Дүйсенбі, 19 Сәуір 2021
1724 4 пікір 21 Қаңтар, 2021 сағат 11:52

Байден Трамп шығарған шешімдердің күшін жойды

Джо Байден Президент лауазымына кіріскен алғашқы күні-ақ өзіне дейін Мемлекет басшысы болған Дональд Трамптың бірқатар шешімін жоятын Жарлықтар топтамасына қол қойды.

Ақ үйдің жаңа басшысы АҚШ-тың Климат жөніндегі Париж келісіміне қосылуы туралы жарлығын шығарды. Есте болса, Дональд Трамп билікке келген кезде ел аталған келісімнен шығып кеткен болатын. Бұған қоса, Байден Трамптың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу, АҚШ-қа әсіресе мұсылман тұрғындары басым елдерден келушілерге тыйым салу сынды шешімдерінің күшін жойды.

АҚШ Президенті көмекшілерінің мәліметінше, алдағы уақытта Джо Байден АҚШ пен Мексика шекарасының бойын жағалай қабырға құрылысын тоқтатады. Сонымен қатар білім алуға ірі көлемде ссуда алған студенттерге көмек көрсетіп, алдағы 8 айдың ішінде пайызсыз негізгі соманы төлеуге мүмкіндік береді. Мұнан бөлек, алдағы 10 күннің ішінде Байден Конгрестің мақұлдағанын күтпестен Трамптың тағы да ондаған шешімін жою туралы шешім қабылдамақ.

Human Rights First тәуелсіз құқық қорғау ұйымы жаңа Президент Байденнің әсіресе мұсылман тұрғындары басым елдерден АҚШ-қа келушілерге тыйым салу шешімін алып тастағанын қолдап отыр. Ал Калифорниядан сайланған демократ сенатор Дайан Файнстейн Байденнің елдің көші-қон жүйесін «ашық және әділ» жасау үшін өзгертуге ұмтылысын жақтады. Алайда Өкілдер палатасындағы республикашылардың көшбасшысы Кевин Маккарти Байденнің иммиграциялық жоспары пандемия кезінде күрделене түскен америкалықтардың проблемаларын ескермейді, жылдар бойы АҚШ-тың заңнамасын бұзып келген заңсыз иммигранттардың проблемасын шешуге бағытталған деп санайтындығын білдірді.

Abai.kz

4 пікір