан қылыш? – деп сұрады, Ғалымжап қабағын түйіп сәл ойланды да мұңая жауап берді.

–Досым, сен білмейсің, мұндай қы­лыш­ты жақын жылдардан бері біздің төремізге орыс патшасы беріп жатыр.

– Неге беріп жатыр? – деді Қареке таңда­нып, Ғалымжап күрсінді де:

– Мұны сізге түсіндіру көп сөз, олар Ғалден төрені азғырып, бізді байырғы ұлы патшамыз Иежен ханмен жауластырғалы отыр. Жақында бізді осыған айдайды, бұл қылыштың ертең сіздердің бастарыңызға шабылмасына кім кепіл? – деді.

Қареке қоштасып жолға шықты. Неше күн елсіз даланы басып, таулардан асып, ел шетіне аман-есен келіп ілінді.

Ол қара тауға жақындап, қара құмның шетіне келгенде, жайылып жатқан бір топ түйеге жолықты. Малшы кезіксе, жөн сұрамақ болып солай қарай ойысты. Адам жоқ, түйенің қара барқын бойы аш­ық көрінгенде, ішінен бір қара бура өзіне қарай тұра ұмтылды. Жақсы бура үйіріне жан жолатпай жалғыз қайыратынын Қареке біледі. Шындаса адамды да алады. Одан қашып та құтыла алмайды. Қареке көлденеңдеп тұра қалып қамшымен жас­қап, ақырып күш көрсетті. Бураның екі көзі қып-қызыл, қармақтай болып қар­ны беліне жабысып, желкілдеген төбе шудасы кеңсірігін жауып, жалп-жұлп етеді. Ауызынан құшақ-құшақ ақ көбікті шашып, азу тісі сақылдап, гүрілдеді. Жақындап келіп бір түп нар жыңғылды күлдей ұсатып, үстіне екі аунап алды да, шоңқайып отыра қалып, құйрығын сабай шабынып ұшты. Қарекенің қолындағы атан түйе күш бермей жұлқынып мұрнын жырып қаша жөнелді. Тұра қуған бура оны шақырым жерге жеткізген жоқ. Артқы қылтасынан барып ауыз салды да, қайы­ра басып жерге гүрс еткізіп, тұрғызбай шайнады.

Шауып келген Қареке айқайлап ұрып айырып көріп еді, бура түйені тастай салып, өзіне қарай жүгірді. Өңмеңдеп келіп мойнын созып, аттың сауырынан ала бергенде, қам­шымен тұмсығына қағып жіберді. Бура сол арада шөгіп қалды да, қайта тұрмады. Қареке оған қараған жоқ, өз жолымен тарта берді.

Күн батып, ел кезіктіре алмай, бұл күні үлкен бір төбе құмның түбіне түнеді. Ер­тесі құлан иектеп, таң атқанда орнынан тұрып, қу салған шақпағын ашып, от жаққалы жатқанда, үш атты адам жетіп келді. Өңкей боз қырау, ақ мұрт, шашасына жиырған аттарының тері шарбақ түйреуіштің қоңырауындай самсып салдыр-салдыр етеді. Таң атқанша суыт жүргенге ұқсайды. Олар аттан түскенде, Қареке орнынан тұрып, сәлем берді. Ең алдымен сәлем алғаны уақ тұмағы бар, мақпал жағалы қимали елтірі ішік киген, дөңгелек қара сақалды, аласа бойлы қара шал болды. Басқасы жас жігіттер көрінеді.

–Уағалейкумассалам, – деді дауысын нығыздаған шал, – Жол болсын, жігітім! Жолаушымысың, жоқ, қарақшымысың?

Түріңе қарасам батырсың,

Далаға түнеп жатырсың.

Хайуан малды шауып қылышпен,

Қайдан келе жатырсың?

Жөніңді айтшы? 

деді жөпелдетіп. Сонда Қареке:

– Батыр десең батырмын,

Жолаушы келе жатырмын.

Малыңды оқпен атпадым,

Қылышпен де шаппадым,

Жаным үшін қамшымен жасқадым, –

деді.

Мал иесі:

– Дұрыс айтып, тұрыстығыңды бер. Ел­деспек керек пе? Жауласпақ керек пе? – деді күш көрсете дүбініп.

– Ақсақал, жауласқалы отырғаным жоқ, елдеспек керек, – деп Қареке жөнін түсіндірді.

Бірақ, қамшымен ұрдым дегенге сенбей жоқшы ерегес бастап көп айтыс шығарды. Соңында жүгінбекке келіп:

– Ханға барамысың? Биге барамысың?

– деп сұрады бай.

– Тақсыр, сіз кімді ұйғарсаңыз, соған ба­ралық.

Ақыры бұлар Төле бидің алдына айтысып келеді. Үзіктің сыртынан мүйізді манат басып, түңлігін дөңгелек аю табан оюмен өрнектеген бидің сегіз қанат ордасы қиып салған тақтай сарайдың алдына, күмбездей болып тігіліпті.

Жүгінушілер келіп кіргенде, Төле би төрт қабырғасына кілем ұстаған сарайының ішінде шағи жастыққа қисайып, ақ жібек шымылдық ұстаған қызыл шілтерлі сүйек төсекте жатқан еді.

Би алдында ибалы сәлем беріп, әдеп көрсетіп амандасқаннан кейін, алғашқы сөзді төрде отырып жоқшы бастады.

– Тақсыр, дәт берсеңіз, алдыңызға ай­тыс­пен келіп отырмыз. Орта жүзде Уақтың Отарбай деген байы едім. «Ағайын ащы, мал тұщы» дейді екен. Мына ағайынмен арамызда малдың дауы болып отыр, шаңыра­ғымдағы ырыстың иелісі, бар ма­лым­­ның киелісі, ата дәулетімнің адал тұқымынан туған, алтын діңгектей көретін жалғыз бурам болушы еді. Жарағанда адамға жүгіретіні рас, қасқырға да, адамға да тайлақ алғызбаушы еді. Жортуылда жүрген мына жігіт соған кез болыпты да, бурамды қылышпен шауып өлтіріпті, кеңсірігі бөлініп жатыр. Топ жаратын аты бар, оқ жонатын алаштың азаматы көрінеді. Хайуан малды амалын тауып жасқай алмады ма? Адамның құны болмаса да, киелі малым еді. Ата жолы ел жөрелгісі бар; кесімін өзіңіз айтыңыз, ақ бас нар, қара жамбы, ат бастаған айып алмай бітпеймін.

Мұны естіген Төле би төсектен басын көтеріп, Қарекенің жүзіне асықпай қарап шықты да, сәлден соң:

–Жә, жігітім, мұның жайы қалай? Сен сөйлеші, – деді.

–Тақсыр, Орта жүздің Абақ керейі едім. Жоңғарияға барып жолаушылап ке­ле­мін. Бураға жолай кезігіп қалғаным рас. Жетектеген түйемді шайнап, өзіме жүгірді, ұрып қорқыта алмадым. Қашып құтыла алмадым, өзімді алуға айналған соң қамшымен тұмсығына қағып жібердім, – деді Қареке салмақпен.

Отарбайдың атаққа шыққан қара бурасы бір қауым елге әйгілі еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын өз ауылынан жоқ қарап шыққан бір жоқ-жітік шалды шайнап өлтіріп, ел ішінде құн дауы шықты. Сонда Отарбай жұрттың кеңесіне салған дауға өзі түсіп:

–Мен Бураға кісі өлтір деп үйреткем жоқ. Сырын біле тұра ажал айдап барғанның өзі. Хайуан мал үшін құн беру Есімханның ескі жолы мен Қасым ханның қасқа жолында бар ма екен, Алаш-аларманың болса жөніңмен кел. Аққа қан жүктеме, әруаққа мал жүктеме! –деп бой бермей отырып алған-ды. Ақыры бұл дау сол кездегі билер кеңесі дейтін кеңеске де түсіп, қазақтың «Жеті жарғы» заңына салып, адам құнының үштен бірі беріледі деп кесілді. Кесімді алып Отарбай ауылына келгеннен кейін, қайтадан өз руының ақсақалдарын жиып: «Өлген адам өз бауырым, өлтірген өз малым, қаралы туын өзім шығарып, жаз шыға әкемнің асына қосып ас беремін. Оның үстіне ағайынның құны жартысын алашқа кештім, жартысын әруаққа кештім», – деп жүріп, ең соңында жесір кемпірге бар-жоғы жалғыз тарғыл тоқал тайынша берген.

«Қағу үсті» деп аталатын, би алдындағы айтыс үстінде Төле би екі жақтан сипалай сұрап шабыстыра отырып, қағуілдеп келді де, екеуін тоқтатып қойып, біраз ойланып барып мынаны айтты:

– Бураның кеселді екені рас болса, қы­лыш­пен ұрғанды көрген адам бар ма? Ұжымақ жақсы деп өлген бар ма? Көр­ген болмаса, түйенің жас терісін тауып әкеліңдер, жігіт қамшыгер болса, бір ұрып көрсін, егер, теріні жырта алмаса, кесім содан кейін жасалады. Жыртып кетсе, киелі мал екен деп азамат жанын бере ме? Онда жолаушы жолыңа түс, – деді. Байлам осыған тоқтады. Жиын ел мұны естіп, сарапқа түскен батырды көруге жиналып кетті. Бидің шабарманы ел ішінен жаңа сойған түйенің терісін бөктеріп әкеп, ортаға тастады. Қареке оны төрт қазық қақтырып, қайыс арқанмен төрт жағынан керіп байлатқызды. Жұрт екі бөлініп майдан босатып тізіліп тұрды. Тері қасына таяу би мен бай отырды. Қареке атының айылын тартып мінді де, бір шақырымдай жерге барып алып атын ұрып аз ойнақтатып көріп, кейін қарай құйғытып тұра шапты, теріге жақындағанда атының бауырына таман қисая келіп, қамшымен тартып өте шықты. Керілген терінің қамшы тиген екі сүйемдей жері сара тілініп, жалбырап қалды. Жұрт шу етіп жапа-тармағай теріні қоршай қалды. Төле би орнынан тұрып Қарекеге:

– Жарайсың! – деп қолын көтерді. Ел азаматтары Қарекені аттан көтеріп алды.

– Жігіт екенсің, көп жаса, өркенің өссін!

– «Тура биде туған жоқ» дегендей би ке­сімді дұрыс шығарды, – деген көптің алқауы қардай жауды. Тараған ел, сығылысқан топтың ішінен, Қарекенің өңін қайта бір көріп алып қайтып жатты.

Бураның иесі бай шал, үйдегі ер тоқымын арқасына көтеріп алды да, ауыл сыртындағы қамысектің арасында бекітулі тұрған атына барды, ол қатып қалған ішпекті тізесіне са­лып, тістеніп ұйқалап жатып ішінен күбір­леді:

– «Сорлыға сойыл бұрын тиеді» деп жер көкте жоқ пәленің кез болғаны-ай!

Қареке бұл елде екі күн қонақтап үшін­ші күні жолға аттанды. Бір күн елге тү­неп, екінші күн суыт жүріп, қара таудың басын­дағы иен шатқалдың ішіне келіп түнеді. Атын бекітіп, түйесін шалдырып жанына шөгерді. Сосын бақыр қазанын асып тамақ істеп отырғанында, қарсыдағы сайдың басынан көрінген құзар тастың арасынан шыңғырып жылаған әйелдің дауысы естілді де, көп ұзамай тұншығып жоқ болды. «Бұл не қылған жан?» деп алағызып ұйқысы келмеді. Не болса да біліп қайтсам деген оймен таң қылаңдап, қараңғылық сұйқыл тартқан мезгілде түйесін тастап салт атпен жүріп кетті.

Үлкен өзенге түскен, сайдың ауызына келгенде жалғыз аяқ жол тас қысаң болып кезікті. Қысаңның ішін біраз өрлегеннен кейін алды тарылып, көлденең қақпа тас кезікті, қақпаның жанынан шапшыуырлап шыққан бірнеше аттың ізі байқалды. Бұл жерге жеткенше ізін жасырып ыңғай сумен өрлеген сияқты. Қареке түсіп, атының шыл­бырынан ұстап, тастан қарғытып айда­ды. Ат үш рет секіріп, тастың үш ке­меріне шығып, төртінші секіргенде тастың үстіне шықты. Ар жағы жыныс орман қысаң сай болып өрледі. Бір жерге келгенде алды тұйықталып мінбелеген жар қысаң болып қалды. Айналып кеткен аттың ізі де көрінбеді. Абайлап қараса, жар қабақтың түбіне жинаған көп тас екен. Жүргіншілер тасты жинап барып аттарын соның үстімен қарғытып өткізіп кетіпті. Қареке бұл тастар­ды әрең жинап төбесін жақындатты. Атын айдап көріп еді, мұндайға үйренбеген ат, қорғалап қарғымады. Содан соң атының айылын тартып мінді де, қамшысын бұлғап, өрлі-қырлы бір екі рет шапты, сонда «тобышақ» жауға кірген кездегі ойнақтаған қызуына басты. Сөйтті де шауып келіп түсе қап, ысқырып ұрды. Ат сонда барып шапшуырлап тік атылып шықты. Бір жерге келгенде ауызын қалың тал мен самырсын бүркеген, таудан тік түскен тар жыбыт кезік­ті.

Аттардың сүрдектеген ізі, солай шығып­ты, жүргіншілердің жаяу жетектеген іздері байқалды. Жол бір өрлеп, бір қапталдап қоянның жымындай шиырға айналды, өстіп келіп алаңқы мойнаққа шыға келді.

Мойнақтың үстіндегі текшеде жиырма, отыз жылқы жайылып жатыр, басқа ештеңе көрінбейді. Қареке жылқының қасына таман барды да, маңайды аңдып тыныстады. Мұндағы жылқылар әр елдікі екен. Ол аз отырғаннан кейін шығыс жас қапталдағы қалың серек тастың арасынан бықсыған түтінді байқады. Маңайына шыққан адам көрінбеген соң, тәуекелге бел байлады да, атына мініп, қамшының бүлдіргесін білегіне іліп, жалғыз аяқ жолмен түтін шыққан жерге жетіп келгенде, үлкен тас үңгірдің ауызын бір-ақ байқады, атпен дүбірлетіп келіп тұра қалғанда, үңгірдің ішінен басына ұзын төбе шошақ бас киім, үсті-басы май-май қарамата күрме киіп, ақ тон жамылған біреу шыға келді. Кареке:

– Ассалаумағалейкум! – деді.

– Уағалейкумассалам! Жол болсын, жігітім! – деп келіп аттың тізгінінен ұстай алды. Артынан біреу ілесе шығып:

− Жол болсын, аттан түсіңіз, – деп аттың бір жақ тізгінінен келіп ұстады. Оның артынан тағы екеу шықты.

– Аттан түсіңіз, – деп құрметтей қо­шаметтеп, екеуі екі үзеңгі баудан келіп ұстай алды. Қареке сасып қалды да, атының басын тартып шегіне бастады. Ат кейін ығысып еді, жабысып тұрғандар айырылмай көздері қанталап, өңдері бұзыла қалды. Тізгінді жұлқи тартқан Қареке, апыл-ғұпыл төртеуін қамшымен тартып-тартып жібергенде, төртеуі төрт жаққа қалпақтай ұшты, осы сәтте үңгірдің ішінен құндыз бөрікті, күзен ішік жамылған, белінде жарқылдаған күміс белбеуі бар, қырықтар шамасындағы түлкі мұртты біреу мықынын таянып шыға келді де, қарқылдай күліп:

– Жарайды, ер екенсің, дұшпаның кеміт­сін! «Ашу дұспан, ақыл дос» деген, жігітім, енді болды. Атыңнан түсіп, сөзге кел, жалғыз жүрген жан екенсің… Сендей азамат маған да керек…

Сөз аяқталмай үңгірдің ішінен ұзын шашты, бота көзді, талшыбықтай, ақ құбаша бір сұлу қыз жалаң бас шыға келді де, жығы­лып жатқан адамдарға бір қарап алып:

– Ағатай- ай, ағатай, кім боласың? Құтқар мына қарақшылардан! – деп Қарекеге қарап зарлап тұра ұмтылды. Үңгірдің ауызында тұрған адам оның білегінен ұстай алды. Қареке тебініп жанына жетіп барды да :

– Қоя бер! – деп зекіп қамшысымен оны бір тартып жалпасынан түсірді. Қыз Қарекенің атының мойнын құшақтап тізгініне оралып жылап жіберді. Қареке оны жұбатқан жоқ:

– Басқа адам бар ма?! – деп ақырды.

– Жоқ, – деді қыз.

– Жіп алып шық!

Қыз үңгірден жіңішке қайыс арқанды алып шықты. Қареке аттан түсті де, алдымен түлкі мұрттыны байлады. Қалғандарын да тырыстырып байлап алды да, қызға қаратып қойып, өзі қамшысын алып үңгірдің ішіне кірді.

Тас үңгірдің іші бөлек-бөлек қараңғы қуыс болып кетті. Біреуінде малдың еті мен аңның еті қара борша болып самсып тұр. Қалғандарындағы жиһаз, дүниені санап тауысқысыз. Қареке бірде біреуіне қол тигізген жоқ.

Қайта шықты да қызға:

– Бір ат ұстап мін! – деп бұйырды.

– Ағатай, рұқсат етіңіз, үңгірдің ішінде менің киімім бар еді. Соны киіп алайын! – деді қыз.

– Тез бол!

Қыз киініп шықты. Қареке оған аңырып қарап қалды. Үстінде, иығына шоқ қадаған, дөңгелек кестелі мүйізді өрнек өңірлі, құндыз жағалы қара мәуіті шапан, бүрмелі етек зер таспалы желбіреуік салған қызыл торғын көйлек, аяғында күміс құймалы қима тақа көк сауыр кебіс. Қолында алтындаған бұрама білезік, тұмар жүзік, белінде тас құймалы айшықты кемер белбеу, басында атақты бай қыздарының жасауының басы болып келетін сәукеле бар. Қареке одан назарын тез қайтарып алды. Атына мінді де, байлаудағыларды құлдата айдап жүріп кетті. Жол-жөнекей келіншектің жөнін де сұрамады. Жылап айтқан мұңына да құлақ салмады. Алдыңғыларды ат бауырына соғып қуалады да, отырды. Сол күні түнімен жүріп ертесі бір ауылдың шетіне ілінді.

Бұларды көрген ел тұс-тұстан жүгірісіп, қоршап алды. Істің жөнін ұққандар, Қареке мен келіншекті аттан түсіріп алды да, бесеуін апарып терекке таңып тастады. Бұлар елге әйгілі бес қарақшы екен. Жан-жақтан торуылдап жол тосып талай көшті, жолаушыны, саудагерлерді бұлап тұрады екен. Жұрт оларды таба алмай сарсаң болысыпты. Әсіресе осыдан он бес күн бұрын ұлы жүз Үйсіннің Дулат руынан Дон­тай деген атақты бай орта жүздің Қыпшақ руына қызын ұзатып келе жатып далада қо­нып жатқанда, бес қарақшы аңдып ке­ліп тонапты. Келіншекті жасауымен тартып әкетіпті. Қыздың күйеуі сол жерде қаза тауыпты. Артынан Дулаттар қол жинап, әскер шығарып тоқсан екі баулы Қыпшақтың ат жетер жеріне хабар айтып, бес қарақшының соңынан түсіп, іздеп таба алмапты. Олар бұл хабарды естігеннен кейін, шар тараптан құйылып келіп, бес қарақшының санына бұрау салып сұрақ қылды. Мойнына ажырғы салып, жеті күн ел аралатты. Артынан кепке тігіп, түйеге артып, ханға тапсырды.

Қарекені жұрт хан көтеріп құрметтеді. Оны ұлы жүз Үйсіндер маржан баулы, жібек шашақты, қоңыраулы күймеге отырғызып келіншекпен бірге еліне алып келді. Бұғаудан құтылған келіншек күймеден түсіп ауылына көрісіп жылағанда:

«Сәлем кетті жасымнан,

Қарқарам түсті басымнан.

Тілегім енді ел-жұртым,

Айырма осы батырдан», – депті. Мұны естіп егілген елі мен Донтай бай, батырдың ерлігіне сүйініп, қызының тілегін қия алмай, Қыпшаққа жаушы салып, сәлем айтыпты. Сонда өлген күйеудің елі:

– Батыр өз бауырымыз екен, жігітіміздің қанын қайтарып келініміздің жанын алып қалды, қалыңына төлеу алмаймыз, ықылас бердік депті. Мұны естіген Донтай бай қайтадан елін жинап бес күн той жасап, жасау-жабдығымен қызын ұзатыпты. Ел жиналып қыз көшін ауылдан аттандырыпты.

Сонда бір қария қолын жайып:

«Ақсұңқар торға түспесін,

Ақбөкен орға түспесін.

Алтын діңгек жығылмасын,

Ақыл бөлінбесін!» – деп бата беріпті. Сөйтіп, Қареке, қаса сұлу келіншекті алып, көктемде еліне оралыпты.

Картинки по запросу "Шаймұрат Қамза"

Шаймұрат Қамза

Abai.kz

3 пікір