Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Ақмылтық 4289 21 пікір 17 Ақпан, 2021 сағат 13:05

Ұлттық апат: Үш дүркін ашаршылық...

ҚР Парламенті Сенаты төрағасы М.С. Әшімбаевтың қатысуымен 16.02.21 ж. өткен «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: Ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» атты дөңгелек үстелдегі баяндама 

Ашаршылық шындығын ашу Тәуелсіздіктің алғашқы жылы бірден қолға алынған болатын. Жоғарғы Кеңестің арнайы комиссиясы Қазатком мен Халкомкеңестің кәмпеске туралы декретін, оған қарсылық көрсеткендерді жауапқа тарту, ұжымдастыру, кулактар мен байларға қарсы күресу жайлы қаулыларын зерделеп, салдарларын мұқият зерттеді. Партия ұйымымен жалғасып-тұтасып кеткен арнаулы органның қатысуымен жүргізілген сорақы әлеуметтік тәжірибе, қазақ тіршілігі дәстүрлі жүйесінің күйретілуі жайындағы қилы құжат, материал, естеліктерді қарап, халыққа қарсы мемлекеттік қылмыс жасалды, қазақ халқы 1931–1933 жж. 2 миллион 200 мың адамынан айрылды, яғни сол шақтағы құрамының 49 пайызын жоғалтты деп қорытты.

Іс жүзінде ашаршылық советтер билігімен бірге келген-тін. 1917–1919 жылдары Түркістан Республикасына қараған қазақтар ашықты. Ташкент большевиктері олардың жылқысын, малын «әлемдік революция жасауға тиіс» Қызыл Армия үшін сыпырып алып, күнкөрісіне қажет азық-түлік бөлуден бастартқан еді (Мұстафа Шоқай мұны «совет өкіметінің аштық саясаты» деп бағалаған болатын). Ташкент большевиктері оларды «марксизм тұрғысынан болашағы жоқ, экономикасы әлсіз, құрып-бітуге тиіс» деп санады. Көшпенділердің бір миллионнан астамы осы жылдары аштан өлді. Шоқай құрбандар санын 1 миллион 114 мың десе, Түркреспубликаның Мәскеудегі өкілі 2 миллион жанның ашыққанын айтқан, сондай мөлшер Рысқұлов еңбектерінде де аталады. Сол шақта баспасөзде олар «революция жеңісіне өздерінің өлімдерімен үлес қосуда» деген арсыз мәлімдеме жарық көрді. Бұл қазақ халқы душар болған жойқын Ұлттық апаттың алғашқы кезеңі еді. 1921–1923 жылдарғы екінші кезеңде Қазақ Республикасы аумағындағы көшпенділер шығыны тап Түркреспубликадағыдай болды. Бұл кезде қазақ елінің ашығып жатқанын орталыққа дәлелдеп,  қажет жәрдем алудың мүмкін болмағанын Қазатком төрағасы Сейітқали Меңдешев 1925 жылы 5-ші съездегі баяндамасында айтқан еді. Ал үшінші кезеңнің себеп-салдарын 1992 ж. Комиссия біршама толық ашты. Алайда қорытындылары қағаз жүзінде қалды, оның себебі «ашаршылықты саясиландырмау керек» деген жалпы нұсқауда жатқан, мұны түсінеміз.

Дегенмен большевизмнің 20–30-шы жж. қылмысты саясатына бүгінгі демократияшыл көршіміздің қатысы жоқтығын ойлап, мәселені әділ де шыншыл тарих тұрғысынан пайымдаудан бас тартпауға тиіспіз. 1935 ж. Қазақ Республикасының 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыста Мирзоян өзіне Сталин айтқан «сырды» әңгімеледі. 20-шы жж. «Бөкейханов деген біреу» Сталинге келіп, «көшпенді қазақтарды малдан айыруға болмайды, олар отырықшы тіршілікті білмейді, текке қырылып қалады» десе керек. Бірақ сол «ұлтшыл» қатты қателесті, қазақ халқы отырықшыланып, «социализмнің артықшылықтарын»  дәлелдеді-міс...  Біз бұл «жүрекжарды сырдан» большевиктердің ұлт қайраткерлерінің пікірін еш қаперіне алмағанын, сөйтіп халықты қырғынға ұшыратқан қылмыстарын «ұлтшылдарға» шебер жаба білгенін көреміз. Мұны әшкерелеу бүгінгі демократиялық мемлекеттің қытығына тимеуге тиіс. Көп этнос өкілдері бірге өмір сүріп жатқан халқымыздың татулығын, бірлігін арттыра түсу үшін бұларды баршамызға білу қажет.

1917–1933 жж. тікелей төрт жарым миллиондай, ықтимал табиғи өсімді қоса жоғалтқанымызды есептегенде, он миллиондай адам өмірін жалмаған Ұлттық катастрофаны жан-жақты да терең зерттеп, адам шығынын мейлінше нақтылауға қаржы бөлген дұрыс. Еліміздегі, көрші елдердегі архивтерді, жергілікті баспасөз материалдарын саралаған жөн. Салық көздерін анықтау үшін, патша әкімшілігі әр ауылды барлық жанымен, мал-мүлкімен тізімдеп қағазға түсірген, бұл советтік дәуірде де жалғасты, соларды мұқият қарастыру абзал. Бұларға қоса, қазақтың кемі жеті атасын түгендей алатын шежірешілдігін ескеріп, барша шаңырақтан опат болғандардың санын аты-жөндерімен  анықтаған жөн.

Ашаршылық апаты елімізге сырттан келіп қоныс- танғандардан мүлдем жасырылып келді, мұны олардың бүгінгі ұрпағы да, жерімізге көз алартып жүрген көрші ел саясаткерлері де білмейді. Ал, шындап келгенде, осы қасіретті тарихты баршаның білуі ел бірлігін арттырады, қазақ ұлтының төңірегіне бәрін бекем топтастырады. Сонда олар қазақ халқына жасалған тарихи әділетсіздікті ұғып, оның ұлттық мүдделерін бірлесіп қорғауға да саналы түрде атсалысар еді. Үш дүркін соққан зұлмат тарихы арқылы халық жадын жаңғыртатын арнайы Институт пен Ұлттық апатты көрнекі түрде көрсететін Музей ашылса, бұған жер-жердегі өлкетану музейлері де көңіл бөлсе –  тәуелсіздігімізді баянды етуге мүдделі отаншыл, мемлекетшіл ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз зор үлес қосылады. Және Катастрофаның тарихи, заңи, саяси бағасы әділ тұжырымдалады. Осындай ретпен алапат ашаршылықтарға, президент Қ.-Ж.Тоқаев айтқандай, мемлекеттік баға берілуге тиіс. Осылай болу үшін мынандай ұсыныстер ескерілсе:

1. Ашаршылық құрбандарының санын неғұрлым дәл анықтауға барлық мұрағат, статистика мекемелері жұмылдырылсын;

2. Қазақстандағы ЧК, ГПУ, ОГПУ органдарының архивін толық ашып, 30-шы жылдарғы қарсылықтарды басу, көтерілісшілерді сотсыз, тергеусіз жазалау жайындағы құжаттар мен материалдар зерттелсін;

3. Қазақ даласына ГУЛАГ жүйесінің «казармалық социализм» ошақтарын орнату, шартараптан «сенімсіз» халықтарды әкелу, өзге жұртты патшалық және советтік саясаттар жетегімен қоныстандыру тарихы жаңғыртылып, Қазақстан халқының қалай көп этносты сипат алғанын көрнекі түрде көрсетіп тұратын танымдық интерактивті карта жасалсын;

4. Әр жылғы 31 мамыр қарсаңындағы жұма күні Ашаршылық құрбандарын мемлекет көлемінде ел болып арнайы аза тұту, тағзым ету шарасы ойластырылсын;

5. Қазақтың Ұлттық апатқа ұшырауына, қылмысты саясатпен қатар, жерге заңды түрде орналастырылмағаны себеп болды (патша үкіметі белгілеген жер нормасы көшпенді тұрмысына сай емес деген желеумен, отырықшылыққа бейімделу мүмкіндігі 10-шы жж. кері қағылды да, 30-шы жж. большевизм ондай үмітті мүлдем жойып, халықты ауыр зұлматқа ұшыратты). Енді әркімге тиесілі жер үлесін белгілеп, олар бірлесіп құратын серіктестіктерге бос жерлер бекітіп берілсін, осындай құрылымдар патша үкіметінің переселендерге жасаған жақсылығынан кем түспейтін, қазіргі заманға лайық жәрдем түрлерімен қамтамасыз етілсін. Бұл іске бөлінген қаржы-қаражат, материалдық игілік аз жылда қайтарымын береді, ең бастысы, қазақтарды өз жерінің шын мәніндегі қожайыны етеді;

6. Жер кодексінің мораторий қойылған бабтарын мүлдем жою керек. Жерді пайдаланудың базалық параметрлері көрсетілетін, Жер кодексін жаңадан, дұрыстап жасауға негіз болатын «Қазақстан Республикасының жер саясаты» атты құжат қабылдау қажет. Онда дәстүрлі экономиканы дамытуға ынталы жұмыссыз жұртты, қандастарды жерге орналастыру ұлттық мемлекеттің іргетасын нығайту шарасы ретінде жүргізілетінін атап айтып, жер жөніндегі негізгі мақсат-мүдде бекем тұжырымдалсын.

Бейбіт Қойшыбаев

16.02.2021.

Abai.kz

21 пікір