Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Білгенге маржан 13683 15 пікір 30 Қаңтар, 2021 сағат 15:22

Қазақ батырларының соғыс тәсілі...

Жылқының ішін жарып соғысу тактикасы - қазақ батырларының жаугершілікте қолданған мықты ұрыс тәсілдерінің бірі. Бір қызығы - бұл соғыс тактикасын қазақ батырларынан 200-300 жыл кейін Француз әскерлері бірінші дүниежүзілік соғыста қолданыпты. Ал бұл соғыс тәсілі Еуропа соғыс тарихындағы «таңғажайып ұрыс тактикаларының бірі» ретінде жазылған. Қазақ-жоңғар соғысында қолданылғаны туралы қазақ шежірелерінде деректер бар. Дегенмен, шежірелерде, тарихи деректерде, дастандарда, романдарда жазылып қалғанына қарамастан, қазіргі кезде бұл соғыс тәсілі туралы білетін жандар өте аз.

Жылқының ішін жарып соғысу тактикасы - қазақ жау жүрек батырларының ең соңғы қолданатын ұрыс тәсілі болған. Бейне өзін құрбан етіп, жауды жарып жіберетін соңғы жауынгер сияқты, ақырғы қаһармандық, жанкештілік ұрыс тәсілі ретінде қолданылған. Қаптаған қалың жау басып келгенде, соңғы қалған батырлар жылқының ішін жарып, жасырынып немесе кеудесін қалқан етіп, басып келген жауды бір-бірлеп атып, қырады екен. Бұл ұрыс тактикасын бейғам жатқан қазақ даласына тосыннан жоңғарлар шапқыншылық жасаған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары елін, руын, тайпасын аман алып қалып, алға жылжытып жіберу үшін, өздері тосқауылда қалып, жандарын пиде еткен батырлар ең соңғы жанкешті ұрыс тәсілі ретінде қолданған.

Бұл қиян-кескі ұрыс әдісінің ең соңғы амалы болған. Соңында ерлікпен қаза тапқан. Қазір осы соғыс тәсілі жайында айтылмай, жазылмай келеді. Тіпті, жоғарыда айтқанымыздай, мұны білетін адамдар да өте аз. Өзгенің қаһармандық тәсіліне, ұрыс әдісіне таңдай қаққанша, қазақ батырлары қолданған осындай тарихи тапқыр тактикаларды әспеттеп, еске алып, жазып, зерттеп, тіпті жаугершілік туралы киноларда өзіміздің төл соғыс тәсілдерімізді көрсету абзал деп санаған ниетіміз осы мақаланы жазуға түрткі болды.

Мысалы, «Томирис», «Көшпенділер», «Қазақ хандығы» сияқты фильмдерде жаттанды, шетелден көшірілген ұрыс қимылдары мен эпизодтарды қолданғанша, осындай өзіміздің қаһармандық ұрыс тактикаларын қосса, құба құп болар еді.

Бір қызығы, бұл тәсілді қазақ батырларынан екі, үш ғасырдан кейін қолданған француздар осы тапқыр соғыс әдісін әспеттеп, «Еуропа тарихындағы таңғажайып соғыс тактикасының бірі» ретінде жазып қалдырса, Голливуд осындай қорғану тәсілін қолданған шын тарихи оқиғаны баяндап, фильм түсіріп үлгерді. 1823 Миссури территориясындағы америкалық тәуекелші Хью Гласстың өміріндегі бірқатар оқиғалардан шабыт алып, америкалық жазушы Майкл Панке 2002 жылы «Тірі қалған» (Выживший) деген роман жазды. Автордың осы романды жазуына итермелеген таңқаларлық шытырман оқиғаның бірі  - «жылқының ішін жару тәсілі» болған, сол себепті, бұл оқиға романға ерекше бөлім ретінде қосылған. 2015 жылы романды арқау етіп, Алехандро Гонсалес Иньярриту фильм түсірді. 88-ші реткі Оскар сыйлығының 12 номинациясына ие болған фильмде жергілікті үнділермен соғыс дәуіріндегі қиын-қыстау жағдайда жылқының ішін жару тактикасы көрсетілген. Шын мәнінде, мұндай таңқаларлық және тапқыр ұрыс тәсілін олардан бірнеше ғасыр бұрын біздің ата-бабаларымыз қолданған болса да, оны әлі күнге әспеттей алмай келеміз.

Ендеше, тақырыпқа арқау болған, аттың ішін жарып соғысу тәсілі қолданылған тарихы шайқасты нақты дәлелдермен баяндайық.

Тарихи деректер, романдар, дастандар және шежірерлер бойынша, 1718 жылы қалың қалмақ қолы басып кірген кезде, қазақ даласының шығысын күзеткен елдің батырлары Құдайназар Тәңірбердіұлы бастаған жүз сарбаздың жылқының ішін жарып соғысу тактикасын қолданып, шайқасқаны айтылады.

Еуразия ұлттық универсиетінің профессоры, тарихшы Жамбыл Артықбаевтың тарихи деректеме кітабында Құдайназар Тәңірбердіұлы батырдың осы ерлігі жазылады. Тарихшы Еркебай Қабылжан «Қызай елі тарихи деректері» деп аталатын деректер жинағында да Құдайназар Тәңірбердіұлының «жылқының ішін жарып соғысқанын» баяндайды. Ал, Досбер Саурықұлы (1894-1971) «Есенгелді батыр» дастанында Құдайназар батырдың аттың кеудесін далда етіп соғысқан тарихи шайқасты жазады. Қабдеш Жұмаділұлының «Дарабоз» романында да осы жанкешті соғыс туралы айтылып, Құдайназардың жүз сарбазбен ойрат қолының алдын тосқаны баяндалады.

Романға сәйкес, Құдайназардың атқан оғы жерге түспейтін мерген қызы Күлайым әкесін қимай, көшті алға жылжытып жіберіп, жаудың алдын тосуға бірге қалып, жүз батырмен бірге ерлікпен қаза тапқан.

Доспер Саурықұлы тарихи дастанында Алакөлдегі қазақтың қалмақпен соғысын суреттей отырып, Құдайназар батырды атайды және оның тоғыз ағайынды екенін жазып кетеді. Жер қайысқан қалың қолмен ойрат әскерлері шабуылдап келгенде, көшті алға жылжытып жіберіп, жанын пида етіп, тосқауылда тоғыз ағайындыдан Құдайназар батыр қалады. Қасына жүз сарбазды іріктеп алып жаудың алдын тосады:

«Айтайын Құдайназар батырды енді,
Ағасын: - Бері кел,- деп, шақырды енді.
Құттымбет тоғызының ең үлкені,
Салады ағасына ақылды енді.
- Тоғыздан мен шығайын жан пидаға,
Қараңыз, бала мен, сіз, қатынға енді»,- деп жырлайды Саурықұлы.

Дастанда Құдайназардың жастай үш ұлы, ер жеткен бір қызы бар екені айтылады. Шежіреге сүйеніп, қыздың атқан оғы жерге түспейтін мерген болғанын жеткізеді.

«Шаруасын басқарғаны сол қыз еді.
Өзінде білім де бар, өнер де бар,
мақтасам, сол заманның дүлдүлі еді»,- деп жазады Досбер Саурықұлы.

Әкесімен бірге «шолпандай таңғы туған» сол қызы қалып, қалың жаудың алдын бөгейді.

«Сонымен жауға қарсы садақ атты,
паналап өлген аттың кеудесінде»,- деп жырланады дастанда. Оқиға 1718 жылдар шамасы болған делінеді.

Ал, 1999 жылы басылып шыққан Еркебай Қабылжанның тарихи деректемелер жинағында: «Қалың жаудың қолымен неше күн, неше түн айқасып, жаудың алдын тосып, кезеңнен асырмайды. Ел ұзап көше береді. Бірақ асытындағы аттарына оқ тиіп, бекініс қалқа болмағанда өлген аттың ішін жарып жіберіп, ішек қарнын алып тастап, қызы екеуі аттың қуыс кеудесіне жасырынып, жебе атып, жауды ілгері бастырмайды. Бірақ соңында оқтары таусылып ерлікпен құрбан болады.

Құдайназардың жалғыз қызы да асқан батыр еді. Қаршадайынан әкесіне еріп жүріп, құралайды көзге атар мерген болған. Аспанға лақтырған бөрікті жерге түсірмей садақпен дәл тигізетін, ұшып бара жатқан торғайды сығаламай атып түсіретін қол мерген еді. Осының алдындағы бір шайқаста Құдайназардың қызы шапқыншылардың құз басына бекінген 15 мергенін атып түсіріп, өздеріне жол ашқан еді»,- деп жазылады.

Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романында Жоңғар қақпасынан жер қайысқан қалмақ қолы шабуылдағанын айтып былай деп баяндалады:

«Жоңғар қақпасы арқылы Жетісуға ойрат қолы басып кіргенде, осы Есенгелді жеті-сегіздегі бала екен. Жау әскері жақындап қалғанда, әкесі Қудайназар батыр қалың елді мал-жан, бала-шағасымен Арқаға қарай көшіріп жіберіп, өзі жүз жігітпен қалмақтардың жолын бөгей тұру үшін асуды күзетіп қалған көрінеді. Әйелі кішкентай екі ұлын бір атқа міңгестіріп, көшпен бірге кете барады да, бойжеткен жалғыз қызы Күлайым әкесін қиып кете алмай, тосқауыл топтың қасында қалады. Күлайым атқан оғы жерге түспейтін асқан мерген екен. Қиын асудың шығар аузына бекінген жүз жігіт қара құрым қалмақты екі күн бойы бері өткізбей, арыстанша алысады. Жақын келгенін жебеге түйреп, алыста сай табанында жүргендеріне тас домалатып, жау әскерін көп шығынға ұшыратады. Ақыры оқтары таусылып, әбден титықтап қалжыраған кезде ғана асуды қолдан беруге мәжбүр болады.

Ең аяныштысы - жаңағы жүз жігіттің бірде-бірі тірі қалмапты. Не бас сауғалап қашпаған. Бәрі де туған жер, ата қоныстары үшін жан қиған... Арада біраз уақыт өткенде, үріккен елден адамдар шығып, қалғандардың хабарын білейік деп қайта оралғанда, шетінен жебеге түйреліп жайрап жатқан жігіттерді көреді... Алдымен Құдайназар батырдың қасындағы қызына оқ тисе керек. Қайран ер қызын қорғаштап орнынан көтеріле бергенде, өзінің де ту сыртынан ажал жебесі қадалып, екеуі құшақтасқан күйі жан үзіпті. Барғандар сол жерде әрқайсысына жеке-жеке қабір қазып, құрбандарды арулап көміпті. Көргендердің айтуынша, «Қызай қорымы» аталатын тас бейіттер сол маңда әлі де тұрған көрінеді.

Осы оқиғаны Қабанбайға ана бір жылы Есенгелдінің өзі айтып берген-ді. Көкірегі қарс айрыла, көзіне жас ала отырып әңгімелеген. Не үшін екен, осы әңгімеден кейін ол Есенгелдіні бұрынғыдан ары жан тартып, жақсы көріп кетті. Қазір ойлап отырса, екеуінің мұңы бір екен ғой. Азаттық үшін алысып, жау қолында қаза тапқан әкелер, қыршын кеткен апалар мен ағалар... Бұл тірлікте туған жерімізді қайта барып көрсек-ау деген ортақ арман бұларды қатты жақындастырып жіберген. Содан бері Есенгелдіні азаттық жолында ақырына дейін алысатын, жауды жеңбей кегі бітпейтін нағыз сенімді серік, қайтпас қайсар іні деп танып еді…»,- деп жазылады «Дарабоз» романында Құдайназар батырдың жанкешті шайқасы туралы.

Осылайша, Құдайназар батыр мен қызы және жүз сарбаз елді аман алып қалады. Батырдың көшпен бірге кетіп, тірі қалған балалары тарихта «үш жетім» деп аталады. Үш жетімнің бірін көтеріп, бірін жетектеп, анасы балаларының нағашысы Сарыүйсінді паналайды. Кейін үш жетім еліне оралғанда, елді аман алып қалған батырдың ұрпағын көкке көтеріп, ат шаптырып, той жасайды. Осы тойдан кейін, үші жетімнің бірі, әйгілі батыр Есенгелді мен Қабанбай батырдың достығы басталады. Дарабоз батыр Қабанбай Есенгелдіні қазақтың кемеңгер ханы Абылаймен таныстырады. Осыдан кейінгі тарихи оқиғалардың бәрінде Қабанбай мен Есенгелді батыр бірге жүреді. Әке кегі жүрегіне тас болып қатқан Есенгелді батыр Қабанбаймен бірге талай жеңісті жорықтар жасайды. Дарабоз батырмен бірге Хан Абылайдың орда жиналыстарына шақырылады. Тарихи шешімдер жасауға қатысады, елшілік қызметтер атқарады.

Доспер Саурықұлы дастанында өзінің бабасы Құдайназардың ұлы Есенкелдіге қатысты бұл оқиғаны еркеше шабыттанып жырлайды:

«Үйіне қайтқанында ер Қабанбай,
Бабамды Қайып би мен шақырды енді.
Барады ата ұлынан жұрт бастығы,
Абылай елді жиып жатыр, - дейді.
Қалайша жаудан аман ел қорғаймыз,
Сол жерде қорытамыз ақыл, - дейді».

Тарихшы Жамбыл Артықбаевтың жазуынша, сол кезде Бурабайда бас батырларымен ақылдасқан Абылай енді үш жүздің қазағының қарулы азаматын Ұлытауға жинауға бел байлады. Бұл жаугершілікке толы ХVІІІ ғасырдың тура тең ортасы, 50-ші жылдардың басы болатын. Қазақтың шежірелерінде бұл заманды:

«Садақ белде дап-даяр, найза қолда,
Ат белдеуде тұрады, түйе – қомда», - деп суреттейді. Құдайназардың ұлы, Қабанбайдың замандас, адал досы Есенгелді батыр бастаған «Қызай елінің батырлары Абылай ордасының шығыстан қорғайтын қалқаны қызметін атқарушы еді», - деп жазады Ж.Артықбаев.

Хан Абылайдың орда жиналыстарына жиі шақырылуы Есенгелдіні Абылай ханға байланысты ірі тарихи оқиғаларға қатысуға мүмкіндік береді.

Пекинде басылып шыққан «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдары» атты кітаптағы деректерге сәйкес, 1741 жылы Абылай сұлтан Қалдан-Серен қолына қапыда тұтқынға түскенде, оны құтқарушылардың бірі Құдайназардың ұлы Есенкелді батыр екені айтылады.

Абылайды құтқаруға қара қалмақ ордасына барған Есенгелді батыр Қалдан Серенге:

Қан майданда өлмесе,
Ерге обал болмай ма?
Ұйықтап жатқан барысқа,
Шыбын да келіп қонбай ма?- деп сөзбен жеңген-ді (Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар. Есенгелді батыр. Пекин «Ұлттар баспасы», 25 бет.).

1756 жылы Жоңғариядан Әмірсана бастаған бір топ қалмақ бекзадаларының көмек сұрап қазақ жеріне келгенде, Абылай ордасының тапсырмасы бойынша Әмірсанаға Есенкелді батырлар қомқорлық жасаған.

Әмірсана жанында Дауаш деген батырымен бірге қазақтардың ішіне қашып келеді. Абылай хан Әмірсананы Есенгелдіге тапсырады. Әмірсана Есенгелді ауылында екі жыл тұрады. Осы кезде Әмірсана қотыр болып қатты ауырып, қанша дауаланса да ем болмайды. Сонда Есенгелді өзінің көк биесін сойып, соның терісіне салып, Әмірсананы сақайтады. Ауырудан айыққан Әмірсана Есенгелдімен құшақтасып дос болады. Сол достықтың құрметіне Есенгелді батыр өзінің баласына Әмірсана деп ат қойған. Есенгелдінің баласы Әмірсанадан тараған ауыл қазір рулы ел» делінеді («Қызай тарихына қатысты деректер» 16 бет).

Ал, Қабанбай мен Есенгелдінің достығының айтпай кетпеуге болмайтын бір тұсы - Дарабоз батырдың Есенгелдінің баласына өзінің атын қоюы. Қабанбай бастаған батыр, билер Құдайназардың ұлының үйінде жер дауын шешіп отырған күні Есенгелді батырдың әйелі босанып, ұл табады. Қабанбайға Есенгелді өз баласына ат қоюын қолқалайды.

Бұл оқиға туралы «Дарабоз» романында былай деп суреттейді:

- Солай ма? Апыр-ай, ә... бұл жігітке - кім деп ат қойсақ екен?!  - Қабанбай жөпелдемеде не айтарын білмей, абдырап қалды. Әркім әр түрлі кеңес беріп жатыр. Төбет би:

- Осы балаға өз атынды қойсаң қайтеді? Кейін еске алып, айта жүргенге жақсы! - деп еді, Боранбай отырып:

- Әй, өз атың ауырлау болады ғой. Кішкентай неме көтере алмай жүрмесе! - деп сақтық білдірді.

Бұл кезде Қабанбай орнынан сәл көтеріліп, жас баланы қолына алған болатын.

- Осы балаға ықыласым түсіп тұр. Өз атымды-ақ қояйын, - деді Есенгелдіге қарап. - Менің атымды көтере алса - Қабанбай болар. Көтере алмаса - Жаманбай болар! - деп жұртты бір күлдіріп алды да, нәрестенің құлағына еңкейіп тұрып: «сенің атың - Қабанбай!» —- деп үш рет айғайлады.

Көпшілік жан-жақтан жамырай қолпаштап:

- Дәу жігіт болсын!

- Қабекең секілді бұл да елін қорғайтын аруақты батыр болып өссін!

- Тіпті осы атты аман-есен көтеріп жүрудің өзі бір қазаққа аз олжа емес қой! - десіп гу-гу етеді...

Сонымен, тағы бір Қабанбай келді дүниеге. Ол үлкен Қабанбайдың орнын не басар, не баспас, әйтеуір, тірі жүрсін деп тілесті үйдегілер... Бірақ күндердің күнінде осы құртақандай сәбиден талай ұрпақ өніп-өсерін, олардың Қызай ішінде Қабанбай деген белгілі руға айналып, арада екі жүз жыл өткенде сол рудан өз елінің азаттығы үшін ақтық деміне дейін айқасар нағыз ерлердің шығатынын онда ешкім болжаған жоқ еді, - деп жазылады «Дарабоз» романында.

«Қазақ шежіресі» кітабында бұл оқиға былайша суреттеледі: «Есенгелдінің бір баласының аты Қабанбай. Қабанбай мен Есенгелді дос болған. Есенгелдінің ауылына Қабанбай қонақ болып отырғанда бәйбішесі босанып, соның атын Қабанбайға қойыңыз дегенде, «Көтере алса Қабанбай болар, Көтере алмаса Жаманбай болар», деп Қабанбай өз атын қойған. Осы Қабанбай руынан кейін батыр көп шыққан. Соның бірі Атақты Акбар мен Сейіт» (Қазақ шежіресі. Шинжаң жастар-өрендер баспасы, 1996 жыл. 275  бет. Нұрболат Оспанұлының шежіресі).

Мұндағы Акбар мен Сейт Шығыс Түркістанадғы азаттық көтерілісінің алғашқы оғын атқан. Әйгілі Есбосын батыр, оның ұлы Әкбар, Науан, немере інісі Сейіттер Шығыс Түркістандғы азаттық жолын ашқандар.

Он сегізінші ғасырда тыныш жатқан қазақ даласына жоңғардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасап, басып кіріп, қазақты қырғынға ұшыратты. Қазақ халқының басына бұрын соңды болмаған зобалаң күн туып, «Ақатабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұласты. Жоңғарлар қазақ жерінің территориясын дерліктей басып алды. Үдере шегінген қазақтар Ходжент, Самарқан, Бұқара иеліктеріне дейін өтті. «Елім-айлаған» халықтың көбі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңді. Қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кету қаупі туды. Кейбір рулар шапқыншылықта жойылып кетті. Ал жойылмай қалған қазақ ру-тайпаларының Құдайназар сияқты батырлары жандарын пида етіп, елін алға жіберіп, әр түрлі жанкешті ұрыс тәсілдерін қолданып, елін аман алып қалды.

Сол батырларының арқасында аман қалған рулар мен тайпалар кейінірек есін жиып, Есенгелді сияқты ержеткен жас батырлар қайта атқа мініп, Хан Абылайдың туының астына жиналып, жауға қарсы шауып, ел кегін алды, ата қонысын қайтарды.

Бүгінгі ел мен жер бізге аманат болған бейбіт заманда жаугершілікте жанын пида еткен қазақ батырларының жанкешті ұрыс тәсілдерін, әсіресе, осы мақалада айтып кеткендей, жылқының ішін жарып соғысу тактикалары сияқты соғыс тәсілдерін білу, әспеттеу, зерттеу, әрине, біздің міндетіміз.

Қазақ-жоңғар соғысынан екі-үш ғасырдан соң дүниежүзілік бірінші соғыста бұл тактиканың қоланылғанын жазып, қаттаған француздар сияқты немесе романына, голливудтық фильміне қосқан америкалықтар сияқты болмасақ та, еуропалықтардың өзі жоғары бағалаған «таңғаларлық ұрыс тактикаларымызды» білсек, зерттесек, қазбаласақ, насихаттасақ, реті келгенде тарихи фильмдерімізде көрініс тапса деген арман мен үміт.

Талғар Дәлелғазы

Abai.kz

15 пікір