Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
2134 0 пікір 18 Қаңтар, 2021 сағат 12:18

Алматыда 20 мыңнан астам бюллетень жарамсыз болып шыққан

Қазақстанның ең үлкен қаласы – Алматыда мәжіліс сайлауында жәшіктерге салынған 10 280 бюллетень, мәслихат сайлауында берілген 10 364 бюллетень жарамсыз деп танылған. Бұл жөнінде Алматы аумақтық сайлау комиссиясы хабарлады.

Ресми органдар берген мәліметке қарағанда, 10 қаңтарда парламенттің төменгі палатасына және жергілікті өкілетті органға депутат сайлау барысында сайлаушыларға берілген жалпы бюллетеньдердің үш пайыздайы жарамсыз болы шыққан.

— Бүлінген бюллетень деген – сайлаушының таңдауын анықтау мүмкін болмаған бюллетень. Бұл [кандидаттар сызып тасталған, сайлаушы басқа сөз жазған бюллетень] ғана емес. Вариант әртүрлі. Бос бюллетень болуы мүмкін. Сайлаушының нақты кімге дауыс бергенін анықтау мүмкін емес бюллетень жарамсыз, яғни бүлінген бюллетень қатарына жатқызылады, — деді Алматы аумақтық сайлау комиссиясының (АСК) төрағасы Жанна Асанова.

Жарамсыз бюллетень статистикасы қорытынды хаттамаға бөлек енгізіледі. Асанованың айтуынша, хаттамада тек сайлаушы алып кеткен бюллетень ғана көрсетілмейді. Қолға берілген бюллетень мен жәшікке салынған бюллетень арасындағы айырмашылыққа қарап сайлаушылардың қанша бюллетеньді алып кеткенін анықтауға болады.

Алматыда мәжіліс депутаттарын сайлау үшін тұрғындардың қолына 342 564 бюллетень берілсе, 331 602 бюллетень жәшікке салынған (айырма - 10 962) делінген АСК хаттамасында.

Мәслихат сайлауында сайлаушыларға 341 431 бюллетень берілген, ал жәшікке 330 446 бюллетень салынған (айырма - 10 985). Алматыда 1 миллион 132 мың сайлаушы тіркелген.

10 қаңтарда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауы қарсаңында оппозициялық көзқарастағы біраз белсенді "әділетсіз өтіп жатқан" сайлауға наразылық ретінде бюллетеньдегі партиялардың бәрін сызып тастауға немесе қағазды басқа әдіспен бүлдіруге үндегенДауыс беру күні жұрт партиялар сызып тасталған, басқа "кандидаттар", ұрандар жазылған бюллетеньдердің суретін жариялады. Арасында АҚШ президенті Дональд Трампты жазып қойғандар бар.

Жалпы Қазақстан бойынша қанша бюллетеньнің жарамсыз болып шыққаны белгісіз. Орталық сайлау комиссиясы партияларға берілген дауыс санын ғана жариялайды, бүлінген бюллетень бойынша мәлімет бермейді.

Abai.kz

0 пікір