Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әңгіме 12702 17 пікір 16 Қаңтар, 2021 сағат 12:38

Құнанбайдың қажылығы

(Әңгіме)

Адамдар Қағыбаға өз деңгейінде құрмет көрсетпесе, сол кезде жер бетіне апат келеді. Бір Фатиха үш Ықласты, Құнабай қажының рухына бағыштап бастадым.

Бір мүшелден асқанда Құнанбайдың бүкіл денесіне қызыл шығып, тұла бойы қалшылдап бір ысып, бір суып қатты азаптанды. Шешесі Зере үстіне көрпе жауып, бас-аяғына жүген, ноқта, қамшы қойып білген дұғасын оқып ауызы бір тынбай күбірлейді. Өз ортасының қаракөгі әкесі Өскенбай болыс алыс- жақыннан алты алашқа аты жайылған емшілерді алдырып қаратты, Алланың Өзі шипа бермесе, пенде байқұстың қолында не бар дейсің. Еш ем болмады.

Әдетте, қазы-қартаға тойып, қымызға бөртіп, жорғаға мініп, алды-артыңда жалпақтап, әлде қашан көлеңкеңе айналған жағымпаз адамдар еріп жүргенде, теріңе симай ісініп, төркінін ұмытқан жаман қыздай, өзін жоқтан барғып жаратқан Құдайын танымаған әлсіз пенде байқұсқа Жартушы Өзінің бар екенін байқатады. 

Иа, сол кезде денесі сондай талауланып, қызыл өзгеше шықты, сеніп шақырған кіл мықтылар емдей алмады, амалы таусылған әкесі сәждеге бас қойып, ұзақ жатты, баласына мүшелге толар сәтіне «ақиқа құрбан» шалмағаны есіне түсті. Іштей нәзір құрбан шалу туралы ойлады. Басын көтергенде көзінің сорасы білінер- білінбес, Құдайдан бұның амандығын үнсіз тіледі. Аллдан үміт үзбейік «сіз алтын сақаны үйіріп отырғансыз осы бала туыларда» деп, тығыршықтай, кең мол пішілген сом денелі Зере байбіше мырзасына кезінде көрген түсін айтты. Ауыру меңдетіп, күннен күнге хәлі нашарлап әкетіп бара жатты, сүйекке ілініп терісіғана қалды. Ауылдағы ағайын-туыс күмбірлеп күндіз-түн дұға жасап, көздерінің жасын көл етті. 

Оңаша үйде жатып, бәрін өз құлағымен естіді. Әкесі ертелі-кеш азаннан кейін, намаздан соң сондай бір ұзақ-ұзақ дұға оқып, нәзір құрбан атады, Жаратушыға серт берді. Ноғай молдалары келіп, тынбай Құран оқып дем салды. Көп тілеуі көл айға жуық жатып жаны қалды. Құнанбайдың нұрлы жүзінде шұбарланған мең қалды, сол жақ жанарына тарыдай ақ нүкте салып, жаман ауыру кетті-ау ақыры. Алақайлап қуанған ел-жұрт тегіс жиналып, шүкір сәждесін жасап, нәзір құрбанға тұнық сары сиыр шалды, етін ауыздарына салмай, шариғат жолымен кедей-кепшік, жарлы-жақпайға таратты. 

Құнанбай туғанан анасы Зере дәретін алып, омырауын жуып «Бисмилла» деп емізді. Қарыс маңдай, қыр мұрын, нұрлы жүзіді ол ауыру төсегінен тұра зор денелі, кең иықты балаң жігіт әп-сәтте, өз қатарына қосылып, балуан қалпына қайта келді, күрескенді алып ұрды, белдескенді бездіртті. Найзагер атанды.

Жас күнінен зерек Құнанбай Құраннан қара таныды. Әкесі Өскембайдың ел басқару ісінің бір жағына шығып, алыс-жақынан келген хаттарды оқып жүріп, ескі Османлы тілін меңгерді. Сөз тапқыш, шешендікке бейім ол ел-жұрттың үмітін ақтады. Құнанбайды «адам өзінің адамдық борышын қалай ақтау керек?» деген сұрақ жатсада-тұрсада мазалады. Әкесі: «халыққа еңбек етіп, адал болу, арын, адамшылығын сатпау» деді. 

Он тоғыз жасында үйлендірді. Екінші мүшелге жақындады. Құнанбай енді «қандай адамдарды халық жақсы көреді?» деп дөңбекшіді. Жаубын тапты. Асқан балуанды, ел жауын жеңген батырды, ел қорғаған ерді және ел үшін дауға түсіп, ел намысын жоқтап, елін білім-өнерге бастаған адамды дейді өзіне өзі күбірлеп. Бұл үшін әуелі жұрт алғысын алу керек деп, түйді Құнанбай. 

Бір күні таң қараңғысында Құнанбай тау ішін жаңғыртқан ащы дауыстан шошып оянып, таң намазын оқуға үлгірмей қайнатасы Ағанас биден алған атақты тор шолақ атты мініп, Шыңғыстың сыртқы биік жотасына шықты. 

Ауылының жылқысын қуып бара жатқандарға алғашқы болып жетті, дайындалып келген жау оған найза қадап кете барды. Артынан жеткен ағайын-тумалары қолынан келгенді жасады.  

Оң жақ емшектің төменгі жағынан кіріп, оң жақ жауырынның астынан шыққан найзаның орнынан қан шапши атқылады. Құнанбайды қырынан жатқызып, жиылған ел жараның екі жағынан кезектесіп қанын сорды. Тез-тез төгіп, қанды ішке жібермеді. Тор шолақтың ту құйрығын күйдіріп, жараның аузына салды. Көйлектерін жыртып, мықтап таңады. Сәскеде есін жиған Құнанбай шалапұрттап шөлін басты. Қаумалаған қалың елін көрді. Бәрінің көздерінде жас, қариялар кіселерін мойындарына салып, Аллаға жалбарынып жатыр. Сол кезде жұрт «А, Құдай! Ақсарбас, амандығыңа қысыр емген тай айттық»,- деп шулап, күңіреніп жылап жіберді. Қарабатыр, Әнет ауылдарының тұсынан алып өткенде ақсақал-қара сақал түгел шулап, А Құдайлап, Жаратқаннан ол үшін амандық сұрады. Үйге әжесі жаңа сойған қара қойдың өкпесімен қағып, ұшықтап кіргізді. Аппақ шүперектей қуарып, өңі қашып, өлер-тірілері белгісіз халде жаз бойы жатып, күзгі жапырақ түскенде ауыруы қайтып, беті бері қарады. Ауыр хәлді басынан өткізген Құнанбай бұрын адамшылық үшін еңбек етсем десе, енді біржола халқым алдында арыммен борыштымын, еліме жаным садаға деген сертін жүрегіне мықтап түйеді. Құнекең кімді болсада Алла үшін жақсы көрді, Алла үшін жек көрді, туысына, досына адал, мейірбан, жауына қатал болды.

Әкесі Өскенбай қайтыс болып, жыл толғанда Қамбарлар отырған Көкшетауда үш жүздің баласының басын қосып, ат шаптырып ас береді. Ташкент, Бұхара маңындағы қазақтар сыйлықпен келді. Сондағы ең құнды сыйлықтың бірі ноғай Ғабитхан болды. Оны өз туысындай көріп әйел әперіп, алдына мал салып, жер бөліп берді. Ғабитхан ұстаз мектеп ашып, ауыл балаларын оқытты. 

*** 

Ниеті, ойы дұрыс болсада, айналасындағы адамдарың қатесі себебімен адам баласы күнадан аман бола алмайды. Алайда тәубеге келіп, Жаратқаннан кешірім сұрап, жарылқау тілесе Алла Тағала сондай рақымды, бар күнасын кешіредідеп, күбірлеген Құнекең 70 жасында қажыға баруға бел байлады.

40 жасында қажыға барып, екінші рет Пайғамбар жасында қажылыққа ниет етіп отырған досы Жанқұтты шешенге жиені Ізқұттыны жіберді. 

Жәке қажылыққа келесі жылы бірге барсақ. Биыл ар жақ-бер жақты түгендеп, ренжігендерден кешірім сұрап, Алла алдында адам ақысынан тазарып барсам,деген өтінішін жеткізді. 

Қажыға баратын жолды тәптештеп түсіндіріп, хатқа түсіріп Ізқұттыға ұстатқан досы Жанқұтты «келер жылға қарар едім, ажал қарамайды-ғой» деп, әулиелік мақамда қысқа жауап берді. Құнанбай жыл бойы алыстағы ағайынды аралап, кешу сұрады. Кетерінде таудай ет, көлдей сорпаға елін жинап тамақ берді, төс соғыстырып, ақыларын адал етісті. Қажыға Алла шақырған адам келмей сонда қалады, Пайғамбар шақырған адам қайтып оралады тақуалық жолға мықты болады, ал шайтан шақырған адам да оралып, күнасын еселеп жасап жүре береді. Құнекең Алланың қонағы болып, келмей қалсам екен-ау деп ойлады.

Елімен бақұлдасып шын хоштасты. Халық Құнанбайға оң сапар тіледі.

Кетерінде үлкен ұлы Құдайберді марқумның ұлдары атасына ақ жол тілеп, етегіне кезек-кезек оралып, қайтып аман келуін Алладан шын сұрады. Құнанбай еріксіз көзіне жас алып, солар үшін қайтып келуге ниет етіп, беттерінен сүйді.

Құнанбай жиені Ізғұттыны алып, Қарқаралыдан Өндірбай қалпені ертіп, қажыға сапар шекті. Әр ауылдың тұсынан өткенде алдынан шығып, елі аяғын жерге тигізбей қарсы алып, үлкен қошеметпен шығарып отырды. 

Құнанбайлар үш күн кешігіп, сол жылғы қажылықтан қалды.

*** 

Мекке ежелден араб жарты аралында маңызды үлкен қала. Бұрынғы аты «Бака». Қала ішінде таулы қырат-қырат жоталардың үстіне сан рет шығып, сан рет түсіп аңсаған Әл-Харемге Алла деп, аяқ басты. Сондай бір нұрдың ішіне енді. Көкте қалықтап ұшып келе жатқандай сезінді өздерін. Ақ, қара, қызыл, сары, қоңыр неше түрлі мұсылманды көрді, барлығы жылы шыраймен күлімсірейді, мұсылман мұсылманға бауыр екенін Құнекең осы жерден көрді, бірге тусада бауыр бола алмай жүрген өз қазағын есіне алды. Адамды адам қылатын да, бауыр қылатын да иман екен-ау деп, ойлады. Алла сені көріп, ойыңды оқыптұрсада, екі періште иығыңда жазып тұрсада, кейін есебі қатты болатын сынақ дүниесінде жүргеніңді білсең, әр сәт сайын сезінсең, қайтып күнаға жақындайсың деп, Құнанбайдың өне бойы қалтырап кетті.

Өндірбайдың айтуымен бұндағы тірі жәндікті басып кетпеуі үшін төмен қарап, Алланы зікір етті. Күналарын ойлап, кешірім сұрап, тәубеге келді. Басын көтергенде алдарында Қасиетті Қағыба. Жоғары кернеулі ток ұрды, шок болды, не айтып не қойғанын білмей Құнанбай абдырап қалды. Сәлден соң өзіне келіп, көз жасын төгіп, еңіреп жылап көп дұға жасады. Қағыбаны бірінші көрген адамның дұғысы қабыл болады, дұға жасайық дұға деп, Өнірбай халпе ұзақ тұрды күбірлеп... 

Ақ кебінге оранған өлі жандар, қабірден тұрып, махшарға жиналғандай. Әр күні 24 сағат бойы Қағыбаны тынбай айналады. Бұндағылар тірі, тірі болсада өлі, ал өлі болсада тірі жүрген Пайғамбар, әулие аруқтармен бірге жүргендерін сезер ме? Ақ матадан басқа бөтен бір шүпірекке(ыштан, нәскиге де) ұрқсат жоқ. Қанша бай болсада Алла алдындағы өз хәлін Құнананбай осы жерден сезді. Бүкіл өмірі көз алдынан өтіп жатты... өзін сондай жек көре, жоқтан бар еткен Ұлы Жаратушыға жалынып, жаны егілді... жылады...тағы жылады.... анадан туғандай тазарды. Ауыр денесі жеңілдеп кетті.... Жаны тынштықа шомды... 

Қағыбаның Рукн-и иеман бұрышына келгенде сондай бір күшті магнит тартты. Ол Хажер ул-Әсуәд. Жәннаттан түскен аппақ тас, мүшіріктердің қолы тиіп,қара тасқа айналыпты. Адамзаттың Әлмисақта «Сен менің Раббымсың» дегенсерті үш жерде сақталған. Бірі ЛауҺи махфузда, екіншісі осы Хажер ул-Әсуәдта, үшіншісі әр адамның жүрегінде. Құнанабай Хажер ул-Әсуәдты сүйіп Алла алдындағы сертін жаңалады. Адамдар Алла үйін қайта-қайта айналады. Айналған сайын рухы азықтанып, рахаттанды...денесі жеңілдеп құстар сияқты сәт сайын Өз иесін зікір етіп, аспанға ұшқысы келді. 

Ендігі бұрыш хижри Исмаил бұнда Ибраһим(а.с) табан іздері анық көрініп тұрған көк тасты көріп, адамдардың иманың күшейеді. Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға «Қағыбаны қайта тұрғызып, адамдарды Қажылыққа шақыр» деді. 

Алланың қалаумен өрмекші Қағыбаның сехмасын торымен сызып көрсетті, көгершін жұмыртқасын жарып, сағыз балшық жасауды Пайғамбардың есіне салды. Солай Бәйтүллақты тұрғызды. Қажылыққа адамзатты шақыр деді. Ибраһим пайғамбар барлық адамға «даусым жетпейді»- деді. Алла Тағала «Сен шақыр, естірту Бізге тән». Содан кейін Ибраһим пайғамбар Мақамы Ибраһимнің (Қағыбаны салғанда табанның астында лифт болған көк тас)үстіне шыққанда бүкіл жер жүзін алақанындағыдай көрді. Таулар мен ойпаттар, теңіздер, ондағы адамдар мен жындар толығымен көз алдында тұрды. Содан кейін қолын құлағының түбіне апарып, оң мен солына, шығыс пен батысқа қарап «Уа, адамдар! Қағбаны зиярат ету сендерге парыз болды, Раббыларыңның шақыруына бойсұнып келіңдер» деп, дауыстады. Сол кезде адамдардың рухы қанша рет Лаббайк(әміріңе құлдық) десе, сонша рет өмірінде қажылыққа келетін болып, тағдырына жазылды. 

Рухани ауаны жақсы сезінген Құнекең жетінші айналып тауафті бітірді. Екі рағат шүкір намазын оқып, зәм-зәмға бас қойды. Кіндіктен төмен түспейтін, қандай нитпен ішсең, сондай пайда беретін зәм-зәм адамдар ішкен сайын денесіне сіңеді. 

Сафа мен Мәруаның арасында әлсіз бейшара адам Жаратушысын ұлықтап, зар илеп жүгіреді, екі төбенің арасы үш жүз елу метір, боз матға оранған адамдар тынбай күндіз-түн сонда ағылып жатады... Алланы зікір ете жеті рет жүгіреді. Адам ата(ғ.с) Хау ана(ғ.с) осы төбеде кездескен. Осы екі төбенің арасында жеті пайғамбар жерленген, бұнда болғандарға жәннәттің рахым есіктері ашылады. Ибраһим (ғ.с) жары Ажар анамыз баласы Исмаил (ғ.с)ға су іздеп осы екі төбенің ортасында жеті рет жүгірген. Сонда баланың өкшесінен су шығады. Кеңдігі 14,5, тереңдігі 42 метір етіп Жеберйіл(а.с) періште қанатымен қазады. Су тоқтаусыз ағады. Зәм-зәм(тоқта)деп, суды анамыз тоқтатпағанда бүкіл жер бетіне су жайылар еді....Қажылар шаштарын қиып, умра қажылығын тамамдады. 

***

Жалғыз имамның үнімен қалың адам бір сәтте Қағбаны әр тұстан бетке алып, сілтідей тына таң намазына такбір алып, қиямға тұрды. Милион ойлар ілезде жоғалып, естеріне қараңғы, суық қабірде жалғыз жатар шақтары түсіп, мұңая төмен қарап, жүздері сұрлана қорқыныш пен үміттің ортасына қалтырап, Раббысына жалына, сәждеге кетіп бара жатты, асау нафсіні жерге ұра «Сұбхан Рабил ағла» деп, Жаратушыны бір ауыздан зікір етті. Жүрелей отырып, қайта тірілудің хақ екенін растап, қайта жерге бас ұрып Алланы еске алды. Әттахиятқа отырып, барша жандыны мен жансыздың сәлемін Аллаға жеткізді. Алла Тағала сәлемді  қабыл алғанын естіген періштелер шаһадат кәлима айтты. Екі жаққа сәлем берді. Әр намаздың соңында тұрақты түрде қайталанатын«әссалату жаназа» деген суық дауыс қалтасы жоқ ақ матаға оранған жұртты одан бетер шошытты. Алла шақырғандар сонда жерленіп жатты...

Ақ мамық бұлттар көк аспанда тоқтаусыз жылжиды. Таңғы суық жел адамдардың демін тазартты. 

Сафа жотасынан 120 метір биіктегі Әбу Қубайс тауына барды. Бұнда Адам Ата жерленген. Жәннаттан түскен Хажер ул-Әсуәд Нұх(ғ.с) топан суы кезінде осы тауда сақталған. Осы таудың үстінде Пайғамбарымыз мұғжиза көрсетіп, айды саусағымен екіге жарған. Таудың оң жағында Пайғамбарымыздың туылған үйіне бас сұғып Құран оқып, пайғамбарымызға салауттар айтты Құнанбайлар. 

***

Қасиетті мекеннің тау мен тасына Құнанбай таңғала қарады, бұрын бала кезінде көрген жер сияқты, өзіне таныс өлке, таныс маң. Таң қалды, қайдан көрдім,бірінші рет келуім-ғой... Адамзаттың атасы Адам Ата (а.с)- ды Алла Тағала осы топрақтан жаратқан. Бұл мекен барша адамзаттың туған жері, ата мекені. Сондықтан да бұл жер ешкімге бөтен емес. Құдды балалығы шашылған, бал дәурен күндерін еске салатын өз ауылына келгендей жаны жадырап сала берді...Биылғы қажылықтан кешіккеніне қуанды, бұл маңнан еш кеткісі келмеді. Ізқұтты, Өндірбай қалпемен ақылдасты. Біздің жасаған умра қажалық ол нәпіл құлшылық, мойнымыздағы парыз қажылық түспеді, соны толық өтеп, келесі жылы ауылға бірақ қайтайық деп, Бір Аллаға тәуекел етті.

***

Құнекең жер жағыдайын шарлады. Шөл жазиралы араб даласы, құрғақ ыстық.Араб жарты аралының шығысында Басра, оңтүстігінде Амман, одан ары Үнді мұхиты. Терістігі ақ теңіз. Ақ теңіз жағасында Палестин жері Газадан басталып, Ирақтағы Ефрат өзеніне тіреледі. Батысы қызыл теңіз, оған параллель Әбу Қубайыс, Сәуір, Нұр, Ухуд тау сілемдері Иеменге дейін созылып жатыр. Тайф,Мекке, Мәдина, Жаңа Хижаз өлкесі осы аймақта. Жида мен Янбу да теңіз жағалауындағы қала. Қызыл теңізге 40 тан 100 шақырымға дейін. Теңіз деңгейінен биіктігі 2000 шақырым.   

Тау арасында жанбағысқа қолайлы сулы егіс алқаптар және мал бағуға ыңғайлы жердің бар екенін білді. Құнекеңнің білетін ескі Османлысы іс қатып, Меккеден Түркиялық Мехмед деген орта жастағы жігітпен танысып күн өткен сайын түсінісіп, ақыреттік дос болып ұзақ-ұзақ әңгіме айтып жыл қысқартады.... 

***

Құнанбай Орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кенесарының соңынан қуғындауға шықты. Хан Кенеге алдын ала елші жіберіп, хат жеткізді. Онда: біз сіздіңхан екеніңізді мойындаймыз. Сіз мұсылмансыз, біз мұсылман. Мен амалсыз артыңыздан келе жатырмын. Ішімізде орыс патшасының адамдары бар, сол үшін біз сіздерді қуып жетіп, жалған соғыс майданын жасамасақ болмайды. Мен әскеріме сіздермен шын соғыспайтынымызды және жеңілген күйде кері қайтатынымызды түсіндірдім. Сіздің әскерлеріңіз біздің адамдарды жеңіл жараласын, соңында мені де жеңіл жаралап, сіздер құтылып кеткен болыңыздар деп жазды.

Хан Кенені Балқаштың Қамал түбегінде Құнанбай қолы қуып жетеді. Кенесары жамағат болып, намаз оқып тұрғанда үстілерінен түсті. Намаздары біткенше әскери бұйрық берген болып, Құнанбай тоқтата тұрады. Намаз біте шайқас басталды. Екі топ бір-біріне қарсы шауып, қоян-қолтық кәдімгі ұрыс майданынашады. Құнбайдың бір талай адамды аттан құлап, жерге сұлап орындарынан тұрмай қалады. Қолбасшы Құнанбайдың сол көзіне найзаның үшы тиіп, қан саулайды. Құнанбайдың Жуантаяқ Төбет деген батыры ашуланып, Кенесарының Құнанбайды жаралаған батырын қуып, найзалайды. Соғыс аяқтайды. Еліне келге соң Құнанбай батыры Төбетті жанында адамдарымен оңаша шақырып, сен Кенесарының батырын бекер жараладың деп, сөзін сабақтайды. Қоқан ханы қазақтарға арсыз, намысқа тиетін салық салып, 13 пен 18 жас аралығындағы қазақ қызы менің қойнымда әр күн сайын жататын болсын дегенде Көкшеден салт атты адам айлап зорға жететін жерге жігіттерін ертіп, әр адам үштен қосар ат алып, аттың таңдайына қойдың құйрық майын салып отырып тоқтаусыз шапқан. Алдыңғы ат шаршағанда екінші атқа мініп шауып отырып 6 күндеҚоқан ханына жетіп, сұрапыл соғыс салған еңбегіне барлық қазақ қарыздармыз деп, тоқтағанда досы Мехмед оның аузына кіріп кете жаздап, тыңдады. Сөзі біте атып тұрып,  жерге бас қойып сондай батырдың болғанына шүкір сәждесін жасады...

Сіз өз ханыңызды айттыңыз сондай тебірендім, деп сөз бастады Мехмед.

Бір күні Абдулхамид хан-І жеті қарңғы түнде шырт ұйқыда жатқан шабарманы менің атамды шақырады. Хан күймесіне отырып, атама тоқтаусыз шап, шапдеп өктем әмір береді, ештеңені түсінбеген атам тізгін ұшымен құйын-перен зулапты, бір үйдің алдына келіп тоқтатқан хан, есікті қатты қақ, шыққан адамның басын шап деп әмір етеді, атам есікті тарсылдата ұрады, есіктен еңгезердей алып бір жігіт шығады, дайын тұрған атам жігіттің басын допша қағып түсіреді. Екеуі келген ізімен кері қайтады. Түкті де түсінбеген атамды бұл іс қатты мазалайды. Быраз жылдардан кейін жұмыстан босаған атам жаңағы үйге жасырын келіп, есігін қағады, үйден кемпір шығады. Сол күнгі әңгіменің сырын сұрайды. Иа, сол күні менің жалғыз ұлым удай мас болып жарым түнде келді де, мені төсекке сүйрей бастаған еді, сол кезде есік қатты-қатты қағылды, ұлымшықты да қайта кірмеді, сәлден кейін есіктің көзінде домалап жатқан азғын ұлымның басын көрдім деп бар шындығын ашады. Құнанбай Абдулхамид ханның әулиелігіне шексіз сенді. Мекке тұрғыны Мехмедпен Құнанбай жыл бойы ұзақ-ұзақ әңгіме айтысып, жыл қысқартты.

***

Досы Мехметтің көмегімен Құнанбай жергілікті араптан бір қораны жалға алып, бақташы араб тауып, Ізқұттыны басшы етіп, қой бақтырды. Бір төлдетіп, бар малын сатып, Меккеден «Такия» қонақ үйін салдырды. Жыл толып үлкен қажылықты толық өтеп Құнекеңдер Пайғамбар қаласы Мәдинаға түйемен жолға шықты. Қаланың бұрынғы аты «сараңдық» мағынасындағы «Ясриб». Пайғамбарымыздың әкесі хз. Абдулланың да қабірі сында деп, аз кем кідірген Мехмет сөзін жалғап, Пайғамбарымыздың осы қалада болатынын алдын ала біліп, Еврейлер бұнда көп көшіп келген. Пайғамбар келіуімен бұл қала беркетті, құтты мекенге айналды. Қаланың жеті есігінде де періште бар, дажал еш уақытта кіре алмайды деп қаланы таныстырды.

Мәдина қаласына кіруге аз қалдық оқитын дұғаны мен оқимын сіздер «амин»деп бет сипаңыздар деп, арабша ұзақ дұға оқыды. Ертегідей жарқыраған нұрлы қала. Басқа әлем. «Айттың болды бойсұндық» деген мүлгіген тыныштық.

Мәсжид Нәбәуи ауласында дүние сөзін сөйлеуге, ойлауға болмайды. Бұл жерде оқылған екі бас намаз басқа жерде оқылған он мың ракағат намазға тең. Ондай болса бұл жерде жасаған кішкентай күнада еселеніп кетеді. Өте сақ болайық деп, ескертті түрік досы. Пайғамбарымыздың «менің қабірмді кім зиярат етсе, мені тірі күнімде зиярат еткендей болады» деген хадисі бар. Шынайы нитпен бір фатиха, үш ықылас оқып бағыштап, Пайғамбарымызға сәлем беріп, дұғатілектерін жасады. Өндірбай қалпе үйден оқып, дайындап келген отыз пара құранның соңғы сүрелерін күмбірлетіп, Пайғамбарымыздың мүбарак рух-шарипіне бағыштады. Тіл, ақыл, көздің шамасы жетпейтін, тек жүрекпен сезетін шексіз метафизикалық әлем. «Кәусар қауызы», «Жасыл кілем» бұл жерлер жәнаттан бір бақша деген Пайғамбарымыз. Мехметтің төгілген жасы екі бетін жуды. «Үметтім, үметім» деп туып, «намаз, намаз» деп кеткен біздер үшін түнімен ұйқтамай қиямда тұрған басымыздың асыл тәжі, көзіміздің нұры, ардақты Пайғамбарымыздың алдында жүзіміз жарық па, әлде көн шарық па? 

Масжид Ғамама(бүлт мешіті). Пайғамбарымыздың омір бойы төбесінде көлеңке болып бір шоқ бұлт жүрген. Пайғамбарымыздың ақтық демінен кейін осы жерге жауыпты, сол жерге осы мешіт салыныпты. Жанында хз. Әбу Бакр мешіті, хз. Али мешіті тұр.  Ухут тауының баурайына барды. Таудың қожыр-қожыр тастары бейне арқасын тиістре жауға шеп ұстаған сахабалардай. Түйе түстес жартастардың дәл ортасында Жебірейіл(а.с) мен Пайғамбарымыз жүргендей. Ұхуд тауы бізден деп, пайғамбарымыз бекер айтқан жоқ, тау тірі, тыңдаушысы болса сөйлейтін сияқты. Етегіндегі жазықта кішкене жотаның үстінде садақшылардың бастығы Абдулла ибн Зубарир (р.а)дың ту ұастап: басшыға бағыныңдар, дүниеге қызықпаңдар деп, ескертіп тұрғандай.

Түркиялық жақсы дос Мехмет құрма бақтарына ертіп келді. Пайғамбарымыздың табан іздерін көргендей болды. Моншақтаған жастары тағы тоқтаусыз төгілді. Алғашқы мешіт, жұма намазы парыз болған Куба мешіті, қос құбылалы мешіт, Хендек соғысы болған жердегі жеті мешітке барып, Алланың Қүдіретін сезініп, сәжде де ұзақ жатты Құнанбай. Бір жыл бұрын қажыға кеткен досы Жанқұтты шешеннің Мединада Жәнатүлбақи қабырыстанында жерленгенін естіген, бірақ қалың қабырдың арасынан оны дәл таба алмады. Құнанбай Пайғамбар қаласынан кететінен үш күн бұрын таһажүт намазда көп жылап, Алладан кешірім сұрады. Таң ата түс көрді түсінде жеміс толы дастарханның басында үлкен тапшанда қалың жастықта сүйеніп, отырған досы Жанқұтты шешенді көрді, ол қабірінің орнын айтып берді. Таң намаздан кейін Құнанбай досының қабырын тауып күні бойы отырды. 

«Жанқұтты, сені жақсы деп мен айтушы едім. Құнанбай, жақсысың деп сен айтушы едің. Ақыры Жанқұтты, сен жақсы болдың. Сен өлу арман болған, қасиетті Мединадасың, Пайғамбар(с.ғ.а) ның шапағаты уәжіп болды. Мен алдамшы, ит өмірге қайтып бара жатырмын» деп көп жылап еліне амалсыз қайтады.

***

Құнанбай Меккеге барып, қажылықтан келген жылдың қысында үйіне досы «Найманның Шәкісі» келеді. Бірнеше күн жатып қайтарында: «Құнанжан, менің осы ақырғы келуім, маған да уақыт таяу» дейді. Сонда Құнанбай Шәкіге: « Сіздің дүниеден өткеніңізді қалай білем?» деп, сауал тастайды. Сонда Шәкі: «Таң намазына дәрет алып жатқаныңда, төбеңнен үш аққу ұшып өтеді, содан білесің» дейді. Содан бірнеше ай өткенде, айтқанындай бір күні ерте дәретке шыққан Құнекеңнің төбесінен үш аққу ұшып өтеді. Мұны көре салып: «Найманның Шәкісі дүниеден өткен екен ғой» – деп ауыр мұңға батады. 

Қажылықты күткен Құнанбай елдік істерге еш араласпай, қолынан таспиғын тастамай күндіз-түн Жартушыны зікір етті. Сондай күндердің бірінде Құнанбайдың үлкен қара ала аты жоғалды. Денесі ауыр Құнанбайдың қыста омы қарда мінетін аты еді. Жылқышылар аттың жоғалуын еріксіз Құнекеңе хабарлайды, Құнанбай жылқышыларға:

- Сырттан келген із бар ма? Қасқыр жесе, сүйек-саяғы жатады. Ұры болса із-түзі болады, анықтап байқаңдар, - дейді.

Жылқышылар із шолып, ештеңе байқай алмайды.

- Ендеше, іздеп әуре болмаңдар, мұны Бәзіл сойып алған екен, - дейді де қойяды Құнекең.

Алайда, Құнекеңнің жанында жүргендер Бәзілді сізге шақырайық, қара ала аттың жәйін сұрайық, егер ұрласа - оны жазалайық, - дей береді. Бірнеше рет олар соны айта берген соң Құнанбай Бәзілді шақыртайық десендер шақырыңдардейді. Бәзіл келді. Келген бетінде төрде отырған Құнанбайға қарсы жүгіне тізесін бүгіп отыра беріп:

- Құнеке, мені неменеге шақырттыңыз?

Сонда Құнанбай жәй ғана байыппен сөйлеп:

- Бәзеке, ат үстінде көп жүресіз, біздің әлгі жоғалған қара ала ат көзіңізге түспеді ме? - деп қана сұрайды.

Сонда Бәзіл тайсалмастан:

- Ол Қара ала ат көзіме емес, менің ішіме түсті. Бір ту құйрықты маған соғымға қимайсыз ба? - дейді.

Құнекең ләм-мим деместен Бәзілге «боссың» дейді де таспиғын тартып Құнекең үнсіз отыра береді.  Құнекең өз ашуын жеңіп, қажылықты осылай күтті.

Құнекең барлық ісінде Алла ризалығы деп, үлкен бағытты мықты ұстайды. 

Бір күнаһардың кеселі жалпыға тимеу үшін, ел ішінде Алланың әмірі мен тиғандарынан тиылмағандарға қатал болды. Жұрт қатесін шариғатпен түзеді, тентегін тиды, жесірін жылатпады, жетімін қатарға қосты. Адалдық, әділдік оны әшекейі болды, халық оны  құрметтеп, атағын алысқа жайды. Аңыз болып артында әңгімесі қалды. Абайдай ұлы мен Шәкәрімдей салихалы немересі исіқазақтың қарап, бой түзейтін алтын қазығына айналды. 

(Ахат Шәкәрімұлының Құнанбай туралы жазбалары дерек көз ретінде пайдаланылды)

Нұрхалық Абдырақын

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525