Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Қоғам 7635 14 пікір 22 Қаңтар, 2021 сағат 11:43

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңның мәні неде?

Соңғы уақыттары жаңа күшіне енгелі отырған тұрмыстық зорлық-зомбылықтарға қатысты заң қоғам ішінде қызу талқыланып жатыр. 

2019 жылы тіркелген некенің 43 пайызы бұзылған. Яғни жартысына жуығы өзі құрған ұясын бұзып үлгерген. Ал ел ішінде бірден ресми некеге тұрмай, 1-2 айдың ішінде үй бола алмай ажырасып жатқандар қаншама. Дәл өзімнің туыстарымның арасында 4 жас отбасы құрылды. Соның біреуі ғана қалды, қалған үшеуі ажырасып кетті. Себептерін сұрасақ, ері: «Әйелім мені тыңдамайды, өз білгенін істегісі келеді, дәмді тамақ жасап, ыдысты дұрыс жумайды, денсаулығы жоқ» деп айыптаса, әйелі: «Ерім мені асырай алмайды, маған жағдай жасай алмайды» деген сылтау айтады. Былай қарасаң, уақыт өте жолы табылатын жайттар ғой. Соған бола ажыраса ма екен. Еріксіз уайымға батамыз. Бәріміз ұл-қыз өсіріп отырмыз, сонда бұл балалар өмірдің қандай қағидаларына сүйеніп үй болады, ертеңгі күні сыныққа сылтау тауып үйлене салып, ажыраса бере ме деп қауіп қыламыз.

Статистика жаға ұстатарлық. Тұрмыстық зорлық-зомбылық 2017 жылы 446 жағдай болса, 2019 жылы мыңнан асып жығылған. Халықаралық ООН деректері бойынша Қазақстанда 2020 жылы тұрмыстағы ұрып-соғуларға қатысты 130 мыңнан астам шағым түскен, 400-ге жуық әйел көз жұмған. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтындардың 54 пайызы әйелдер, 6 пайызы балалар, қалған 40 пайызы туыстарынан таяқ жейтін ер адамдар екен. 

Жаңадан күшіне енгелі отырған заң осы келеңсіздіктерге тосқауыл бола ма деп ойлаймыз ау. Бірақ таяқтың екінші ұшы бар. Заң күшіне енсе, елімізде екінің бірі темір тордың ар жағына тоғытылуы әбден мүмкін. Өйткені тұрмыстағы зорлық-зомбылық қатты белең алғаны соншалық әр екі отбасының бірінде кездесіп жатады. Оның түп төркініне зер салып біраз қарайықшы. 

Жиі кездестіретін жайт әлеуметтік желідегі уағыздар. Жалпы, Жаратқанмен тілдесу, Діндерге, оның ішінде Ислам дініне қандай да бір қарсы пікір айтудан аулақпын. Тек қана діни уағыздардың заманына сай түрленіп отыратынын еске салғым келеді. Мәселен, соғыс кезінде ер адамдарға рухани күш беру үшін шейіт болудың кереметтілігін, шейіт болған соң жұмақтың төрінде жақсы дүниелер күтіп тұратынын жиі уағыздады. Құл иелену дәуірінде құлдардың қожайынға бағынуы - Құдайға жағудың бірден бір амалы деп уағыздады. Сол сияқты Орыс патшасына бағынбаған Кеңесары хан ұстанған діни сенімдер мен Патша билігі келген соң татар-молдалар таратқан діни сенім басқаша болды. Одан кейінгі Кеңес Үкіметі кезінде діни наным-сенім өзгеше сипат алды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі діни уағыздар «тоқсан түрлі» болып шыққанын жасыра алмаймыз. Ол уағыздардың кейбірін талдап жіберсек, астарынан отбасына іріткі салатын ойларды табу қиын емес. Мәселен 21 ақпан, 2017 жылғы ihsan.kz сайтында: Ер адамға ең ауыр сынақ осы!  мақаласынан үзінділер келтірейін. 

«Хадисте ер адамдардың әр кезеңде, әсіресе, ақыр заманда әйел затымен сыналатындығы және бұл сынақтың өзге сынақтарға қарағанда өте ауыр келетіндігіне баса назар аударылады. 

Сонымен қатар, Алла Тағала “Тағабун” сүресінде: «Уа, иман еткендер! Әйелдерің мен бел балаларыңның арасынан сендерге дұшпан болатындар шығуы мүмкін. Ондайлардан сақ болыңдар!»[2] – деп бұйырса, пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде дүние нығметтерінің ең абзалы жақсы әйел екенін айтқан. /Әйелді дүниенің бірі деп тұр. Автор./

Ер ер болудан қалса, әйел әйел болудан қалмағанда қайтеді?! Әйелдердің азғындап, бұзылуы негізінен ер адамдардың әлсіздігінен туындайды.

Ендеше, әйел затының ерлердің басына бәле әкелетіндей сынақ болуы күнделікті өмірге көбірек байланысты айтылғанын ұмытпаған жөн. Бұл мәселеге әйелдер тұрғысынан қарасақ, олар өздерінің киім киісінде абиырлары мен әурет жерлерін жауып жүруге, жүріс-тұрысында, сөйлегенде, жұмыс бабымен немесе басқа да заңды себептермен өзгелермен қарым-қатынас жасағанда барынша әдептілік сақтауға міндетті». 

Алланың сөзіне күмән келтіруге болмайды деп әркез тозақпен қорқытып қоюды ұмытпайды. 

Содан қарапайым оқырман бұл мақаланың мәнін ер адамдар үйіндегі әйелі мен балаларына қожайындық қылуға толық құқым бар және оларды қайткенде айтқанымнан шығармай ұстауым керек деп шешеді. Табиғатында адам жасаған қателіктерін өзінен емес өзгеден көретіні тағы бар. Жауды сырттан емес, өз үйінің ішінен іздей бастайды. Ең жақынын, қорғауға тиіс адамдарын қорлауға ауысуы әбден мүмкін. 

Жоғарыдағы араби уағыздан кейін отбасында зорлық-зомбылық болған адамдарға отбасы мүшелерінің өзара сүйіспеншілігі ешқандай шектеуге көнбейтінін түсіндіру өте қиын. 

Ата-анасын құшақтай алып, бетінен сүйген баланың бейнесін елестетіңізші. Ал оған деген ата-анасының мейірімі қандай шексіз. Бұл сезімді олар ешқандай ақы-пұлсыз, жұмақпен пәрелемей ақ, тозақпен қорқытпай ақ білдіреді. Риясыз, шынайы көңілмен отбасы мүшелері бірін бірі жақсы көреді. Осындай көңілінде дағы жоқ адамдарға көкейіне күдік ұялататын, біріне бірін айдап салатын уағыздардың пайдасы жоқ, зияны көп. Қазақ әдебиетінен, тарихынан әйеліне, балаларына қол көтеріп батыр, хан, сұлтан атанғанды естімеппін. Жаумен айқасқан, ауыл-аймағының шаңырағын қорғаған, қауымның қамын жеген батырлар мен хан-сұлтандарды ғана білеміз. Бүгінде қазақтың ер жүрек ұл-қыздары жауды сырттан емес өз үйінің ішінен іздегендеріне таң қалмасқа шараң жоқ. 

Уағызшылар түсінуге тиісті бір жағдай бар. Біздің еліміздің қазіргі жағдайы қол қусырып «ерім асырасын» деп қарап отыратын әйелді емес, қоғамда белсенді, еңбекке икемді, тапқанын үй болуға үлес қып беретін әйелді қажет етеді. Бір адамның тапқаны бір отбасын асырауға жетпей жатады. Сондықтан үй ішін ер-әйелі бірлесіп асырау керек ақ. Ал ері әйел, бала-шағасын жеке дүнием деп емес, тұлға деп қарауға, оларға өктемшіл әмірші емес, бір бірінің жеке пікірін сыйлайтын, мүдделері мен құқықтарын бұзбайтын, қамқорлығы мол, жауапкершілігі жоғары тұлға болуға тиісті. 

Әлеуметтік желіде көп талқыланатын тақырыптардың бірі «тоқал алу», «талақ айту», «иманды және имансыз адамдар» т.б. Бұл тақырыптарға үңілгенде түсінгеніміз - әлемде исламды қабылдап, соның қағидаларымен жүрсең ғана адамсың, болмаса күнәһар кәпірсің. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абайдың сөзі әдіре қалғандай ақ. Үй болғысы келгендер иманды жұп іздейді, яғни ислам жолындағы адамды іздейді. Тапты делік. Бір күні ұрсып қалса, тоқал іздейді. Өйкені исламда көп әйел алуға рұқсат етілген. Тоқал тапқан соң, бірінші әйеліне талақ жасайды. Қағаз да жоқ, заң да жоқ. Бәрі оп оңай. Бір күні тоқалын асырап қарық қылмаған соң, оған да талақ айтып ебіл-дебіл болып отырғаны. Қаншама ер азаматтар «тоқал» тақырыбын қозғаймын деп құдай қосқан әйел, бала-шағасына жексұрын болғанын білесіздер ме! Бұл да заманға лайық келмейтін «араби уағызшылардың» жемісі. Нақ өзі! 

Әрбір аузы дуалы айтқыштар айтылған сөздің артынан туындайтын себебі мен салдарын саралап барып сөйлесе мұндай болмас па еді. 

Қорыта айтқанда, Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң жайдан жай шыққан жоқ. Ең өкініштісі - қоғамды өзіміз құбыжық болуға тәрбиелеп алдық тағы, енді қолдан қылған құбыжықтарымызды түрмеге тоғытуға асығып отырғанымыз.

Уағызшылар өз уағыздарында ғылым-білімді, әлеуметтік, экономикалық тақырыптарды таратып, елді соған жұмылдырса басқаша болар ма еді. Айналып кеп ерін әйеліне, әйелін еріне дұшпан ғып көрсеткеннен басқа илейтін терілері жоқ сияқты. Білім-ғылым туралы айтсақ, нағыз таусылмайтын тақырып осы емес пе. Тарихтан белгілі шығыс ілімі тереңде екені. Оны да исламшылдар өздеріне иемденгісі келеді. Алайда, жағдай сәл басқаша. Математикадағы «алгоритм» термині шығыстық ғалым Әл-Хорезмнің еңбегімен келген. Атақты «Авиценна» деп жүрген өзіміздің Ибн-Сина ғалымымыз. Ал оны исламшыл діни фанаттар кезінде қудалауға түсірген. Дін уағызшылары біздің қадірлі ақын-жазушыларымыздың еңбегін де тек ислам қағидаларына иемденіп алмай, жалпы адамзаттық құндылықтары тұрғысынан бағаласа деймін. Әсіресе Абай мен Шәкәрім сияқты ел тұлғаларын ақын деп емес, исламның сойылын соғушы етіп көрсететіндері әсте ұнамайды. Жат ағым қанша иемденгісі келсе де, ел өзінің рухани қазынасын бере қоймас! Абайлаңыздар!

Ақ әжемнің кимешегінен, ақ жеңгемнің жаулығынан арабтың «паранжасы» артық емес. Самрұқ құспен ұшатын ғажайып ертегімнен арабтың анайы «мың бір түні» артық емес. Қасқайып елін, жерін қорғаған қазақ батырларымнан арабтың көп әйел алғыш, алтынға көмілген шейхтері артық емес. Уағызшылар арабтың емес, қазақтың рухани байлығын дәріптесе құба құп болар еді ау. Ендеше уағыздарыңыздан араб мәдениетін түгел алып тастап, қазақтың ер жүрек ұл-қыздары мен қойнауы қазыналы тарихын айта отырыңыздар.

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

14 пікір