Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5951 7 пікір 27 Қаңтар, 2021 сағат 12:51

Федоровтың ұйымы Өскеменде де ашылған ба?

ҚР ҰҚК Төрағасының,

ҚР ІІМ министрінің,

ҚР Бас прокурорының наразына!

Былтыр, Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстанның территориялық тұтастығына көз алартып, жерімізге, Тәуелсіздігімізге сұқтанған, мемлекеттігімізді жоққа шығарып сөйлеген, «Қазақтың жері Ресей мен КСРО-ның сыйлығы», «Қазақстан территорияны қайтаруы тиіс», деп бүлік шақырған Ресейдегі Дума депутаттарын жақсы білесіздер.

Евгений Федров, Вячеслав Никонов пен Владимир Жириновскийлердің сөздері мемлекетаралық деңгейде дау болды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей дипломаттарына наразылық нотасын тапсырды. Президент Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Қазақстан шекарасы туралы айта келе, қазақтарға жерді ешкімнің сыйға бермегенін және ел тарихы 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейтінін айтты.

Ол даудың қалай басталып, қалай «тыншығанын» өздеріңіз де білесіздер. Біз де бұл туралы өз уақытында айттық, жаздық. Қазір қайталап жатпайық. Естеріңізге түсіру үшін, материалдардың сілтемесі мінекей:

1. Молотовтың немересі «соғыс» тілеп отыр ма?..

2. Бұл – миллиондаған қазақтың тарихи танымын қорлау!

3. Руки прочь от Казахстана!

4. «Олар «қазақ тұрмаған» деген жерде мыңдаған қазақтың сүйегі жатыр»

5. Путиннің тағы бір «депутаты» қазақ жеріне шүйлікті

6. Собака лает, караван движется...

7. Түрік жастары: Қазақстаннан тарт қолыңды, Ресей!

8. Арандатушылық үдеп барады!

9. Дума үштігінің сандырағы һәм министрдің жауабы

10. Федоровтың ұйымы кімді, неден азат етпекші?

11. Полиция: «Астанада «НОД» ұйымы жоқ», дейді

12. Шевченко: Мәскеуден тек империализмді күтуге болады

13. Дауыл алдындағы ысқырық...

14. Шекарамызды даулауға ешкімнің хақысы жоқ!

15. Жер де - қазақтікі, ел де - қазақтікі!

Орыс (Ресей) саясаткерлерінің бұл провокациясы қазақ қоғамында, қазақ қоғамында ғана емес түркітілдес елдерде де әжептәуір талқы болды.

«НОД АСТАНА» 

Жоғарыдағы В.Никоновтың бейсауат сөздерінен соң тұтанған дауға белсенді араласқан орыс депутаттарының бірі – Евгений Федоров дейтін адам болды. Ол да Владимир Путин басқаратын «Единая Россия» партиясының өкілі. Ресейдің Федералды Думасының бес мәрте депутаты болған, қазір мемлекеттік Думада депутат. Ауған соғысының ардагері және «Ұлттық азат ету қозғалысы» саяси бірлестігінің лидері.

Былтыр желтоқсанда біз Федоровтың «Ұлттық азат ету қозғалысының» бір филиалы Қазақстанда да жұмыс істеп жатқанын, ол ұйымның - «НОД АСТАНА» деп аталатынын айтып, дабыл қақтық. «Федоровтың ұйымы кімді, неден азат етпекші?», - деп жаздық. Сол уақытта жаңағы «НОД АСТАНА» деп аталатын сайт ашық тұрды. Жай тұрған жоқ, «Біздің қатарымызға қосыл», деп шақырып тұрды.

Арада екі-үш күн өткенде Астана (Нұр-Сұлтан) полициясы: «Елордамызда Федоровтың ҰАҚ штабы жоқ», деп мәлімдеме жасады.

«Данная информация проверена. По вышеуказанному адресу и на территории столицы в целом штаба организации под названием НОД не существует. Ссылка фейковая, а лица, указанные в этой организации, не являются гражданами РК. Просим не поддаваться на провокационные действия», - деді.

Осыдан соң, әлеуметтік желідегі біраз жұрт Астана полициясының сөздеріне сенгендей болды. Ал биылғы жылдың 10 қаңтарында (Қазақстанда) Парламент сайлауы өткеннен кейін бұл даудың қызу талқысы сәл саябырсыған сыңайлы еді. Кеше тағы бір даулы һәм қауіпті мәселенің беті ашылды. Бүгін сол туралы «дабыл» қағамыз...

«НОД» деген ұйым Өскеменде де ашылған ба?

«You Tube» желісіндегі «Тіл майданы» (Til Maydanı) арнасында өскемендік Қуат есімді азамат «Ресей Қазақстаннан территорияны қайтаруын талап ету керек», деп сөйлейтін Евгений Федорвтың «НОД» деген ұйымы ашылғанын һәм жұмыс жасап жатқанын мәлімдеді.

Қуаттың айтуынша, «НОД» ұйымы Өскемен қаласында ашылған.  Ұйым өкілдері қала ішінде арнайы парақшалар таратып, жұртты өз қатарларына тартуды бастапты. Әлгі бір беттік парақшада «ҚазССР», «СССР» деген сөздер қолданылған.

Сондай-ақ, «Бұл мәлімдеме арқылы мен өзімнің КСРО азаматы екенімді растаймын», «КСРО мен ҚазССР азаматтығынан шығу туралы арызға қол қойған жоқпын», «ҚР азаматтығын қабылдау туралы арызға қол қойған жоқпын», деген сөйлемдер жазылған.

Осы жайлы «Тіл майданы» белсенділері Қазақстанның құзырлы органдарына бейне үндеу жолдап, «НОД» ұйымының сепаратистік әрекеттерін әшкерелеген. Бейне үндеу мен Светлана Викторовна дейтін адаммен (қозғалыстың кураторы) болған 6 минуттық диалог «Тіл майданы» «You Tube» арнасына 26 қаңтар 2021 жылы жарияланған.

;feature=youtu.be

Қазақстанның құзырлы органдары, ҚР ҰҚК, ҚР ІІМ министрлігі, ҚР Бас прокуратурасы аталған жайды басшылыққа алып, еліміз бен жерімізге көз алартқан арандатушылардың жолын дереу кесуі керек! Қазақстанның территориялық тұтастығын қасақана бұзуды мақсат еткендер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек!

Ресейдің «Ұлттық азат ету қозғалысы» (НОД) Қазақстанда не үшін жұмыс істеп тұр? Арандатушылардың ашық үгіт жасауы – Тәуелсіздігімізге үлкен қатер екені анық! Бұл бассыздықтың жолы бүгін кесілмесе, ертең кеш!

Abai.kz

7 пікір