Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жөн-ақ 20896 11 пікір 17 Қаңтар, 2021 сағат 11:31

Берік Имашевқа ант қабылдау құқығын кім берді?

15 қаңтар күні ҚР Парламенті Мәжілісінің жаңадан сайланған депутаттары ант берді. Депутанттардың антын Мәжіліс залының президомында отырған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев қабылдады.

"Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" Конституциялық Заңының 24-бабында "Ант қабылдауды Президент өзі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады" - деп жазылған. Ал, "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" Конституциялық заңының 9-бабында: "4) Парламент депутаттарының Қазақстан халқына беретiн антын қабылдайды;" - деп, депутаттардың берген антын қабылдаудың Президенттің құзыретіне берілгені тіпті ашық көрсетілген.

Сонда, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевқа Мәжілістің төрінде отырып, депутаттардың антын қабылдайтын мұндай құқықты кім беріпті?!!

Естеріңізде болсын, халық сайлаған заңды президенттің Конституция және Конституциялық заңдармен бекітілген құқықтары мен құзыреттеріне ешкімнің ешқашан қол сұғуға қақысы жоқ!!!

Жаңа сайланған депутаттар бақыттан басы айналып жүріп, бұл заңды білмеді делік. Алды үш, арты екі кезектен сайланып отырған ескі депуттар неге бұл заңсыздыққа жол береді?! Әлде, олар да халыққа кімнің алдында тұрып ант беретінін әлі түсінбей ме?!

Заң талабын Заң шығарушы органның өзі бірінші болып сақтауы керек қой! Әсіресе, Қазақстан Республикасының Конституциясын!!

Сондықтан, Мәжілістің VII шақырылым депутаттарының берген антын заңсыз деп танып, бұл салтты, Заң талаптарын сақтай отырып, қайта өткізу керек!

Ауыт Мұқибек,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Abai.kz

11 пікір