Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 9226 1 пікір 22 Қаңтар, 2021 сағат 14:30

Динозавр етін жеген адам

(әңгіме)

– Сен динозавр етін жеп көрдің бе?

Алғашқы сұрағы осы болды. Ішіп отырған шайыма шашалып қала жаздадым. Жөткірініп, жөпелдемеде кеудемді қысқан әзәзіл күлкінің табынан ба, әлде тамағыма кептеліп қалған шайдың ұсақ шамасынан ба, әйтеуір, тамағымды жыбырлатқан әлденеден әзер арылдым. 

– Не үшін? – деп, ойыма әлдеқайдан далбасалап келе салған сұрақты қойдым. Бала күнімде түзде жүріп, жыланды отқа қақтап жегенім есіме түсті. Аш болғандығымнан емес. Ермек қып. 

– Динозавр етінің дәмі мына тауық етінен аумайды, – деді ол, менің сұрағымды елемегендей.  

– Әдемі әзірлейді екен, – деп, тамсандым мен.

Тұмшапеште тұтастай пісірілген тауық еті тіл үйірерліктей екен. Пәлі, өзімнің тамақсау екенімді байқатып қойдым. Мен өз табағымдағы тауықтың жартысынан көбін опырып тастағанымда, ол бір аяғының етін сүйегінен енді ғана ажыратыпты.

Ол даяшыға тауық еті мен шайға өзі тапсырыс берген (ас мәзіріне нан тегін кіреді екен, алайда, ол қызғылт қабықты дәмді нанға қол созған да жоқ). Қатар тұрған екі кафенің бізден шеткерірегін таңдағанында бір гәп барын енді ғана түсіне бастағандаймын.  

– Сен менің ашаршылық туралы киномды көріп пе едің?

Мына сұрағы да мені тығырыққа тіреді. Жұмсақ тауық еті таңдайыма сыймай қалды. Динозаврдың дәу сүйегін жұтқандай болдым.

– Сол фильмді түсіру үшін мен үш бөлмелі пәтерімді кепілге қойып, қарызға белшемнен баттым, – деді, жауап күтпей.

– Обал болған екен, – дедім, қарадай ішім күйіп.

– «Пәтерден айырылды» деп ойлап отырсың ба? Шығарған шығынымның бәрін бес есе ғып қайтарып алдым. Менімен ойнамасын, – деп, миығынан күлді.

«Динозаврлардың еті қаттылау болатын шығар» деген ой келді. Әлгінде қағып салған арақтың буынан болар.

– Тағы бір қайталайсың ба? – деді, алдымдағы бос рөмкені иегімен нұсқап. Тамаққа тапсырыс берерде, жүз елу грамдық графинді алдырғысы келген. «Бір рөмкесі жетер» дегем (рөлдегі адамның өзі ішпейтіні түсінікті). Рөмкені қолға алып, дөңгеленте отырып, жиегін айналдыра қарадым да:

– Қайталау керек сияқты, – деп ыржидым.     

Даяшы арақ толы рөмкені пәтніске салып әкелді де, «тағы не қалайсыздар?» дегендей, иіле қалды. «Болды, қарындасым», – деді ол, бес саусағын жаза, қолын көтеріп. 

Даяшы ұзап кеткесін маған қарап: «Ал, алып қой, бауырым. Арақ тәбет ашады ғой. Мынаны да жей салшы, менің шамам жетпейді», – деп, табағын маған қарай ысырды. 

Зер салсам, табақтағы тауықтың жартысы ғана опырылыпты. Ол беймәлім жыртқышқа жем болған өлі динозаврдың төңкеріліп жатқан денесі боп елестеді көзіме.      

– Анау түлкі тұмсық мәдениет министрін кетірдік, ақыры, – деп, мырс етті ол кенет, - Сумаң-сумаң етіп, уәдені үйіп-төгуден басқа түк бітірмеуші еді. Қаншама рет бардым алдына. Менің кинома бөлінген ақшаны жытырып, жоғалтып жібергенін бетіне басып-басып айтқам. Жігіттермен қосылып, талай рет қысымға алғанбыз. Түлкі бұлаңға салып, сытылып шығатын. Тісімізді қайрап қала беретінбіз. Осы жолы омақастыра құлаттық. Құйрығын бұлғаң еткізіп, тоңқалаң асырдық бәлемді.

«Түлкі тұмсық» дегеніне күлкіден қыстығып, әзер шыдап отыр едім. Одан әрі өзімді тежей алмай, қарқылдай күлдім.

Ай, бір күлгенім-ай!.. Көптен бері былай күлген де емеспін (бәлкім, айлап емес, жылдап). Бейне-бір көкірегімде күлкі жиналып қалғандай.

Менің күлкімнен әсерленді ме, ол да алтын жалатқан тістері аралас бүкіл тісін көрсете, шиқылдай күлді.

– Енді анау аюдай қорбаңдаған денсаулық министріне тісімді қайрап жүрмін, - деді ол бір кезде, ентігін әзер басып.

– Ойбай-ау, сіз бүткіл хайуанаттарды жинап алыпсыз ғой. Зоопарк қой мынауыңыз, – дедім мен, одан әрі күле түсіп. Күлкімнің екінші тынысы ашылып-ақ кеткені.

– Зоопарк, зоопарк!.. – деп, ол да кеңк-кеңк етті.

Екеуміз өз тапқырлығымызға мәз болып, жұдырық түйістірдік.

– Ой, пәлі, сіз енді оларды шетінен отқа қақтап алып, жей бересіз, – дедім мен, күлкімді тыя беріп.

– Пішту деген, динозавр етін жеп үйренген адамға ол сөз бе екен? – деп, мырс етті ол.

Режиссермен алғашқы таныстығым осылай өтті.

* * *

Мен ешкімге зер салмастан, көше бойлап келемін. Режиссеріме жолықпақшымын. Қолымда таң ата соңғы нүктесін қойған сценарийім бар. Баста дәнеңе де жоқ. Ойдың бәрі сарқылып қалғандай. Екі ай бойы тапжылмастан отырғам.

Режиссерім: «Жапондар фильмнің бас кейіпкері жапон дәрігері болсын деді, бітті», – деген. «Жапондар көрмеген жұртым», – деп тартынып көріп едім: «Тәйірі, мен динозаврларды көрді дейсің бе?» – деп күлді. «Олай болса, мен сценарийге динозаврларды қосам», – дедім. «Еркің білсін», – деді ол.      

Динозаврды қостым. Беймәлім жыртқышқа жем болған өлі динозавр. Рас, кейіпкерім оны түсінде ғана көреді. Етін жеп отыр екен.

Екі күннен кейін синопсисін (қысқаша мазмұнын) көрсеттім.

– «Жапандағы жалғыз жапон» деген аты жақсы екен. Оқиғасы да өмірден суырып алғандай. Дұрыс, осы бетіңмен тарта бер. Мерзімі – бір ай, – деді ол.

– Бір айда бітіре алмаспын: зорыққан аттай сүрініп жығыламын. Екі айда есек болсам да, аман қалып, аяқтаймын. Оған дейін мені мазаламаңыз, – деп шарт қойдым. Өз шамамды білем ғой.

Кейіпкерімді мен түсімде көрдім. «Акайо» деп таныстырды ол өзін. «Қазақ жеріне не үшін келдің?» – деп сұрадым. «Үлкен атамның сүйегін тапқым келеді», – деді ол. «Біздің қаламызда жапондардың мүрдесі бар», – деп едім: «Білемін», – деді. «Қайдан білесің?» деп сұрағанымша, жарқ етіп көзден ғайып болды. 

Ояна келе, жалма-жан ұялы телефоныма жармастым. Ғаламтордан іздеп көрсем, Акайо есімі жапонша «ақылды» дегенді білдіреді екен.

Екі ай бойы Акайо боп өмір сүрдім. Түсімде динозавр етін жедім. Бірақ, үлкен атамның сүйегін таппадым...

Ұйтқи соққан жел ағаштардың басындағы сиреп қалған жапырақтарды үзіп алып, көше бойы қуалай жөнелді.

Жан Тілеу

Abai.kz

1 пікір