Сәрсенбі, 27 Қаңтар 2021
Ақмылтық 3555 6 пікір 13 Қаңтар, 2021 сағат 14:54

Қожалиева: Көп жерде тәуелсіз бақылаушылар болған жоқ

Күні кеше Дариға Назарбаева «Nur Otan» партиясының атынан Мәжіліске депутат болып баратыны белгілі болды. Оның бұл әрекетіне қатысты ел ішінде түрлі болжамдар айтылып жатыр.

Осыдан біраз бұрын Дариға Нұрсұлтанқызы Сенаттан кеткенде: «Дариға үлкен саясаттан біржола кетті», деген еді біраз жұрт. Енді қайта оралыпты. Оның бұл оралуынан қазақ қоғамы не күтуі керек? Саясат алаңында тағы қандай өзгерістер болуы мүмкін? Парламент сайлауында «Ауыл» мен «ADAL» партиялары Мәжіліске неге  өтпеді? Ал, «комунистерді» Парламентке өткізудің артында қандай саясат бар?

Біз осы сауалдар төңірегінде «HAQ» партиясын құрушы, кешегі сайлауда Тәуелсіз бақылаушы болған Тоғжан Қожалиевамен аз-кем әңгімелескен едік...

- Дариға Назарбаева Мәжіліс депутаты болды. Ол Мәжілісте жай ғана депутат болып отырады дегенге сенесіз бе? 

- Дариға қарапайым депутат болмайтын шығар. Ол не вице-спикер немесе Мәжіліс спикері болады. Бұл бірінші болжамым.

Екіншіден, ол депутат болып, одан кейін Сенатқа тағайындалып, төрағасы болуы да мүмкін. Яғни, Дариға не Мәжілісті, не Сенатты басқарады.

- Әлеуметтік желіде Үкіметті Нығматулин басқаруы мүмкін деген болжам жасалды. Бұған не дейсіз?

- Меніңше, Нығматулин Алматыға әкім боп келеді. Өйткені Нығматулин мен Байбектің арасында шиеленістер бар. Ол бәріне белгілі. Сондықтан көбінесе бір-бірімен келіспеушілігі бар адамдарды бір жерге қызметке қоймайды.

Ал, Үкіметті кім басқаратыны туралы әртүрлі болжам бар. Онда Байбек те, Бозымбаев та айтылады. Мәселен, Бозымбаев көптен бері көрінбей кетті ғой. Ол да бұрын әкім болған, министр болған. Қазір Тоқаевтың кеңесшісі болып жүр. Оның тәжірибесі бар. Мүмкін, Премьер-министрлікке сол дайындалып жатқан шығар?..

- Кешегі Парламент сайлауында өзіңіз тәуелсіз бақылаушы болдыңыз. Қалай ойлайсыз, «Ауыл» партиясы мен «ADAL» партиясы Мәжіліске неге өтпеді?

- Менің пікірімше, «Ауыл» мен «ADAL» Мәжіліске кіреміз деп дайындалған. Бірақ, жоғары жақтың жоспары бойынша, Мәжілісте тек бір ғана оппозициялық партия болуы керек. Оппозиция дегенде, әрине, тырнақшаның ішіндегі оппозиция. Ал, оған үш партия ғана кандидат болды. Олар: «Ауыл», «ADAL» және «Ақ жол». «Ақ жол» көп дауыс алғандықтан, қазір  «оппозициялық» партия ретінде Парламентке «Ақ жол» өтті. Ал, үшеуінің бірдей өтуі мүмкін емес еді. Бұл бірінші себеп.

Екінші себеп - Дариға Парламентке келді ғой. Ал, «ADAL»-дың артында «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы тұр. Оның тізгіні Құлыбаевтың қолында. Дариға мен Құлыбаевтың арасындағы қарым-қатынастың қандай екені бәріне белгілі. Сондықтан егер Дариға Сенатқа немесе Мәжіліске төраға болса, оған оппозиция ретінде Құлыбаевтың партиясы болғаны тіпті, керек емес.

Бірақ, жалпы, Парламентке 4 партия өтуі мүмкін еді...

- Ал,Тәуелсіз Қазақстан Парламентіне «компартия» (ҚХП) неге өтті?

- «Компартияның» Парламентке өтуі - Ресейдің ықпалынан. ҚХП негізінен Совет дәуірін насихаттайды ғой. Қазірдің өзінде соны аңсап жүр. Ал, Ресейдің қазіргі саясаты қайтадан сол КСРО-ға бару. Сондықтан, қайталап айтам, ҚХП-ның Парламентке кіруі Ресейдің ықпалынан болды. Егер олар Парламентке өтпесе, Ресеймен қарым-қатынас одан әрі шиеленісер еді.

Екіншіден, «компартия» -  ҰҚК-нің партиясы екені бәрімізге белгілі. Оның қателеспесем, «Ұран» деген бір тармағы бар. Сол тармағының ресми сайтын қарасаңыз, басшылары «экс-сотрудник КНБ», деп жазылған. Ал, оған дауыс бергендердің көбі басқа ұлттар.

Бірақ, шын мәнінде коммунистерді парламентке өткізбеу керек еді. Одан да ол орынға «Ауыл» лайықты болған. Бірақ, «Ауыл» да, «Ақ жол» да ұлттық патиоттық партиялар. Ал, Парламентте екі ұлттық партияның болуы КНБ мен АП-ның идеологиясына қайшы келеді. Сондықтан да екі ұлттық партияның қатар өтуі мүмкін емес.

- Кеше «Nur Otan» партиясы Мәжіліске баратын 76 адамның тізімін жариялады. Сіздіңше бұл тізім қаншалықты сәтті жасалған?

- Бұған дейін «Nur Otan» партиясы Мәжіліске орын дайындау үшін  праймериз өткізді. Бірақ, сол праймериз тізімімен кешегі тізімді салыстырсаңыз, праймериз арқылы өткендер бірен-саран ғана. Ал, көбісі сол іріктеуден өтпегендер. Сонда, праймериз не үшін жасалды?..

- Ал, Ассамблеядан өткен депутаттар туралы не айтасыз?

- Жалпы, біздің «HAQ» партиясының негізгі ұстанымы - сол Ассамблеяны тарату. Себебі олардан өткен депутаттың барлығы «Nur Otan» мүшелері.

- Сайлауда бақылаушылардың басым бөлігі дауыс бұрмаланғанын айтты. Бұған қатысты не айтасыз?

- Кешегі сайлаудағы біздің санағымыз бойынша, көп жерде «Nur Otan-ның» дауысы 50%-дан аспайды. Ал, «Ақ жолдың» дауысы 30%-дың шамасында.  Участкелерде протоколдар көбіне дұрыс саналған. Бірақ, ОСК-ның өз есебі бар ғой...

Көп жерде Тәуелсіз бақылаушылар болған жоқ. Көбіне өздерінің бақылаушылары болды. Олар кешкі сағат 8-де дауыс санау ашылғанда, көп участкелердегі бақылаушылар санауға қалған жоқ. Көбі кетіп қалды.

- Сол сайлауда ең төменгі белсенділікті Алматы қаласы көрсетіпті. Бұл Сағынтаевтың қызметіне әсер ете ме?

- Негізі Алматының сайлауға белсенділігі төмен болады. Бірақ, бұл жолы тек қана Алматыда емес, бүкіл Қазақстан бойынша солай болды.

Неге Алматының көрсеткішін көтерген жоқ? Себебі, Алматыда бақылаушылар өте көп болды. Сондықтан обьктивті түрде цифрларды өзгерте алған жоқ.

Сондай-ақ, Астанада да Тәуелсіз бақылаушылар көп болды. Сол себепті екі қаладағы цифрлар басқа қалаларға қарағанда төмен.

Ал, мұның Көлгінов пен Сағынтаевтың қызметіне әсері болады деп ойлаймын. Екеуінің де орындарында қалуы екіталай.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

6 пікір