Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
2870 0 пікір 21 Қаңтар, 2021 сағат 12:05

Қазақстанда жүргізуші куәлігін көрсету міндетті болмайды

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

«Заң жобасында Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүруді талап ететін норманы қолданыстағы заңнамадан алып тастау көзделіп отыр. Яғни автокөлік иесін полиция тоқтатқан кезде, ол жеке куәлігін ұсынып, сол жеке куәлікпен полиция қызметкері планшет арқылы электрондық базада оның қажетті құжаттары бойынша тексеру жүргізе алады», - деді Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.

Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен, Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүруді талап ететін нормалардың сақталмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастау ұсынылды.

«Заң жобасындағы өзгерістер мен толықтырулар шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды, яғни олар өзімен бірге барлық қажетті құжаттарды алып жүруге міндетті», - деп нақтылады сенатор.

Екі оқылымда болған талқылаудан кейін депутаттар Заңды қабылдады.

«Енді көлік жүргізгенде жүргізуші куәлігін және көліктің техникалық паспортын бірге алып жүру міндеті алынып тасталады. Бұл цифрландыру жұмыстарының нақты нәтижесі екені сөзсіз», – деді Сенат төрағасы М. Әшімбаев.

Abai.kz

0 пікір