Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Аласапыран 13259 8 пікір 1 Ақпан, 2021 сағат 13:44

Масондар. Тылсым биліктің құпиясы

Басы.

Ресейлік журналист Б.А.Печников «Рыцари церкви. Кто они?» деген еңбегінде масондардың қатарына қабылдау рәсімін былай суреттейді: «Үміткер жүрегі аузына тығылып қатты қобалжыған. Бірер сағаттан соң ол «шәкірт» ретінде «ерікті тасқалаушылардың» ұйымына мүше болады. Өздерін осылай атайтын масондар бұрын бұған жаратылыстан тыс ерекше қасиетке ие адамдар секілді көрініп, кездескен сайын қысылып-қымтырылатын. Келе-келе бойы үйренейін деді. Әйтсе де белгісіз бір себеппен олардан әлі де ығады.

Әне масон ложасының мүшелері храмның ортасындағы алаңда қыдырыстап жүр. Мұны олар жыл бойы сынаған. Сұрақ қойды, сұхбаттасты, сырласты. Ақырында мүшелікке лайық деген шешімге келді. Соңғы отырыста біреуі сөз алып, бұған сенім білдіруге болатынын, 1728 жылы қабылданған «Жарғылар кітабының» талаптарына сәйкес дайындықтан өткенін мәлімдеді.

Енді, міне, көптен күткен сәт жетті. Белгіленген уақытта ложаның арнаулы өкілі мұны үшінші қабаттағы шағын бөлмеге алып барады. Сол жерде үш негізгі сауалға жазбаша жауап береді: «Адамның мына жалған дүниедегі міндеті не? Бүл масон бауырластығынан не күтеді? Бауырластық бұған не бере алады?».

Бірінші қабаттағы фойеге осында жан-жақтан бүгінгі рәсім үшін шақыртумен келген масондар жинала бастады. Кезекке тұрып, айрықша тіркеу кітабына қол қойып жатыр. Жағалай қара костюм-шалбар, ақ қолғап киген. Бәрінің басында цилиндр. Ол – бостандық пен теңдіктің символы.

Кеуделеріндегі эмблемалардан дәрежелері қандай екенін біле аласың.

Ортаға цеременомейстер шықты. Қолындағы рәміз таяғымен еденді үш мәрте дүрс-дүрс соқты. Храмға кірген ел мәртебелеріне сәйкес жайғаса бастады. Әулиесынды престол мастері, жоғарғы магистр мен масон ложасының белгілі уақытқа сайланатын жетекшісі залдың шығыс жағындағы столға барып отырды. Олардың алдында масон ложасының үш киесі жатыр.

– Бар ғаламның Ұлы архитекторының жоспарлары жазылған «Қасиетті заңдар кітабы» – Библия. Ол сабырға шақырады.

– Бір бұрышты рәміз. Бұл бауырмалдық пен адалдықтың белгісі.

– Циркуль. Адамдардың арасындағы қарым-қатынасты, жақындарға, ағайын-туысқа деген ықыласты білдіреді.

Әулиесынды престол мастерінің оң жағында хатшы, сол жағында хабаршы отыр. Батыс қапталда екі қарауыл тұр.

Ел жайғасып болған соң престол мастері алдындағы балғаны қолына алып, тостағанды тарс-тұрс соққан кезде масон бауырластары орындарынан тік көтерілді. Храмның ортасына қарай жүріп, әсем колонналарға жете бере тоқтады.

Мастер «Даналық бағанындағы» шырақты жағып, саңқ етті.

– Кемеңгерлік, әлем құрылысын қолыңа ал!

Жанындағы көмекшілері басқа шырақтарды жағып жүріп жар салды.

– Құдіретті күш, оған дем бер!

– Сұлулық, шырқау шыңына жеткіз!

Қызметшілер зыр жүгіріп төргі беттегі үш мәрмәр колоннаның жанына кілемшелер төседі.

– Ложа ашық! – деді мастер салтанатпен.

Үміткер сол жаққа алабұртып аяңдады».

х х х

Б.А. Печников масон бауырластығына қабылдау рәсімінің бұл баянын Германия Федеративтік Республикасында ай сайын шығып тұрған «Гео» журналының 1988 жылғы санынан алған.

Енді қыры мен сыры ұзақ уақыт құпия болып келген масондардың тарихын таратайық.

Осыдан жеті ғасыр бұрын, яғни 1248 жылы готикалық сәулет өнерінің ғажайыбы – Кельн соборының іргесі қаланды. 1880 жылы 15 қазанда құрылысы 632 жылға созылған зәулім ғимараттың ашылу салтанаты болды. Қала тұрғындары корольдің өзі қатысқан тойда ерекше шалқыды. ХІІ-ХІІІ ғасырларда бүкіл Еуропада қанат жайған соборлар құрылысының кереметі неміс жерінде бой көтергені қайта-қайта айтылды.

Осы тұста кәрі құрлықта, оның ішінде Германияда архитекторлар мен құрылыс шеберлері, тасқалаушылар айрықша кәсіп иелері ретінде құрметке бөленген еді. Олар көпшілікпен аса араласа қоймайтын, әдетте салынып жатқан соборға жақын жерде қауымдасып бөлек тұратын. Құрал-саймандарын сырт көзден таса, ложа деп аталатын арнайы орындарда ұстайтын. Әр аспап құрылыс архитектурасының ерекшеліктеріне сәйкес құпия жасалатындықтан, бәсекелестердің қолына түспеуі қатаң қадағаланатын.

Уақыт өте келе собор құрылысшыларының жеке әлеуметтік топ түріндегі бірлестіктері пайда бола бастады. Олар өздерін сәулет өнеріндегі бекзадалар секілді сезінді. Ложа атауы шеберханаларға, одан қауымдастықтың тұратын жеріне берілді. Әр ложаның жеке соты, жарғысы мен қайырымдылық кассасы болды.

Мұндай ложалар әуелі Кельнде құрылса, кейін Венада, Страсбург пен Бернде шаңырақ көтеріп, бір-бірімен тығыз байланыс орнатты.

Осындай ложалардың мүшелері өздерін «еркін тасқалаушылар» («вольный каменщик») деп атағаны туралы алғашқы дерек Лондонда 1376 жылы толтырылған грамота болып табылады.

Масондардың бұлай бөлініп, жеке ұйым құруына ықпал еткен негізгі себеп – кәсіптерін аса жоғары бағалауы болса, екінші себеп – осы кәсіпке қабілеттілік жаратушының ерекше сыйы деген түсінік еді. Соған орай өздерін тәңірлік даналық дарыған даралар түрінде көкке көтерді. Әлемдік құрылысқа жауаптымыз деп есептеді.

Уақыт өтіп жатты. Ложалар көрнекті архитекторлардың беделімен ықпалын жылдан жылға арттырды. Олар Еуропаның көптеген елдерінде құрылды. Мақсат-міндет те айқындалды. Өмірге, қоғам мен заманға, адамзат әлеміне деген дербес көзқарас қалыптасты. Бұған дейінгі философиялық пайымдар мен ой-пікірлер ашық жоққа шығарылмаса да мойындалмады. Ғасырлар бойғы іс-тәжірибе де ілтипатқа алынбады. Сондықтан ложалар қызметін құпия жүргізді.

Өз пайым-байламдарына ғана сүйенетін осындай алғашқы масондар ұйымы 1717 жылғы 24 маусымда Лондонда құрылған. Ол ложа мүшелері жасырын жиналған дәмхананың атымен «Қаз бен таба» («гусь и провивень») деп аталды. Бұған Англиядағы «Тәждер» («Короны»), «Алма ағаштары» («Яблоки»), «Жүзім баулары» («Виноградные грозди») делінетін үш ложаның өкілдері енді.

Нақ осы ұйым «Масондардың ұлы ложасын» құру жөнінде шешім қабылдаған.

Араға он бес жыл салып Ұлы ложа Англиядағы 126 ложаны біріктірді. Отыз жылдан соң «Ұлы Ана ложасы» деген атпен жер шарындағы барлық «ерікті тасқалаушылардың» орталығына айналды.

Осыдан кейін Еуропа зиялылары масондар туралы тереңірек білуге тырысты. Себебі олар жайында түрлі қауесет көбейіп еді. «Бұлар мемлекеттер басшыларын өздеріне қаратып алып, саясатқа араласа бастапты», «Англия мен Германия солардың айтқанын істейді екен», «Атақты жазушылар мен композиторлар да масондардың қатарына қосылыпты», «Болашақта әлемді осы ұйымның басшылары билеп-төстейтін болады» деген лақап теңізден соққан суық желдей суылдайтын.

Осындай алып-қашпалардың әсері шығар, масондардың ұйымына «Көзге көрінбейтін билік» деген ат тағылды.

Сонымен масондардың ұйымы қандай ұйым? Оған мынандай классикалық анықтама берілген: «Масон бауырластығы – адам атаулыны өзара құрмет пен көмек, адалдық қасиеттері арқылы біріктіруді мақсат еткен, аристократтық-буржуазиялық ортада туған діни-философиялық ағым». Әуелде еркін ойлаушыларды, пікірін ашық айтып, ресми шіркеудің өздеріне өрескел көрінген іс-әрекетін сынаушыларды біріктірді. Уақыт өте келе мистикалық пайымдар басым болып, материализм мен атеизмге қарсы уағыздар таратты. Сол тұста, яғни, 1738 жылы шіркеу Құдайға қайшы пиғылдағы ұйым деп жариялады. Папа Климент XII шіркеуді кінәлап, қоғамдық тәртіпті бұзатын секта ретінде, оның насихатына сенбеуге шақырды.

Көп ұзамай Рим понтификтері Бенедикт XIV, Лев XII, Пий VIII, Григорий XVI және Пий IX да айыптады. Масондардың билік аристократиясына ықпалы күшейіп бара жатқандығы сескендірді. Ал мемлекет басындағылар керісінше «ерікті тасқалаушыларға» пейіл білдірді. Германия королі Фридрих II, Францияда Наполеон I қолдады.

Соларды арқаланған масондар әрекет аясын кеңейтуге кірісті. 1762 жылы Россияға жетті. Осы жылы ашылған ұйым 1917 жылға дейін сау-саламат жүріп жатты.

х х х

Мәртебелілердің ықыласы қай жаққа ауса, төңірегіндегілердің солай қарай қоғадай жапырылатыны белгілі. Еуропаның бірқатар елдерінде атақтылар мен дәулеттілер масондардың қатарына бір-бірлеп қосыла бастады. Бұлардың кейбірі олардың жетекшілеріне айналды. 1721 жылы Англияның аса бай мэрі герцог Монтегю Британия «Ұлы ложасының» әулиесынды магистрі болып сайланды. Осыдан бастап масондар корольдің сарайында төбе көрсете бастады. Ұйымдары күрт көбейді. Жеті-сегіз жылдың ішінде 109-ға жетті.

Бұрын «ерікті тасқалаушылар» өздерінің дәстүрлі киімін оңаша рәсім. кезінде ғана киетін. Енді құрым курткалы, кеуделеріне айрықша белгілерін таққан масондар көшелерде, көпшілік.жиналған жерлерде емін-еркін жүретін болды. Абырой-беделдері көтерілгені сонша, шіркеу рыцарьларымен бірге католиктердің діни киелі шараларына қатыса бастады. Соборлардың ірге тасын қалау, жаңа шіркеуді ұлықтау секілді рәсімдерге арнайы шақырылатын.

1737 жылы «Ұлттық ложаның» ұлы мастері Жан Теофиль Дезаглиенің Уэльс принцін масондардың қатарына қабылдауы ерекше оқиғаға айналды. Осыдан соң католик священниктері мен протестант пасторлары өздері күні кеше ғана «еретиктердің жын-ойнағы» деп айыптаған ұйымға топ-тобымен кірді.

х х х

Дүниені асты-үстіне шығарып, саяси-философиялық ағымдар мен режимдерді судай сапырған уақыт масондар үшін бір елде жайлы болса, бір елде жайсыз болды. Россияда большевиктер билікке келісімен «ерікті тасқалаушыларды» түре қуып, ұйымдарын жағалай жапты. Ирландия билігі де қырын қарады, масон ложасын зиянды деп тапты. Бірақ бұл тиым ұзаққа созылған жоқ, 1949 жылы ел республика деп жарияланған соң көзқарас күрт өзгерді. «Көзге көрінбейтін биліктің» ұйымдары Дублинде, басқа да қалаларда жұмысын жалғастырды. Қазіргі таңда бұл елде 730 ложа, олардың 50 мың мүшесі бар. Бұлар осы мемлекетте тамыр жайып қана қоймай, Австралияда, Жаңа Зеландияда, Оңтүстік Африка Республикасында, Ганада, Индияда, Ямайкада, Кенияда, Малайзияда, Мальтада, Нигерияда, Зимбабведе, Сингапурда, Гонконг пен Гибралтарда бөлімдерін ашқан.

Ұлыбританияға келсек, мұнда бүгінде 730 мың адамды біріктірген 8 мың ложа әрекет етуде. Лондонның өзінде 300 мың масон бар. Ұлы мастер – Англия королевасының жақын туысы герцог Кентский.

Шотландияда Масон ложасы XVI ғасырда пайда болған. «Мэрис чэпел лодж», «Мазер килвиннинг», «Мэлроуз Санкт-Джон» ложаларының сан ғасырлық тарихы бар. Оларға тікелей бағынатын бөлімдер әлемнің 50 еліне таралған. Ірілері – Австралия, Бельгия, Бирма, Чили, Исландия, Индия, Жапония, Иордания, Мальта, Жаңа Зеландия, Тайланд, Уганда республикалары мен Гибралтарда.

Америка Құрама Штаттары мен Канададағы ложалар бір-бірінен тәуелсіз, жекедара әрекет етеді. Жылына бір рет Мексиканың «ерікті тасқалаушыларымен» бірге «Солтүстік Америка ұлы мастерлерінің Конференциясына» жиналады. Ложалардың ұзын-саны – алпыс. Олардың ең жасы – 1981 жылы ашылған «Алясканың ұлы ложасы».

Аталған конференцияның маңызды институты бүкіл Солтүстік Америка мен Мексика ложаларының іс-қызметін реттеп, бағыт-бағдар беріп отыратын «Таным жөніндегі ақпарат комиссиясы» (Комиссия информации по признанию).

АҚШ-қа масон идеясын Англия, Шотландия мен Ирландияның «ерікті тасқалаушылары» әкелген. Алғашқы ложалар портты қалаларда құрылды. 1704 жылы елдегі бірнеше штаттың губернаторы болған Джонатан Белгер Британияға тиесілі «Масондар қоғамына» қабылданған соң жағдай күрт жақсарды. Ложалар көбейді.

«Көзге көрінбейтін билік» белсенділерінің қалай ықпал еткенін кім білсін, Америка Құрама Штаттарының аса көрнекті ғылым және мемлекет қайраткері Бенджамин Франклин масондардың белгілі іс-қызметіне білек сыбанып араласты. Филадельфияда баспахана ашып, «Пенсильвания газетін» шығарған, елдің азаттығы жолындағы соғысқа қатысып, құрлықтық конгреске сайланғаннан кейін «Тәуелсіздік декларациясын» дайындауға ат салысқан, электр тогының біртектілігі теориясын жасап, жай тартқыштың құрылымын ұсынған, білімі мен талантын Еуропа тік тұрып мойындаған ғұлама «ерікті тасқалаушылардың» алдыңғы сапында болды. 1730 жылы өзінің газетінде Филадельфияда масон ложасы құрылғанын хабарлайды. Сол жылы Нью-Йорк, Нью-Джерси және Пенсильванияның «Ұлы мастері» болып сайланған Даниэль Коксті жан-жақты қолдайды. 1734 жылы масондардың «Конституция кітабын» басып шығарады. Көп кешікпей Америка Құрама Штаттарының «Ұлы мастері» болып сайланады.

Американың азаттығы жолындағы күресте қаһармандағымен және стратег ретіндегі ерекше қабілетімен танылған, «Көзге көрінбейтін биліктің» ықпалы артуына елеулі үлес қосқан әйгілі масон жалғыз Франклин емес. Джордж Вашингтон, Джон Маршалл, Джеймс Отис, Александр Гамильтон, Джеймс Мэдисон – «ерікті тасқалаушылардың» көрнектілері.

АҚШ-тың масон атанған Президенті Вашингтон және Мэдисонмен шектелмейді. Джексон, Маккинли, Теодар Рузвельт, Тафт, Гартинг, Франклин, Д.Рузвельт, Трумэн, Эйзенхауэр, Форд, Картер де «Ұлы ложаның» қадірлі мүшелері болды.

Азамат соғысы жылдарында Вашингтонның үзеңгілестері болған генералдар Натаниэль Грин, Ли, Салливан, лорд Стирлинг, неміс бароны Штойбен, француз маркизі Лафайет, Монтгомери, Джексон, Поль Ревере де масон атанған ірілер.

Қазіргі таңда Америка Құрама Штаттарында 4 миллион масон – бауырлар тұрып жатыр. Балтық жағалауындағы Латвия, Литва, Эстония республикаларының халқын қосып есептесек, бұдан аз. Осынша жан Штаттардағы, көбіне дербес қызмет ететін, ложаларға таралған. Бәрінің басын қосып АҚШ-тың «Ұлы ложасын» құру идеясы жүзеге аспай келеді.

Англиядағы масондармен тығыз қарым-қатынас орнатқан Франциядағы «ерікті тасқалаушылар» қатарын қалыңдата алмай жүр. «Францияның ұлы ұлттық ложасы» 1964 жылы 3500 адамды біріктірген екен. Қазіргі таңда 7 мыңның о жақ бұ жағында.

«Көзге көрінбейтін билік» өкілдерінің қолын байлай қоймаған елді бірі – Италия. Мұнда Рим папасының масондарды қолдамау туралы жиі айтылатын насихатына құлақ асқандар жоқ емес. Сол секілді «ерікті тасқалаушылардың» жетегінде жүргендер де баршылық.

Елдегі масон тарихы 1733 жылдан басталады. Осы жылы лорд Сэквилл мен герцог Мидлсекса Флоренция қаласының Маджио көшесіндегі үйде масон ложасын ашқан лорд Генри Фокс Холландқа рұқсат патент тапсырады. Сол-ақ екен мұндай ложалар Пиза, Линорно, Сиен, Перудж шаһарларында бірінен соң бірі тұсауларын кесті.

1735 жылы тылсым билік белсенділері мәңгілік қала атанған Римде ұйымдарын құруға әрекет жасайды. Бірақ папа Климент XII қарсы шығып, Тоскан қаласына инквизаторларды жібереді. Сондағы ложаны қатаң тексеруді тапсырады. Жалаңдап жеткен жазалаушылардың жолын герцог Франк-Стефан Тосканский кеседі. «Ерікті тасқалаушыларға» бүйрегі бұратын ол шаһардағы масондарға шаң жуытпайды.

Құдіреті күшті Рим папасы құрықтай алмаған соң әбден еркінсіген масондар Миланды, Веронды, Турин мен Падуды «жаулап» алды. 1751 жылы католик діні басшыларының қайта-қайта салған қатаң тиымына қарамастан ложа Неаполда қоныс тойын тойлады. Ал 1870 жылы Италиядағы барлық ложа бірікті. Сицилия, Тоскана, Флоренция, Генуя, Ламбардия, Милан, Венеция, Цизальпан республикасы, Сардиния, Пьемонт, Севойя, Неаполь ложалары резиденцияларын Римге көшірді. Ұлы мастер болып Италия халқының жатжерліктерге қарсы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Джузеппе Мадзини сайланды.

Қазіргі таңда «Ұлы Шығыс» («Великий Восток») аталып кеткен «Ұлы Италия ложасы» 15 мың адамды біріктіріп отыр.

Масондар Еуропаның басқа елдеріне қарағанда Германияда көбірек қуғындалған. Сірә олардың сапында еврейлер аз болмағандықтан шығар. Бір кезде ұзын саны 80 мыңға жеткен ерікті тасқалаушылар қатаң тиым салынғаннан кейін 74 мың адамды жоғалтыпты. Кейін, Ұлы Отан соғысынан соң, қайтадан көбейе бастады. 1986 жылы 15 мың мүше болған. Атап айтарлығы сол – бұлардың 5 мыңы НАТО-ның сарбаздары.

Германиядағы масон ложалары шіркеулердің орынына «адамгершілік храмын» тұрғызамыз дегенді жиі айтады. Оның кірпіші – адам, құрылыс сазы – төзімділік пен бауырмалдық. Сәулет жобасы – Библия, архитекторы – Құдай.

Бұл неміс масондарының ғана емес, планетадағы барлық масондардың идеялық арман-мақсаты десек, қателеспейміз. Олар Құдайды ғаламның (жаратылыстың) ұлы архитекторы деп жариялай отырып, соған жетудің жолын іздейді. Адамзат болып ұйысып, барлық басараздықтар мен қақтығыстардан арылуды уағыздайды.


Жалғасы бар...

Алдан Смайыл,

жазушы, ҚР Мемлекеттің сыйлықтың лауреаты

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525