Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 4558 9 пікір 18 Қаңтар, 2021 сағат 14:17

30 жылда 30 сөзді оқи алмау...

немесе Бұларовтың бүйтіп «былдырлап», «быдықтайтын» жөні жоқ

Тісі мен тілі шыққалы бері Қордай ауданындағы қалың қазақтың ортасында өскен, Парламент Мәжілісі шаңырағының өзіне Сортөбе ауылдық округінің әкімі деген қызметтен барған Ильяс Бұларовтың қазақтарды, оның ішінде жамбылдықтарды дәл осылай ұятқа қалдырып, «былдырлап», «быдықтап» тұратын жөні жоқ еді.

Антта жазылған бір ауыз сөзді қазақша дұрыстап оқи алмау, ауылдан шыққан кешегі әкім үшін ұят емес пе? Ант мәтінін бүкіл ел алдында екінші рет оқуға мәжбүр болып, күллі қазақты жерге қаратты ғой.

Ал ана тіліміздегі антты жаттап алудан ұялатындай, оны бойына ар көретіндей Бұларовтың қазаққа да, қазақ тіліне де өкпесі жоқ.

Өмірбаянына қараңызшы, қазақтар оны ылғи төріне шығарып, аудандағы екінің бірі қол жеткізе бермейтін қызмет тізгінін ұстатып келіпті.

Колхоз кәсіподақ комитетінің төрағасы, колхоз басқармасының төрағасы, Қордай ауданындағы жұмыспен қамту орталығының директоры, «Қордайгаз» ЖШС-ның директоры, ең соңғы қызметі Сортөбе ауылының әкімі...

Өзі өткен жылдың қыркүйегінде 63 жасқа келді. Дап-дардай адам, қазақ деген халықты бірінші рет көріп, оның тілін бірінші рет естіп, бірінші рет сөйлеп тұрған жоқ.

Бұларовтардың (басқа да ежіктегендерді еске алып, көпше түрде айтуға тура келіп тұр) Ел тәуелсіздігінің 30 жылында Қазақ елінің мемлекеттік тіліндегі 30 сөзін қатесіз оқи алмауының аржағында не жатыр?

Көсемәлі Сәттібайұлының жазбасы

Abai.kz

9 пікір