Жұма, 19 Сәуір 2024
Естелік 5292 5 пікір 18 Қаңтар, 2021 сағат 13:21

Мәшһүр Жүсіп ескерткіштерінің тарихы

Мәшһүр Жүсіп

Дихан Әбілев

Естелік

Жұлдыз, 1992 жыл, № 12

1931 жылдың декабрь айының аяқ шені. Редакциямыз Баянның шағын қаласында, бес-алты бөлмелі «Қарала əйнекті үй» аталған Сорокин деген бай казак-орыстың еңселі үйі. Редакцияда небəрі үш-ақ адамбыз: Ғалым, мен, үшіншіміз Семей педтехникумының бұрынғы оқушысы Рахыш Хайруллин.

Мені Жосалыдағы мектеп-интернат директорлігінен газет қызметіне шақырып алып жүрген осы Ғалым Малдыбаев пен Мағзұм Əбдірахманов.

Ғалым таңертең почтаға соғатын əдетімен бүгін де жұмыс басталғасын келді. Екі құлағы ұшатын қызыл сұңқардың қанатындай артына қайыра киген қызыл плюш тысты түлкі тымағының қарын шала-пұла сілкіп, бүрмелі қара тонының түймесін дереу ағытып, костюмінің төсқалтасынан бір ашық хатты алып, түрегеп тұрған күйі оқи бастады.

«Ғалым! Сен қызмет істеп жатқан Баянаула ауданында Мəшһүр Жүсіп қайтыс болыпты. Ел іші «Мəшекең сөзі тəбəрік» деп таратып əкетіп жүрмесін. Сен сол Мəшекеңнің қолжазбаларын тез алып маған жібер! Кітап етіп басып шығаруға əзірлейік. Ғабит Мүсірепов». Орындығына отырып Ғабит жайын айтты: «Астанада «Кітап» баспасының бас редакторы, үлкен жазушы. Оның мұнысы үлкен қамқорлық, үлкен адамгершілік», – деп кідірді де, өткен күзде Баянда, Сағынай ұстаның үйінде Мəшһүрге сəлем беріп, бір кеш бойы əңгімесін тыңдағанын, жарықтықтың нағыз шежіре, нағыз ғұлама, нағыз ақкөңіл əулие адам екенін айтты. Аз өмірімде, – деді Ғалым, – Қазақстанның мен қызмет етпеген, мен болмаған облыс-аудандары кемде-кем. Солардың бірде-бірінде Мəшекеңдей адамды кездестірген емеспін. Жарықтық, өзі сонда (Сағынайдыкінде) айтып отырған жетпіс үшінде қайтыс болыпты. Соны естігенде мынадай бір-екі шумақ өлең жазғанмын.

Ұмытқан жоқ Мəшекемді

Ақ сақалды, тақиялы,

 Заманында жазды өлеңді.

Өлең қалды, өлім алды.

Мекендеген Баян тауды

 Мəшһүр аты мəңгі қалды.

Ақын да адам, ажал алды.

Бірақ... өлмес сөзі қалды, – деді Ғалым. Риза болдық. Ал Ғалым сəл ойланып қалды да, тез шешім қабылдады.

– Мен, – деді ол, – қазір-ақ жүріп кетер едім, бірақ... Мəшекең айналасы мен ауданның «белсенділерінің» бірі көреді ғой. Мəшекең еңбектерін маған сеніп бере қоймас. Осыған сен бар, Дихан! Саған берер. Əбдірахман деген атыңды өзгертіп, Дихан қойған Мəшекеңнің балалары саған сенер. Берер.

– Ойланайын.

Түскі демалыста үйіме келіп, шəй ішіп отырғанымда əкем - Əбекеңе айттым. Əбекең көп сөздің адамы емес, кесіп айтатын. «Жаз!» – деді. Қағаз, қаламымды алып дайындалып едім:

– Жаз! – деді тағы да, – Шарапи деп жаз. Екеуміздің сарабдалдығымыз үшін Мəшекеңнің сөздері жұрт қолында кетіп жүрмесін. Бер! Жоғары жер кітап етіп шығаратын көрінеді. Бер!

Айтқанын жаздым. Оқып бердім. Арабша баспа сөзді жақсы танитын, қиссаларды жақсы оқитын Əбекең жазу жағына мүлде жоқты. Əбіл деп қана қол қоя алатын еді. «Əбіл» деп хат аяғына (арабша) қол қойды. «1931 жыл, декабрь».

Ертеңінде таңертең аудан аткомының кашаваға ұқсастау шанасына жеккен бурыл атпен «Я, сəт!» – деп, жүз елу шақырым жердегі Мəшекең қыстауына Қалым шоқы биігінен беттеп жүріп бердім. Айтқандайын, мен шанаға мініп, божыны енді ғана қаға бергенімде Ғалым келіп:

– Шарапи арабша ғана сауатты адам деп естимін. «Арабша шығаратын болсаңдар ғана...» дер. Арабша шығарамыз де! Қазанға жіберіп, бастырамыз де!

– Олай ете алар ма екенбіз? Өтірікші болармын. Шарапи аға əкемнің досы, құрдасы, сырласы. Ол кісі маған: «Сен Əбілдің баласы емессің, менің баламсың», – дейтін əзілдеп. Ол кісіге өтірікші бо...

– Жоқ, Дихан, рас! Солай етуге тырысармыз, Ғабитке соны айтармыз. Ең бастысы – қалайда Мəшекеңнің шығармаларын қолжазба күйінде жұрт қолында кетірмеу... Қолға алу. Астанаға - Ғабитке жіберу, «Революцияның пайдасына шешілетін іс болса өтірік айтуға да болады» деп кім айтқанын білесің ғой?!

Мен ұтылдым, ішімнен құптамағанымды тісімнен шығармай жүріп кеттім. Жасыбай асуынан асып, ақ қар-көк мұз көлінің үстімен басып бурылды жүрдек айдап кетіп барам. Ақ даланың алшаң төсінде, сапарымның ертесінде де, кешінде де бишігім өрімді, жүрісім өнімді, өзім көңілді. Жалғызсырау дегенді білмеймін... Қысқасы, осындай сəттілікпен арада үш қонып, төртінші күні Бөлдейдегі қайын атам Бəйділданың үйінен аттанып, Қалым шоқы биігі түбіндегі жалғыз қора – Мəшекең үйіне күн бата жеттім.

Жалғыз үйдің аты жалғыз үй ғой. Оның үстіне, Мəшекең о дүниеге кеткелі бұл үй іші-басы Шарапи ағаның өзі болып, Мəшекең жоқтығына бүкіл əлем көшіп кеткендей қоңылтақсиды-ау деймін. Мен атты «дыр-р» деп тоқтатқанда қақпадан Шарапи аға шыға келді. Қасқыр ішіктің жағасын артқа қарай сілке-мілке қайырып жіберіп, шанадан қарғып түсіп, «Шарапи аға!» деп құшақтай алдым. Шарапи ағаны Мəшекең қайтыс болғалы көріп тұрғаным осы. Сондықтан да жаңағы «құшағымда» көңіл айтуым да бар еді. Шарапи аға да солай сезген болар.

Үйге кірдік. Зейнеп шешей орталық бөлмеде екен. Зейнеп ана маңдайымнан иіскеп, одан оң қолының алақанымен маңдайымнан сипап, қасына отырғызды.

– Молда атамнан айрылғамыз, Дихан қарағым! – деп қамығып, көзіне жас алды.

Дастарқан жайылды. Əндетіп сары самаурын келді. Бой жылынды, ой жылынды. Менің келу сапарым жайын Шарапи аға сонда ғана сұрады. Мен жəйлап қана нанымды үнмен келген жұмыс жайымды айттым.

– Тапқан екен ол жазушыларың молда атам қазынасын талапайлататын адамды – деді. Зейнеп шешей де күйеуінің мұнысына риза болды. Дастарқан жиылысымен: – Мында жүр, молда атам бөлмесіне жүр, Дихан айналайын! – деп, Шарапи аға мені төргі бөлмеге ертіп кірді. Əйнекке қарсы қабырғада тұрған қоңыр күрең екі шкафты көрсетіп: – Молда атам кітаптары, жазбалары осы екеуінде, – деді.

Шкафты ашқанша, Мəшекең мұраларын көргенше алып-ұшқан дегбірсіздігіме өзіме іштей зекіп қалдым. Қабырға пешке іргесін тигізе жиналған қалың төсек; оның бас жағында үлкен-үлкен екі көк жастық. Еденде ақ кигіз, алаша. Əлгі екі шкафтан төмен есік жағын ала ілулі бет орамал, дəрет орамал. Əйнекке жақын төрт бұрыштағы жұмыс үстелінің үстінде кəдімгі тақиясы. Бөлменің нақ ортасында дөңгелек үстел үстінде қағаз, қауырсын қалам, жəй қалам, сия-сауыт, қарындаш. Төсегінің бас жағында, кең бұрышта оқалы шапаны мен ұзын ақ көйлегі ілулі... Əне бір шағын айнаның жанында бірі былғары, бірі ағаш – екі шамадан. Жиһанкез Мəшекеңнің бұл екі шамаданы қашанда «жолсерігі» болатын. Біреуінде – шəй-қанты, жеңіл киімдері, орамал, сабыны, насыбайлық темекісі, былғары шамаданында – кітаптар, жол жазбалары, қағаз, қалам, қарындаш болатын. Босаға жақта – жез шəйнек, жез леген, орамал.

– Молда атам бөлмесі! Əуелден осылай. Сол күйінде, бəрі сол күйі орын-орнында, – дейді Шарапи аға. «Сүйтпегенде» деп Зейнеп шешей құптайды. Бұл көріністерді нағыз музейлік сипат дерсің.

Мен əкемнің хатын беруге осындай бір жəйлі шақ күткен едім. Соның реті келген шығар-ақ деп:

– Шарапи аға, – деп төс қалтама қолымды салып Əбекеңнің хатын алдым да Шəкеңе ұсындым. Шарапи аға арабша мол сауатты, зерделі адам еді. Жаңағы мен ұсынған хат сөзін əйелі Зейнептің де естігенін жөн көрген болар: «Дауыстап оқы» деп маған берді.

«Шарапи! Екеуміздің «сауатсыз салғырттығымыз» үшін Мəшекеңнің мұра сөздері жұрт қолында кетіп жүрмесін. Бер! Жоғарғы жер кітап етіп шығаратын көрінеді. Бер! Əбіл».

– «Сауатсыздар» Əбіл екеуміздей сауатсыз болса, шүкірлік дер едім, – деп күлді Шəкең.

Зейнеп апай:

– Адал достың көңілінде көлеңке болмайды дейтін еді ғой, молда атам. Əбекең сол ғой, жаңағы сөздерін айтам, – деп аз кідірді де.

– Жаздыгүні, түу сонау бес көш жердегі Тамды мен Қарақоғадан молда атам көзі тірісінде бата қыла келгендердің ішінде Əбекең тіпті жан жақындығын көрсетіп еді Сізге, Төлеубайжанның ағасы! – деп күйеуіне жарқын қарады.

– Иə! Оның рас. Өйткені ол Əбіл ғой... – деді Шəкең.

Оқырман қауым, сіздер: «Мəшекең ноябрьде қайтыс болды. Өткен жазда тірі еді ғой. Тірі кісіге бата істеуші ме еді дерсіздер. Оларың да жөн. Бірақ, сіздер олай дегендеріңізбен, Мəшекең өзіне тірісінде бата істеткені шын. «Өзім тіріде, көзім тіріде істесін маған бата істейтіндер!» – деп жар салдырды да, өзі жайлауға көшпей, қыстауының оңтүстік жағындағы көкорайға екі кигіз үй тіктіріп, жаз бойы бата істетіп, өзі ойлаған нұсқада қабірін қаздырып, зиратын салдырған. Мəшекеңді теңдессіз құрметтейтін бүкіл Айдабол-Шідерті елі ауыл-ауыл, рет-ретімен түу сонау 150–200 шақырым жердегі жайлауларынан Мəшекеңе бата істеуге осында – Қалым шоқыға ағылып келіп жатты. Саба-саба қымыз, шəй-қант, құрт, ірімшік, бауырсақтарымен келіп, қойларын, тайларын тірі əкеп, құран оқытып қайтатын. Төрде ұзын ақ көйлегі сыртынан оқалы шапан жамылып, үкілі тақиясы басында, арқар мүйізінен жасаған күміс шақшасы қасында, дəл жетпіс үш жасында əңгіме шертіп, жұртты ынтықтыра тыңдатып, кейде күлдіріп, өзі де бүкіл денесімен сылқ-сылқ күліп рақаттанатын, жарықтық!

Бір бата оқырында мен де болғанмын. Жосалыдағы интернаттан (директормын) жайлаудағы (Бораншоқыдағы) өзіміздің ауылға бара жатқанымда Мəшекеңе сəлем бере кетейін деп əдейі соғып едім. Жаңағы «Бата оқырлардың» бір тобы келіп жатыр екен. «Бата оқыр» дастарқан басында:

- Мəшһүрге тие берсін! Ал ішіңдер, жеңдер! Аллау əкпар! – деп батасын өзі істеп, жайған алақанын бетіне тигізбей, иегі тұсынан төмен түсіріп батасын бітіреді екен. Бұл жолы да сүйітті, жарықтық! –Неге таңданасыңдар! Мəшһүр өлмейді деп білесіңдер ме? Тумаған адам ғана өлмейді. Туу – өлу деген мағына. Туған адам бəрі өледі. Бірақ... біреу ерте, біреу кеш. Өлім жолы иненің жасуындай, барлық адам өтеді сол тесіктен, – деді.

Терезесінің алдынан көрініп жататын көк дөңнің үстінен қаздырып жатқан бейітіне барып қайтпақ болды да:

– Қасыма сен ғана ер! – деп, соңғы жылдардағы жолсерігі əрі күтушісі Шатабекті алып, дөңге қарай беттеді. Мен барғым, көргім келетін көңілімді көзіммен білдіріп, Шарапи ағаға қарап едім, ол кісі: «Жүр», – деді. Біз барғанда Мəшекең болашақ мавзолей-зиратының астыңғы қабатынан лайықталатын бөлме (өзі жататын) орнын қазып жатқандардың қасында тұр екен.

– Қазыңдар! Терең қазыңдар. Мəшһүр қашып шығып кете алмайтындай етіп терең қазыңдар! – деп сылқ-сылқ күледі де, – жəне кең қазыңдар. Он-он бес адам сыятындай кең болсын. Кірпіштері берік қалансын, – деді.

– Тірлігінде... ұры-қарылардың, озбыр, қиянатшыл, аю мінез əкімдердің қара халыққа жасаған қиянатын қызыл тілмен қылыштаған Мəшһүрдің шатағы аз боп па? Тірімде тістері батпаған сол сойқандар мен көз жұмғасын өш алуға үстімнен арыз жаудырып, Мүңкір-Нəңкірге тергеттірмей қоймас. Сонда менің мұндағы дұрыстығымды қорғауға бірнеше періште келер... Кең қазыңдар, – деп Мəшекең сылқ-сылқ күлді. Қазушылар да күлді.

Бізден бұрын барған бірсыпыра адам бар екен. Солардың ішінен қаз мойын, ұзын сирақ Тəш:

– Мəшеке! Ұлылығыңызға құлдық! Тірісінде көрін қаздырып қойған адам еш заманда, ешқайда жоқ. Мəшһүрдің мынасы не сұмдық? – деп отырды əнеу күні біреу...

– Кім?

– Дəуітбай «білгіш».

– Сұмдық көрде емес, төрде төре боп отырғандарда, қиянатта, зорлық-зомбылықта, алдау-арбауда, кісі хақысын жалмауда, өсек- өтірік, жала-пəледе... Менің «көрім» шыр етіп дүниеге келген сағатымда лайықталған. Соны енді өз көзіммен көруге қаздырсам несі сұмдық? Өлгенде жататын орнымды көзімнің тірісінде əзірлетіп қойып жатырмын. Өлгенде көрде емес, төрде... мына төргі бөлме төрінде, төрт бағаналы алып нар кереует тəрізді ағаш «төсекте» шалқамнан жатпақпын. Өмір бойғы армандарының біріне жетпеген Мəшһүрдің о дүниеге кетерінде жеткен бұл арманын күндегендер күншілдік көгенінде қылғынсын. Аллау əкпар! – деді Мəшекең.

Ешкім ештеме дей алмады. Бұлар есімдегілер. Ал қазір, Шарапи ағамен отырысымызда мен:

– Мəшекеңнің қалай қайтыс болғаны халыққа аңыз боп кетті. Бірақ, мен өз аузыңыздан естігім келеді, Шарапи аға, – деп өтіндім.

– Халық өсіріп те, өшіріп те айтып жүрген жоқ. Расы сол. Сол күн таңертеңгі шəйді осы бөлмеде, осы үстелде іштік. Молда атам күндегісіндей нақыл сөздерін, ақыл сөздерін айтып отырды да:

– Сен ана шкафты аш та, «Месқараны» əкелші – деді. Əкеп бердім. Қолына ала беріп:

Жүректің қазынасын қазған Мəшһүр, Өксітпей, шашпай-төкпей жазған Мəшһүр, – деп жіберді. Сөйдеді де, бітімі Құран бітімдес, қалыңдығы Құраннан екі есе қалың жаңағы «Қарамес» қолжазба кітабының екі-үш жерден беттерін ашты, көз жүгіртті. Көзінде де, жүзінде де ыстық сыйластық, ыстық қимастық бар. Енді орнына апарып қой, – деді. Айтқанын істедім. Қайтып кеп орныма отыра бергенімде: – Есіңде болсын, Шарапи... Менен кейін менің сөздерімді елеп-ескеріп кітап қып шығарамыз деушілер болса, арап қарыптарымен теріліп шығарылатын болсын! Аллау əкпар! – деді. Көңіліме ештеме алғам жоқ.

Зейнеп үстел үстіндегілерді жинап, үстін сүртіп бола бергенде босаға жақта тұрған шəйнек пен шілəпшынға көз жүгіртті де: «Мен таһрат алайын, сен анда бара тұр, қарағым», – деді молда атам. Зейнеп шығып кетті. Мен қолына су құйып тұрдым. Іш дəрет алды. Жуынды, сүртінді. Төсегіне кеп отырды да:

– Мен енді дем алам. Сен бара бер. Шаруаңды істе. Малыңа қара! Біраз уақыттан кейін кел! Ұйықтап кетсем оятпа! – деп күлді. Бəрін айтқанынша істедім. Бір кезде... Айтқан уақытында есікті ақырын ашып кірсем, төсегінде шалқасынан ұйықтап жатыр. Үлкен ақ орамалын кеудесіне көлденең салыпты. Қасына жақындап «Молда ата!» деймін. Үн жоқ. Бетіне үңілдім. Құлағым төсеп тынысын тыңдадым. Тірлік белгісі жоқ. Мəңгі ұйқыға кетіпті. Молда атамның ақтық демінің бітуінің шыны осылай... Халық та осы шындықты ғажап көреді, – деді Шарапи аға.

Рас, ғажап! Таңданасың. Бірақ, таңдану бар жерде толғану болуы да заңды. Олай болса, толғану, топшылау, болжау барын да ұмытпалық. Жаз бойы бата істеттіріп, бейітін қаздырып, мавзолейін салдырып, қыс басында бір сəтте қайтыс болды. Жақсының өлімі де жақсы деген осы да, басқаны былай қойғанда жұтаң жыл бастала бергенде, халық қасіретін көрмей-ақ кетейін о дүниеге дегендей өмірмен қоштасқанын айтсаңшы жарықтықтың...

Жегіп келген жалғыз керігім, жолсерігім, сапар сенімім бурыл атты отқа қойып келгім кеп отырғанымды Шарапи аға айтқызбай сезіп:

– Жүр! Атыңды отқа қой, – деп май ағаш жағып, жарық қып, қораға алып шықты мені. Шөп мая үйген қораның оң жақ төрінде Мəшекеңнің жұрт білетін ақмаңдай, жирен жал күрең аты тұр екен. Басын оттықтан алып, жарықпен барған бізге қараған сəтін «Хош келдің! Амансың ба, жас жігіт!» – деп маған арнап амандасқаны тəрізді көрдім. Жəне бізге қарап көзін мөлдіретіп: Ием қайда? Мəшекем қайда? Неге қорада мұнша тұрып қалдым? Жүруші ек қой саяхаттап ел аралап? – деп тұрған тəрізді. Бұл күрең атты бұл

елде білмейтін адам аз. Өйткені Мəшекең жиһанкез соңғы жеті-сегіз жылда осы күреңді ғана жектіріп жүріп-тұратын.

Мəшекең Баянға барарында да, қайтарында да Мойылдыдағы біздің ауылға соқпай кетпейтін. Сонда тек қана біздің үйге түсетін. Сонда осы Күрең біздің қораның «сыйлы қонағы» болатын. Мені де танитын. Қасына барып маңдайынан сипап, тамағының астынан қақтым.

– Мұнда кірейік! – деді Шарапи аға атқорадан сол жақтағы бөлме есігін нұсқап. Мұнда Мəшекең жаңағы Күреңді жектіріп, өзі ғана мінетін трашпеңке арбасы мен темір табан, кашава шанасы тұр. Арба үстінде қамыт, доға жатыр. Соларды көрсетіп:

– Молда атамның əрқайда сапар серігі төрт түліктен жаңағы күрең, жансыздан жаңағы трашпеңке, шана, солардың сауыт-саймандары – қамыт, доға, божыға дейін мұра көремін. Сақтамақпын. Бірақ, кім білсін... Жыл жұтаңдап барады, – деп сəл күрсінгендей болды да: – «Иншаалла» деп айтайын, ешкім тие қоймас бұларға, аса бір дүлей біреу болмаса, – деді.

Үйге кіргенсін осы əңгімені Зейнеп апай жалғастырды.

– Небір милиция, небір əскер, небір белсенді... бірде-бірі молда атамның Күрең тұлпарын ылауға да мінген емес. Арбасына не шанасына да отырған емес. Сəлем беріп, атамның дастарқанынан дəм татып, қоштасып, өз жөндеріне жүріп кететін, – деді.

Иə, бұл бүкіл ел білетін шындық болатын.

– Совет үкіметі орнағалы молда атамды бір-ақ адам ренжітті ғой. Сіз айтыңызшы, Қонақжанның ағасы, – деді Зейнеп шешей Шарапи ағаға.

– Қалай еді... Əлгі...

Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде бір жылы жазда үлкен қалалардан оқудан демалысқа келген сақа студенттердің көпшілігі-ақ Мəшекеңе сəлем бере келеді, немесе Мəшекең түскен үйге барып дастарқандас болып əңгімесін тыңдайды. Нелер ғажап хикаяларды, тарихи оқиғаларды, елдік, ерлік шежірелерді шертеді Мəшекең. Сондай керемет оқиғаларды тыңдап сусындаушы оқығандардың бірі Мəшекеңнің бір əңгіме-хикаясын «ел аузынан жидым» деп Семейде шығатын «Таң» журналына бастырады. Мəшекең бұған қатты ренжиді. Келесі жылы тағы да демалысқа келіп, Мəшекең отырған үйге келгендерінде:

Мəшһүрдің былтырдағы тірі кезі,

Сөзімді ұрлап жүрген қайсың өзі? – депті.

– Ол əлгі Шоқақ қой... Шоқақтап жүріп жалаңаш табанына «ұлтан» таппақ боп от басып алған. Өскемен жаққа кетті. Түбі Бəсентиін, Қаржау күшік.

– Күшігінің ішінде ұры ит боп ержеткен біреуі екен. Бəсе...Бəсе... – деп Мəшекең сылқ-сылқ күледі де, есіле де тесіле сөйлеп кетеді.

– Құдайға да жақсы керек. Жаңағыдай «Адамның итін» керек қылатын құдай бар ма? Құдайға ұры керек емес, жігіттің нұры керек! Анау кешегі Шоқан сияқты, Бүркітбайдың Мұстафасы сияқты. Сұлтанмахмұт сияқты халықтың жүрек жұлдыздары керек. Солардың ізбасары болар ма деген үмітім бар еді Ызабай Жұматайында. О да құдайға керектің бірі бопты. Ылаж не?

Жұматай Ызабаев Семейде, педтехникумда оқитын. 1925 жылы Семейде шыққан «Таң» журналының бірінші нөміріндегі арнау өлеңінде:

«Таң» үстіне таң боламын атам да,

Ел ағарту ұраным да, батам да.

Соқыр, саңырау сорлы елімді оятып,

Күнде айғайлап дабыл қағып жатам да! –

деген Жұматай арманы Мəшекеңе қатты ұнаған екен. Мұның алдында осы Жұматай «Көгентүп» деген пьеса жазған, Семей театрында ойналған. «Көгентүп» Ақбеттау болысы əкімінің жер үшін, жерін ықтиярларымен бере қоймаған қырық үйлі Мамыттың қырық жігітін көгендеп тастаған сұмдық оқиғасы туралы болатын. Сондағы көгенделген «қырықтың» бірі – Жұматайдың өз əкесі – Ызабай. Мəшекең даналығы 24 жастағы Жұматайдың талабына, талантына, асыл арманына риза болатын. «Көкжиектен көріне бас-

таған бұл жас жұлдыз өрлей түссе екен, биіктеп жарқырай түссе екен!» дейтін. Мəшекең мол үміт күткен сол Жұматай 1926 жылы қайтыс боп кетті. Қандай өкінішті...

Шарапи аға əңгімесін тыңдай бергім келеді. Айта түссе екен! – деймін. Бірақ Зейнеп апай: «Дихан шаршап келді ғой алыс жолдан. Мұнда келгелі де дем алған жоқ. Ертең де күн бар ғой... Солай емес пе, Төлеубай жанның ағасы», – деді. Бірін-бірі қас-қабақтан ұғатын үлкендер менің жатып тынығуымды ұйғарды. Жəне отырып қалдық. Ол былай болды.

Мен білетін бұрынғы Шарапи аға сөзуар емес болатын. Əңгімешілдігін де білмеймін. Əсіресе əкесі Мəшекең туралы ештеме айтпайтын. «Жұрт өзі білетін Мəшһүрді мен несіне айтам. Мақтанып отыр дер» дейтін болар. Əйтеуір солай болатын. Ал бүгін, «екінші Шарапи ағаны» көріп таң қалып отырмын. Жатық үнімен жəйлі шертеді. Əкесі (Мəшекеңнің) өмірінің кейбір сəттерін еске түсіріп, ыстық сезім толқынында көк теңізде жайсаң жүзген кеме тəрізді. Тыңдай бергім келеді, айта түссе екен деймін. Байқаймын, Зейнеп шешей де тап осы мен тəрізді күйде отыр. Мен алаңсыз тыңдаудамын. Өйткені Шарапи аға ертең таңертең Мəшекеңнің кітап-дүниелерінен қолжазбаларын қарауыма ұрықсат-уəде жасады. Екі айту бұл кісіде болған емес. Қаратады. Ал оған бір кірісіп кеткенсін басқа ештемеге алаң болмауым керек. Сондықтан да осы кеште Шарапи аға əңгімелерін – естеліктерін өте ұқыпты тыңдап алуым керек.

– Молда атам кіндігінен ағайынды үшеуміз ғой, – деп бастады Шарапи аға, – үлкені мен, ортаншысы Əмен, кішісі – Фазыл. Өмір бойы желдей есіп, дариядай тасып, теңіздей толқып-толысып отыратын Молда атамның Тəшкентте істеп жүрген Əменнің қайтыс болған хабарын естігендегі күйзелісі, күйініші бүкіл ел-жұрт көңілін күйзелтті. «Ақжол» деген газетте, айналып кетейін, Жүсіпбек Аймауытовтың көңіл айтуы азырақ тоқтау-сабыр ойлатқандай болды. Бірақ, молда атам:

Қан түсті алпыс үште аяғыма,

Оқ тиіп шетте жүрген Саяғыма, –

деп аһ ұрды. Отырып қалды.

Бір балам бар өзімнен асып туған! – дейтін баласы Əменнің қазасы молда атам жанын қатты күйзелтті. Келесі жылы жазында Түркістан арқылы Ташкентке барып, Əменнің зиратына белгі орнатпақ, дұға оқымақ болып, қасына Бəзілдің Рахымын, Айманның Шериазданын алып, көк бришкеге қос түйе жектіріп жүріп кеткен еді. Қарқаралыдан əрі жүріске жарамайтынын сезіп елге қайта оралды.

Құдайға адалы, бір əке, бір шешеден туғанымызбен Əменнің жаратылысы Фазыл екеумізден мүлде басқа еді.

– Мен де білем Əмен ағаны – дедім.

– Қалай?

– Он бесінші жыл шығар деймін, Қызылтау елінде бала оқытады екен. Үйлеріне келіп Қызылтауға қайтып бара жатқан жолында біздікіне түсіп, ат шалдырып, шəй ішті, ет жеді (өзіне арнап асқан); сол  отырысында  (төргі  бөлмемізде)  қалтасынан  қағаз  алып «Хазіретке» деген өлең шығарып, біздің Əбекеңе оқыды. Содан есімде қалғаны:

Молдалар!

Құдай болса əділ төрем

Халыққа – жəннат, сендерге дозақ берем, – дегені ғана.

Ақ сұр бетінде білінер-білінбес қорасан дағы бар, отты жүз, күрең көз, өте ширақ, өжет мінезімен еркін отырады екен. Жаңағы «Хазіретке» деген өлеңін біздің Əбекеңе беріп кетті.

– Молда атама да сын шығарған ортаншым еді ғой ол, – деді Зейнеп шешей. Əменді «Ортаншым» дейді екен. Жұрт аузынан естуім бар болса да, мына кісі де соны айтар ма екен? – деп – Не сын, не деген екен Əмен аға? – дедім.

Зейнеп шешей іркілместен, ойланбастан:

Қолыма хат жазғалы алдым қалам,

Құбылып толқын боп тұр күллі ғалам,

Əкенің ең жақсысы жездедей деп,

Соны айтқан бұрынғыда əулие адам!

деген екен, – деді.

– Бұны неге айтқан?

1916 жыл патшаның қазақтан майданға жігіттер алу туралы жарлығы дала жүрегін дір еткізді. «Кім үшін соғысқа барамыз? Не үшін соғысамыз? Неге текке қырыламыз?» деп Баянауланың он болыс елінің еті тірі, жаужүрек азаматтары ұрандасып Алабас тауына көтерілді. Көтерілісті Башардан батыр басқарды. Əмен сол көтерілістің жанған өрттей жалынды ерлерінің бірі болды.

– Шіркін-ай, арамызда Мəшекең болса, батасын берсе қандай құдіретті ғаскер болар едік! – дегенді сондағы екінің бірі айтатын бопты.

– Жөн сөз?

– Сөз ғана емес, тілек!

– Арамызда бір күн ғана болып, батасын беріп кетсе жетіп жатыр ғой, – десіпті жігіттер. Əмен де осындай ойда болыпты. Ал Мəшекең ші? Мəшекең бұл көтерілісті мағыналы деп те, мағынасыз деп те таразылайды. Мағыналысы – патшаның жиһангерлік соғысы үшін əділетсіз жарлығына қарсы көтерілмей отыру ездік болар еді. Ал мағынасызы не? Патшаның сан алуан соғыс құралдары сайлы, қару-жарақты да қаһарлы əскерлеріне қарсы соғысар қазақта сойыл-шоқпардан басқа, қоян ататын бірлі-жарым мылтықтан басқа не бар? Соғысса – босқа қырылу... Міне, Мəшекең осындай екі алуан ой толқуында болады. Ал, сыртында «Дала уəлаяты» газетінде басылған 1905 жылғы «Қанды жексенбі» өлеңі, «Сарыарқа кімдікі?» толғаныстары туралы патша жандармдары Мəшһүрді тұтқындап, соттатып жібермек болғанда, Мəшекең лажсыздықтан «жиһанкездігін» қайтадан бастап, төрт-бес жыл бойы Орта Азия жақта қашып жүрген. Сол тұста:

Бұл Мəшһүр Бұхар барған, Қоқан барған,

Ойы бар барсам деген одан да əрман.

Түлеген аққу құстың қанатындай,

Жерінде жүрген-тұрған сөзі қалған-ды, –

шығарған еді. Ал мына көтеріліс тұсында патша əкімдерінің қанды көзі Мəшһүрде болатыны сөзсіз. Сондықтан Мəшекең 16-жылғы Баянауылдағы көтеріліске «Бейтарап» қалыс адам бейнесінде отыруын мақұл көреді.

– Молда атам қайтыс болғалы ұзақ отырысымыздың бірі осы шығар. Солай емес пе, Зейнеп?! – деді Шарапи аға бəйбішесіне. – Осымен бүгінгі түнгі əңгімені доғарайық! Дихан, сен мына молда атамның төсегіне жат! Мына шешең төсек жайып береді қазір, – деді Шарапи аға, Зейнеп шешей үрке, шошына қарап:

– Молда атамның төсегіне?...

– Иə! Молда атамның...

Зейнеп шешей күйеуінің байламына көнгендей болды да.

– Олай болса... онда... Дихан қалқам, сен бөтен адам емессің, өзімізсің ғой, қораға шығып, дəрет алып кел! Молда атам төсегіне сөйтіп, дəреттеніп кеп жат, айналайын!

Зейнеп шешенің айтқандарын орындап кеп жатқаныммен ұйқым келе қойсашы? Мəшһүр төсегіне жату кімнің сыбағасына тие берер?! Мəшекеңді бала күнімнен өзім талай көрген сəттерім, өзім тыңдаған əңгімелерім, ел аузындағы аңыздар – бəрі-бəрісі есіме түсіп, көз алдыма келіп, алтын қырлы, алуан сырлы ғажап бір өмір кешіп жатырмын.

Таңертең дастарқан басында, шəй үстінде Шарапи ағаға:

– Əуелі Мəшекең зиратына-мавзолейіне барып, жатқан жəйін көріп келсем, – деп едім: «Мұның білгендік!» – деді Шарапи аға.

Зират осы үйдің оңтүстігіндегі дөң үстінде болатын. Ауыз үйренген сөз болғасын зират дейміз ғой, əйтпесе, үсті екі бөлмелі кірпіш үй, асты Мəшекеңнің денесі жатқан кең сарай – Мавзолей! Ауыз бөлмеде – қазандық. Самаурын, шəйнек, шелек, ожау, тəрелке-қасықтарға дейін, төр бөлмеде – дөңгелек стол, кітап, жəйма төсеніш. Босаға жақ бұрышта насыбай үккіш, шоқпар, үстел үстінде мүйізді қара шақша жатыр.

– Бұлардың бəрі Молда атамның өз айтуынша осылай қойылды, – деді Шарапи аға.

– Дене?... – дедім үнім əрең шығып.

– Дене... Тап төр бөлменің асты есіңде шығар, былтыр жазда Молда атама бір «бата оқыр» үстіне келген едің ғой. Сонда Молда атам бəрімізді өзі бастап келіп, өзі қаздырып жатқан астыңғы қабаттағы «болашақ мəңгілік мекенжайым бұл» деп көрсетіп, сылқ-сылқ күлген еді ғой... Есіңде ме?

– Иə! Есімде.

Шарапи аға енді кідірмей еденнің астыңғы бөлмеге кірер-шығар қақпақ есігін ашып, астыңғы бөлмеге – Мəшекеңе бастады. Бөлменің батыс іргесін ала бір жарым метрге жуық биік нар ағаш төсек үстінде – үстіне ақ жабылған Мəшекең. Қайран жарықтық, Мəшекең жақсы бір түс көріп ұйықтап жатқанға ұқсайды. Пішіні, кескін-келбеті тірі күніндегісіндей сымбатты. Жүзіне көп үңіліп, едəуір тұрып қалған екем.

– Жүр, Дихан, енді үстіне шығайық! – деді Шарапи аға. – Маған Құран оқимын дегендер мұнда оқымасын, үстіңгі бөлмеге шығып, стол басында оқысын, – деп еді Молда атам. Үстіге шығайық!

Үстіңгі бөлмеге шықтық. Үстел басына отырып Шарапи аға Құран оқыды. «Жəйлі жатыңыз, жарықтық! Біз сізді сағынайық, сіз бізді сағынбаңыз!» – деп бетімді сипап дұға еттім.

– Жаңағың Молда атамның сөзі ғой, Дихан? – деді Шəкең.

– Иə! Айдапкелдің əкесі Əбіш Қажы қайтыс болғанда айтыпты ғой. Үлкендердің айтып отырғандарынан есімде қапты... Сол ғибратын əлгінде осында келе жатқанымызда өзіне айтсам деп ойлап едім...

– Өмірлі бол, Дихан, айналайын – деді Шарапи аға.

Шарапи аға үстіңгі екі бөлмедегі заттарды қарап, реттеп, еденін сыпырып-сиыруға кіріскенде мен сып етіп астыңғы бөлмеге қайта түсіп, Мəшекеңнің нарының аяқ жағында тұрып, тіземді бүгіп:

– Қасиетті Мəшеке! Шығармаларыңызды қарауға, астанаға жіберуге рұқсат етіңіз! – дедім де тұрып қалдым. Əлден уақытта «рұқсат» деген үн келгендей болды құлағыма. Əрине, өлген адам қайдан үн қатсын, ол менің көңіл жаңғырығымның қауесеті ғой...

* * *

Уəдеге берік Шарапи аға таңертеңгі шай дастарқан жиналысымен, солтүстік (əйнекке қарсы) қабырға жақта тұрған күрең сырлы шкафты ашып:

– Бері кел, Дихан! – деп Шарапи аға саптағы əскердей самсап тұрған кітаптарды, қолжазбаларды нұсқады да, – міне, Молда атам! – деді.

«Молда атамның шығармалары, кітаптары демей, «Міне, Молда атам» дегенде менің көз алдыма, шығармаларынан бұрын тірісіндегі сүйікті Мəшекең, ұлы Мəшекең елестеді.

Шəкең Мəшекеңнің қолжазбаларын шкафтан біртіндеп алып, «бісмілла!» деп дөңгелек үстел үстіне əкеп қойды. Мен де естірте «бісмілланы!» айтып, қолжазбаның біреуін қолыма алып қарай бастадым. Қауырсын қаламмен де, жəй қаламмен де тасқа басқандай айқын жазылған Мəшекең шығармалары «Мені оқы! Мені оқы! Ғаламаттары менде» дегендей, саф алтындай салмақты жарқырайды. Неден бастасам екен? Қай шығармасы қайсында екені Шарапи ағаға мəлім ғой. Ең алдымен, «Мəшһүр» деп қалай аталды екен? Əлде сол жөніндегі өлеңінен бастасам қайтеді, – деп едім.

– Ол өлеңі «Месқарада», – деді Шəкең.

Месқараны бермеймін дегені есімде. Сонда... Қалай болды? –дегенімді білдірер нышанмен Шарапи ағаға қарап едім, Шарапи аға шкафтан «Месқараны» əкеп алдыма қойды да:

– Алып кетуіңе жоқ. Қара, оқы. Жазып ал, керек етсең жаңағы айтқаныңды – деді.

«Мəшһүр атты қалай алғандығы туралы» өлеңін «Қараместен» таптым. Бас көтермей оқып отырмын. Бес жасында Бұзаутас деген жердегі мектепке барыпты, алты-жеті жасында Баян қаласында Нəжмиден деген хазіреттен оқып жүргенінде «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш» хикаяларын көшіріп жазып алып жатқа айтыпты.

Сөйле деп ұмтылып тұр біздің өңеш,

Тілім тағы тақылдақ, көмескі емес.

Көпейдің бір баласы қақсап тұр деп,

Сол күнде-ақ жұрт аузында болдым кеңес.

Күні еді аға Сұлтан сол күнде енді,

Баянтау қаласына Мұса келді.

Алдына көремін деп алдырғанда.

Тынбастан, жазған Мəшһүр қақсай берді.

Парасат нұрыменен əбден білді,

 Қаққай деп құдай мұнан көз бен тілді.

Мынау Мəшһүр болатын бала екен деп,

Ер назары тиюмен нəпіс қылды.

 Ей, софы, бұл балаңды жақсы бақ деп.

Не болсын бұдан артық тіл мен жақ деп,

Аяумен мейірі түсіп, былай айтты:

Балаңа бұдан былай үкі тақ деп.

Дуанбасы, дуалы ауыз Мұса осылай бағалағасын Нəжмиден хазіреттің бибісі, жарықтық, «қызының басындағы бір тал шоғын, қолымен бибі Мəриям өзі тақты». Сөйтіп, сегіз бен он жетінің арасында «Аш-Шəһариат жұрт аузында Мəшһүр болғанын» толғапты Мəшекең. Төрт жүз жолдан астам осы өлеңін қайта-қайта оқумен, кейбір шумақтарын жазып алумен болдым ол күні.

Сөйтіп, Мəшһүр атын қалай алғандығы туралы толғанысын оқып, біліп, тəтті ұйықтап шыққан түнімнің таңы атысымен көңілді оянып, төсекте жатқанымда, патша үкіметінің жергілікті аждаһа əкімдері Мəшһүр Жүсіпті «Қамау» тізіміне алғызған «Сарыарқа кімдікі?» деген тебіренісі ойыма келді. Сонда патша əкімдеріне тұтқын болмас үшін Мəшекең ел ішінен жылысып, тайып береді. Жас жігіт шағында бірнеше жыл медресесінде оқып ғұламалық

білім алған, ғалым болған, одан кейін екінші рет барып бірнеше жыл аралаған Бұхара, Ташкент, Самарқанд жаққа үшінші рет барады. Бұл жолы «Қашқын» тəрізді тағдыр тəлкегімен 1907 жылы барып, төрт жыл жүріп жиһангез боп елге оралады. Алайда, атамекенінде – Баянаулада, өз елінде, өз үйінде отыра алмай, енді Еділ, Жайық жағын кезіп кетеді. Бала күнінен (Баян қаласында) орысшаны жақсы білген Мəшһүр сол жылы «Белгісіз сапарым» деген өлеңінде:

Мəшһүрдің қараңыздар қызығына,

Бұл күнде жүрісінің бұзығына.

Орысты туған бауыр есептедім,

Жыланды келіп қондым мұжығына, – дегенінен адамды дініне, ұлтына қарамай, адалдығына, адамшылығына  қарай бағалайтынын көреміз.

Ал Мəшһүр Жүсіпті осындай «Қуғынға», «Қашқындыққа» душар еткен «Сарыарқа кімдікі?» екен. Олай болса, мұны оқымай жаным қалай жəй таппақ? Мəшекеңнің көп толқынды қолжазбалары ішінен «Сарыарқа кімдікіні?» тауып алып, Мəшекең сөздерінің жүрек өртіне жалаңаш жүрегіммен сүңгіп, жүзіп бердім.

Бабалар заманынан сай сайлап, мал айдап, сайрандап, ел жайлап келе жатқан Қазақ елінің ата қонысы, алтын мекені Сарыарқаны патша өкіметі отарлап, өрісіне өрт, жүрегіне дерт салып отырған озбыр қиянатын ащы шындықпен əшкерелеп, халықтың ауыр хал-қасіретін тебірене жыр еткен бұл толғауында. Сөйтіп, бүгініне қандай қатты қайғырса, болашағының күйзелісін көрегендікпен тебіреніпті.

Есіктен кіре алмайтын қарашекпен,

Орынды қақ жарып кеп алды төрден.

Айырылды біздің қазақ Есілінен,

Өзінің болған емес кесірінен.

Жер-мүлкі шаруаның қызықты еді-ау,

Қойнында құшақтаған жесірінен.

Қазақ даласын əр қазақ тап осылай шыбын жанымен, қасық қанымен тең көретініне шүбə бар ма? Əрине, жоқ. Жыл сайын жат бұйрықтар зəресін алып, «қазақтан баса-көктеп жер алуды» əдет еткен келімсек-крестьян – патшаның жіберген отаршылары. Жер-суын солар басып алғасын:

Адасып осы күні қазақ қалды,

Бұрынғы ата-баба рəсімінен.

Жылқыға керек жерге егін салды.

Жер жыртып, мұжық салған кесірінен.

Жайлауға баратын жер тарылғансын,

Айрылды мал да, жан да несібінен.

Осынша қиянатқа төзбей, елінің, жерінің ар-намысын, еркіндігін жоқтаушы нешеме Шəһбаздар зынданда жатыр нақақтан, «ұлықтың қылған зорлық кесімімен» дейді.

Түңілді естіген жұрт мұнан таза,

Дəрмен жоқ білмегенге, білгенге аза.

Манифест бар деушілер тұтқын болып,

Кесілді еш себепсіз оған жаза, – деп күйіне күйзеледі де:

Құдайдың берері жоқ жатқан жанға,

Болмайды үйде отырып ойындағы, – екенін уағыздайды. Ұйқыңнан оян! Елдігіңді ұмытпа! Жер-суыңа өзің ие болуға талаптан! – дейді екен Мəшекең.

Бұлайша ашықтан-ашық ұрандап күреске шақырып отырған ақын патша үкіметінің, оның жергілікті əкімдерінің қас дұшпаны саналмай тұра ма? «Қамау» тізіміне алынып, «қашқындық» жасап Орта Азияда жүруі, Еділ-Жайық жағына жылыстауы «самұрықтың» қанды тырнағынан сақтану ылажы екен ғой Мəшһүрдің.

Патша үкіметінің «алты бақан алауыз» қазақты өзді-өзімен ұстастырып, шағыстырып, шабыстырып, аздырып-тоздырып қор еткенін, ел билеуге, əкімдікке таластырып қойған алаяқтық саясатын əшкерелейді.

Құранды қор, молданы боздай қылып,

Кірісті сөндіруге Ислам нұрын...

Орысша тіл білгенді жұлдыз қылып,

Жоқ қылды шəриғаттың құрмет сырын.

Мешітті «ас үй» қылды молда сасып,

Көргенсін шеневникті құты қашып.

Кітапты тиеп алып шанасына,

Астына сол к...нің алды басып...

Ол ол ма!

Көп болды көз жасына қалған жандар,

Зерлі шекпен, медалға жұртты сатып.

Осылай да осылай, елдің еңсесін басып-жаншып езумен, ақыл-ойын, ой-арманын есінен тандырумен отаршыл патша үкіметі дəуірлей бергенін Мəшекең «Сарыарқа кімдікі?» өлеңінде жалтақсыз, ашықтан-ашық айқын айшықтайды екен.

Осынша қорлық-зорлықтан құтылу шарасын істеу ойларына кірместен «өнері – ұрлық, қорлық, зорлық, партия, барымта» боп алған өзінің қазақ халқына ренжиді. «Ес қайда? Елдігің қайда?» деп налиды, қынжылады, күйінеді. Асыл қазына, алтын мұраның бірінен соң бірін оқи бердім, оқи бердім. Жəне адалымды айтайын: бар құштарым поэзиясында болды да, шежірелеріне, аудармаларына, алысқан хаттарына онша зер салмадым. Жұрт қолында тарап кетсе кететіні өлеңдері, хикаялары болар деген шектеулі оймен шеңберленген тəрізді болдым.

Мен мұнда келгелі, Мəшекең шығармаларына кіріскелі екі жетіден асып барады. Шарапи аға да, Зейнеп апа да менің Мəшекең қазынасын қалтқысыз қадағалап қарауыма, танысуыма, салалап, сараптауыма күндіз-түні бірдей құрақ ұшады.

- Атыңа алаң болма. Молда атамның Құласымен бірдей отқа қоям, суарам, жұмысыңды істей бер! – деп Шарапи аға бірінші күні айтқан. Мəшекеңнің Құласымен менің жегіп келген Бурылым бірін-бірі құлын күнінен білетіндей, бірге өскендей үйір-үйір боп алыпты.

Нешеме күн-түн Мəшекеңнің жыр теңізіне жүзумен уақыттың қалай өтіп жатқанымен ісім болмапты. Сөйтіп, қайтарымнан бір күн бұрын Шарапи ағаға Мəшекең поэзиясынан екі папка – екі том қолжазбасын алуға реттеп, қарындашпен беттеп қойғанымды айттым.

– Рұқсат етсеңіз міне, осы кенеге жазбаны алайын, – дедім.

– Рұқсат. Ал «Қараместі» бермеймін дегенім деген. Басқасына таршылық етпеймін, – деді де аз кідіріп – он бес күн бойы аудара қарап, ақтара оқыдың. Молда атам аруағы риза шығар саған, Дихан айналайын! Илаһи тек ниетің қабыл болсын! Осы еңбегің жансын. Шкаф ішінде сарылып-сарғайып тұра бермей, кітап боп басылып шықса жарыққа, Молда атамның өзіндей көрінер еді халыққа, рақметін айтар болар еді тарих та, – деді дуалы ауыз дана Мəшһүрдің зерделі ұлы Шарапи аға.

Сөз бітті. Жаңағы екі том қолжазбаны үлкен сары портфеліме Шарапи аға «Бісмілла!» деп өз қолымен салып бергелі жатқанда, Зейнеп шешей:

– Бере тұршы! – деп біреуін сұрап алды да, бетін ашып, екі-үш рет бетін тигізіп, ернін күбірлетіп: – Жолың болсын, Молда атам сөздері, – деді.

– «Айтқаның келсін!» – деді Шарапи аға.

Артыма қарай-қарай кетіп барам. Қасиетті шаңырақтың қақпасы алдында көздерімен де, көңілдерімен де қимастықпен ұзатып сап тұрған сол екі ғазиз жандардың сол бір бейнесі қазір де көз алдымда.

Сөйтіп мен Мəшекең мұрасынан сəтті оралдым Баянға. Сондағы осы сапарым жайын Ғабит Мүсірепов туралы «Өнеге» деген естелік əңгімемде («Жалын» баспасы 1988 жылы басып шығарған «Ой толғауы» кітабымның 99–101-беттері) жазғанмын.

Мəшһүр Жүсіп поэзиясының бірінші томы (Сондағы мен тапсырған) Қазақстанның Ғылым баспасынан басылып шықты. Ал осы томды баспаға əзірлеген, алғы сөзін жазған Сəрсенбі Дəуітов ініміз бұдан алпыс жыл бұрын Мəшекең қолжазбасын ғылым ордасына тапсырған мен екенімді аузына да алмапты.

* * *

– Мəшһүр Жүсіптің зиратын бұзып тастады...

– Не дейсің? Есің дұрыс па? Не айтып отырсың? Пенде атаулы бейітті бұзушы ма еді? – дедім Баянауладан келіп отырған қонағым Құлсамет Əбдіқадіровке.

– Наныңыз, Ди-аға! Менің есім дұрыс, бұзушылардың есі дұрыс емес болар. Өткен жылы трактормен бұзды... милиция...

– Аудандық партия, совет басшылары қайда? Олар біле ме ол сұмдықты?

– Білгенде қандай. Істетіп отырған солардың өздері.

Мына сұмдық жанымды қайда қоярға жер таптырмай, жүрегім жарылғандай, тынысым тарылғандай, есімнен айрылғандай сұлық отырып қалдым.

– Бұ не сұмдық? Бұ не? Бұ не?...

– Құдай-ай, не дейді? Неткен сұмдық еді, – деп дастарқан əзірлеп жүрген Мертайым еңіреп отыра кетті.

Мəшекең өмірінің соңғы жылдарында оны кіші баласы Фазыл мұғалімнен мектепте сабақ оқыған Мертай Мəшекеңді де, қаздырған зиратын да көрген болатын. «Мен де барам» дер еді, шиеттей жас төрт перзентіміздің жөні не болмақ?

Ертеңінде пойызға билет алып, жүрмекші боп отырғанымда ең қымбатты досым Жұмағали Сайын ақын:

– Пойызды қой. Машинаңмен бар. Билетіңді тапсыр кассасына! – деді. Досымның кеңесін орынды көрдім, билетті тапсырдым. Осыдан бір жұма бұрын ғана «Победа» алғанмын, əлі майы да кеппеген. Василий деген шоферым бар. Баянауылға жүріп кеттік.

Бұл сапарым «Мəшекеңнің зиратын бұздырып тастапты» дегенді естігеннен кейін ренішті көңілмен бара жатқанымды бір сəт ұмытқандаймын. Өйткені бұдан 12–13 жыл бұрын:

Он жыл болды-ау ойласам,

Бармағалы Баянға.

Жүрсем, күлсем, ойнасам,

Еске түспей қояр ма? – деп едім.

Қазір ол он жылға жəне он екі жыл қосылып, жиырма екі жыл бармаған туған жерімді көруге ынтығым, сағынышым, ұятым үшеуі бірдей үшеулеп, Іледен аспай жатып Баянаулаға алып ұшып келем. Сегізінші күні қоналқаға Баянға жеттік. Алтын күн қызыл арай қақпасынан ұясына ене берген шақта немере ағамыз Серғазы Əлімбергеновтің үйіне түстік. Ағай қайтыс болған. Дəмен жеңгей баяғы жайдары жүзімен қуана қарсы алды. Мағаз (немере інім) жас баладай арсалаңдайды. Мəкіш, Зəкіш бүлдіршіңдер маңдайынан сүйгізіп еркелейді.

– Жиырма екі жыл бойы бір келмей сағындырдың ғой, айналайын... Оның не? – деді Дəмен жеңгей.

– Кешіріңіз ол «білместігімді» Дəмен жеңге!

Мен жалғыз емеспін. Қасымда інім Хайролла мен Керекуде газетте істейтін ақын Əбдікəрім Ахметов бар. Кешкі отырысымыз өте көңілді өтті. Əңгіме ырғалды, əн шырқалды. Түн ортасы ауғанда ғана жаттық. Сол түнгі ұйқымның тəттісі-ай! Бесіктегі сəби күнімде ғана тап осылай ерке ұйықтаған шығармын. Ояна келіп сағатқа қарасам, 9 бопты. Атып тұрып, тез киіндім. Шайға қарамадым.

Райком кеңсесі бұрынғысынша Оске атаманның көк төбел үйінде екен. Кең кабинет төрінде Арқа қазақтарына ғана тəн сұңғақ бойлы, бидай өңді, ат жақты, жалтақсыз да жалғансыз жарқырай қарайтын қос шырақты, сымбатты да сырлы мінезді, кескінді Макин Кенжебай орнынан тұрып, қарсы жүріп кеп, кабинетінің орта шенінде қарсы алып, шырайлы амандасты.

– Қош келдіңіз, Ди-аға! Туған Баянаулаңызға жиырма жылдан бері бір келмегеніңізге өкпелі еді бұл ел, бұл Баянаула, – деді.

– Оның жөн. Ол кінəма кешірім сұрайын! Бірақ, өзім келмегенмен көзім келіп, жүрегім Баян! Баянаула! деп соқпаған сəт болған емес, кешегі майдан оты ішінде де, оқ астында жүргенімде де солай...

Бұдан кейін Макин:

– Жиырма жыл келмей жүріп келген сапарыңыз екен, Ди-аға! Жүріс жəйіңіз? – деп сұрады.

– Алматыда ешбір мекемеден, тіпті өзіміздің Жазушылар одағынан да тапсырма алғам жоқ, жүрегімнің бұйрығымен келдім. Сол бұйрық орындалса арманым хасыл, – дедім.

Макин бетіме «Қызық екен оныңыз?» дегендей сүреңсіз күлімсірегендей болды да, суына қалды. Сұраулы жүзбен қадала қарады.

– Өзіңізге мəлім, тарихи таланттар Баянаулада көп шыққан ғой Бұқар бабадан бастап. Сол тарихи мұраларды көрсем. Əсіресе Мəшһүрдің, Жаяу Мұсаның, Сұлтанмахмұттың... – дедім.

– Оныңыз жөн! Жөн! – деді де түсіне қойды Макин.

– Əсіресе Мəшһүр Жүсіп зираты шығар? – деді.

– Иə. Сіз өзіңіз милиция жіберіп, трактормен қираттырыпсыз. Сол рас па? – дедім манадан саябырлау отырған жан күйінішім жалыны бұрқ етіп.

Ол тілі күрмелгендей бірден үндей қоймады.

– Рас қой қираттырғаныңыз? – дедім ызалана өршеленіп. Рас немесе рас емес деп бірден қайдан айта алсын. Себебіне септестік өрмектей сөйледі.

– Павлодардағы партактивте, обкомпленумында кейбір белсенділер обкомға да, бізге де ауыр мін, ащы сын тағып шатақ шығарды. Партияның үгіт-насихатынан Мəшһүр Жүсіптің діни аруағы беделді болып барады. Мəшһүрді əулие тұтады. Ел адамдары басына зиратына барып түнейтін, баласы жоқтар бала тілейтін көрінеді. Аурулар сырқатын ұшықтайтын, дуалайтын болған. Облыстық, аудандық партия хатшылары не қарап отыр? – деп өртене сөйлеп қызыл өңештенді. Одан кейін «С.Қ» газеті бетінде тап жаңағылар тектес мақала басылып шыға келді. Содан соң обкомның бірінші

хатшысы мені дереу шақыртып алып:

– Қазір ауданыңа қайт та, ана Мəшһүр Жүсіптің зиратын құрттыр! Құрт! Немесе партбилетіңді сал мына столдың үстіне. Қазір! Қазір! – деді. Ылаж не... Содан соң...

– Содан соң... Қираттырдым! деңіз. Солай ма?

– Иə. Екі милиция бір-екі трактор... – деді тілі қырқылғандай, тоқтап... сілейіп, түсі қашып, албасты басып, отырып қалды Макин. Мына сұмдықты Макиннің өз аузынан естігенімде өзіме өзім-əрең ие болдым. «Адам емес екенсің ғой» деп орнымнан атып тұрып, «Тфу!» деп еденіне түкірдім де шығып кеттім. Түскен үйімізге қайттым. Өңім бұзылып кеткен болу керек, Дəмен жеңгей:

– Өңің бұзылып... Мұның не, айналайын? – деді Дəмен жеңгей.

– Рас екен! Қираттырған Макин екен. Өзі айтты, – дедім.

– Аруақ атар. Мəшекең жарықтықтың аруағы атпай қоймас ол пəлені!

Қайнамасқа қаным, жəйбарақаттыққа жаным шыдамады. Жеңгейдің дайындап отырған шайынан бірер шыныаяқ шай іштім бе, ішпедім бе білмеймін.

– Жүреміз! – деп орнымнан тұрдым да сол бетіммен жүріп кеттік.

Қасымдағы Əбдікəрім ақын мен Хайролламның да көңіл күйлері күйреңкі. Мойылды бұлақты басып, Айман бұлақтан асып Баяннан жүз елу шақырым жердегі «Қалым Шоқы, Ескелді қайдасың!?» деп Мəшекең мавзолейіне қарай күрең «Победамен» заулап кетіп барамыз. Зұлымдықты-сұмдықты жаулап кетіп барамыз, күйретілген тарихи қасиетті мавзолейді даулап кетіп барамыз... Ақыры жапандағы жалғыз биік Қалым Шоқы көрінді мен мұндалап. Есігінің алды көлденең жатқан көлдей көк тұз Ескелді-сор. Жыр мен шежіре мекені етуге Мəшекең жаны қалаған, құтты мекен санаған, жалғандағы жəннатына балаған жалғыз биік, қайран Қалым Шоқы, айнадай жалтыр сор қайран Ескелді! Кеше тірісінде өз көзімен салдырған дөң үстінде ескірмейтін тарих боп, еңсесі биік жарық боп анадайдан мен мұндалап көрінетін Мəшһүр Жүсіптің мавзолейі қайда?... Жоқ. 

Сəулетті үстіңгі екі бөлменің кірпіштері қиратылған, шашылған, іргесі жатыр жермен-жексен боп, трактор табандарына жаншылған. Ана жылы (1932) өз көзімен көрген астыңғы «бөлмеде» төрдегі «Нар төсекте» – тарихи көрмеде, тірісіндегідей өңі-түсімен, екі қолын кеудесінен төменірек салып, оқалы да үкілі тақиясымен, шыңда отырған қыранның қанатындай толықша мұртымен, пайғамбар дұғалығындай қасиетті сақалымен мəңгілікке ұйықтап жатқан Мəшекең қайда?... Жоқ. Бұ не сұмдық?

– Жел гулеп жүрегіңді тырнайды. Қоясыңдар ма осылай сорлаттырып? – деп Қалым Шоқы биігі тірілерден қайырым сұрайды. Жоқтау жырымен құстар шулайды. Ескелді сорының ернеуіне іркіліп, кірпігіне қатқан көз жасы тəрізді жансыз көк мұз мөлдірейді. Сиқыр дүние, сұм өмір, сорлы өмір, осы ма еді естіртпегің мен көрсетпегің маған?

– Бұныңыз не? Тым... – деді Əбдікəрім.

– Əбдікəрім, қарағым-ау, тіпті қай заманда да жауласқан екі елдің қан-қырғын соғыстарында да өлген адамның зиратына ешкім соқтыққан емес қой. Ал мынау не сұмдық? Тіпті, кешегі өзіміз қатысқан қан-қырғында да фашистер ешбір зиратты қиратқан емес. Ал мынау не ? Не сұмдық?

Екібастұз бен Қарағанды көмір алыптарының қарым-қатынас жүргіншілері, жолаушылары бұл зиратқа соқпай, түнемей өтпейтін бұрынғы əдетін əлі тоқтатпапты. Қиратылған мавзолей орнының айналасы солардың жанған оттарының орындары, отын қалдықтары, күл. Асқан еттердің сүйектері.

Уа, қасиетті баба Мəшеке! Мына сұмдықты жасаушыны аруағың кешірмесін! Осыны көзіммен көріп тұрған мына мен – Дихан Əбілев, жаным тіріде кешірмеймін, бұл сұмдықты кешіргенше, оллаһи, тірі болып жер басып жүрмейін! Куə бол бұл антыма, қасиетті Қалым Шоқы биігі, куə бол, ел қонысы Ескелді! Куə бол, Баянаула аспаны, кең дала! Бұл менің күйінішім мен Антым! – дедім сол жерде. Кіндік қаным тамған Баянауламнан, Мойылды бұлақтан кешірім сұрадым да, Бұқар Жырау, Жаяу Мұса, Сұлтанмахмұт зираттарына зиярат еттім. Бұл «Үш алыптың» бастары да өте жүдеу екен. Ескерусіз, елеусіз қалыпты. Алматыға қайтып келісімен «Тарихи ескерткіштер туралы» деген тебіренісімді жаздым да «Қазақ əдебиеті» газетіне бердім. Бас редактор Сырбай Мəуленов қолма-қол оқып шығып, басып шығарды. Бұл 1956 жылы болатын.

Осы  мақала  басылып  шыққан  «Қазақ  əдебиеті»  газетін (1956 жыл, 16 март, № 11) Мəшһүр Жүсіп тірілгендей көрген халық бірінен-бірі сүйінші сұрап қуанып, бірінен-бірі газетті сұрап алып, қолдарынан түсірмей оқиды.

Қарағанды мен Екібастұздың қарт шахтерлері «Қазақ əдебиетінің» жаңағы нөмірін күндіз қалталарына, түнде жастықтарының астына салып оқиды. Мəшекеңнің ұлы сөздерін, хикаяларын естеріне түсіреді. Өзінен басқа ешкімде жоқ мінезін де, бейнесін де, отырыс-тұрысын да көз алдарына келтіреді.

Мəшекеңнің кіші баласы Фазылдың əйелі жүз километр жердегі «Жаңа жол» колхозының орталығы Бөлдейден салт атпен Баянға келіп, атының басын аудандық партия комитеті кеңсесіне бір-ақ тірейді де, Макин кабинетіне кіріп барып, қойны-қонышынан жаңағы мақала басылған «Қ.Ə.» газеті даналарын суырып-суырып алып, Макин хатшыға:

– Оқы! Сен не істедің Молда атам зиратын? Дихан не жазып отыр? – дейді алқынып.

Макин селк етіп, шошына қарап:

– Сіз кімсіз? – дейді.

– Өзің зиратын қираттырған Молда атамның, Мəшһүрдің келінімін. Екібастұздың қарт шахтерлері Қасым Қашағанов, Мұқаш Бəлімбаев, Шайхы Қазықанов, Қарағандының Мейрам, Жабайлары «Əу!» десіп ұйымдасып, бірлесіп, екі айдай дайындалып, жаздың үш айында Мəшекеңнің зират-мавзолейін əуелгісіндей етіп күйген кірпіштен қалап, есік-терезелерін салып, сыртын сылап жатқан сəтінде жолсапармен жазушы Əбу Сəрсенбаев барыпты.

Мəшекең туралы бұл естелік əңгімемде көрнекті ақын Ғалым Малдыбаевтың Мəшекең туралы адамгершілігін айтпай кетуге хақым жоқ. 1961 жылы Мəшекең туралы маған жазған мына хаты:

«Дихан! Сенің еңбегің Мəшһүр Жүсіп Көпейұлына көбірек сіңгенін жақсы білемін. Сонау ауыр жылдарда Мəшекеңнің томдаған өлеңдерін Академия Наукаға жеткізген сен едің. Міне, сол Мəшекеңнің жалғыз (менімше солай) суреті! Мен мұны жəне ақын Майраның суретін Жазушылар одағына бергелі отыз жылға жуықтады. Бірақ олар жарыққа шығарған жоқ. Өткен жаз өзімнің Мəшекеңмен 1931 жылы күз кездескенімді жазып, осы фотосын көрсетіп «Қазақ əдебиеті» газетіне жіберген едім. Бірақ та олар əлі күнге дейін жарыққа шығармады. Ия, сенің Мəшекең туралы жазғаның менің есімде бар. Оның қасиетіне қол тигізгендерді қатты сынағаныңды да білемін. Ол өте дұрыс еді. Кім өлмейді?

Сол Мəшекеңнің суретін, міне, саған тағы да жіберіп отырмын. Реті келсе, үлкейтіп, портретін марқұмның кітабының арасына қойсаң да, бір ескерткіш болар еді деген сенім бар менде.

Мəшекеңді құрметтеген Ғалым Малдыбаев.

                                                                                         15 декабрь, 1961 жыл.

Мәшһүр Жүсіп ескерткіштерінің тарихы

Бұл материалдар Абай Шарапиевтың «Ақиқат» Алматы 2019, «Дайк-Пресс» 191-214 беттерінен алынды.

Abai.kz

5 пікір